2. Контекстік-ситуативтік комикалы сөзқолданыс Лингвистика ғылымында мәтінді кең көлемдегі контекст [10] ретінде қарастыру қалыптасқан. Қазақтың көрнекті синтаксист ғалымы Ж.А.Жақыповтың пікірінше: «Егер контекст аталымымен сөз контексін ғана белгілесек, онда контекст деп мәтіннің белгілі бір бөлігін ғана айтамыз. Бұл бөлік өз мағынасын айқындай отырып, тілдік единицалардың бірлігін көрсетеді. Контекст қарым-қатынастың ерекше құбылысы ретінде тілдік құралдар мен сөйлеу құралдарын біріктіреді, олардың қолданылуы мен бейнеленуін қамтамасыз етеді. Контекске осы тұрғыдан келу мынандай маңызды құбылыстарды ашып айқындауға жол ашады: контекске әсер ететін бірліктер; контекст құрылымы мен тілдік единицаныңқатынасы; лексика-семантикалық және семантика-синтаксистік контекстер; единицаларды қолдану мен түзу контексі және тілден тыс ақпараттарды жеткізу контексі (ситуация)» [11].
Бұл тұжырымды біз кез-келген көркем шығармаға, оның ішінде сатиралық шығармаларға да қатысты ақиқат ой деп есептейміз.
Қазақтың көрнекті сатириктері С.Адамбеков пен Ш.Смаханұлының шағын сатиралық прозасындағы тілдік ерекшеліктерін қарастырып көрелік.
Жазушылардың өздері суреттеп отырған нысаны болмысты комикалық тұрғыдан суреттеу болғандықтан контраста алынған сөз, сөз тіркестері, ситуативтік қайшылық әрқашан да эмоционалды-экспрессивті, күлкілі болып келеді.
Әр автор баяндауында тіл қазынасынан өзіне қажет сөздерді сұрыптап таңдап алады. Бұл тұрғыда С.Адамбеков өз шығармаларында омонимдердің, полисемантизмдердің, фразеологизмдердің, мақал-мәтелдердің әлеуетін молынан пайдаланған.
Автор баяндауында эмоционалды-экспрессивті лексика жиі ұшырасады. Әрі бейнелі, әрі сезімге әсер етер етістіктер оқырманның көз алдына, ойына түрлі ассоциация тудыруға мүмкіндік береді: «Қандай айла табу керек, осы Майлыбасқа үнсіз қарап, қолындағы жез құманы қалтырап тұрған сәтте, Сыбан талай айланың қақпасын қағып көрді».
С.Адамбековтің «Жағасынан шатасып» атты сықақ әңгімесінде ситуацияға лайық бір тақырыптық-семантикалық топтағы сөздер қолданылған. Әңгіменің лексика-фразеологиялық құрылымы контраст мәнді сөздерден, эмоционалды-экспрессивті бояуы ашық фразеологизмдерден тұрады. Өкілдің сөзіндегі қатар теңестіре қойылған паровоздан бастап, өгізге дейін, бір ай мақта теріп, он үш күн жинаған репликасы кейіпкердің характерін ашатын кілт ретінде қабылданады. Осы сөйлемдердегі контекстік антонимдерді нақтылаған басқа бір кейіпкердің сөзіне авторлық түсініктеме берген жазушының көзқарасы да байқалады.
Авторлық баяндаудағы жақтырмауды динамикалық етістіктер, адам сөзін перифразбен беру күшейтіп тұр: «Ел салғыласып көп айтысты. Дауысқа салып қол көтеріскенде, он бес саусақ үш білек «қабылдансын» деген жағына артық шыға келіп, Өткелбаев сол түнде-ақ «Көктерек» колхозының председателі бола қалды. Ал төмендегі мысалдағы контраст арқылы жасалған мысқыл қосүнді деуге болады. Себебі, бұл авторлық ремарка әрі автордың, әрі кейіпкердің де көзқарасын білдіреді.
– Жарайды, жыл аяғы жақындады ғой. Есеп беріп болған соң тайдырамыз, - деген сөзді «жауапты ауыз да», «жауапсыз ауыз да», сыртынан да, көзіне де айтатын болды» . Қолынан іс келмейтін, өзге түгілі өз отбасына әмірі жүрмейтін Өткелбаевты сипаттауда қаламгер өзара мәндес ұғымдарды градациялап қолданып, айрықша образ жасаған:… төмен қарап қысыла сөйлеп, иіліп тұрды Өткелбаев:… күн сайын Өткелбаевтың еңсесі «а» десең «б» дейтін болды; …үй-ішінің қайғысы да оны есеңгіретіп жіберді; Өткелбаевтың жүрдім-бардым жұмысын сипаттауда автордың өзіндік сырғымалы-жылжымалы күй қолданысы назар аударарлық. Қазақ тіліндегі сөзжасам үлгісімен жасалған қос сөздің жинақтау семантикасы ерекше эпитет жасаған. Әңгімеде тырнақшаға алынған бірнеше сөз тіркесінің қолданылуы бекер емес: оқиға суреттеліп отырған тұста қоғамдық-саяси, ресми салада жауапты жұмыс; «жауапты қызмет», «жауапты адам» тіркестерінің актив қолданыста болғаны белгілі, ал сатирик бұл тіркестердің үлгісімен, қарама-қарсы мәндегі «жауапты ауыз – жауапсыз ауыз» түрінде құрған, яғни көтеріңкі стильдегі сөз тіркесінің бояуын төмендету арқылы окказионалды қолданыс тудырған. Бұл тәсіл көбіне мысқылдау, сынау мақсатында пайдаланылатыны белгілі.
Өткелбаевтың қолынан іс келмейтінімен қатар, жемқор, қорқақ, жағымпаз адам екенін автор эмоционалды-экспрессивті бояуы айқын лексикамен береді: Өткелбаевтың қойны-қонышы сөгіске толып, «өңешінен өтіп кеткендерін» есептеп, Өткелбаев одан бетер шыдамсызданып жүрді. Аз ғана уақыттағы оның өзгерісін нақты әсерлі суреттеудегі автор шеберлігі байқалады: - орнынан атып тұрды,сасқалақтап барып қолын қысты да, қолтығынан сүйемелдеп өз орнына отырғызды; тілі күрмеліп, жымия қалды, келтірілген бейнелі, әсерлі етістіктер Өткелбаевтың характерін танытады. Орманшы мен прокрордың киімін шатыстырған Өткелбаевтың іс-әрекеті күлкілі.
Аталған жазушылардың өмір сүріп, шығармашылық қызметпен айналысқан уақыты кеңес үкіметінің солшыл саясаты дәуірлеп, қоғамдық-әлеуметтік өмірдің бар саласында партияның идеологиялық бақылауы күшінде тұрған кез еді. Үкімет пен партияның қатаң бақылауына қарамастан ел өміріне көлеңке түсірер, кірбің келтірер түрлі келеңсіз іс-әрекеттер, жағымсыз мінез-құлық, әлеуметтік теңсіздік жиі ұшырасып тұрды. Қоғамды құрайтын қарапайым халық пен ел басқаратын билік өкілдерінің сол кездегі мемлекет мүлкіне, яғни халық мүлкіне түрлі көзқарасы негізінде жемқорлық, сыбайластық бәрі де сатулы деген пікір қалыптасты. Партия идеологтары халық пен дінді қарсы қойып, дін иелерін құбыжық ретінде көрсету сол кездің қажеттілігі болды. Осы аталған жағымсыз құбылыстар С.Адамбеков пен Ш.Смаханұлының да сатиралық шығармаларына өзек болды.
С.Адамбеков өзі өмір сүріп отырған қоғамның әлеуметтік-саяси, экономикалық, идеологиялық жағдайларын назардан тыс қалдыра алмайтындықтан «Қоңқабай мен Зыпберген» әңгімесінде соғыстан кейінгі ауыл шаруашылығында қалыптасқан жайды суреттейді. Тақырыпқа шығарылған екі есімнің екеуі де лақап ат, оған жазушы түсініктеме берген, әңгіме кейіпкерлері Қоңқабай мен Зыпберген туралы автор былай дейді: Қоңқабайдың өз аты Қонысбай. Жас кезінде іске ыңғасыз, мінезі ожар болғандықтан ауыл әйелдері Қоңқабай деп атаған. Ал Зыпбергеннің шын аты Жүніс. Жасында сынаптай сусып, бөденедей жорғалап, біреуді алдап, біреуді арбап қутыңдап жүретін қу болған соң, жеңгелері Зыпберген деп қойған. Осы екі сөздің бойындағы архисема мен потенциалды семаның қатар актуалденуі нәтижесінде атқаратын стильдік жүгі мол сөзге айналып, әңгіме семантикасын ашуға ықпал жасап тұр.
Екі кейіпкер де жағымсыз, оларға деген автор қатынасы соңғы диалогте көрінеді: