1-дәріс. Жазудың пайда болуы мен дамуы. Жазудың маңызы мен қызметі



Pdf көрінісі
бет1/26
Дата19.03.2023
өлшемі1,13 Mb.
#75463
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   26


1-дәріс. Жазудың пайда болуы мен дамуы. Жазудың маңызы мен қызметі 
Жазу – адамдардың қашықтықта тұрып, қарым-қатынас жасауын қамтамасыз ету. 
Өйткенi жазу қоғамдық қажеттiлiктен туындады. Адамдар арасындағы күрделi қоғамдық 
қатынастың дамып жетiлуiн ауызша сөйлеу тiлi қанағаттандыра алмады. Сондықтан 
жазудың шығуы ең алдымен қарым-қатынастың маңызды бiр құралына деген қоғамдық 
мұқтаждыққа қарыздар. Ауызша сөйлеудiң екi кемшiлiгi болды: таралу кеңiстiгiнің 
шектеулiлігі және уақыт жағынан шектеулiлігі. Адамдардың қоғамдық-саяси, 
экономикалық және әлеуметтiк қатынасында жоғарыдағы олқылықтарды толтыру үшiн 
пайда болған жазудың миссиясы, бүгiнде қарап отырсақ, тереңде екен. Тiлдiң даму тарихы 
тұрғысынан келсек, тiл адам санасындағы ойды жарыққа шығарып, жазу ауызша айтылған 
ойды оптикалық құралдар арқылы визуалды дүниеге айналдырады. Сонда жазу тек 
қосалқы қызмет атқаратын құрал болып табыла-ды. Алдымен аса маңызды қатынас 
құралы болған – тiл ауызша түрде өмiр сүрдi. Талай жүз жылдықтар бойы басқа 
қатынастың түрiн iздемедi. Сөйтiп, ойды жарыққа шығарудың және айнала-сына қатынас 
жасаудың жалғыз түрi ауызша сөйлеу ғана бол-ды. Жазу ендi тiлдiң осы екi қызметiнiң 
көшiрме түрi ретiнде, қосалқы қызмет атқаруға келгендей. Оны сызба ретiнде былай 
нобайлауға болады:
Тiлдiк сана ⇒ тiл ⇒ ауызша сөйлеу ⇓ жазу
Үшінші мыңжылдықтағы жаңа технологиялар тасқыны, ғылыми-техникалық 
прогресс, ақпарат таратудағы жаңа көздер, қашықтық пен уақыт барьерін жеңетін жаңа 
техника түрлерін ойлап табудың жоғары деңгейінде келеді. Осымен байланыс-ты ауызша 
коммуникацияның жетілген технологиялы бүгінгі кезеңінде жазудың адамзат өркениеті 
үшін атқарар қызметін парықтаудың қажеттілігі бар. А.Байтұрсынұлы “Біздің заман – 
жазу заманы: жазумен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман” деген. 
Жазусыз өркениет болмасы анық. Тас дәуiрiнен атом дәуiрiне дейiнгi адамзат 
мәдениетiнiң жетiстiктерiнiң бәрi жазу арқасында. Бiздiңше, өркениеттiң дамуын 
сипаттауда жазудың маңызы-нан бастап айту оның әлдеқайда жүйелi, күрделi, дербес 
құры-лым болып қалыптасқанын, жазудың адамзат өркениетіндегі болашақта атқарар 
қызметін танытпақ. Мысалы, шумер елін-де жазудың пайда болуы ең алдымен 
мемлекеттік құрылыстың дамуы мен жетілуіне, сауданың өркендеуіне байланысты болға-
ны белгілі. Жазудың сол антикалық дәуірдегі қызметі бүгінгі әлемиет дәуірінде қайта 
күшейіп, жазу мемлекеттілікке, заңна-ма, құжатнамаға қызмет етеді. Бүгінде ресми 
ісқағаздар адам-дардың сөйлесуінсіз-ақ түсінісетін, құжаттар өзара “сөйлесетін” жүйе 
құрайды. Ресми ісқағаздар – айқындылықтың, дәлелдік-тің, аргумент, фактінің құжаты 
болды. Ендеше, жазудың бүгінгі күн тұрғысынан басты маңызы мен қызметі белгілі 
кеңістік ше-гіндегі әлем үнқосуларын бекітетін, растайтын деңгейге жетіп отыр. Яғни 
мемлекеттің күшеюімен байланысты, жазудың дерек болу (визуалдылық арқылы) сипаты 
артып отыр.
Жазу – тілді жаңғыртудың, бекітудің құралы. Жүйесi мен құрылымы бар тілдік 
таңба жазуға түсiп, денотаттық тұрпатқа ие болғаннан кейiн мәңгiлiк құндылыққа 
айналды. Өйткенi жазу ауызша сөзді таңбалап қана қоймайды, адамның тiл туралы 
түсiнiгiн кеңейтеді, тереңдетедi. Тiлдiң инвариантты, абстракті, күрделi құрылымдық 
деңгейге жетуiне әсер етеді. Соған сәйкес тілдегі синтаксистiк құрылымдар, күрделi 


фразалық тұтастықтар жазудың негізінде пайда болды. Тiлдiң (әдеби тiлдiң) стильдiк 
тармақтары сараланды, стиль нормаларының қалыптасуына әсер етті. Сөйтiп, жазу 
сөйлеуде елене бермейтiн тiлдiң барлық қалтарыстарын нақтылаудың негізінде тiлдiң 
сұрыпталып, нормаланған, електен өткен құрылымын ғана таңбалап, жазу нормасына сай 
сөйлемдер мен мәтiндердi тiлдiк жүйеге жатқызды. Сондықтан ауызша сөйлеудегi 
еркiндiк-тi тiлдiк қалыпқа салу, яғни жазуға түсiру кез келген сауатты адамның қолынан 
келмейдi. Адам күнделiктi қарым-қатынас тiлiмен бiреуге хат жазу мүмкіндігіне ие 
болғанмен, өзiнiң ойын жүйелi, толыққанды, мазмұнды етiп жазбаша жеткiзу-де 
қиындыққа тап болады. Сонымен, жазудың екінші қызметі тiлдiң жүйелi құрылымға 
айналуына әсер етуi болып табылады. Тiлдiң барлық потенциалды мүмкiндiктерiн ашып, 
пайдалануға әсерiн тигiзедi. Сондықтан да бүгінде жазылған дүниені сол тілдің жүйесі 
мен құрылымы ретінде тануға, қабылдауға, тілдің “өзі” деп түсіндіруге, түсінуге күмән 
қалмайды. Үшiншiден, жазу – адам ойының материалданып, жарыққа шығуының, дәлiрек 
айтқанда творчестволық әрекетiнiң құралы. “Көңiлдегi көрiктi ойдың сыртқа шыққанда 
өңi қашатын” болса, жазудың арқасында қағазға түскен шашыраңқы ойды жүйелеуге 
болады. Жазудағы стандарттық құрылымдар, сөйлем мүшелерiнiң нормативтi орын 
тәртiбi ақыр соңында сыртқа шыққан адам ойын өзгеше сипат алдырады. Оның үстiне 
жазылған мәтiндi қайталап оқып, толықтыруға, қысқартуға, нақтылауға, қайта құруға 
мүмкiндiк бар. Мәтінді араға уақыт са-лып қайта қарап, жетiлдiруге болады. Ой үстiне ой 
жалғауға болады. Сөйтiп, жазу түптiң түбiнде адамның өз сөзiнiң бөгделенуi болып 
шығады. Жазудың арқасында сөз екiншi өмiрге, дербес өмiрге ие болады. Демек, жазу 
қарым-қатынас құралы емес, тiл-дiк жағдаят болмаса да адам өз ойын монологті түрде 
жарыққа шығаратын сананың материалдану құралы болады. Оқу про-цесі тыңдауға 
қарағанда аз уақыт алады, қармап оқу, таңдап оқу, қайталап оқу мүмкіндіктерін береді. 
Жазу, сөйтiп, мәтін мазмұнын тез түсiнуге, бiрден қабылдауға, оңай меңгеруге ауызша 
тілге қарағанда қолайлы. Бүгінде сөздің графикалық бейнелері фонетикалық бейне сияқты 
адам санасында дайын тұратын болды. Осы айтылғандарды түйіндей келе жоғарыдағы 
сызбаны былай жетiлдiруге болады:
жазу ⇓ Тiлдiк сана ⇒ тiл ⇓ ауызша сөйлеу
Төртiншiден, жазу адам санасындағы ойдың жетілуіне, жасалуына, жүйеленуiне, 
реттелуiне, нақтылануына қызмет етедi. Бұл бiр қарағанда жазудың алдыңғы қызметімен 
бiрдей болып көрiнуi мүмкiн. Алайда соңғысы ойдың өзiндегi жетiлу туралы. Алдыңғысы 
сыртқа шыққан ой мен мәтiндi оқыған оқырманның арасындағы түсiнiстiктiң орнауы 
туралы болса, мұнда адам ойын қағазға түсiре отырып, жетiлдiредi, жазу арқылы ойлана-
ды, сөйтiп, жазу ендi ойдың өзiне түрткi болады. Әрине, ауыз-ша сөйлеу де адам ойының 
нақтылануына, жүйеленуіне әсер етедi. Алайда жазу тiлдiк санадағы барлық 
қалтарыстарды қағаз бетiне түсiруге уақыт жағынан да мүмкiндiк бередi. Сондықтан 
жазудың ойжасамдық қызметі ауызша тілдің ойжасамдық қызметіне қарағанда 
қорытынды, түйінді аяққы болады. Ал жазудың коммуникативтік негізгі қызметін бүгінгі 
таңда ауызша коммуникацияның техникалық құралдары (телефон түрлері, интернет 
жүйесі) екінші қатарға ығыстырып отыр. Интернет жүйесін де ауызша коммуникация 
түріне жатқызып отырғанымыз, мұнда жазу графикасы мен таңбалары пайдаланғанымен, 
жазба тілжүйесі сақталмайды. Ақпарат ауыз-ша тіл жүйесінде құрылып, тіпті өздік 
коммуникация (аудиалды-визуалды) жүйесін жасауға айналды. Сонда жазудың 


коммуникация қызметі бүгінде екі формада көрініп отыр: 1) хабарласудың ресми, іскерлік 
сипатында (ресми іс-қағаз); 2) интернет жүйесі арқылы хат жазысу аясында. 
Алтыншыдан, жазу – адам жадының бiр түрi. Біз есте сақтауға тиіс ақпаратты жазып 
жадылайтын болдық. Информация мазмұны мәтінге көз жүгiрткеннен кейiн еске түсiруге, 
“түртiлiп” алынған ойды ауызша таратып айтуға, керiсiнше ауызша айтылған ойды 
қысқартып, “түртiп” отыруға болады. Қазiргi оқу орындарындағы оқу-оқыту процесі осы 
әдіске құрылған. Жетіншіден, жазудың тіл тарихын сақтаушы, уәжін көрсетуші қызметі 
бар. Бұны жазудың тілтанымдық қызметі деп атаймыз. Ауызша тіл үнемі өзгерісте 
болады, жаңарып, жаңғырып, үнемделіп отырады. Академик Л.В.Щерба ең бірінші 
өзгеретін сөйлеу тілі және зерттелмей жатқан сала да – сөйлеу тілі деген. Сондай-ақ жазу 
тіл бірліктерінің шығу тегін, уәжін, әсіресе түбір тұрпатын өзіне бейнелеп, тіл тарихы 
үшін аса құнды тарихи дерек жинап отырады. Сөйлеуде жаңаша дыбыстағанмен немесе 
сөйлегенмен, ол бірліктердің инвариантты тұлғасын жазу ғана сақтай алады. Енді 
жазудың келесі қызметін осы айтылғаннан шығара отырып, тілді нормалаушылық деп 
атаймыз. Ауызша тіл бiр нәрсеге табан тiреуді керек етеді. Сонда ол “тiреу” көп өзгерудi 
“ұната” қоймайтын консервативтi жүйе – жазу болып табылады. Адамзат тілі өзінің даму 
барысында реалдануға, үнемделуге, адресат пен адресанттың ішкі сөйлеуінде құрылымы 
бар конструкцияларды ауызша сөзге айналдырмай-ақ түсінісуге, тіл бірліктерінен гөрі 
просодикалық бірліктерді көп қолдануға, арго, жаргондарды жиі пайдалануға, тілді 
мамандануға барынша ұмтылады екен. Сонда жалпыхалықтық тілдің нормасын сақтап 
узуалды, оккозианалды қолданыстарды, тілдің дыбыстық, морфемдік, лексикалық, 
синтаксистік бірліктерін нормалап отыратын жүйе жазба тілболып шығады. Адам жады 
жазылған сөзді норма деп, белгіленбеген, көрсетілмеген сөзді норма емес деп тануды 
дәстүрге айналдырады. Сонымен, жазудың бұл қызметi ауызша сөйлеудi нормалап 
отырады дегенге саяды. Сондай-ақ кез келген қашықтықта тұрып айтылған ой, жаңалық, 
нәтиже кiтап болып басылса, бүкiл адамзаттың құндылығына айналады. Адамзат санасы 
ұрпақтан-ұрпаққа жазу арқылы жетедi, жазу арқылы сол дәуірдің бейнесін көреміз. Жазуы 
бар тiлдердiң тiл тарихын айқындауға мүмкіндік бар. Жазба тілескерткiштерi бар тiлдiң 
мәртебесi жоғары саналады. Сонымен, бүгінгі күн тұрғысынан жазудың мынадай 
қызметтері бар деп білеміз:
1) аргументтік қызмет (әлеуметтік қызмет);
2) тілжүйелеушілік қызмет;
3) ойжасамдық қызмет;
4) ойды жарыққа шығару қызметі;
5) жады қызметі;
6) тілтанымдық қызмет;
7) тілді нормалаушылық қызмет;
8) кумулятивтік қызмет (мәдениетті сақтайтын, жеткізетін қызмет);
9) коммуникативтік қызмет.
Сонымен, жазу уақыт пен кеңiстiк шектеулiгiне тәуелсiз, адамдар арасындағы 
қатынас құралы ретiнде пайда болды деп түсіндірілгенмен, негізінен оның маңызы 
мемлекеттік құрылыс пен сауданың, мемлекетаралық саясаттың дамуына тіреледі екен, 
сонымен бірге оның маңызы тiлдi жетiлдiретiн, жүйелейтін, нормалайтын, ойжасайтын, 
бекiтетiн, сақтайтын қызметтерiмен өлшенедi екен. 


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   26




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет