- Бұлар біздің қыр соңымызға түсіп алған, қит етсе екеумізді жиналысқа салады да отырады енді. Қашайық! – деп жамбастаған бойы Қоңқабайға жақындап басын көтерді.
А, әзәзіл, енді бала-шағамнан бездірейін дедің бе? – Қоңқабай салалы саусақтарымен шап беріп, оның басынан бүріп ап, екі қолымен жағасынан ұстаймын дегенше Зыпберген бір аунап түсіп қаша жөнелгенде, Қоңқабайдың уысында оның тақиясы ғана қалды.
-Жолама, өзіңмен кет, - деп айқайлаған Қоңқабай Зыпбергеннің тақиясын арыққа лақтырып жіберді.
Олар Ұлы Отан соғысында болғандарын міндетсініп, соғыстан кейінгі ауыл шаруашылығын қалпына келтіру, шаруашылықты дамыту жұмыстарынан бас тартады, олардың сол кездегі қоғамға жат қылығын автор өз баяндауында емес, бір топ қыз-келіншектің әні арқылы береді, яғни қаламгер қазіргі текстаралық байланыстар тұрғысынан ішкі интертекстуалдылық деп аталып жүрген тәсілмен кейіпкерлерге өз бағасын береді:
Қырғандай жалғыз өзің бар фашисті
Келгелі мақтанам деп өкпең істі.
Жұмысқа бір күн шығып, бір күн шықпай,
Болыпты Зейнептің де пеші күшті.
- Қоңқабай, Зыпбергенмен екі серік,
Ауылдың жалқауына болдың «көрік».
Басқа әскерден келгендер жұмыста жүр,
Бұлар әкеп Ташкеннен сатады өрік.
Байқап отырғанымыздай, өлең авторы – жазушының өзі, тек оны кейіпкер аузына салу арқылы сөйлеу субъектісін өзгертіп, өлеңге коннотативтік қызмет жүктеген. Өлеңнің лексика-фразеологиялық сипаты эмоционалды-экспрессивті бояуы айқын сөздерден тұрады. Ұйқас, ырғақ, айтылар ойға ерекше екпін түсіріп, Қоңқабай мен Зыпбергеннің мінез-құлқын, іс-әрекетін сипатын ашып береді. Өлең жолдарындағы контекстік антонимдер (жалғыз өзің – бар фашисті, екі серік – басқа әскерден келген, жұмыста жүр – сатады өрік), авторлық окказионал фразеологиялық вариант (өкпесі ісу – кеудесіне пісу, деміне нан пісу – алқымы ісу), синкреттік тіркес (жалқауына көрік), осы синкреттік тіркестегі эмоционалды-бағалауыштық энантиосемия (сөздің өз мағынасына кері мағынада қолданылуы) тәсілімен ерекшеленуі автордың субъективті көзқарасын көрсететін коннотативті қолданыс жасаған.
Өлең тексіндегі Зейнеп Қоңқабайға қарама-қарсы алынған. Оның колхозшы әйелдердің сөзінен ұялып жұмысқа кеткенін автор әсерлі береді: Жаңағы шырқап салған ән Зейнепті төсектен шошытып оятты. Қоңқабай ұйқының қызығына түсіп қорылдап жатқанда, Зейнеп кетпенді иығына салып, қалың топтың артынан ере берді.
Жазушы жағымсыз кейіпкерлерінің елге сүйкімсіз әрекеттерін басқа адамдар мінездемелері арқылы көрсетеді.
Берілген әңгімелер арасында автордың көзқарасын көрсететін, өткір сынымен, уытты шенеумен ерекше көңіл аудартатын шығарманың бірі «Бұрқыраған бұйрықтар». Атауындағы екі сөздің «б» дыбысына басталуының өзі-ақ оқырман үшін информативті, әсерлі, оның үстіне есімше тұлғалы эпитеттің жағымсыз мәні түрлі ассоциация тудыруға негіз болады.
Алғашқы абзацта-ақ автор – бір тақырыптық-семантикалық өріске жататын сөздерді топтап қолданып, оқырман үшін айрықша сенімсіз, сондықтан да күлкілі ситуацияны суреттейді. Дерексіз есімдер және деректі зат есімдердің бір контексте қатар алынуы, олардың есімшеден жасалған эпитеттері ерекше экспрессивті образ тудырған, оны соңғы сөйлемдегі қатып қалды предикаты күшейте түседі: Жаңа директор бақытына, жұбайының саулығына, берік ынтымаққа, тағысын тағыларға тостан соң тост көтеріліп, секретарьдың құлағы, әйелдердің беті қызарып, жеңілдеулердің танаулары желбіреп, «сен тоқта, мен сөйлейінге» келгенде жаңа директор орнынан тұрып, оң қолын жоғары көтерді. Ашылған ауыз жұмылмай, жұмылған ерін ашылмай, бір де кірпік қағылмай, бұл үйдегі бар тірі жан орын-орнында Бәкірге қараған бойы қатып қалды.
Директордың қол астындағы адамдар туралы ойы амплификациямен берілген. «Амплификация – это вид градации, заключающийся в перечислении синонимичных, сходных, определений, фразеологизмов с усилением или ослаблением их образности, эмоциональности и экспрессивности. Амплификация – сближает понятия, выделяет их различия, расширяет наше представление о факте, явлении действии» [12,24].
Достарыңызбен бөлісу: |