Закриянова Асия Файзрахманқызы 403 «ә» тобы Қазақ тілінен фонетика тарауын оқыту


Дауысты дыбыстар емлесі, фонетикалық үйлесімі, жасалуы



бет4/18
Дата22.03.2023
өлшемі382 Kb.
#75673
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18
Байланысты:
Казак тилинен фонетика тарауын окыту

1.2 Дауысты дыбыстар емлесі, фонетикалық үйлесімі, жасалуы


Фонетиканың өзекті мәселесі — тілдегі дыбыстардың санын, сапасын анықтау және сол дыбыстарға қатысты түрлі заңдардың басын ашу. Бұл салада қазақ тілінде де аз жұмыс істелген жоқ. Әсіресе дауысты дыбыстар зерттелуден кенде емес. Қайта қазақ тілі фонетикасы жайындағы негізгі зерттеулер мен монография, мақалалар тұтастай дауыстыларға арналған деуге болады. Оның үстіне мектеп, орта арнаулы, жоғарғы оқу орындарына арналған оқулықтар мен тілдің әр түрлі саласына (тарихына, диалектологиясына т. б.) байланысты зерттеулер де дауыстыларға соқпай кете алмайтыны белгілі. Бұлай болатыны, тіліміздегі дауыстылар немесе вокализмдер (лат. bokalis — дауысты) — «сөздің жаны», немесе «сөздің жанды тамыры».
Бүтінде тіліміздің сөздік құрамы күрт дамыды. «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігіне» (1978) [8] енген сөздердің 20 процентке жуығы орыс тілінен және орыс тілі арқылы енген халықаралық сөздер. Оларды біз орыс тіліндегідей жазып, айтып жүрміз. Бұл сөздерді айтуда біздің әлгі тоғыз дауыстымыз кейде әжетке жарағанымен, көбіне дәрменсіз болып қалары аян. Олай болса, қазіргі қазақ тіліндегі дауыстылар туралы айтқанда, осы тоғызбен шектелуге әсте болмайды.
Қазіргі тілімізде он бір, он екі дауысты бар деушілер шындыққа жақын түр. Бұлардың біріншісіне екіншісінің қосқаны — тек э дыбысы. Қалған жағдайда іштей жіктеу, сипаттауға келгенде бір-бірімен үндесіп жатады. Екі топқа да тән үлкен жаңсақтық — қазақтың байырғы сөздерінің құрамында и, у (мысалы: бу, су, ки, қи т. б.) дауысты дыбыстары кездеседі деп қарауы. Бір қызығы, зерттеушілер мен оқулық авторларының көбісі бұл екі әріптің әрқайсысы екі дыбыстың ұу, ыу, іу, ый, ій қосындысы екенін біле отырып дауыстыға жатқызып жүр. Жатқызып қана қоймай, оларды (и, у өріптерін) дифтонг, диф­тонгоид деп дәлелдеуге тырысады.
Мұндай дауыстылар бар десек, басқаны айтпағанда, тіліміздің екі үлкен заңының түп-тамырына балта шапқан болар едік. Біріншіден, сөздердің құрамында екі дауысты қатар тұра беретін болады: суы, буын, келуі, миы, тиын, тиін. Екіншіден, сөз ішінде буын дауыстыдан басталып (баруъш, келуін, оқиын, суық) және дауысты жеке буын құрайтын (суы, баруы, келуі, қиы) болады. Мұның бәрі де тіліміздің табиғатына қайшы екенін дәлелдеп жатудың қажеті жоқ. (И, у байырғы сөздеріміздің құрамында дыбыс бола алмайтыны алда әлденеше айтылады).
Ал қазақ тілінде 15 дауысты бар дейтін пікір тіпті де сын көтермейді. Бұл дыбыс пен әріпті шатастырудың нәтижесі ғана.
Қысқасы, қазіргі қазақ тіліндегі дауыстылардың саны, сапасы дейтін мәселеге қолда бар оқулықтар мен зерттеулердің бірде-біреуі толық жауап бере алмаса керек. Сондықтан алдымен тіліміздегі дауыстыларды сан жағынан айқындап алу ке­рек болады.
Бірішпіден, қазақ тілінің байырғы сөздерінің құрамында тоғыз дауысты дыбыс бар екені рас.
Екіншіден, орыс тілінен және орыс тілі арқылы енген сөздердің дыбыстық құрамын ескеру қажет. Ескеріп қана қоймай, олардың табиғатын терең тануға мәжбүрміз.
Қазіргі орыс тілінің дауыссыздарына үйрендік. Тіпті байырғы сөздеріміздің өзін в, ф, х дыбыстарымен (орфоэпиялық сөздіктерді қараңыз) айтамыз деушілер де бар.
