ОҚЫТУ ӘДІСТЕРІ 1 Оқыту әдісі, тәсілі, құралдары туралы түсінік 2 Оқыту әдістеріне сипаттама 3 Оқыту әдістерін таңдап алу шарттары 1 Оқыту әдісі, тәсілі, құралдары туралы түсінік Оқыту әдісі дидактиканың негізгі бір құрамды бөлігі болып табылады. Оқыту процесінің табысты болуы көбіне қолданылатын оқыту әдістеріне тәуелді.
Әдіс гректің "metodos" деген сөзінен шыққан. «Метод» деген ұғым белгілі ақиқатқа, шындыққа, мақсатқа жетудің жолдары деген мағынаны білдіреді.
Оқу әдістері – тарихи категория. Өндіріс күштерінің деңгейі мен өндірістік қатынастар сипаты педагогикалық процестің мақсаттарына, мазмұнына, құрал жабдықтарына өз ықпалын тигізеді. Олардың ауысуымен оқу әдістері де өзгеріске келеді. Қоғамдық дамудың алғашқы кезеңдерінде өскелең әулетке тәжірибе жеткізу ересектер мен балалардың бірлікті іс-әркеттік процесінде орындалды. Бұл дәуірлердегі басты оқыту әдісі еліктіру, еліктеу жолымен іске асты. Негізгі оқытуды өзгертпей, қайта жасау (репродуктивті), (“мендей етіп істе”) әдісі алынды. Кейінгі замандардағы барша әдістер осы қайталай жасау әдісінен өз бастауларын алды.
Мектептердің ресми формаларының ұйымдастырылуы оқытудың сөздік (ауызша) әдістерінің пайда болуына әсер етті. Қоғамда жазудың кең таралуы, кітап баспасының өркендеуі, білімді жария етуде, жинақтауда және әулеттен әулетке жеткізуде таңбаны пайдалануға мүмкіндік берді. Сөз негізгі ақпарат ұсыну құралына айналып, ал кітап бойынша оқыту мұғалім мен оқушының ең көп тараған өзара ықпал жасау әдісі болды.
Ұлы жаңалықтар ашу дәуірінде бұрын оқытудың жалғыз- ақ жолы болған сөздік әдіс өз маңызын жоғалта бастады. Өркендеудегі қоғам қажетіне орай оқыту процесіне бақылау, эксперимент, өзіндік жұмыс, жаттығу, яғни оқушыны белсендіру, саналылық, ынталылық оятуға бағытталған әдістер ене бастады. Көрнекі оқу әдісі де кең тарады.
XІХ-ХХ ғ.ғ. шектерінде сөздік әдіске балама ретінде бала қажеттері мен қызығуларын біршама толық ескеретін, оның өзіндік әрекеттерінің дамуына жол ашатын эвристикалық (шығармашылдық) әдіс маңызды орын иелей бастады. “Кітаби” әдістердің орнына “табиғи” әдістер келді. Яғни оқыту шынайы болмыс, қоршаған дүниемен байланыстырылды. Ұстаз бен оқушыны енді оқудың практикалық әдістерін қажет ететін “іс-әрекет арқылы оқып- үйрену” әдісін қолданды.
Оқыту әдістері туралы әрбір зерттеушілер өз анықтамаларын береді:
Қысқаша психологиялық-педагогикалық сөздік "әдіс" - мақсатқа қол жеткізетін жол, тәсіл, белгілі жолмен тәртіпке салынған "іс-әрекетм - деген анықтама береді.
Оқыту әдістері - оқушыларға білім беру және оларды дамыту мақсатында мұғалім мен оқушылардың бірлесіп жасайтын қызметі мен қарым-қатынасының тәсіл-амалдары деген де пікір айтылады.
Оқыту әдістері - оқытушы мен оқушылардың жұмыс істеу әдісі, оның арқасында білім, іскелік, дағды қалыптасып, оқушылардың дүние танымдылығы мен қабілеттілігі артады.
Оқыту әдістері - мұғалім мен оқушылардың бірлесе жасайтын әрекеті.
Оқыту әдістері– білім игеру мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған оқытушы мен оқушының бірлікті іс-әрекеттік қимыл – тәсілдері. Оқыту мақсаты жолындағы ұстаздың оқыту жұмысы мен шәкірттің оқып-үйрену әрекеттерінің өзара байланыстылығы оқыту әдісінен көрінеді.
Сонымен, әдіс көптеген тәсілдерден құралады, бірақ олардың жәй жиынтығын білдірмейді. Тәсілдер арқылы оқытушы мен оқушының оқу жұмыстарын орындаудағы өзіндік ерекшелігі көрініп, оқу субъекттерінің іс-әрекеттеріне даралық сипат береді.
"Әдіске» қатысты анықтамаларда бәріне ортақ пікір: "белгілі бір мақсатты көздеген мұғалім мен оқушылар арасындағы өзара қарым-қатынас және іс-әрекет" деген пікірлер. Олай болса, оқыту әдістері - оқытудың мақсатты міндеттеріне сай оның мазмұнын оқушыларға меңгертуде мұғалім мен оқушылардың қолданатын амал-тәсілдері мен құралдарының жиынтығы. Мұғалім оқыту әдістерінің көмегімен оқушыларға білім беріп, олардың тәжірибелік әрекетін ұйымдастыруда өзінің іс-әрекетін оқушылардың таным әрекетіне басшылық етумен байланыстырады.
Оқу тәсілдері- оқыту әдісінің құрамды бөлігі немесе бір қыры, яғни жалпы “әдіс” түсінігіне байланысты жалқы ұғым. Бұл екі ұғымды өз алдына шектеп бөлуге болмайды, олардың ара қатынасы ауыспалы, өзгермелі. Кей жағдайларда әдіс педагогикалық міндетті шешудің дербес жолы болып есептеледі. Мысалы, егер мұғалім жаңа білімдерді сөздік, ауызша әдіспен (түсіндіру, әңгімелеу, сұхбат) ұсыну барысында көрнекі құралдарды пайдаланса, онда бұл көрнекілік – тәсіл ретінде қабылданады. Егер де көрнекіліктер білім игертудің негізгі құралы болып, солар негізінде оқушылар жаңа білім ақпараттарын қабылдаса, онда көрнекілік - әдіс, ал мұғалімнің қалған оқу іс-әрекеттерінің бәрі тәсіл болып есептеледі.
Мұғалім оқытудың нәтижесін арттыруда оқыту әдістеріне қатысты амал-тәсілдермен қатар оның құралдарын да пайдаланады.Оқу әдістері белгілі оқу ( дидактика) құрал - жабдықтарымен іске асырылады.
Оқу құрал-жабдықтары- бұл білім алу, ептіліктерді қалыптастыру көздері. «Оқу құрал –жабдықтары» түсінігі кең және тар мағынада қолданылады. Тар мағынада бұл түсінік оқу және көрнекі құралдары, көрсетпе жабдықтар, техникалық саймандар және т.б. байланысты. Ал кең мағынада оқу құрал-жабдықтары деп білім мақсатын іске асыруға көмекші жағдаяттардың бәрі деп түсінеміз, яғни оқыту әдісі, формасы, мазмұны, сонымен бірге оқудың арнайы бұйымдарының бәрі осы оқу жабдықтарын құрайды. Оқу құралдарының көмегімен дүниені тікелей де жанама тануды жеңілдетеміз. Олар, әдістер сияқты оқыту, тәрбиелеу және дамыту қызметтерін атқарып, оқушыларды ынталандыруға, оқу-танымдық іс-әрекетті басқару мен бақылауға пайдаланылады. Дидактикалық құралдар төмендегідей жіктеледі:
- көру (визуалды) құралдары -кестелер, карталар, табиғи объекттер ж.т.б.;
- есту(аудио)құралдары-радио, магнитафон, ән-күй аспаптары ж.т.б.;
- есту-көру құралдары-дыбысты фильмдер, теледидар ж.т.б.;
- сөздік құралдар - оқулықтар, мәтіндер;
- оқу процесін авмоматтастырушы құралдар – тіл кабинеттері, компьютерлер, ақпараттық жүйелер, телебайланыс- қатынас тораптары;
- сөз, сөйлеу, ым-ишара, дене қозғалыстары.