Әдіснама, әдіс пен теория әрқашан бір-бірімен тығыз байланысты. Әдіснама – әдістер туралы ілім. Әдіснама – грек сөзінен алынған, «зерттеу» деген мағынаны білдіреді, яғни әдіс туралы ғылым. Ғылымның әдіснамасы ғылыми-зерттеу әдістерін, белгілі бір ғылымның пәнін зерттеу кезінде басшылыққа алынатын ұстанымдарды анықтайды. Ғылыми әдіснаманың негізін Гегель салды. (Гегель Георг Вильгельм Фридрих- неміс философы. ХVІІІ ғасырдың аяқ кезі мен XIX ғасырдың басындағы неміс классиқалық философиясының аса көрнекті өкілі). Гегель әдісі дегеніміз – мазмұнның қозғалысы, құбылыстың мәнін ашып көрсету және оның мазмұнынан тыс жасалмайтындығын баса көрсету. Әрбір ғылымның өзінің зерттейтін саласы, оған тән зерттеу әдістері бар. Оның сипаты зерттеу алдында тұрған міндеттерге байланысты. Кез келген ғылым зерттелгелі отырған құбылыс туралы жалпы ережелерді қолданып, өзіне тән әдістерді іздестіреді.
Әдіс термині гректің «мetodos» деген сөзінен алынған, ол «білімге жол ашу» дегенді білдіреді. Әдіс қандай жоба, жол, көмек арқылы мақсатқа жетуді анықтайды, шешеді немесе дәлелдейді. «Методология» (грек тілінің «methodes» - зерттеу жолы, таным, ілім, білім дегенді білдірсе, «logos» - ұғым дегенді білдіреді) – «әдіс туралы ғылым»деген мағынаны береді. «Метод» (әдіс) термині тікелей нақты бір нәрсеге деген жол ретінде анықталады, яғни методология мағынасы бір жағынан бір нәрсені тану туралы ғылым болады. Сондықтан методология зерттеу процесі туралы ілім ретінде де түсіндіріледі . Ал философиялық энциклопедиялық сөздікте «методология – теориялық және практикалық іс-әрекеттерді құру мен ұйымдастыру принципі мен әдістерінің жиынтығы» десе, ал қазіргі шетелдік сөздікте «методология – танымның ғылыми әдісі жайындағы ілім, қандай да бір ғылымда қолданылатын әдістер жиынтығы» деген анықтама беріледі.