Ал орыс тілінің дауыстыларын танып, игеруде онша бірауыздылық жоқ. Дауыстыларымыздың санындагы ала-құлалықтың өзі алдымен осымен байланысты. Егер саусақпен санарлық сөздердің құрамында (қаһар, гауһар, жаһан) ұшырайтын һ өз алдына дербес дыбыс деп танитын болсақ, тіліміздегі мыңдаған сөздердің құрамында кездесетін орыс тілі дауыстыларының әрқайсысы өз құжаттарын алуға тиіс. Сондықтан да қазіргі қазақ тілінің дыбыс жүйесі сөз болған кезде оларға да лайықты орын берілуі қажет.
Мектеп табалдырығын алғаш аттаған бала: «Дауысты дыбыстар мыналар: а, ә, е, ё, и, о, ө, ұ, ү, ы, і, ә, ю, я. Бұлардың ішінде орыс тілінен енген дауысты дыбыстар мыналар: ё, э, ю, я деуге мәжбүр.
Сонда орыс тілінде қанша дауысты фонема болғаны?
Орыс тілінің академиялық грамматикасының айтуынша, негізгі дауысты фонемалар: и, у, е, о, а. Рас, бірсыпыра оқулық, зерттеулерде бұларға ы дыбысын да қосады. Әлгі аталған грамматикада мұның өз алдына фонема бола алмайтындығы, тек и фонемасының бір (жуан) түрі ғана екені айтылған.
Орыс тіліндегі дауыстылар сан жағынан аз болғанмен, са­па жағынан аса күрделі. Қазақ тілінің байырғы дауыстыларынан ерекшелігі — олардың дауыссыз дыбыстарға тәуелді болып, солардың жетегінде кететіндігі, бір дауыстының бірнеше сапаға ие болатындығы. Мәселен, бір ғана а фонемасы екпіннің түсуіне, екпінді буыннан ара қашықтығына, дауыссыздардың жуан және жіңішке түрлерімен қатар тұруына қарай он шақты түрлі сапаға ие болады. Егер орыс тілі арқылы енген сөздердің айтылуын дұрыс меңгереміз десек, дауыстылардың осы қасиетін танып, білуіміз керек-ақ [9, 16б.].
Орыс тіліндегі екпін түсіп тұрған а, о, э дыбыстарының қазақ тіліндегі а, о, е дыбыстарына азды-көпті ұқсастығы бар, сондықтан да оларды қосып қарауға болады десек, ал и, у дыбыстарының табиғаты мүлде бөлек, оларды орыс тіліне ғана тән дауыстылар деп білген жөн.
И — қысаң, езулік монофтонг (гр. моно — бір, жеке, жалғыз). Ол тек жіңішке айтылады. Қазіргі кезде жастардың (әсіресе мектеп оқушыларының) байырғы сөздерімізде кездесетін и әрпін орынсыз жіңішке айту тенденциясы байқалып жүр: мійіміз ашійді, жійна, қійна, қійын, қійсық, бійіл, сійа, сійақты т. б. Бұл өзі орыс тіліндегі и-дің әсері. Қазақ тілінде ол ій-ге жуық (мыс., ійністійтүт) айтылатын сияқты болғанмен, дұрысы, оның өз қалпын сақтауға тырысқан жөн.
У дыбысы да қысаң монофтонг, бірақ еріндік, жуан. Мұны меңгеру қиындық келтірмейді. Қазақ тілінде ол ұу-ға жуықтайды.
Орыс тілінде қазақ тіліндегідей е дыбысы және осыған жуық дыбысталатын э бар. Ерекшелігі е-нің алдынан әнтек й (йе) айтылады, э-де ол жоқ. Оның үстіне э аздап ашықтау, жуандау (ә-ге жуық). Бірақ олар да бас-басына фонемалық (сөз мағынасын ажырататын) қасиет жоқ. Сондықтан да бір-ақ фонема деп танылады.
Қазіргі кезде ерін үндестігіне мән бермеудің салдарынан екінші буында ө айтылатын жерде э дыбысының қалыптасып келе жатқанын аңғару қиын емес. Бұл — әсіресе жастардың тілінде көбірек байқалатын ңұбылыс. Мысалы: өләң, өзен, өнер, үлкен, бөлек, түлек, күрек т.б. Бұлай болатыны, еріндік буын­нан кейін езулік, қысаң е дыбысын анық айту өте қиын. Ал е өзінің жартылай ашықтығының арқасында айтуды жеңілдетеді.
Орыс тілінде ы фонема ретінде толық танылып болған жоқ дедік. Оны и-дің жуан түрі ғана деп қарау бар. Екіншіден, орфографиялық сөздікте музыка, монастырь, цыган деген сияқты бірер сөз ғана кездеседі. Үшіншіден, қазақ тіліндегі ы және й дыбыстары бірігіп (ый) осы ы-ға жуық дыбысталады. Салыстырыңыз: мы (біз)—мый (жазылуы ми), ты (сен) — тый. Сонымен қазіргі қазақ тілінде он бір дауысты фонема бар. Олар дыбыстау мүшелерінің қызметіне қарай іштей үш топқа жіктеледі.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет