Қоныс аударған капитализм елдері. Бұл елдер дамыған елдердің ерекше топшасын құрайды. Жалпы алғанда, «капитализмнің қоныс аударуы» деп дамыған капиталистік елдердегі капиталистік қатынастардың дайын үлгісінің бұрын капиталистік жүйе тән болмаған елдерге енгізілуін атайды. Мұндай елдер тобына бұрын Ұлыбританияның отары болған Аустралия Одағы, Израиль, Жаңа Зеландия және Оңтүстік Африка Республикасы жатады. Аталған елдердін экономикасында әлемдік деңгейдегі экономика алпауыттары жетекші рөл атқарады. Басқа дамыған елдерге қарағанда бұл елдерде тау-кен өнеркәсібінің үлесі жоғары, экспортында шикізат пен ауылшаруашылық өнімдері басым болады.
Азиядағы жаңа индустриялық елдер:Корея Республикасы, Сингапур және шартты түрде Қытайдың бөліктері деп есептелетін Сянган мен Тайвань. Халықаралық каржы ұйымдары да ресми түрде Сингапур мен Корея Республикасын дамыған елдер қатарына жатқызады. Халықаралық валюта қоры оларды «экономикасы дамыған елдер», Әлемдік банк ресми түрде «табыс деңгейі жоғары елдер» деп атайды. Ал БҰҰ тарапынан аталған елдер адам дамуының индексі өте жоғары елдер ретінде сипатталады.
Дамыған елдердің әлеуметтік-экономикалық даму модельдері Либералды (америкалық) модельге мемлекеттік меншік үлесі төмен болуы және өндіріс саласында, сауда, инвестиция, жұмыс күшін пайдалануда нарықтық бәсекелестіктің үстемдігі, күрделі әлеуметтік жіктелу тән болады. Үкімет тарапынан заңдар салықтық және ақша-несие саясаты арқылы экономиканы реттеп отырады. Бұл әрекеттер нарықта бәсекелестікті дамыту және монополияларды шектеу, нарықтағы кұлдырауларды болдырмау және жекелеген әлеуметтік топтардың мүдделерін қорғау мақсатында жүргізіледі. Бұл модель XX ғасырдың бастапқы онжылдықтарында АҚШ-та қалыптасып, Ұлыбритания, Канада, Италия, Бельгия және т.б. елдердің экономикасы аталған модельге жақын дамып келеді.
Әлеуметтік бағдарланған (шведтік) модель табыстарды кенінен бөлісу және қоғамдағы топтардың өзара келісімдеріне қол жеткізу арқылы әлеуметтік кепілдіктердің жоғары деңгейін қамтамасыз етеді. Бұл модель алғаш рет Швецияда пайда болды. Қазіргі кезде бұл модель басқа да скандинавиялық елдерге, Аустралия мен Жаңа Зеландияға тән. Аталған елдерде кәсіподақтар өте белсенді қызмет етеді, сонымен қатар қоғамдық және жеке мүдделерді үйлестіруге бағытталған көптеген ұйымдар жұмыс істейді.