Зерттеудің мақсаты мен міндеттері.
Зерттеудің мақсаты: қазақ көркем прозасының бір саласы - сатираның шағын және көлемді түрлерінің лексика-фразеологиялық қабаты олардың семантикасын ашуға, комизм тудыруға сәйкес таңдалып алынатынын, бұл орайда қаламгер графикалық тәсілдерден бастап тұтас микротекске дейінгі барлық лингвистикалық құралдарды және экстралингвистикалық факторларды пайдаланатынын көрсету.
Аталған мақсатты орындау үшін төмендегідей міндеттерді шешу көзделді:
қазақ сатиралық әңгімелері, фельетондарының лексика – фразеологиялық қабатын сипаттау, оның ішінде:
мәтін атауларының және олардағы антропонимдердің информативтілігін байқату;
қазақ лексикасының мағыналық топтарының қолданылуын түсіндіру;
сатиралық шығармалардағы ауызекі сөйлеу тілінің элементтерін (жаргондар, диалектизмдер, қарапайым сөздер) қолданудың уәжділігін көрсету;
мақал-мәтелдердің және фразеологизмдердің узуалды және окказионалды жұмсалуын айқындау;
интертекстуалды байланыстардың стильдік қызметін аңғарту;
етістіктердің эмоционалды-экспрессивтілігі нәтижесінде туындайтын коннотация көрсету.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы. ХХ ғасырдың 60-80 жылдары жазылған сатиралық шығармалардың тілдік ерекшеліктері алғаш рет сипатталып, кейбір интертекстуалды элементтердің қызметі көрсетілді, текст лингвистикасына сай текст элементтерінің информативтілігі, полифункционалдылығы дәлелденді.
Зерттеу әдістері. Сатиралық шығармалардағы сөз, сөз тіркестерінің мәнерлілігін, бейнелігігін, әсерлілігін көрсетуде лингвистикалық талдау қолданылды. Текст семантикасын ашу контекске байланысты болғандықтан контекстік талдау, сипаттама әдісі көркем шығарманы интертекстуалды интерпретациялаумен ұштастырылды.
Зерттеу жұмысының материалдары. Ш.Смаханұлының фельетондары, әңгімелері, С.Адамбековтің әңгімелері.
Қазақ әдебиетінде шындық болмысты комикалық тұрғыда көрсетіп, оқырманның ой-сезіміне көңіл күйіне, жан дүниесіне әсер ететін шығармалар берген жазушы – сатириктердің ұлттық тіл қазынасын жұмсаудағы ерекшеліктері қазақ тіл білімінде зерттелуі кенжелеп келе жатқан мәселе, сондықтан да 60-80 жылдары жазылған сатиралық әңгімелердегі тілдік және экстралингвистикалық құралдардың комикалық семантика түзу ерекшеліктерін көрсету көзделді.
Жұмыста лексикалық және контекстік антонимдердің, энантиосемияның айрықша әсерлі, айрықша бейнелі контекст түзу мүмкіндігі сараланған.
Образдылығы, әсерлілігі жағынан жалпыхалықтық тіл қазынасында айрықша орын алатын фразеологизмдер мен мақал-мәтелдер, олардың окказионал қолданыстары, претекст ретінде жұмсалуы жазушылардың тілдік деректері арқылы сипатталды.
Сатиралық шығармалардағы әдеби нормадан тыс элементтер ретінде қарапайым сөз, жергілікті диалектизмдер мен жаргондар және варваризмдер туралы ғылыми айналымдағы пікірлерге шолу жасалып, жазушы қолданған жаргондар уәжділігі, семантикасы лексикографиялық дефиниция және контекст негізінде ашылды.
Шона Смаханұлының шығармашылық,ерекшеліктерінің бірі ретінде оның нақыл сөздері мен бірқақпайларын атауға болады. Құрылымы, мағынасы мақал-мәтелдерге жақын, өмірдің сан алуан жағдайларын тұспалдап немесе ашық көрсететін, қолдануға тиімді нақыл сөздерінің көпшілігі абстракт ұғымдарды қарсы қою нәтижесінде туындайтын антитеза, параллелизмге құрылған.
Аталған жазушылар қолданған көркемдегіш құралдардың ішінде түрлі троптар мен риторикалық сұраулар, қаратпа жиі кездеседі.