№1(41)/2006 Серия филология


ХХ  ҒАСЫР  БАСЫНДАҒЫ  ҰЛТТЫҚ  ƏДЕБИЕТТАНУДЫҢ  ƏДІСНАМАЛЫҚ  ІЗДЕНІСТЕРІ



Pdf көрінісі
бет16/18
Дата12.03.2017
өлшемі3,1 Mb.
#9199
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18

ХХ  ҒАСЫР  БАСЫНДАҒЫ  ҰЛТТЫҚ  ƏДЕБИЕТТАНУДЫҢ  ƏДІСНАМАЛЫҚ  ІЗДЕНІСТЕРІ 
Статья  посвящена  проблеме методологии  казахского  литературоведения.  Изучены  методо-
логические поиски в национальном литературном наследии. 
This article devotes one of difficult problems in Kazakh literature the problem of methodology of the 
methodological finds in national literature for start of XX century. The methodological finds of na-
tional literaturial kind scientific development are showed so widely. 
 
Өзінің  қалыптасу  тарихын  жан-жақты  терең  зерттеп  алмайынша,  бірде-бір  ғылымның  толық 
мəнде алға қарай дамуы мүмкін еместігі барша жұртқа мəлім жай. Себебі, ол зерттеулер сол ғылым-
ның қол жеткізген жетістіктерін жақсылап меңгеруіне көмектесе отырып, одан əрі өркендеуіне ықпал 
жасайды. Бұл жағдайдың əдебиеттану ғылымына да қатысы бар. Қазақ əдебиеттану ғылымының та-
рихын зерттеуге басқа да қоғамдық ғалымдарға тəн əдіснамалық бағыт-бағдардан тыс тұруы мүмкін 
емес. Олардың тексеру нысанасы бөлек болғандықтан да, белгілі бір қоғамдағы нақты дəуірлерді ғы-
лыми  тұрғыда  қарастыруда  əдіснамалық  негіздері  мен  əдіс-тəсілдері  сəйкес  түсіп  жататыны  мəлім. 
Сонымен қатар əлемдік жəне марксизм мен ленинизм ілімінің қағидаларын жаңаша зерттеп жатқан 
орыс əдебиеттануындағы соны ізденістерді де басшылыққа алудың мəні зор. 
Демек,  маркстік-лениндік  əдіснама  талабы  тұрғысындағы  қазақ  əдебиеттануының  даму  жолда-
рын қарағанда одан саяси астар іздеп емес, ғылыми-зерттеушілік, əдеби-теориялық, сыншылдық-эс-
тетикалық өрелі жетістіктерін қарастырғанымыз жөн. 
Кеңестік  дəуірдегі  қазақ  əдебиеттану  ғылымындағы  олқылықтар  мен  іркілістер  табиғатын 
байыптағанда идеологиялық қыспақ таңған таным салқынын, ғылыми ізденісте ешқандай да шығар-
машылық  еркіндік  болмағанын,  қоғамдық даму  тоталитаризмге  негізделгенін  назардан  тыс  қалдыр-
мау керек. 
Енді осы заманда көзді жұмып алып, жамандаумен іс бітпейді, социалистік жетпіс жыл артына 
тастап кеткен «мұрасы» барын жоққа шығара алмаймыз, алақанмен жауып қоя алмаймыз. Сондықтан 
ащы да болса, шындықты  бұрмаламай дұрыс баяндау, түсіндіру қажет. Қазақ əдебиеттану ғылымы-
ның туу, қалыптасу жолындағы маркстік-лениндік əдіснаманың əсерін жаңаша сараптау, тарихи даму 
жолы əртүрлі кезең кедергісіне тап болған сын тарихының көлеңкелі тұстарын ашып көрсету, бүгінгі 
күн тұрғысынан көз жіберу керек. Бұл тақырып бұрын ғылыми тұрғыда зерттеу нысанасына алына 
қойған жоқ. Мұнда кезінде еуропацентристік көзқарасқа сүйенген лениндік əдіснаманы арқау еткен 
ұлттық нигилистер жоққа шығарумен келген қазақ əдебиеттану ғылымының кемшін тұстарын ғылы-
ми тұрғыда ашу қажеттігі қазіргі таңда анық сезіліп отыр. 
Аласапыран өзгерістерге толы болған Қазан төңкерісінің алғашқы жылдарында жаңа дəуір əде-
биеттану ғылымына маркстік-лениндік ілімге сүйенген тың теориялық негіздер əкелді. Осы кезеңде 

107 
ғылыми-зерттеушілік ой-пікірде орын алған «тұрпайы социологизм», «бірыңғай ағым теориясы» мен 
маркстік-лениндік əдіснаманың таптық жəне халықтық принциптерінің зерттеу жұмыстарына тигіз-
ген кері əсерін айтпай кетуге болмайды. 
Ғасыр  басында  ұлттық  əдебиетті  зерттеудегі  ғылыми  ізденістерінде  көңіл  аударарлықтай  сəтті 
қадаммен танылып, өзінің туу дəуірін бастаған қазақ əдебиеттану ғылымы Қазан төңкерісінің əсері-
нен дағдарысқа тап болды. Қазақ даласына аса зор тарихи өзгерістерді, қуғын-сүргін мен зұлмат зар-
даптарын  ала  келген  бұл  төңкеріс  мəдениет  пен  əдебиеттің,  ғылымның  əрі  қарай  өркендеуіне  жаңа 
құрылған Кеңес өкіметінің талаптарына сай даму жолын ұсынды. Өзінің жанрлық қалыптасуына бет 
алған əдеби сын мен туу кезеңіне қадам басқанын дəлелдеуге ұмтылған ұлттық əдебиеттану ғылымы 
жол  айрығына  тап  келді.  Əдебиетті  эстетикалық  жəне  ғылыми  танумен  ғана  шұғылданып  келген 
оларға енді күрделі идеологиялық процестерге араласуына тура келді. Себебі, Қазан төңкерісі қоғам-
ды революциялық жолмен қайта құруды қолға алу жолында өнер-білімнің, мəдениет пен ғылымның 
жаңа заман ұстанып отырған эстетикалық мұраттар деңгейінде табылуды талап етіп қана қойған жоқ, 
күштеп,  зорлық-зомбылықпен  де  жүргізді.  Өткеннің  бəрін  мансұқ  еткен  пролетариат  диктатурасы 
əдебиет пен өнерді жаңа заманға қызмет етуге шақырған кезде ғасырлар бойы əділдік пен əлеуметтік 
теңсіздікті, бостандықты жырлап келген əдебиет көп ойланбастан жаңа идеологияның ұсынған тақы-
рыптарын жырлауға құлшына кірісті. «Өткендегі əдеби мұраның барлығын бірдей үстем тап мүдде-
сінде жасаған деп, тарих күресініне лақтырып тастауды» талап етіп жатқан пролеткультшылдық ни-
гилизм тұсында ұлттық əдебиеттану мен сынның дағдарып қалуы заңды да еді. Бағыт-бағдарын енді 
ғана айқындап қалған қазақтың ұлттық əдебиеттануы мен сыны түгіл, академиялық мектеп аталып, 
мəдени-тарихи,  салыстырмалы-тарихи,  филологиялық,  психологиялық  деген  мектептері  бар  орыс 
əдебиеттану ғылымының өзі де барар жол таппай тоқырап қалған еді
1
. Ғасырлар бойы жасалып, адам-
зат қоғамына рухани азық ретінде қызмет етіп келе жатқан фольклорлық жəне классикалық мұраның 
тарих коқысына лақтырылуын сын мен əдебиеттанудың алғашқы кезде түсінбей қалуы тарихи шын-
дық  болып  табылды.  Маркстік-лениндік  методологияны  таптық  тұрғыдан  түсіну  принципін  қинала 
қабылдауы да сондықтан болды. 
Қилы  өзгерістер  мен  оқиғаларға  толы  болған  Қазан  төңкерісінің  алғашқы  жылдарында  жана 
дəуір  əдебиеттану  ғылымына  маркстік-лениндік  ілімге  сүйенген  тың  теориялық  негіздер  əкелді. 
Өнердің эстетикалық-танымдық ролі, лениндік бейнелеу теориясы, əдебиеттің партиялығы, əдеби мұ-
раның таптығы мен халықтығы секілді маркстік-лениндік теорияның идеялары туралы ғылымның не-
гізіне  айналуга  тиісті  болды
2
.  Оларды  меңгеруге  белгілі  бір  уақыт  қажет  болғанымен,  бұл  науқан-
шылдықпен жүргізілді. Əсіресе əдебиеттану ғылымы əлі туып үлгермеген біз секілді ұлттық респуб-
ликаларда бұл өте қиындықпен жүзеге асты да, көптеген бұрмалаушылықтар мен идеология саласын-
да  айтыс-тартыстың  белең  алуына,  жаңа  методологияның  қисынсыз  принциптеріне  мойынсұнбаған 
əдебиетші-ғалымдардың құрбан болуына дейін апарды. 
Алғашқы кезде пролеткультшылдық көзқарасқа бой беріп алған Кеңес үкіметі мəдени мұра тура-
лы саясатын тез түзетіп алып, мəдени-əдеби қазынаны жұмысшы табының мүддесіне сай пайдалану 
ісін жедел қолға алды. Əдеби мұраны жинап-жариялау жөне ғылыми зерттеуді маркстік-лениндік ме-
тодология принциптері негізінде жүргізуді қатаң талап ете бастады. Осыған байланысты əдеби-тари-
хи,  əдеби-теориялық  бағыттағы  ұлттық  ғылыми-зерттеушілік  ой-пікір  алдында  аса  зор  мүмкіншілік 
пен жағдай туды. Ол арғы бастауларынан бастап ғасырларға созылған ғылыми даму жолын жалғас-
тыруға  ұмтылды.  Бірақ  маркстік-лениндік  методология  оның  осы  талабын  пайдалануға  тырысып, 
таптық идеологиядан тыс əдебиет пен ғылым болмайтынын ұқтыру үшін жаңа əдіснаманы меңгеруді, 
сол бағытта зерттеу жүргізуді үнемі қадағалап отырды. «Маркс солай айтты екен» деп өз пікірін өз-
гертпеген (А.Байтұрсынов) жəне өздері «ұлтшыл», «ұлтшыл-алашшыл» атана жүрсе де «ел бүгіншіл, 
ал менікі ертеңгі үшін» деген төңкеріске дейінгі əдебиеттану ғылымының туа бастауына еңбек сіңір-
ген  əдебиетшілер  əдеби  мұраны  игеру  жұмыстарын  жүргізе  берді.  Фольклорлық  мұраның  көптеген 
үлгілері жарияланды, зерттеу нысанасына айнала бастады. Пролеткультшылдық көзқарас сарынымен 
төңкерісшілдер  үрке  қарап  жүргенімен  əдебиет  тарихында  көрнекті  орын  алатын  ақын-жазушылар 
шығармалары басылып шықты, олар туралы зерттеушілік бағыттағы ой-пікір айтыла бастады. Жаңа 
заман  талабына  сай  қиыншылыққа  ұшырай  отырса  да  əдебиеттану  ғылымының  туу  кезеңі  жалғаса 
түсті. 
Қазақстанда əдеби мұраны игеру мəселесі, қазақ халқының ауыз əдебиеті үлгілерін жинау, жа-
риялау жұмыстарына байланысты игі қадамдар революцияның алғашқы жылдарының өзінде-ақ қызу 
қолдау  тапты. 1920–1925 жж.  аралығында  фольклорлық  мұралардың  бірталайы  жарияланды.  Бұған 

108 
Қазақстанда мəдениет, халық ағарту саласы мекемелері жүргізген екі түрлі бастама екі түрлі игі ық-
пал жасады. 
Жаңа туып келе жатқан қазақ əдебиеттану ғылымы мен жанрлық қалыптасу процесіне бет бұр-
ған əдебиет сыны əдеби мұраны игеру барысында екі түрлі бағытқа қарсы күресті. Оның біріншісі, 
əдеби мұраны, əсіресе фольклорлық мұраны игеру мен зерттеуде қатты үстемдік алып, «бүкіл ауыз 
əдебиеті — халық мұрасы, оның жақсы мен жаманы жоқ, бəрін жинап пайдалану керек» деген бірың-
ғай ағым теориясы болса, екіншісі — «ауыз əдебиеті — үстем тап өкілдерінің қалдырған мұрасы сон-
дықтан оны жинап насихаттаудың қажеті жоқ деп, əдебиеттегі дəстүрлік негізді, тарихи сабақтастық-
ты жоққа шығарған пролеткультшылдар таратқан нигилизм». Əдеби мұраны игеру жолында 20-жыл-
дардан басталған осы екі бағыт қазақ əдебиеттану ғылымының туу, қалыптасу кезеңдерінде үнемі бой 
көрсетіп отырды
3

Фольклорлық мұраны игеру, зерттеу жұмыстарына сол кездегі идеологиялық күрестің салқыны 
тигендіктен, бұл қате концепциялар əдебиет майданында қызу айтыс-тартыс туғызды. Əдеби мұраны 
зерттеу, қазақ əдебиетінің тарихын жазу жұмыстарына күні кешеге дейін «ұлтшыл-алашордашылар» 
атанып,  қазақ  мəдениеті  тарихында  өз  орнын  ала  алмаған  қазақ  интеллигенциясының  бір  тобының 
белсене араласуы айтысты мейлінше күшейтіп жіберді. 
«Əдебиеттің қалыптасу дəуірінде пролетарлық бағыттағы ақын-жазушыларға қазақ əдебиетінің 
өнерпаздық жағынан ықпал жасап отырғанына қарамастан, «ескі мұрадан іргені аулақ салу керек» де-
ген солақай пікірлер де орын алды. Кейбір ақын-жазушылар мен сыншылар халықтың ғасырлар бойы 
қастерлеп  келген  сом  тұлғалы  образдары  мен  даналық  шығармалары,  көркем  поэтикалық  тілі  жаңа 
əдебиетке таусылмас мол қазына болатындығын жете түсіне бермеді. Бұл ақын-жазушылар мен сын-
шылар  мерзімді  баспасөз  бетінде: «Ескі  əдебиет — түгелдей  байлар  табының  жемісі. «Ұлтшыл» 
«оқығандар» оны өздерінің өткенді аңсау мен дəріптеу мақсаттары үшін пайдаланып жүр», — деген 
сияқты пікірлерді оңды-солды айтып жатты
4

Пролеткультшылдық нигилизм мен «тұрпайы социологизм» əдісіне қарағанда «бірыңғай ағым» 
теориясының əдеби мұраны игеру, зерттеудегі тиімді ролін жоққа шығаруға болмайды. Кейінде ғана 
қайта орала бастаған халық ауыз əдебиетінің көптеген үлгілері əдебиет сүйер қауымның рухани азы-
ғына, фольклорист-ғалымдардың зерттеу объектісіне айнала бастады. Осы 20-жылдардағы кейбір пі-
кірлерде айтылып, қазақ əдебиет тарихын зерттеуде үстемдік алған «тұрпайы социологизм» əдісінің 
əсерінен кейінірек фольклорлық мұралардың көпшілігі халыққа жат саналып, батырлар жырынан тек 
қана «Қамбар батыр» жырына іш тартқан кезімізді еске алса, «бірыңғай ағым теориясын» үнемі дат-
таушылыққа шүбалана қарамасқа болмайды
5

С.Мұқанов пікірінде сол дəуірдегі жинау, зерттеу жұмыстарына байланысты бірқыдыру шындық 
бар. Қазақ оқығандары бастырған əдеби мұра мен жеке ақын творчествосына жазған ғұмырнамалық 
алғысөздер мен түсіндірмелерде фольклорлық жəне классикалық мұраның халықтық жəне тарихилық 
сипаты дұрыс бағаланбаған кезі жоқ емес, «бірыңғай ағым» теориясына бой ұрушылар əдеби мұраны 
жинау, жариялау, олардан үйрену, халық қажетіне жарату жəне зерттеу проблемасын көтеріп жатқан 
кезде пролеткультшылдар кең насихаттаған нигилистік көзқарас пролетарлық əдебиеттің кейбір өкіл-
дерінен қолдау тауып, «халық творчествосы үстем таптың, байлар табының дəуірінде жасалған, үс-
тем тап идеологиясын насихаттайды». 
20–30-жылдарда  жинақталған  əдеби-фольклорлық  мұраның  өте  бай  қоры  қазіргі  дəуірге  дейін 
фольклористеріміз бен əдебиетші-ғалымдарымызға орасан зор көмек жасап келе жатқанын ескеретін 
болсақ, сол кездегі жинау, жариялау жұмыстарының мəн-мағынасы айқындала түсері анық. Бұл мін-
детті, яғни əдеби қор мен зерттеу объектілерін жасауда, «бірыңғай ағым теориясына» бой ұрғандар-
дың белгілі көмегі тигенін де жоққа шығаруға болмайды. Олар фольклорлық шығармаларды ғылыми-
зерттеушілік мақсат қойып жинамағандықтан, халықтық сипаты күмəнді, көркемдік дəрежесі солғын, 
орта қолды шығармалар жарияланып жатты. Мұндай жырлардың халықтық мəні мен сипатын ашып, 
көпшілікке ұсынуға қазақ əдебиеттану ғылымы мен сыны əлі дайын емес еді. Оның үш түрлі себебін 
ашып  айтқан  дұрыс.  Біріншіден,  ауыз  əдебиеті  үлгілерін  ғылыми-зерттеу  методологиясы  негізінде 
тексеретін  əдеби-теориялық  білімі  бар  сауатты  əдебиетші  кадрлар  болмады.  Екіншіден, «ұлтшыл-
алашордашылар»  фольклорлық  шығармаларды  өз  мақсаттарына  пайдалануда»  деген  қате  ұғымның 
етек алуына байланысты барлық əдеби мұрадан бас тартушылық орын алды. Пролеткультшылдық са-
рынның əсерінен нигилистік көзқарасты ұстанған ақын-жазушылар «жаңа əдебиет» жасаймыз деген 
даурықпаның салдарынан халық əдебиеті нұсқаларынан ат-тондарын ала қашты. 
Үшіншіден, сол кездегі творчестволық күштердің орталығы болған ҚазААП-тың əдеби мұраны 
маркстік-лениндік принцип тұрғысынан ғана қарағандықтан, ғылыми-зерттеу саласында жетекшілік 

109 
ролі болмады. ҚазААП-тың мүшелері ұлтшылдыққа қарсы күрес желеуімен жүріп нигилистік көзқа-
рас  пен  «тұрпайы  социологизмнің»  батпағына  қалай  батқандарын  өздері  де  сезбей  қалды.  Осының 
нəтижесінде халық ауыз əдебиетінің көркем де көрнекті үлгілерінен, қазақ əдебиетінің көрнекті өкіл-
дерінен,  əсіресе  Абай,  Ыбырай  творчествосынан  бас  тартқан  кездері  де  аз  емес. «Шолпан», «Таң», 
«Темірқазық»  журналдары  мен  «Ақжол»  газетінің  төңірегіне  топтасқан  ақын-жазушылардың  бəрі 
дерлік  «ұлтшылдар»  саналып,  олардың  «əдеби  мұраны  жариялаудағы  мақсаты — хандық,  байшыл-
дық дəуірді насихаттау, «Абай — ұлтшылдық əдебиеттің басы», — деген қате ұғымдар орын алды, 
көп мəселені орынсыз насырға шаптырып отырды. 
Мəдени-əдеби мұраны игеріп-пайдалануда «əр ұлтта екі түрлі мəдениеттің элементтері болады» 
деген лениндік қағида қатты дəріптенді. Соның салдарынан Алаш зиялыларына қарсы күрес ұраны, 
əдеби-теориялық білімді меңгеру саласындағы тəжірибесіздік, идеология майданындағы толып жат-
қан айтыстардың ықпалынан əдеби-тарихи зерттеуге тежеу саларлық кейбір мақалалар да жазылып 
қалды. С.Мұқанов өзінің «Қара тақтаға жазылып жүрмеңдер, шешендер» жəне кейіндеу жазған «Əр-
кім өзінше ойлайды» атты мақалаларында артық сілтеп, кем өлшегендері жоқ емес, пролеткультшыл-
дық ой-толғамдары айқын байқалады. 
Алайда 20-жж. алғашқы жартысында жалпы əдебиет, оның қоғамдық ролі, əдеби мұра туралы пі-
кір білдірген мақалалардың бəрі дерлік нигилизмге, тұрпайы социологизмге толы болды десек қате 
болар еді. «Ұлтшыл əдебиетшілерге» қарсы күрестің əсерінен Абай творчествосы жөнінде сынаржақ 
пікір  айтқанымен,  С.Мұқанов  фольклорлық  мұра  туралы  біршама  дұрыс  көзқараста  болды. «Қазақ 
əдебиеті һəм Ыбырай» атты мақаласында ескі əдеби мұраның иесі үстем тап емес, еңбекші халық, ха-
лық мұңын жырлаған ақын, жыршылар болғанын делелдейді. «Қазақ əдебиетінің төменгі сатыда деп 
далаға  тастауға  болмайды.  Мəдениетті  елдер  бірте-бірте  өнерленген.  Ендеше  қазақтың  алдағы  аз 
жылда мəдениетті болуында сөз жоқ. Ол күнді күтіп отырмай қазақ əдебиетін тексерудің негізін қазір 
сала беру керек», — деп жазуында үлкен шындық бар. 
Əдеби-мəдени мұраны жинау, жариялау үлкен білімділікті, ғылыми дəлдікті, қажымас еңбекші-
лікті  талап  ететінін  ескерсек,  халық  əдебиеті  үлгілерінің  бай  қорын  жасау  (публикаторская  работа) 
жұмысы ғылыми-эстетикалық қажеттілікке айналды. Осының нəтижесінде əдеби мұра туралы ғылы-
ми-зерттеушілік  көзқараспен  пікір  айту  мəнді  арнаға  бағыт  алды.  Əдеби-тарихи  сипаттағы  ой-пікір 
ұштала  түсіп,  ұлттық  əдебиеттің  тарихын  зерттеу  проблемасы дəуір  талабы  алға  тартқан  көркемдік 
міндеттермен іштей бірлік табуға ұмтылды. Жаңа мəн, өзгеше сипат алып дами бастады. 
20-жылдардың аяғы — 30-жылдардың басында халық əдебиетін жинау, жариялау, зерттеу мақса-
тындағы С.Сейфулиннің, С.Мұқановтың, А.Байтасовтың, Ə.Тəжібаевтың, Ж.Т.Тілепбергеновтың ма-
қалалары жарық көрді. Осы кезендегі жинаушылық сипаттың басым болуына байланысты бұл мақа-
лалар  халықтың  ескі  əдебиет  мұраларын  халықтың  игілігіне  жарату,  рухани  байлығына  айналдыру 
міндеттерін көтере отырып, ол үшін көп болып кірісуге шақырды. Дəуір талабына сай үн қосып, əде-
би мұраны шығаруға ат салысқан бірталай үлгілерді жариялаған, мақалалар жазған А.Байтұрсынов, 
М.Жұмабаев,  Ж.Аймауытовтардың  көзқарастары идеологиялық күрес  барысында  дұрыс  сараланбай 
айтыс-тартыс  туғызды. «Ұлтшылдардың  мақалаларында  əрқашан  «бірыңғай  ағым  теориясының» 
жүйесі жатады деген қате пікірлердің орын алуы нигилистік көзқарасты шамадан тыс күшейтіп жі-
берді. С.Мұқановтың 1927 ж. «Менің қорытынды пікірім» атты мақаласына сол кездегі ұлтшылдыққа 
қарсы күрес лейтмотиві арқау болып, Абай творчествосы жəне халық əдебиеті туралы да өзінің бұ-
рынғы айтқан пікірлеріне қарама-қайшы шықты. Фольклорлық шығармаларға нигилистік пікірде қа-
рап, «кімнен  үлгі  аламыз»  деген  мəселеде  «ұлтшылдар»  жинап-насихаттап  отырғандықтан, «халық 
əдебиеті бізге жат, одан үлгі алар ештеңе жоқ»
 
деп тарихи сабақтастық пен дəстүрлікті жоққа шыға-
рады.  Нигилистік  көзқарастың  өрістеуіне  тек  қана  пролеткультшылдық  пен  əсіре  солақайшылдық 
əсер  етіп  қойған  жоқ.  Сонымен  қатар  «ұлтшыл»  деп  танылған  ақын-жазушылардың  əдеби-мұраны 
игеруде жургізген жұмыстары қатты əсер етті
6

20-жылдардың аяғына қарай бұл көзқарас бəсең тартып, айтылған қате пікірлер түзеле бастады. 
С.Мұқанов өзінің 1929–30-жж. мақалаларында жоғарыдағы пікірінің қате екенін мойындап, өз үстем-
дігін  танытып  қалған  маркстік-лениндік  методологияға сай фольклорлық үлгілердің халықтық,  тап-
тық  мəніне  қарай  зерттеу  жүргізу  керектігін  жазды. «Əркім  өзінше  ойлайды»  атты  мақаласында: 
«Əдеби мұрадан пайдалысын аса сақтықпен талғап, іріктеп алу керек», — деп əдебиеттану ғылымы-
ның туу кезеңі үшін мəні бар пікір айтады. 
Жаңа дəуірдің əдебиетін тудыру мəселесі, оның идеялық-творчестволық бағыты қандай болуға 
тиіс, ол қандай көркемдік əдіспен өркендеуі керек деген проблемалар 20-жж. орта шеніңде анық бой 
көрсетті. Оның сөз болуы, бір жағынан, фольклорлық мұраға да қатысты болды. 

110 
Əрине,  бұл  мақалаларда  көтерілген  мəселелердің  шын  мəніндегі  ғылыми-зерттеу  дəрежесінде 
тексерілуі мен əдебиет туралы ғылым қалыптасуының күрделі процесі əлі алдағы уақытта. Дегенмен, 
бұл процеске алғашқы дəнді еккен, соқпақ басы болған осы мақалалар екенін аңғармау ағаттық болар 
еді. Олар фольклористика ғылымының қалыптасу тарихында болашақ зерттеулердің негізіне барлау 
жасады. 
Бұл  айтылғандар  фольклортанудың  өзекті  мəселелерінің  ғылыми-зерттеу  сипатындағы  мақала-
ларда ғана көрінген келбеті болса, оны монографиялық тұрғыда тексерудегі құнды еңбектер де осы 
20-жж. жазылды. Бұл жолдағы алғашқы бастаманы салған М.Əуезовтің 1927 ж. шыққан «Əдебиет та-
рихы» атты еңбегі болды. М.Əуезов сол кездегі фольклортану саласындағы əртүрлі мақалаларда ай-
тылып жүрген ғылыми-зерттеушілік ой-пікірді бір жүйеге салып берді. Еңбектегі кейбір топшылау-
лар  мен  тұжырымда  «бірыңғай  ағым  теориясының»,  кейде  «тұрпайы  социологизмдік»  көзқарастың 
кездесіп қалуы да сондықтан
7

М.Əуезов ХХ ғ. басындағы фольклортану саласындағы ғылыми-зерттеушілік ой-пікірді жалғас-
тыра отырып, өз үстемдігін құруға ұмтылып жатқан маркстік-лениндік методология принциптері та-
лабына сай емес, таза ғылыми тұрғыдағы еңбек жазып шықты. Автор əдеби мұраның таптығы мен ха-
лықтығы қағидаларынан гөрі тарихилық принципіне сай зерттеу жасауды басты мақсат санаған. Бұл 
жерде маркстік-лениндік методологияның əдебиеттің халықтығы принципі мен төңкеріске дейінгі ғы-
лыми-зерттеушілік  ой-пікірдегі  халықтық  мəселесінің  арасына  шек  қоюға  болмайды.  Төңкеріске 
дейінгі бұл ғылыми ұғымды жаңа методология əдебиеттің таптығы принципіне сай бұрмалап əкетіп 
таптық  мүддемен  байланыстылықта  қарады.  Маркстік-лениндік  методология  бойынша  халықтық 
ұғымы жалпы ұлт емес, оның ішіндегі жұмысшы, шаруа деңгейіндегі тар шеңберде қарады. Буржуа-
зия мен феодалдардың тап ретінде жойылуынан кейін халықтық ұғымы бүкіл ұлттық сипат алып кет-
ті. Сондықтан «əдебиет тарихында» тарихи жырлар мен өлеңдерді қарастырғанда фольклорлық шы-
ғармалардың  халық  өмірі  мен  тарихи  шындық  тұрғысынан  тексерілуі  бұл  еңбектің  кеңес  өкіметі 
дəуірінде ғылыми айналымға қосылмауына басты себептердің бірі болды. 
Тұрпайы социологиялық көзқарас сарқыншағы Ұлы Отан соғысынан кейінгі дəуірдегі сын мен 
əдебиеттану ғылымында сақталып келді. Абайдың ақындық дəстүрі қазақ эпосы төңірегіндегі болған 
айтыстар, тіпті соцреализм əдісімен жазылған «Абай» романдарын, аса талантты ақын Қасым Аман-
жоловтың  поэзиясын  жоққа  шығаруға  дейін  барған  нигилистік  сындар  осындай  тұрпайы  социоло-
гизмнің сарқыншақтары еді» деуіне біздің де алып-қосарымыз жоқ. 
Шынында, сол дəуірлерді алып қарасақ, сонау Ленин еңбектерінен бастау алған «екі түрлі мəде-
ниет» туралы пікірін дəл сондай солақай сынға ұластыруға біздің «сыншыларымыз» да аз «еңбек» сі-
ңірген жоқ. Сыншылдық көзқарастың анда-санда көрініс беріп отыратынын тапшылыққа негізделген 
сыңаржақ  солақайлығы  дəуірлерін  партиялық  басшылықпен  арнайы  ұйымдастырылды.  Жəне  осын-
дай сəттерде көзге түсіп қалуға тырысатын айғайшыл адамдарды шеберлікпен пайдаланды, мақсатты 
тапсырыс  беріліп  жаздырылды.  Сөзіміз  тұздықты  болу  үшін  бір-екі  мақаланы  атасақ  та  жеткілікті. 
М.Ақынжановтың «Профессор Марғұланның қателері», С.Бəйешевтің «Профессор Əуезов өткендегі 
қателерінің шырмауында» деген мақалалары осы сипатта болғанын айта кеткен жөн. Тұрпайы социо-
логиялық көзқарас сонау XX ғасырдың 20-жж. бастап, ғасыр аяғына дейін сарқыншағы болса да өмір 
сүріп келді. 
Қазақ əдебиеттануы 30-жж. қателіктерге ұшырай отырса да, əдебиетіміздің сан ғасырлық даму 
жолын  тану  мəселесінде батыл  бола  білді.  Бірақ  «тұрпайы  социологизм»  теориясы  əдебиет  əлеміне 
үлкен апат əкелді. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дегендей, бір ғана адамның пікірінен бү-
кіл əдебиеттің бет-бейнесі өзгеріп шыға келді. 
Осы мақаланы түйіндей келе айтарымыз, «тұрпайы социологизм» теориясы, нигилистік көзқарас 
үстемдік құрса əдебиет ешқашан да алға баспайды, тіпті жойылып кетуі де мүмкін. «Тұрпайы социо-
логизм»  туралы  С.И.Машинский  былай  деп  атап  көрсетеді: «Пережитки  вульгарного  социологизма 
чрезвычайно  живучи.  Разбор,  или  критическая  оценка,  произведения  исскуства — дело  сложное  и 
тонкое. И в тех случаях, когда теоретические позиции автора не точно выверены, а специфика пред-
мета  недостаточно  учтена, — создается  благоприятная  почва  для  различного  рода  вульгаризаций». 
Сондықтан əр сыншы бойында сыншылдық талант, əділ сын тұрғысынан келу мұраты болса, сын да 
өрістей  бермек.  Кеңестік  идеология  мен  маркстік-лениндік  ілімнің  əсерінен  түрлі  бұрмалаушылық-
тарға барған теріс тұжырымдарды тарихи тұрғыда əділ, дұрыс, ғылыми бағытта қарастырып, талдап 
зерттеу  нысанасына  алынған  тақырып  туралы  ой-тұжырымдар  айта  алсақ,  алға  қойған  міндеттің 
орындалғаны деп білеміз. 
 

111 
Əдебиеттер тізімі 
1.  Машинский С.И. Классика и литературная наука. — М.: Знание, 1970. 
2.  Ленин В.И. Шығармалар. — 41-т. — Алматы: Қазақстан, 1981.  
3.  Кəкішев Т. Қазақ əдебиеті сынының тарихы. — Алматы: Санат, 1994. 
4.  Смағұлов Ж. Қазақ əдебиеттану ғылымының тарихы. — Алматы: Қазақ ун-ті, 1999. 
5.  Əдеби мұра жəне оны зерттеу. — Алматы, 1961. 
6.  40–60 жылдардағы қазақ əдебиеті. — Алматы: Ғылым, 1998. 
7.  Əуезов М. Əдебиет тарихы. — Алматы: Ғылым, 1991. 
 
 
 
 
 
УДК 415.413 
Е.А.Башмакова-Штейнер 
Омский государственный университет, Россия 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   18




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет