16. Нұржан мен Сапарғали айтысы Наушабаев шығармаларында татар ақыны, әнші Сапарғали Қуанышұлымен жұмбақ айтысының орны ерекше. Хат үлгісіндегі жазбаша сөз сайысында қарсыласы тарапынан қойылған 25 жұмбаққа Наушабаев тапқырлықпен жауап беріп, білімдарлығын көрсеткен. Айтыс көркем тілімен, заман ағысы мен қоғамдық өзгерістерді шебер бейнелеуімен құнды. Айтыс мәтіні 359 жолдан тұрады, алғаш “Манзұмат қазақия” (1903) кітабында, кейін “Айтыс” жинағының 2-томында жарық көрді.
17. Шәді айтыстары “Тұрмағамбет пен Шәді төренің” жұмбақ айтысы пішіні жағынан жазба айтыс түріне жатады. Жұмбақты қоюшы – Тұрмағамбет, шешуші – Шәді төре, екеуі де Сыр бойының саңлақ ақындары. 1906 жылдың қараша айында Тұрмағамбет ақын он төрт шумақтан тұратын жұмбақ-өлеңді жазып, Шәді төреге жібереді. Шәді ақын жауабын дұрыс тауып, екі айдай уақыт өткенде, қаңтар айында хат жазады. Өлеңнің мазмұнынан байқап отырғанымыздай, Тұрмағамбеттің жұмбағын Шәді төреге сол кездің белгілі айтыс ақындарының бірі – Мансұр Бекежанов жеткізген екен.Тұрмағамбет жасырған жұмбақтың мазмұнына қысқаша тоқталып өтсек, бір патшаның бағында түстері бір тектес үш-төрт гүлі, одан бөлегірек тағы бес-алты гүл мен ортасында ертелі-кеш сайраған бұлбұлы, мешітінде жеті молдасы мен оның сегіз-тоғыз жолдасы, он жерде тәлім-тәрбие беретін ордасы бар екендігі айтылады. Мұны Шәді төре:
“Ғажайып патша көрдім” деген сөзің, Ол – туған бала емес пе адамзаттан? деп шешеді. Үш гүлдің шешімі – үш жасқа дейін бөбектің гүлдей жұпар иісті болатынын, төрт-бес жаста бұлбұлдай шырын тілімен атаанаға сүйкімді болатыны мен жетіде мектеп табалдырығын аттап, он жаста ғылымның дәмін тататындығын мәлімдегені еді. Он бес жаста ала-бұртқан көңілмен қызметке кіру мен жиырма жастағы аңғал жігіттік, айдаһардың айбатындай “ай-һай, жиырма бес!” пен қабыланның қайратын еске түсіретін отыз жастың мән-мағынасы мен қадір қасиеті дөп баса жұмбақталған. Қырық жаста ақыл тоқтатып, елу жаста елге кеңесші болары, алпыста ақылдан сәл адасып қалудың да болып тұратындығын қырық ақылшы уәзірдің, елу кеңесші мен сары тістене бастаған алпыс атан түйенің жұмбақ ретінде жасырылуымен түсіндіруге болады.
Жетпіс, сексен, тоқсан, жүз жастардың жұмбақ ретінде жасырылуы Тұрмағамбет ақында жоғарыша көрініс табады. Бұл жұмбақтың өлеңдік негізде құрылуы мен шешілуінде де ақындық шеберлікпен қатар үлкен тапқырлық, білгірлік жатқандығын байқаймыз. Ақын “Өмір өткелдері” деген бір өлеңінде өмір белестері туралы баяндаса, мұнда әрбір жас ерекшелігін ескере отырып жұмбақ етіп жасырған. Жұмбақ айтысы адам баласы санасының даму кезеңінде әр алуан өмір құбылыстарын түсініп білуге деген құштарлықтан туындағаны белгілі. Яғни Т.Ізтілеуұлының жасырған жұмбағы адамтану аясын қамтиды, адамгершілік мұраттарды сөз ету барысында, алдыменен, адамның өзін-өзі танып алуы қажет екенін мегзейді. Жұмбақта адамның түрлі қасиеттері жас мөлшеріне сәйкестендіріле ашылады. Алғашында жайқалған гүлге, сайраған әдемі үнді бұлбұлға теңеліп, адамның балалық, періштелік шақтары әсемдікпен үйлесімді көрінеді. Біріншіден, жұмбақты шешу үшін ойланады, екіншіден, сол мөлшердегі жастардың өткен-кеткенге есеп беріп, ойға шомуына өлеңнің себі тиеді. Жұмбақ айтысқа тән композициялық құрылым жұмбақ және шешіммен қатар бұл айтыста өмір туралы ақындық толғаныс орын алған. Тұрмағамбет ақынның сұрағынан да, Шәдінің жауабынан да ақындық шеберліктің шыңдалуы, таным-талғам мәселесінің кемелденуі байқалады, айтыстың өмір жайлы философиялық толғамдарға толы келетіндігін көреміз.