Байланысты: Шона Смаханұлы және Садықбек Адамбековтің шағын прозасындағы тілдік ерекшеліктер
Сіз өзіңіз ше?
Біз ұшқалы қашан, Мұратжан. Балақ жүнімізді тастаған түлекпіз ғой.
Морфологиялық тәсіл, сөздің бірігуі, сөз семантикасының өзгеруі арқылы жасалған жаргондардың эмоционалды-экспрессивтілігі ерекше. Қазақ тілінде алып ұшпа, ұшпа мінез, ұшпа бұлт тіркестерінде қолданылатын ұшпа сөзінің семантикасындағы жеңіл, тез көтерілетін, жағымсыз мәндеріне қоса контекстік өз ісіне есеп бере алмады деген мәні актуалденіп тұр.
Түлек жаргоны сөздің лексикографиялық дефинициясын ауыспалы мағынада қолдану арқылы жасалған: «Қыран құс балапанының жетіліп, бабына келген ұшар кезі» [33] деген семантикасы есірткіге бойы үйреніп, үнемі қолдануды тілейтін адамдар тобына қатысты қолданылған.
Ал фонетикалық бұрмаланған «кайф» сөзінің гәйіп түрі ауызекі сөйлеуде жиі қолданылады және тек апиын, көкнәр сияқты есірткіге ғана емес, ішкілікке қатысты да қолданыла береді. Әңгімеде бұл сөзге сәйкес келетін жай-күй автор баяндауында берілген. Бір мезгілде болып жатқан оқиғаны суреттеуде қолданылған етістіктер шағының алмасуы, әр кейіпкердің шартарапқа ұшып жүрген қиялын бірінен соң бірін кинокадр сияқты беру шын мәнінде реалды, әсерлі, бейнелі картинаны көз алдыңызға әкеледі: Самауыр суы таусылып, пештегі қара құманды қайта-қайта бұрқылдатып қызара бөртіп отырғандар бірте-бірте қайта мүлгіп, әркім өз арманының теңізінде толқып, кемесіне мініп дүние шарлап кетті. Дәрігүлдің арманы қалайда колхоз бастығының әйеліне көкнәр ішуді үйрету болып жүр. Оны қандай әдіспен қолға түсірерін білмей, гәйіп болған сайын мүлгиді де қалады. Қазір тонды кісі Ташкент магазиндерін аралап, қап-қап галошты бір жерден сатып алып жатыр. Оның саусақтары қимылдап, ерні күбірлеп қанша пайда табатынын есептеп отыр. Бригадир Сейілжан өз бригадасын қолхоздың алдына шығарып, көрмеге барғысы келеді. Қазір бұл сол арманның иірімінде үйіріліп отыр. Кейіннен келген кемпір жоғалған көк қалтасын іздеп төсектерді шашып, баласын қарғап жүгіріп жүр. Әні, әні көк қалтаны тауып алып, қуана, көзін ашып, төрге қарады. Тон етегімен тізесін қымтап, көк қалтаны жасырып отырған тонды кісі сауда қызығына түсіп, орнынан кейін шегінгенде көк қалта құрақ үстінде қалып қойыпты». Алдымен осы абзацтың лексика-грамматикалық сипатына тоқталып көрелік. Бір лексика семантикалық топқа жататын теңіз, кеме зат есімдерінің, дерексіз арман сөзінің шарлап кетті етістігінің бисемантизмімен қайшылыққа түседі. Көтеріңкі стильдегі арман сөзінің бейтарап төменгі стильдегі сөздер өзара ықпалдасып контекске түскенде эмоционалды-экспрессивтілігі солғындайды. Бұл орайда автор сөйлеу тіліне тән элементтер мен әдеби нормаға сай сөздерді қайшылыққа түсіргені байқалады: Мысалы – арманы – көкнәр ішуді үйрету; мүлгиді де қалады; дүниені шарлап кетті – сатып алып жатыр, есептеп отыр, баласын қарғап жүгіріп жүр. Мұның бәрі бір ғана гәйіп сөзінің семантикасынан туындайды.
Белгілі шоқантанушы О.А.Сұлтаньяев алғашқы ғалымымыз өз жазбаларында бұл сөздің түрік этикеттік формулаларында қолданылатынын көрсеткені туралы жазады [22,29]. Қазіргі кезде бұл сөзбен рахат, ойсыз-қамсыз жеңіл өмірді де айтып жүргенін бұқаралық ақпарат құралдары, көркем әдебиет, күнделікті сөзқолданыс та көрсетіп отыр. Ал шәһидашы сөзінің негізінде арабтың шаһит зат есімі жатқан сияқты, ҚТТС-де бұл сөздің тура және ауыспалы мағынасы берілген. Ал кейіпкер ерекшелігін көрсетуді көздеген автор қазақ тілінде кәсіпті, бейімділікті білдіретін –шы жұрнағын жалғау арқылы окказионал қолданыс жасаған сияқты. Қазіргі кезде бұқаралық ақпарат құралдарында жиі кездесетін бұл сөздің өзін де, өзгені де аямайтын жанкешті деген мән алғаны рас, жазушы да бұдан 35-40 жыл бұрын осы мәнді актуалдендірген деген пікірдеміз, өйткені әңгімеде Тілеубай мен әйелі тұтас ауылды нашақорлыққа үйреткенімен қоймай, ол үшін алатын ақшасы қорқытып, тартып алатынын көрсетеді.
Жаргондар, байқап отырғанымыздай, С.Адамбеков әңгімесінде ғана кездесті, ал Ш.Смаханұлы әңгімелерінің бірде-бірінде жаргон сөз жоқ. Бұның өзі әңгіме жазылған 60-80 жылдарда нашақорлықтың дәл қазіргідей кең тарамағанының белгісі деп түсінілуі тиіс, оның үстіне С.Адамбеков әңгімесінің оқиғасы өтетін Шу өңірі ежелден есірткі өлкесі екенін де есте ұстау керек. Ал Шу өңірінде бірыңғай қоныстанған қазақ халқының қаймағы бұзылмай әлі де біртұтас отырғанын еске алып, есірткіні негізгі қолданушылар екенін ескерсек, бұл жаргондардың жұмсалуы түсінікті бола түседі.
С.Адамбеков пен Ш.Смаханұлының әңгімелерінде деалектизмдер аз қолданылады деуге болады. Өз тарапымыздан мұқылым, сәмеке, садыра, бұлық, ұстын деген сөздерді кездестірдік. Бұлардың өзін контекст арқылы түсінуге болады: мұқылым – бәрі, барлығы деп ұғынылса, сәмекенің қой қорасы екені байқалады, ал садыра тезек, жапа деген ұғымды береді. Бұл сөздердің ешқайсысы диалектологиялық сөздіктің вокабуласында жоқ. Сондай-ақ, С.Адамбековтің романынан бұлық деген сөзді кездестірдік: - ет турап отырған Майлыбас Тасбикенің сөзін бұлығына да алған жоқ. Осы микроконтексте бұл сөз қапер деген сөздің синонимі екені аңғарылады. Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігінде [34,73] бұлық сөзінің төрт түрлі мағынасы берілгенмен, олардың ешқайсысы осы контекстегі семантикаға сай келмейді. Мағынасы диалектологиялық сөздікте берілген ұстын сөзін автор Жаманқарамен рулас ағайындарының аузында келтіреді. Сонымен қатар С.Адамбеков шығармашылығында бір қарағанда әсерлі тек ғана дыбыстық кешен сияқты көрінетін бірнеше сөз кездеседі: ашық-машық, асыр-насыр, шақыр-мақыр, шақси-бақси. Бұл сөздердің алғашқысының мағынасы диалектизмдер сөздігінде көрсетілгенмен (ашық-машық: - (Шымкент, Сайрам, Мақтарал; Жамбыл, Қордай; Семей, Ақсуат, Көкпекті). Есіктің топсасы. Есіктің ашық-машығының шегесі босапты (Шымкент, Сайрам) [34], жазушы контексінде етене, тым жақын араласатын, бір-біріне ғашық адамдардың қатынасы деген ұғымды береді. Ал, романның оқиғасы өтетін Жамбыл облысы Шу ауданы тұрғындарының куәлігі бойынша асыр-насыр сөзі С.Адамбековтің қолданысында мәз болу, қуану, шаттану мағынасын береді. Шақыр-мақыр, шақси-бақси шын мәнінде еш мағынасы жоқ дыбыстық кешен деп қана түсініледі. Бірақ олардың қолданылуы да уәжді. Себебі, адам назарын бірден аударатын таныс емес сөз күлкілі контексті, ситуацияны одан әрі әсірелеп тұр. Бұл орайда белгілі ғалым Р.Ғ.Сыздықтың: «дағдылы қоссөздер, экспрессивтік бояусыз, көбінесе жай хабарлама (информативтік) сәттерде қолданылады, ал авторлық қос сөздер сол сөздер білдіріп тұрған ұғымды күшейте түсу үшін, көбінесе бір қолданар тұлғалар болып келеді... Оларды авторлық орфограммалық немесе графикалық қос сөздер деп тану қажет» [21] деген пікірін әділетті есептейміз.