1 дәріс. Қазіргі қазақ тілінің лексикология курсы



бет1/6
Дата26.12.2022
өлшемі127,67 Kb.
#59703
  1   2   3   4   5   6

1 дәріс. Қазіргі қазақ тілінің лексикология курсы.



  1. Лексикология курсы, оның зерттеу нысаны, мақсаттары мен міндеттері.

Лексикология тілдің сөз байлығын қарастыратын тіл білімінің бір саласы.
Сөздердің лексикалық жүйеде алатын орнын, шығу төркінін, қолданылу өрісін, күнделікті қарым-қатынастағы көрінісін, сан қилы стильдік мәні мен сипатын қарастыратын ғылымды лексикология (гректің lexikos- сөздік+logos-ілім) дейді. Қазақ тілінің лексикологиясы - қазақ тілінің сөздік құрамын (лексикасын) тексеретін ғылым.
Лексикологияның негізгі зерттеу нысаны-сөз. Белгілі бір заттың, оқиға, іс-әрекет, қимыл, түр-түстің және тағы да басқа ұғымның атауын сөз дейміз. Сөз белгілі бір тілде сөйлейтін халықтың барлығына бірдей ортақ, түсінікті болады. Адам өзі түсінген, таныған заттарына, ұғымдарына атау береді. Тілдегі әрбір сөз белгілі бір ұғымның, түсініктің атауы болады. Тілдік бірлік болып табылатын сөздің қыр-сыры мол. Сондықтан да лексикологияның бір-бірімен тығыз байланысты бірнеше салалары бар: семасиология, этимология, фразеология, ономасиология, лексикография.
Қазақ тіл білімінің лексикология саласы 1950 жылдан бастап жан-жақты зерттеле бастады. Қазақ тілінің лексикасын диахронды, синхронды тұрғыда тілшілер І.Кеңесбаев, Н.Сауранбаев, С.Аманжолов, Ғ.Мұсабаев, К.Аханов, Ә.Болғанбаев, Р.Сыздық, Т.Жанұзақов, Ғ.Қалиев, Б.Хасанов т.б. еңбектерінде қарастырды.
Қазақ тілі генеологиялық жағынан түркі тілдер тобына, қыпшақ тіліне жатады. Қыпшақ тілдері өз ішінен қыпшақ-бұлғар, қыпшақ-половец, қыпшақ-ноғай топтары болып бөлінеді. Қазақ тілі қыпшақ-ноғай тілдері тобына кіреді. Мұнда қазақ тілі, ноғай, қарақалпақ және өзбек тілінің қыпшақ диалектісі енеді. Бұл топтағы тілдердің өзіне тән ерекшеліктері болады: Ч дыбысының болмауы, оның орнына ш, ш дыбысының орнына с дыбысы қолданылуы, мысалы, аш-ач, қыс-қыш, тоғыз дауысты болуы, олардың жуан-жіңішке болуы, ерін үндестігінің болуы, дыбыс үндестігінің әсерінен қосымшалардың бірнеше варианты болуы сияқты сипатымен анықталады.
Қазақ тілінің түркі тілдеріндегі орны мен өзіне тән ерекшеліктерін анықтау мәселесі барлық түркітанушы еңбектерде қарастырылған. Түркітану жіктемелерінде қазақ тілі түркі тілдерінің әртүрлі тобында қарастырылған. В.В.Радлов дыбыстық белгілеріне қарай қазақ тілін түркі тілдерінің батыс тобына, Ф.Е.Корш дыбыстық-морфологиялық ерекшеліктеріне қарай солтүстік түркі тілдер тобына, осы екі жіктемені негізге алып, тарихи сипатта қарастырған А.Н.Смойлович қыпшақ, яғни солтүстік-батыс тобына жатқызады.
Типологиялық белгілеріне қарай жалғамалы тілдер тобына жатады. Мысалы, адамгершілік, басшылық, өнімсіз, қолда т.б.
Қазіргі қазақ тілі ҚР мемлекеттік тілі болып табылады. Қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру мәселесі кеңес дәуірінде де көтерілгенмен, ол тек қағаз жүзіне ғана болды. 1920 жылғы Қазақ АССР кеңестерінің 1 құрылтай съезіндегі шешімі, 1924 жылы Қазақстанның 1 Конституциясында қазақ және орыс тілі республикада мемлекеттік тіл деп, ал 1938 және 1978 жылдардағы Конституцияда қазақ тілі жайлы ашық айтылмаған, 1989 жылы қабылданған Қазақ ССР-інің Тіл туралы Заңындағы берілген мемлекеттік мәртебесі де қағаз жүзінде ғана болды. Оның мемлекеттік мәртебеге іс жүзінде ие болуы-тәуелсіздігіміздің нәтижесі. Қазақстан Республикасының Конституциясының 7-бабының бірінші тармағында: «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі», Тіл туралы заңының 4-бабында: «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі»,-десе, осы Заңның 9-бабында мемлекеттік органдардың актілерінде, 10-бабында мемлекеттік органдар жүйесінде құжаттама жүргізуде, 11-бапта мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда азаматтардың өтініштеріне жауап беру, 13-бапта сот ісін жүргізу мемлекеттік тілде жүргізілетіні көрсетілген. Ал осы Заңның 81-бабында Тіл туралы заңды бұзғаны үшін жауапкершілік көрсетіліп, заң бұзғаны үшін айлық көрсеткіштің 10-20 дейінгі мөлшеріндегі айыппұл салынатыны айтылады.
Осы Заңды құжаттардың негізінде әрі қоғамдық қажеттілікке орай елімізде ана тіліміздің өрісі кеңейіп, сөздік қоры молая тусуде.

Пайдаланатын әдебиеттер



  1. Ә.Болғанбаев, Ғ.Қалиев. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. А, Сөздік-Словарь, 2006 ж.

  2. Ә.Болғанбаев. Қазақ тілінің лексикологиясы. А.,1979, 1988, 1995.

  3. М.Белбаева. Қазақ тілінің лексикологиясы.А., Мектеп. 1976.

  4. А.Айғабылов. Қазақ тілінің лексикологиясы. А., 1996 ж.

  5. Ф.Ш.Оразбаева және т.б. Қазіргі қазақ тілі.А., 2005 ж.

2 дәріс. Сөздің лексикалық мағынасының түрлері

1. Сөз, ұғым және мағына


2. Сөз мағынасының зерттелуі
3. Сөз мағынасының түрлері

Сөздің негізгі қызметі атау, яғни зат, құбылыс, әрекетті, олардың белгілерін атап білдіру. Заттың, құбылыстың негізгі жалпы белгілері ұғым ретінде адам санасында қалыптасады да тек сөз арқылы сыртқа шыға алады. Ұғым тілдегі сөздердің негізінде туады. Сол себепті сөз ұғымның материалдық керсеткіші, шындық өмірдегі көрінісі болып табылады.


Ұғым бар жерде мағына бар. Сөз мағынасы ұғымның мазмұнын білдіреді.
Сөздің мағынасы лексикалық және грамматикалық мағына болып бөлінеді.
Сөздің лексикалық мағынасы дегеніміз зат, құбылыс, әрекет жайында бір тілде сөйлейтін қауым таныған, жалпыға түсінікті әр сөздің меншікті мағынасы.
Сөздің грамматикалық мағынасы дегеніміз грамматикалық амал-тәсілдер арқылытуатын, сөздің бірыңғай топтары мен сөз тұлғаларына, синтаксистік құрылымдарға тән, жинақталған дерексіз мағына.
Тіл білімінде сөздің лексикалық мағынасы әр түрлі бағытта топтас-тырылып келеді. Өткен ғасырдың 50 жылдары сөз мағынасын семантикалық тұрғыдан топтастыру орын алды. Сөздерді мәдени, шаруашылық, тұрмыстық, туыстық атаулар, адамға байланысты сөздер, т.б. деп семантикалық топтастыру - беретін ұғымы бірыңғай сөздердің мағыналық типтерін анықтауға негізделді.
Қазақ тіл білімінде сөз мағыналарын топтастырудың академик В.В.Виноградов ұсынған тура және номинативті мағына, фразеологиялық байлаулы мағына, синтаксистік шартты мағына деген классификациясын кеңінен пайдаланылып келеді. Мәселен, І.Кеңесбаев пен Ғ.Ғ.Мұсабаев В.В.Виноградовтың топтастыруын басшылыққа ала отырып, сөз мағыналарын:

  1. сөздің негізгі мағынасы;

  2. сөздің тұрақты мағынасы;

  3. сөздің нақты (конкретті) мағынасы;

  4. сөздің контекстік мағынасы және көп мағыналылығы;

  5. сөздің абстракті мағынасы;

  6. сөздің тура мағынасы;

  7. сөздің ауыс мағынасы;

  8. сөздің грамматикалық және лексикалық мағынасы деп бөледі

Профессорлар Ғ.Қалиев пен Ә.Болғанбаев сөз мағынасын сөздердің шындық өмірдегі заттар мен құбылыстарды білдіруіне, тарихи пайда болуына, өзара тіркесімділігіне, стилистикалық қызметтеріне қарай топтастырып, қазақ сездерінің лексикалық мағыналарын:

  1. сөздің негізгі атауыш (номинатив) немесетура мағынасы;

  2. сөздің ауыс мағынасы;

  3. сөздің нақты және дерексіз мағыналары;

  4. сөздің түпкі және туынды мағынасы;

  5. сөздің еркін және байлаулы мағынасы;

  6. сөздің бейтарап және терминдік (кәсіби) мағыналары;

  7. сөздің бейнелі және поэтикалық мағыналары деп жіктейді.

Профессор Б.Сағындықұлы сөз мағынасын сөздің жеке тұрғандағы және тілдік ортадағы білдіретін мағынасына қарай сөздің сөздік мағынасы және сөздің тілдік мағынасы деп екіге бөліп қарастырады.
Профессор М.Оразов лексикалық мағынаның денотаттық, сигнификаттық, эмоциялық және құрылымдық мағыналарын көрсетіп, құрылымдық мағынаның өзі парадигмалық және синтагмалық мағына түрлеріне бөлінетінін көрсетеді.
Сөз мағынасы - дамып, жетіліп отыратын тілдік құбылыс.
Сөздің ақиқат болмыспен, ондағы заттармен, құбылыстармен байланысып жататын мағынасын тіл білімінде денотаттық мағына дейді. Денотаттық мағына - айналадағы заттың, құбылыстың адамның сезім мүшелеріне әсер етуіне негізделетін, көрнекті нақты ойлауға қатысты қабылдаудан туындайтын ұғым негізінде қалыптасқан ақиқат дүниенің обьективті бейнесі.
Денотат дегеніміз - белгілі бір сөзді айтқанда, ойымызға оралатын зат құбылыс немесе оның ерекше белгілері. Денотат көбінесе сөздің тура (атауыштық) мағынасында сақталады. Мысалы, Ауылдың жаны терең сай, тасыған өзен гүрілдеп (Абай) сөздердің бәрінің лексикалық мағына құрамында денотаттық мағына бөлшегі бар.
Сөздің атауыштық негізгі мағынасынан басқа бір затқа, құбылысқа атау болып ауысқан туынды мағынаны сөздің ауыс мағынасы деп атайды. Мысалы, көз деген сөздің адам мен жан-жануарлардың дене мүшесінің бірін білдіретін мағынасы тұрақты, негізгі, бастапқы, тура, денотаттық, еркін мағына. Ал күннің көзі, бұлақтың көзі, көз жауын алады дегендердегі көз сөзінің білдіретін мағыналары бастапқы тура мағына негізінде өрбіген ауыспалы мағыналар мен сөздің затты, құбылысты дәлме-дәл, анық, айқын, даралап көрсетіп атайтын мағынасын нақты мағына, ал типтес заттарды, құбылыстарды жалпылап, жинақтап, дерексіздендіріп атаудан туындайтын мағынаны, адам санасында қалыптасқан дерексіз ұғымдарды білдіретін сөздердің мағынасын дерексіз мағына дейміз. Осы мағынаны қазіргі тіл білімінде сигнификаттық мағына деп атау қалыптасты. Сигнификаттық мағына дегеніміз түйсік арқылы қабылданып, жалпыланған субективті бейнені атаймыз. Мысалы, Қырық балам бар еді, қырқы бірдей нар еді немесе Айырдан туған жампоз бар, Нарға жүгін салғызбас-дегендегі нар сөзі біріншісінде сигнификат, екіншісінде денотат болады.
Сөздің лексикалық мағынасында денотаттық, сигнификаттық мағына бөлшегінен басқа эмциялық мағына да болады. Эмоциялық мағына дегеніміз-сөйлеушінің шындық болмыс фрагментін бағалауы, соған деген көзқарасын білдіретін мағыналық бөлшек. Мыс., Қырық балам бар еді, қырқы бірдей нар еді-дегендегі нар сөзінде сигнификаттық мағынамен қоса эмоциялық мағына да бар.
Қазіргі тіл білімінде құрылымдық мағынаны лексикалық бірліктің тіркесімділігі немесе синтагмалық құрылымдық мағына деп атайды да сөздердің тіркесімділік қабілеттілігіне қарай анықтайды, өйткені синтагмалық байланыс өзгерсе, сез мағынасы да өзгереді. Мыс., кәрі адам, жас адам деп айтқанмен жас ет, сұр ет дейміз, кәрі ет деп атамаймыз. Сөздердің логикалық-ұғымдық, семантикалық, синтаксистік, тіркесімділік қабілетін анықтаушы тілдік мағына синтагмалық мағына деп аталады.
Сөздердің тіркесімділік қабілетіне байланысты мағыналардың синтак­систік шартты және фразеологиялық байлаулы мағына деп аталатын түрлері болады.
Сөздің ішкі мағыналарының дамып отыруына байланысты туындайтын синонимдік, омонимдік, антонимдік мағыналар да, түбір сөздің түпкі мағынасына негізделіп өрбитін туынды мағына да лексикалық мағыналардың түрлеріне жатады. Олар парадигмалық мағына деп аталады. Мысалы, әке, ана, бала т.б. бір лексика-лемантикалық топқа, туыстық атауларға жатады. Ана-әке жыныстық жағынанан ерекшеленіп, антонимдік қатынасты білдірсе, ана сөзі бір затты нұсқау мәнінде туыстық атау мәніндегі ана сөзімен омонимдік қатынасты білдіреді.
Сөздің лексикалық мағынасының түрлері шындық болмысты әр қырынан бейнелеп, бір-бірімен тығыз байланысып, астасып жатады.
Пайдаланатын әдебиеттер

  1. Ә.Болғанбаев, Ғ.Қалиев. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. А, Сөздік-Словарь, 2006 ж.

  2. Ә.Болғанбаев. Қазақ тілінің лексикологиясы. А.,1979, 1988, 1995.

  3. М.Белбаева. Қазақ тілінің лексикологиясы.А., Мектеп. 1976.

  4. А.Айғабылов. Қазақ тілінің лексикологиясы. А., 1996 ж.

  5. Ф.Ш.Оразбаева және т.б. Қазіргі қазақ тілі.А., 2005 ж.

  6. М.Ораз. Қазақ тілінің семантикасы.А., 1991 ж.

3 дәріс. Сөз мағынасының ауысу жолдары.





  1. Метафоралық жолмен ауысу.

  2. Метонимиялық жолмен ауысу.

  3. Сенекдоха жолымен ауысу.

Сөз мағынасының ауысуы әр түрлі тәсілдер арқылы жүзеге асады.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет