Байланысты: Шона Смаханұлы және Садықбек Адамбековтің шағын прозасындағы тілдік ерекшеліктер
Зерттеу жұмысының өзектілігі. Зерттеушілер сатиралық шығармаларды бірнеше түрге бөліп қарастырады. Қазақ сатирасын зерттеуші Т.Қожакеевтің пікірі бойынша: «сатираның поэзиялық шағын жанрлары (мысал, эпиграмма, пародия, сықақ өлең, шарж); сатираның көркем-публицистикалық жанрлары (фельетон, памфлет); сатираның көркем прозалық жанрлары (сатиралық әңгіме, юморлық әңгіме, сатиралық повесть, сатиралық роман)» [2,72] болып бөлінеді.
Зерттеуші іргелі монографиясында бұл сатиралық шығармалардың әрқайсысының шығу тегі, негізгі көтеретін тақырыбы, онда қолданылатын көркемдегіш құралдар туралы жан-жақты түсініктеме бергенмен, мұндай туындылардағы сатираға негіз болатын ситуацияларды ашып көрсететін тілдік құралдар екенін жол-жөнекей ғана ескертіп өтеді. Ал кез келген сатиралық шығармадағы комизм немесе күлкілі нәрсе сөзбен өрілетіні даусыз және осы жанрларда жазылған қазақ тіліндегі сатиралық шығармаларға талдау жасау жағы жетімсіз.
Сатираға негіз болатын комизм мәселесінің жалпы теориялық ұстанымдарын орыс ғалымдары М.М.Бахтин, Л.Н.Тимофеев, Ю.Б.Борев, Б.Дземидок, Д.П.Николаевалар әдебиеттану тұрғысынан қарастырса, тілші- ғалымдар В.В.Виноградов, А.И.Ефимов, Л.А.Булаховский, А.А.Слонимский, Е.А.Земская, В.Н.Вакуров, И.Ф.Виноградова, Г.С.Покрасс, П.Б.Коржевалардың еңбектерінде комизмнің тілдік, поэтикалық ерекшеліктері қарастырылған.
Комикалық сөзқолданыстың семантикалық жүйесінің ерекшеліктері И.В.Арнольд, Е.В.Максименко, В.В.Овсянников, В.А.Соловьян, А.Ф.Артемова, Г.Г.Тремасовалардың зерттеулеріне нысан болған.
Қазақстанда орыс тілінде шығатын мерзімді баспасөздегі сатира мен юморды тілдік тұрғыдан зерттеген В.И.Жұмағұлованың деректері бойынша «Особенностям языка некоторых сатирических журналов посвящены исследования в основном литературоведческого характера, а также отдельные монографии и статьи. Наиболее полно в этом плане изучен фельетон, языковые особенности русских сатирических журналов» [3, 5-6].
Қазақ тілінде сатиралық шығармалардың тілдік ерекшеліктеріне арналған зерттеулер көп емес.
Жекелеген қаламгерлердің сөзқолданыс ерекшеліктері нәтижесінде туындайтын комизм туралы Ә.Тілеукеевтің («А.Тоқмағанбетовтің сатиралық шығармаларының тілдік ерекшеліктері»; 1970), А.Рахимованың («О.Әубәкіров сатирасының тілі», 1999) еңбектерін, сондай-ақ комизмнің жалпы мәселелерін қарастырған А.З.Салихованың («Қазақ тіліндегі комизм тудырудың тілдік табиғаты», 2001) диссертациясын ғана атауға болады. Соңғы аталған еңбекте диссертант комизм құбылысы мен табиғатын анықтайтын ұғымдар жүйесін бірінші тарауда арнайы қарастырады. А.Байтұрсынұлының пікірінен бастап отандық және шетелдік ғалымдар көзқарастарына шолу жасай келіп, комизмнің лингвистикалық және экстралингвистикалық құралдарына жан-жақты талдау ұсынады.
Көптеген зерттеушілердің комизм құбылысының туу себептері туралы пікірі төмендегі ұстанымдарға келіп саяды: сөз мағынасын кеңейту; сөзді кері мағынада қолдану; комикалық сипаттағы ситуативтік-контекстік сөзқолданыс; сөзойнатым (каламбур); түрлі функционалды стильдердегі сөздерді қолдану нәтижесінде туындайтын стильдік контраст; комикалық неправдоподобное «правдоподобие» ұстанымы.