№1(41)/2006 Серия филология


КӨРКЕМ  ШЫҒАРМАДАҒЫ  ОБРАЗ  ТАБИҒАТЫ



Pdf көрінісі
бет10/18
Дата12.03.2017
өлшемі3,1 Mb.
#9199
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   18

КӨРКЕМ  ШЫҒАРМАДАҒЫ  ОБРАЗ  ТАБИҒАТЫ 
Объектом исследования становится внутренний мир героев и авторская позиция. Выявляется 
природа драматических образов, особенности психологизма и лиризма в жанре романа. 
The artikle about personage ‘s world and author position in romans,  which are object of observation.  
The rule of dramatism For maked to charactere is analysed. Also, there are nature of psihologism, 
lyrism are asked. 
 
Адамзаттың сезімталдыққа, пəктікпен ажарланған сұлулыққа, асқақ арман мен мұратқа жету нə-
тижесінде дүниеге келіп, адамзат баласының рухани азығына айналған əдебиеттің тарихи даму белес-
терінде айрықша бір кезеңдер болады. ХХ ғ. 70–80-жж. қазақ əдебиетінде рухани-эстетикалық, фило-
софиялық  жаңа  бір  қарқын  байқалды.  Əдебиетке  осы  кезеңде  араласа  бастаған  Қ.Ысқақов,  М.Ма-
ғауин,  Ə.Тарази,  О.Бөкей,  М.Сүндетов,  Д.Исабеков  т.б.  қаламгерлер  қазақ  прозасының  ілгерілеуіне 
ықпал жасады. Қаламгерлер ерекше тың идея мен тақырып сонылығын ұлттық əдебиетімізге əкелуі-
мен ерекшеленді. Осы кезең шығармаларындағы авторлық концепция мен драматизмнің шебер қию-
ласуы, адамтану, оның өмір кешудегі мақсаты мен міндетіне, өмірдің жұмбақ та тылсым əлеміне те-
рең үңіле білушілік əдеби процестің ілгерілеуіне белгілі дəрежеде алғышарттар жасады.  

64 
Қазір жақсылық пен жамандық, жауыздық пен ізгілік бетпе-бет келіп шарпысқан, адамның ой-
санасы шарықтап өскен, адамзаттық көзқарас-дүниетанымы түбірлі өзгеріске түскен, нарықтық қаты-
настарға бейімделген əлемдік бұқаралық əдебиет өрістеген, ұлттық əдебиеттер жаһандану (глобализа-
ция) жағдайында өз қасиет сипатын сақтап қалу үшін тайталасқа түскен аса күрделі уақытты өткеріп 
отырмыз. Осынау дүбірлі дүниеде ұлттық қасиетті сақтап қалуға ықпал етіп, дін мен ділге деген адал-
дықты бойға сіңіретін рухани-адамгершілік ұстанымдарын, ұлттық мүдде мен жалпыадамзаттық құн-
дылықтар сабақтастығын бүгінгі оқырман да, өсіп келе жатқан жас ұрпақ та күні кешегі əдебиетіміз-
дегі  алыптар  тобы  өкілдері  мен  біз  осынау  шағын  еңбегімізде  талдау  жасауға  əрекеттеніп  отырған 
Қ.Ысқақов, М.Мағауин, М.Сүндетов, О.Бөкей, Ə.Тарази, Д.Исабеков, С.Елубаев шығармаларынан та-
бары, тұщынып оқып, тұңғиығына бойлары хақ. Басты мəселе мынада: аталмыш қаламгерлер қандай 
жанрда, қандай тақырыпта жазбасын, ең алдымен, адам болмысын, оның ішкі жан əлемінің бұлқыны-
сынан туындайтын əдеби-эстетикалық категория — драматизмді, барша сезім-күйлерін тап басып, та-
маша  өрнектей  білді  жəне  де  жекелеген  адам  тағдыры,  іс-əрекеті  арқылы  сол  кейіпкер  өмір  сүріп 
отырған дəуірге тəн сипатты ашып, ақ пен қараны ажырату жағын оқырманның өз үлесіне қалдырып 
отырғаны да мəлім. Сонымен бірге бұл романдарда адам мінездеріндегі қилы-қилы құбылыстар қо-
ғамдық құбылыстың ішкі қайшылықтарынан туындап, дəуір тынысы анық бояуын тапқан. 
Қандай кеңістікте болмасын, ауқымды, салмақты оқиға, құбылыстар ғана жанры жағынан мүм-
кіндігі мол романға арқау болатыны мəлім. Бір ғана ХХ ғ. бірінші жəне екінші дүниежүзілік соғыс-
тарға, төңкеріс, азамат соғысы, ауқатты адамдарды тəркілеу, қолдан ұйымдастырылған аштық, жап-
пай ұжымдастыру, «халық жауларын» жою, соғыстан бүлінген шаруашылықты қалпына келтіру, тың 
жəне тыңайған жерлерді игеру сияқты аса ауқымды оқиғаларға қазақ қаламгерлерінің бірнеше буыны 
куə болғаны белгілі. Жəне осынау ірі оқиғалардың қазақ жерінде М.Əуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, 
Ғ.Мұстафин  т.б.сияқты  үлкен  қаламгерлердің  көз  алдында  өткені,  ал  оқиғалардың  аталмыш  қалам-
герлердің шығармаларына арқау болғаны белгілі жайт. Яғни аса ірі тартыс, драмалық коллизиялар-
дың туындауы — бəрі де «алыптар тобы» шығармаларына тəн сипаттар. Осынау тұста айрықша еске-
ретін бірнеше жайттар бар: біріншіден, социалистік реализм əдісі негізгі коммунистік идеологияның 
басты құралы боп тұрғанда кеңестік əдебиетте  «тартыссыздық теориясының» белең алғаны белгілі; 
екіншіден, сол «тартыссыздықтың» тəуелсіздік дəуірі басталғанға дейінгі кеңес əдебиетінде тотали-
тарлық тəртіпке, тап тартысын көрсету сияқты ұрандарға негізделгені мəлім, ал мұның өзі белгілі дə-
режеде драматизм ұғымының айрықша бір асып-тасыған, ширыққан тұстарының табиғи түрде көрі-
нуіне  кері  əсерін  тигізді деуіміз  керек;  үшіншіден,  авторлық концепция — қаламгер  дүниетанымы-
мен, өмірлік жəне шығармашылық ұстанымымен тығыз байланысты ұғым. Олай болса, біз талдаған 
шығармалар мен ұлттық əдебиетіміздің классиктері жазған шығармалар арасында драматизм табиға-
ты төңірегінде қандай айырмашылықтар бар деген заңды сауал туындайды. 
Біздің  ойымызша,  М.Əуезов,  Ғ.Мүсірепов,  С.Мұқанов,  Ғ.Мұстафин,  Б.Майлиндер  суреткерлік 
қана емес, азаматтық парыз тұрғысынан өздері ғұмыр кешкен қоғамдағы шындық жайттарды (тəркі-
леу, ұжымдастыру, ашаршылық т.б.) шынайы түрде биік дəрежеде көрсетуге іштегі ар арпалысы ар-
қылы  ұмтылды.  Ұлтының  мəдени  дүниетанымына,  эстетикалық, əлеуметтік  пайымына  айрықша  те-
рең əсер ете білген олар өз ұлтының тап болған қайғы-қасіретін əдеби-көркем тұтастықтағы шындық 
биігіне  шығара  алмады.  Ұлттық  трагедияның  драматизмге  толы  эволюциясы  жазушы  болмысымен 
бетпе-бет келгенімен, қызыл империяның өзіне ғана тəн идеологиясы олардың дүниетанымын тұсау-
лап, шырмауына мықтап байлады. Тар шеңберден шығуға деген талпыныстарда болды. Сол талпы-
ныс  түрлі  көркемдік  тəсілге  итермеледі.  Рас,  өз  шығармаларының  тақырыбына  қатысты  олардың 
ұсынған көркемдік шешімдері, идеялық-эстетикалық пайымдаулары да біргелкі болған жоқ. Өмірдегі 
тартыс  өнер  тіліне  көшкенде  драматизмнің  элементіне  айналатыны  ақиқат  нəрсе  десек,  М.Əуезов 
осынау саяси-əлеуметтік құбылысқа, драматизм табиғатына жекелеген адамдардың санасындағы сіл-
кіністер, күрделі де күйінішті тағдырлар арқылы келуді мақсат етті. Б.Майлин, Ғ.Мұстафин драмалық 
коллизияларға,  негізінен,  жалпы  бұқараның  көңіл-күйін  сипаттап  көрсету  арқылы  үңілуді  жөн  деп 
тапты. С.Мұқанов тəркілеу мен ұжымдастыру кезеңін тек қана мадақтап, коммунистік рухта көтерме-
леп қана жазуға мəжбүр болды. Жеке басқа табыну зардаптары əшкереленген соң да аға буын қалам-
герлердің бұл тақырыптарға бара қоймағаны мəлім. Əрине, сол қиын-қыстау кезеңде шындықты айту 
тұрмақ, тоталитарлық режимнің жіберген кемшіліктері мен зұлымдықтарын көркем тілмен ишаралап 
болса да тұспалдап айту мүмкін емес еді. Бірақ та «алыптар тобының» көркемдік ізденістері тежелген 
əдеби  үрдісті  жалғастыра  білді.  Заман  шындығын  жеткізудің  түрлі  көркемдік  тəсілдеріне  жүгінуде 
кейінгі  толқынға  бағыт-бағдар  берерлік  көркемдік  құпия  сырларын  өз  шығармаларына  сіңіре  білді. 
Бұдан шығатын қорытынды төмендегідей: авторлық концепция — драматизмнің маңызды да басты 

65 
атрибуты. Оның қандай қаламгердің болмасын өмірлік жəне шығармашылық ұстанымымен, дүниета-
ным сипаттарымен тығыз байланысты екенін жоғарыда айтқанбыз. 
Олай  болса,  қазақ  əдебиеті  классиктері  шығармаларында  бой  көрсеткен  драматизм  ұғымдарын 
олар ғұмыр кешкен дəуірдегі қоғамдық-əлеуметтік, тарихи, саяси жағдаяттар астарынан іздеуіміз ке-
рек. Ал ХХ ғ. 60–70-жж. əдебиетке келгендер қоғамның сəл де болса «жылымық» сəтін бастан кешті. 
Сана сілкінісі мен серпілісі оларға батылдық сыйлады. Олар жалпыадамзаттық құндылықтарды иге-
ріп қана қоймай, жалпыадамзаттық сауалдарға өз халқының басынан кешкен тағдыр талабы, өткені 
мен бүгінгісі арқылы жауап іздеді. Аға буын қаламгерлердің іштен тынып, айта алмай кеткен ойла-
рын қайтадан өрнектеп, өз шығармаларына арқау етуге тырысты. Шынайылық, қаны сорғалаған əлеу-
меттік, қоғамдық шындықты айту драматизмге арқау болды. Яғни Қ.Ысқақов, М.Мағауин, М.Сүнде-
тов, О.Бөкей, Ə.Тарази, Д.Исабеков, С.Елубаев шығармалары арқылы əдеби кеңістіктегі жəне қоғам-
дық  өмірдегі  рухани  олқылықтың,  тарихи-əлеуметтік  сұраныстың  орны  тола  бастады.  Күні  кешегі 
«алыптар тобы» атанған классик жазушылар мен сол ғасырдың 60–70-жж. əдебиетке келген талантты 
топтың шығармаларындағы драматизм табиғатын сөз қылғанда басты назарда болатын жайттар осы 
айтылғандар  екенін  есте  ұстағанымыз  абзал.  Авторлық  концепция  −  қаламгердің  шығармашылық, 
азаматтық ұстанымының да айнасы. Оның объективті ғана емес, субъективті де əлемі болатыны бел-
гілі. Жазушының заман талабына (тоталитарлық жүйе) емес, ішкі түйсігіне бағынатынын ескеруіміз 
қажет. Демек, драматизм табиғатының шынайы болмыс-бітіміне тəн өреден табылуы қаламгердің ав-
торлық концепциясының да жемісі деуге толық негіз бар. 
Драматизм  ұғымының  келесі  бір  аса басты  атрибуты — адам  концепциясы.  Авторлық  концеп-
ция — шығармадағы адам концепциясымен сабақтас қарастырылатын күрделі мəселе. Оны ақын-жа-
зушы, яғни өнер адамы, өз ұстанымы тұрғысынан, ал философтар философиялық категория, əлеумет-
танушылар əлеуметтік категория ретінде қарастыратыны белгілі. Адам концепциясы көркем туынды-
ның  мазмұнын,  яғни  тақырыптық-идеялық  ерекшелігін  қамтитыны  мəлім.  Адам  концепциясының 
қаншалықты деңгейде маңызды болуы драматизм табиғатын да анықтайды. 
Қаламгер Ə.Таразидің шығармаларында драматизм болып жатқан оқиға өзегінде дамып, əрі қа-
рай асқынып, астарлы меңзеу мен коллизиялық тағдыр иелерінің ситуациясында тұйықталып жатады. 
«Кен» романындағы əр дəптердің оқиғалары, əрбір кейіпкердің тағдырына қатысты мəлімет беретін 
желідегі драматизмнің жетекшілікке ие болуы тұрақсыздықтың белең алуымен байланысты. Романда 
ситуациялар легі сан тарапты. Тікелей сюжет желісінде діңгектік деңгейдегі оқиға драматизміне қо-
сымшалық сипаттағы Бəкен — Бөрібай, Ғалия — Сəния, Кəкіш, Стасикке қатысты оқиға астарындағы 
драматизмнің арналас болуы да қым-қиғаш тағдыр иелерінің өмірін баяндайтын роман табиғатының 
күрделілігінде. 
Ə.Таразидың  «Тасжарған»  романындағы  драматизм  өзен  опа  тəрізді.  Ситуация  өршіген  сайын 
драматизм де тереңдей түседі. Осы тереңдікті танытуда автор Омардың жол сапарлары, Ұлмекен — 
Омар, Омар — Сəуле, Досым — Ұлмекен, Мұса — Торшолақ, Жексен — Риза, Мамыржан — Мате-
ков — Катя, Аблез — Матеков, Аспанбай — Райгүл, Əли — Рəзия желілерінде тұрақсыздыққа орын 
берген.  Аспанбай  болмысындағы  даралық,  Омардың  өз  қоғамындағы  басшыларға  ұқсамауы,  Ұлме-
кеннің характері — барлығы да қаламгердің концепциясындағы ой даралығының көрінісі. Қаламгер-
дің өзіндік стилін даралайтын қаһарманның тұйыққа тірелу көрінісінде ауыз əдебиеті үлгілерін айт-
қызу арқылы жол табу тəсілі. Омардың «Ер Тарғын» жырын қайта-қайта айтуымен өз іс-əрекетін са-
раптауы  да  осының  дəлелі.  Романда  кездесетін  Райгүлдің  коллизиялық  сюжетінде  ертегіден  үзінді 
келтіруі, Лиманың жан азабындағы тереңдікті балалық шағындағы анасының ертегі əлдиімен жеңіл-
детуге  ұмтылысы — барлығы  да  қаламгердің  фольклорлық  мұрадағы  халықтың  жақсылыққа,  асқақ 
арманға ұмтылуынан туған, жеткен ой желісімен сабақтастырғаны. 
Автордың «Қорқау жұлдыз» романында Арасанбайды қара жыра жұлдызға теңеуі, яғни өзінің ой 
жүйесінде танытуы да, образ əлеміндегі тылсымдық деңгейді ашуға ұмтылысынан туындаған. Мəң-
гүрттік болмыс иелері арасанбайлар əлемін өртпен тазартпақ болған Лима қасіретін қаламгер сондық-
тан да «менің қасіретім» дейді. Білім беру жүйесіндегі өрескел қателіктерді көрсетуде бір ғана мектеп 
ұжымындағы  ұстаздар  іс-əрекеті  мен  болмысын  баяндау  арқылы  шебер  ашқан.  Ұстазға  ең  бірінші 
адамгершілікті ақ желкен еткен адам болу қажеттілігін сюжет желісінде мойындата түседі. Орманов-
тың  «өмір  драмасы»  да  адамдар  қоғамындағы  мешеулікке,  тоғышарлыққа,  көрсоқырлыққа  қарсы 
шыққан авторлық концепциямен байланысып жатыр. 
Қаламгердің кейіпкерлердің табиғатын, болмыс құдіретін түс көрсету тəсілі арқылы оқиға желі-
сіндегі  ой  өзегін  салмақтауы,  алда  болатын  оқиғаны  меңзеу  арқылы  танытуы,  образдың  жан  азабы 
мен өмірлік драмасын қоюлатуы романдарда авторлық даралыққа ие. Қорыта айтқанда: 

66 
− суреткер қаһармандарына ғарыштық сипат дарытқан. Адамдардың қоршаған ортадағы табиғат-
тың тылсым сырларын түсінбеуі, яғни адамның табиғаттан алыстауын, Аспанбай образы арқы-
лы ашқан; 
− қазақ  прозасында  бұрындары  сомдалған  аналар  бейнесіне  жазушының  кейінгі  суреттеуіндегі 
Стасик пен Ормановтың аналарының ұқсамауы, қоғамдық жүк көтерген айырмашылығы ой са-
лады. Шешесінің өз баласын жек көруі, жалпы болашақ ұрпақтың саналы тағдырына ананың 
жауапкершілікті болуы мəселесі көтерілген; 
− драматизмді  асқындыратын  көркем  ойдың  қозғалысындағы  оқиғалардан  детективтік  сарын 
байқалады. Үнемі оқырманын меңзеу арқылы ынтықтырып отыру — қаламгердің стиль дара-
лығы. 
С.Елубаев бір отбасының (Пахраддин — Сырға, Шеге — Хансұлу) трагедиялық ғұмырын арқау 
ете отырып, тұтас қоғамдық індетті бейнелеген романдарында («Ақ боз үй», «Мінəжат», «Жалған дү-
ние»)  драматизмді  асқындыратын  қозғаушы  күшті  Уақыт  пен  Кеңістік  категориялары  тұрғысынан 
əртүрлі көріністе берген. 
«Ақ боз үй» романында уақытқа налыған адамдар, бет пердесі бұзыла қоймаған жауыздық иеле-
рінің іс-əрекеті өз ордасында дамып, үлкен күшке айналуы баяндалса, «Мінəжат» романында Уақыт-
қа қарғыс айтқан, бақытсыздыққа мойынсынған, өмір драмасын «тəңірдің сыйы» деп қабылдаған қа-
һармандар  мен  жамандық  иелерінің  өздері  қазған  орға  өздері  түсіп  аласұрған  сəттері  суреттелген. 
«Жалған  дүние»  романында Хансұлудың  өмірден  ризалықпен  озуына  екі апта  бұрын  болған  оқиға-
ның кедергі жасауын бейнелеу арқылы жамандық пен жақсылықтың, руханилық пен бейруханилық-
тың өзара бітіспес майданына куəгер еткен. Сонымен бірге уақыт өзгергенмен жамандықтың, жауыз-
дықтың  əлі  де  адамдар  тағдырына  қожалығы,  қолжаулыққа  айналдыруы  драматизмге  өзек  болған. 
Қоғамдық нəубеттің түр-пішіні өзгерсе де, яғни (ашаршылық, жеке басқа табынушылық) романда қа-
һармандардың ұрпақтары (Түгелбек, Үміт, Едіге) бейруханилықтың, экологиялық зардаптың, пасық-
тықтың, арақтың құрбанына айналуы баяндалған. 
«Жалған  дүние»  романы  психологиялық  параллелизм  арқылы  Едіге  трагедиясын  таныта  алуы-
мен ерекшеленсе, «Ақ боз үй» романындағы нəзік лиризм (Пахраддин мен Сырға, Хансұлу мен Шеге 
диалогында),  юмор,  иронияның  характерлі  баяндаудағы  ролін  тануы  арқылы  (шырылдауық  Шəріп, 
Торқа кемпірге қатысты сюжет желілерінде) əсер қалдырады. Уақыт пен Кеңістік тұрғысынан өз қо-
ғамына тəн проблемаларды жүк еткен «Жалған дүние» романында автор қаһармандарына үкім кес-
кен.  Тағдырлардың  тұйықталуы  трагедиямен  сабақтасады.  Қорыта  айтқанда,  романдар  қоғам  мен 
адам проблемасының өзектілігін танытқан, яғни: 
− қоғамдағы жеке басқа табыну, тоталитарлық жүйенің адам тағдырына кері əсерін драматизмге 
өзек еткен; 
− қаһармандар  болмысы  тікелей  Уақыт  пен  Кеңістік  категорияларына  тəуелділікпен  бейнелен-
ген. Себебі уақыттың ұсынған қоғамдық зардабы адам тағдырының драматизмге негізделуіне 
əсер еткен; 
− адам жəне табиғат үндестігі драматизмді тереңдете алған. Себебі «Мінəжат» романындағы «Ай 
астындағы  əйел», «Аспан  үні»  тарауларындағы  желілер  мен  Едігенің  ар  дауылы  мен  құм 
дауылындағы болмысы психологиялық параллелизм арқылы қаһарманның жан айқайын сурет-
теуде айқындала түскен. 
Қаһарманды ер, əйел деп бөлудің шарттылығына келіссек те, əйел адамның психологиясы, дү-
ниетанымы, ішкі жан дүниесіндегі тылсым сырларының өзгешелеу екендігін мойындататын шығар-
ма — М.Сүндетовтің «Ескексіз қайық» романы. Автор Жазира тағдырының драматизмін ашық бейне-
леуге махаббаттың ар адалдығын қажет ететіндігін қозғаушы күшке айналдыру арқылы жеткен. Əйел 
жанының кісіліктен гөрі парасатты, өтіріктен гөрі шындықты, жалғандықтан гөрі адалдықты өзінің ақ 
сезіміне желкен ететіндігін, сюжетке арқау еткендігін романның көркемдік шешімі арқылы дəлелдей-
ді. Суреткер қаһарманның өзгерісін, яғни жақсылық пен жамандықтың өзгеруге əсерін, басқа кейіп-
кердің көзқарасымен, монологымен ұтымды бере алған. Романның  «Ескексіз қайық» деп аталуы да 
символдық мəнге ие. 
Қаламгер түс көру тəсілі арқылы драмалық ситуациясын тереңдетумен қатар, көркемдік шешімді 
нақтыландырған. Романдағы оқиға мерзімін Уақыт пен Кеңістік категориялары тұрғысынан нақтыла-
сақ, екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі ауылдың тұрмыс-тіршілігін, қиындыққа мойыса да аузынан 
тəубəсі  кетпейтін  ұлттық  танымымен  дараланатын  адамдар  өмірін  арқау  еткен.  Зерттеуімізді  қоры-
тындыласақ: 

67 
− драматизмнің белең алуына парасат — парықсыздық, махаббат — зұлымдық, адалдық — ар-
сыздыққа құрылған желілер əсер еткен. Сондықтан драматизм танымдық сипатқа ие; 
− қаһарманның сомдалу ерекшелігінен қаламгердің көркемдік əлемі мен шеберлігін тани аламыз. 
Жан  мен  рухтың  аласұруы,  ішкі  сезімдердің  қарама-қайшылықта  болуы  кейіпкердегі  рухани 
өзгерісті туғыза алған. 
Қ.Ысқақов  прозасына  тəн  табиғилықты,  өр  Алтайға  деген  тəнтілікті  жан-тəнімен  сезіне  алуын 
«Ақсу — жер жаннаты» романынан байқаймыз. Экологиялық проблемамен қатар, рухани жүдеудің, 
ұлттық мінездің ұсақтануын өзек еткен роман табиғатындағы драматизм рухани түлеу формасына ие 
қаһармандар болмысында өрнектелген. Рухани мешеуліктен парасатқа ұмтылғандар (Мешел, Бескем-
пірлер) Əбдіжаппарлардың емес, Жанжігіт, Сиғаттардың қатарына қосылуға ынтызар. Демек, автор-
лық концепцияда өз жан дүниесіне үңіле алуымен ерекшеленетін қаһармандар тағдырына драмалық 
сипат дарыта отырып, ұлттық болмыс, мінездің қыр-сырын ашу көзделген. Тайгадағы шұбар тіл мен 
шұбарланған болмыс иелерінің тағдырына алаңдаудан туған романның қаһармандары Жанжігіт, Си-
ғат, Бекет, Бескемпір, Асекең, Мешел-Қобыланды, Меруерт, Шерубайлар тілінің ащылығы да адам-
ның ішкі əлемінің тағылыққа, дүбəралыққа қарсылығының бір түрі. Қаламгердің стилі Алтай табиға-
тына ұқсас мінездер, тағдырлар сомдауда дараланған. Баяндаудың астарында сарказм, ирония иірім-
дері аңғарылғанымен нəзік лиризм мен юмордың да қаһарман диалогында орын алуы барлық адами 
болмысын,  сөздің  мағынасымен  өлшейтін  образдар  əлемін  таныта  алған.  Табиғаттың  асқақ  мінезін 
бойларына дарытқан қаһармандар жұмбақ мінезбен кейбір сəттерде қисық, қыңырлығымен айналасы-
на сүйкімсіздеу болса да, бір-біріне рухани жақын болғандықтан да əртүрлі сипатта көрініп жатады. 
Өр Алтайдың табиғаты мен табиғатына ұқсас адамдар өмірін прозасына арқау еткен Қ.Ысқақов-
тың «Тұйық» романындағы драматизм адами болмыстың ішкі əлемде даралану сипатын таныта алуы-
мен  ерекшеленеді.  Драматизм  Қажымұраттың  еске  алу  сəтіндегі  оқиғалар  желісінде  өрбіген  ситуа-
циялардан орын алуымен бірге, ой ағымындағы психологиялық иірімде жəне қаһармандар арасында 
болған диалогта да өзіндік қырын таныта түседі. Ортақ əңгімеден тұйық Қажымұраттың ішкі пікірін-
де де драматизмнің даралануы басым. Себебі əр оқиға өзегі Қажымұраттың өзіндік ой қорытуымен 
аяқталып отырады. 
Əр кейіпкердің іс-əрекетінің шеті Қажымұратқа келіп тірелгендіктен де, драматизмнің тереңдеуі 
кейіпкердің ой елегінде көрініс табады. Қажымұрат мылқау болғанымен, өзіндегі арманды, қиялды, 
сезімді тұйықтауға талпынбаса да, өмірлік ситуацияда осы көрініске ие болды. Сондықтан да автор 
романын «Тұйық» деп атауда адами болмыстағы тұйықтану процесіне қоршаған орта мен əр өмірлік 
құбылыстың əсерін көрсете алған. Романдағы юмордың авторлық баяндауда көрініс табуы қаламгер-
дің стиліндегі кереғар мінездің керауыз сөзінен гөрі əсерлі шыққан. Автор қазақ пен кержақтың өмі-
рін сипаттаудан оқырманға өзіндік идея ұсынады. Дүбəра тіл мен болмыс, таным иелерінің романдар-
дағы оқиға желісінде кездесуі де қаламгер концепциясындағы ой өзегін табуға, топшылауға жетелей-
ді. Ойымызды түйіндесек: 
− драматизм адам жанының экологиясы мен табиғат экологиясын баяндауда қозғаушы күшке ай-
налған; 
− автор қаһармандарын дүниетаным, болмыс, сана таразысына тартқан. Сондықтан да əр кейіп-
кер өзіндік ой-мінезбен дараланады; 
− жеке  тұрмыстық  психологиядан  аулақтап,  көпшіл  қоғамдық  болмысқа  қарай  ойыса  бастады. 
(Мешелдің Қобыланды атанып өзгеруі, Бекеттің ойлары); 
− жазушының  суреттелетін  ортадағы  дүбəра  сана  мен  қойыртпақ  тіл  иелерінің  арасынан  (яғни 
калымщиктер, кержақтар мен казактар) саналы, нұрлы жүрек иесін іздеуі көркемдік шешімде 
нақтыланған. 
Қаламгер Д.Исабеков «Қарғын» интеллектуалдық роман арқылы жазушының қоғамдық орнын, 
ар-өлшемін белгілеп берген. Тоғышарлықтың даналықтың алдында, пасықтықтың кісіліктің алдында, 
парықсыздықтың парасаттылықтың алдында жеңіліс табуы мен сұлулық, пəктік, жан дүниедегі таза-
лықтың  руханилыққа  талпынысын,  құштарлығын  драматизммен  өрнектеген  романда  қаламгер  кон-
цепциясы  қаһарман  болмысында,  пікірі  мен  көзқарасында  анық  байқалады.  Суреткер  стиліне  тəн 
юмордың нəзік лиризмді шырайландыру арқылы қаһарман дүниетанымының бір қыры танылған. Бек-
тұров — Жасын — Дулат үштігі арасындағы рухани сабақтастық туралы пікірлер — қаламгер зертха-
насынан пайымдалған толғамдардың бірі. Жасын — қаламгердің пікірінше — ұғым. Автор қаламгер 
дүниетанымы мен таным биіктігінің деңгейін көрсетпек болған. Қорыта айтсақ: 
− романның табиғатына дүниетанымдық драматизм тəн; 

68 
− қаһарман болмысы мен автор дүниетанымының арасындағы рухани жақындықты пайымдаймыз; 
− қаһарманның есімі ішкі дүниедегі тереңдікті таныта алуға əсер еткен; 
− драмалық жағдайларды туғызуға ықпал еткен оқиғалар желісіндегі жүрек, бауыр, көздің сипат-
талуын ұлттық танымдық тұрғыдан бағалауға болады; 
− стильдік даралығына тəн юморды қаламгер қаһармандағы рухани өсу деңгейін тереңдету үшін 
жəне мазмұн мен психологизмді терең жымдастыруға сəтті пайдаланған. 
М.Мағауиннің «Сары қазақ», «Көк мұнар», «Шақан-Шері» романдарындағы əдеби-эстетикалық 
категория — драматизмнің  асқынуына  авторлық  концепцияның  ықпалын,  яғни  қаһарман  болмысы-
ның рухани күшінің əсерін, айтуға болады. 
Қаламгердің «Сары қазақ» романындағы авторлық концепциясының «ашық айдындағы» драма-
тизмде белең алуын, ақиқаттың кейіпкер сөзімен айтылу сырын да, автор «Мен» деген ғұмырнамалық 
романында ашып айтқан. Романды оқу үшін əлем əдебиетінен, тарих, мəдениеттану ғылымдарынан 
хабардар болу қажеттілігі туындайды. Сары қазақ — Станиславтың білімдарлығы, тарихқа жүйріктігі 
образға  интеллектуалдық  сипат  дарытуымен  қатар,  авторлық  концепцияны  айқындауда  да  таныла 
түскен. Автор қаһарманның ішкі жан дүниесіндегі бұлқынысты туғызған оқиғалар желісінде санада 
сыналған, танымда таразыланған ой иесі деңгейіне көтерген. Тұтас қоғамға деген қарсылығын драма-
тизмге өзек еткен. Кейіпкердің өз қоғамына, өз тағдырына қарғыс айтуы, қаламгер концепциясында-
ғы көзқарастан туындаған. Сондықтан да драматизмге өзек болған оқиға желісі ашық айтылған.  
Керісінше,  авторлық  концепция  жұмбақтанып,  драматизм  жасырын  ой  өзегінде  өрбуімен  «Көк 
мұнар» романы ерекшеленеді. Роман қаламгердің қоғамдық шындықты айтуға жасаған қадамы, жал-
пы қаламгерлік кредосын таныта алған. Романдағы Едігенің көзқарасымен тұйықталған кезеңдік оқи-
ғалар қаламгер — қаһарман, қоғам — адам желілеріндегі драматизмге негіз болған. Көркем туындыда 
лиризм, юмор, ирония, сарказм арқылы қаһарман болмысын терең ашқан. Астарлы мағынаға ие «Көк 
мұнар» деген романның атауы да — «қоғамдық жүйе» мағынасында. Қаламгер көк мұнардың күмбезі 
туралы ойларын да ашық жазған. 
Гуманистік көзқарасты, жалпы адамзаттың табиғатқа деген гармониялық қалыбының бұзылуын 
мазмұнына арқау еткен «Шақан-Шері» романы ерлік хикаясы мен адам өмірінің мəні туралы ой өзе-
гін қатар өрбітуімен ерекшеленеді. Романның мазмұны арқылы Шақанның аңшылық өнеріне, қажыр-
қайратына тəнті болсақ та, адамның шерілік деңгейдегі тағы ғұмыр кешуі налытады. Көркем шығар-
мадағы драматизмге өзек болған — жауыздықпен басталған өмір жолы тұйыққа тіреледі, жамандық 
тек қана жамандықты туғызады, тағылық-хайуандық психологияның адамның болмысына, іс-əрекеті-
не көшудегі қарама-қайшылық, табиғаттың төлі жолбарысқа адамның жасаған қиянаты секілді ойлар. 
Суреткер Шақанның Шері-Шақанға айналу процесінде монологты ұтымды пайдаланған. Автор-
лық баяндауда қаһармандағы жеке тұлғаның азу процесін танытатын іс-əрекет нанымды баяндалған. 
Қаламгердің: «Кез келген жазушы — жақсы жазушы, ең алдымен, ғалым болу керек. Осы тұрғыдан 
алғанда тіпті ешқашан ғылыми еңбек жазбаған жазушының өзі əрбір жаңа шығармасын ойластырған 
кезде белгілі мөлшерде ғылыми зерттеу жүргізеді. Басқа зерттеу болмаса да, адамды зерттеу ғой əде-
биет», — деген пікірі романдағы көркемдік шеберліктің сырын аңғартады
1
. Түйіндей айтқанда: 
− қаламгердің өзіне тəн стиль даралығын романдар табиғаты таныта алған. Өзіне тəн бекзаттық, 
ойнақы стиль көркемдік шеберлікпен шыңдалған; 
− романдарда авторлық концепциядан өзек алған оқиғалар драматизмнің асқынуына əсер еткен; 
− көркем  мəтіндегі қаламгердің көркемдік  əлемі  мен  қаһарман  болмысындағы  идеялық құнды-
лықтар ұштасып драматизмді тереңдете алған. Бұл құбылысты Едіге («Көк мұнар»), Станислав 
(«Сары қазақ»), Атабек ақсақалдың («Шақан-Шері») диа-монологтарынан аңғарамыз; 
− қаһарман  əлеміндегі  рухани  түлеудің  драматизмге  негіз  болуы  (Шақан-Шерінің  трагедиялық 
ғұмыры, Станиславтың қарғыс айтуы); 
− қаһарманның жан арпалысын суреттеу арқылы драматизмді тереңдетуге психологиялық дəлел-
демені ұтымды пайдаланған. Шақан-Шері мен Меңсұлу, Едіге мен Гүлшат, Едіге — профес-
сор, Станислав — Сыпатай мырза, Станислав — «əуеден түскен үшеу» желілерінде осы дəл-
дікті аңғарамыз. 
О.Бөкейдің «Өз отыңды өшірме» романындағы драматизм Дархан шалдың Уақыт биігінен топ-
шылаған Бүгінгі мен Баяғыдағы оқиға астарындағы əр ситуацияның желілерінде өрбіген. Адам өмірі-
нің мəні өз ошағының отын өшірмеу, саналы ұрпақ тəрбиелеу екендігін авторлық концепцияға жүк 
еткен. Романда автор ай — адам, яғни табиғат пен адам гармониясының тепе-теңдігін кейіпкер пси-

69 
хологиясын танытуда жетекшілікке алған. Гүлия болмысындағы жұмбақтық, даралық Дүрия характе-
рімен салыстырмалы түрде сараланса, Дархан — Бати — Оспан үштігіндегі драматизм көп қырлы. 
Өткен өмір соқпақтарына күдікпен қарау, тіпті күнделікті тіршіліктің мағынасына шүбə келтіру 
Дархан («Өз отыңды өшірме»), Бекет («Ақсу — жер жаннаты»), Омар («Тасжарған»), Ықсан («Ескек-
сіз қайық»), Едіге («Жалған дүние»), Едіге («Көк мұнар») табиғатына тəн. Осы тұрғыдан алғанда ав-
тор Дарханның драмалық өмір суреттерін таразылауға Уақыт пен Кеңістік категорияларын таразы ет-
кен. Романдағы психологизм мен лиризм қаһарман табиғатын танытуға, характерлі баяндау, психоло-
гиялық параллелизм, диалог, монолог, түс көру тəсілі драматизмнің тереңдігі мен авторлық концеп-
цияны таразылауға жетекші бола алады. Тұжыра айтқанда: 
− драматизм «өз ошағыңның отын сөндірмеу» делінген философиялық деңгейдегі авторлық кон-
цепциядағы ойға қозғаушы күш бола алған; 
− - роман ұлттық характерді (Бати) сомдауымен ерекшеленеді. Ұлттық таным драматизмнің те-
реңдеуіне əсер еткен; 
− - қаһарманды пафоспен бейнелеу. Гүлияның болмысына автордың тəнтілігі. Қаһарман-кейіп-
кер арасындағы рухани жақындықты, автор дүниетанымындағы өре-деңгейді таныта алуымен 
көркем туындыны бағалай аламыз; 
− - ай, жер-ана, яғни, табиғат пен адам арасындағы байланысты драматизмге өзек еткен. Əрбір 
ситуацияда  айдың  «психологиясы»  бейнеленген,  жер  бірде  тіршілік  дəнін  себуші,  бірде — 
өлімге  қойнын  ашушы.  Гармониялық  тепе-теңдік  арқылы  қаһармандардың  психологиясы  те-
рең ашылған. 
Қорыта айтқанда, драматизм көркем туындының ой өзегінде көрініс тауып, асқынған ситуация-
лар желісінде дами түседі. Яғни қаһарманның характерін даралауда өзіндік ролі бар. Драматизм — 
көркем  туындыдағы  ой  өзегін  дамытатын,  қозғалысқа  келтіретін,  авторлық  концепцияны  танытуға 
жетекші бағыт бола алатын, əсер етуші категория. 
 
 
Əдебиеттер тізімі 
1.  Мағауин М. Жамбылдың ұлағаты // Жұлдыз. — 1997. — № 2. — 185-б. 
 
 
 
 
 
ƏОЖ 398.22 (574) 
М.А.Көлбаев 
М.О.Əуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, Шымкент  

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   18




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет