Елеукенов Ш.
Қазақстан Республикасының Әдебиет, өнер және сәулет өнері саласындағы 1996 жылғы Мемлекеттік сыйлықтарды алу бәйгесіне ұсынылған еңбектерден менің көзіме ең қомақты көрінетін – жүйелі ғылым, қазыналы ақпарат материалға құрылып, соншалық жаңалықтармен қуантып бауратқан әмбебап кітап – «Абай» энциклопедиясы.
Энциклопедияның жарық көру шарты өзге басылымдарға ұқсамайды.Оны ел боп,қоғам боп толғатады. Мысалы, ХVІІІ ғасырдың аяғында Д.Дидро мен Ж.Д. Аламбер редакциясын басқарған атақты француз энциклопедиясы (1751-1780) өзі шыққанға дейінгі рухани сала жетістіктерін жинақтау, қорыту, жүйелеу, азамат білімінен ғылым жасау ниетінен туғанын білеміз.
Қазақстанда елдің елдігін көрсететін, барша ғылым-білімге қорытынды жасайтынк ітаптардың кітабы – энциклопедиялық басылымдар даярлау ісі белгілі тарихи себептермен кешеуілдеп қолға алынды. Он екі томдық Қазақсовет энциклопедиясы 1972-1978 жылдар аралығында дүниеге келді. Басталысымен игі іс тез қанат жайып кетті.
Жанры жағынан «Абай» энциклопедиясы – тұлғалық энциклопедия. Кіндік Азияда мұндай басылым үлгісі әлі кездеспейді. Тіпті мыңдаған жылдық қолжазба кітап шығару өнері бар Грузия, Армения сияқты елдерде де мұндай басылым шыға қойған жоқ. Орыс ағайындардың «Пушкин» энциклопедиясын дайындап жатқанын естісек те, әлі оқырман қолына тимегенінен де хабардармыз.
«Абай» энциклопедиясын әзірлеу аталған бас редакцияда 1989 жылдың көктемінде қолға алынды. Қиындығы жауапкершілігінен, жұмыс, сол кезде редакция меңгерушілігіне көтерілген жас ғалым, талантты зерттеуші Мұхтар Құл-Мұхамедке тапсырылды. Кейін ол бас редакция жауапты хатшылығына жоғарылағанда, бұл істі танымал журналист, білікті энциклопедиялық редактор Таңатқан Рсаевпен бірге атқарысты.
Болашақ энциклопедия құрылымын жоспарлау жүйелі-типологиялық әдіс бойынша жүргізілді. Бұл ойдағыдай нәтиже берді. Энциклопедия жүйесі сындарлы қалыптасқандықтан, тарауларының материалдары табиғи өрбіп отырады, бірін-бірі қайталамай, сайып келгенде, осындай кішігірім бұлақтардың басы қосылып: айдын шалқар көл өскендей, Абай өмірі мен шығармагерлігі хақында тұтас ғылым бой түзейді.
Типтендіру әдісінің және бір принципі зерттеліп отырған объектінің мән-мағынасын ашатын құбылыс-белгілері айырып анықтауды талап етеді. Міне, осы принциптің дәйекті орындалуы нәтижесінде абайтану ғылымының белгілі табыстарының баянды етілуі үстінде, бұрын Кеңес кезінде қағажу қалып келген бірқыдыру өмірлік және шығармагерлік мәселелер жан-жақты және терең шешімін тапқан. Бұл жерде де екі тарауға жіктеліп, екі мыңға тарта атауы бар сөз тізбесінің бәрінің жетістігін тізбелеп отыруға орын тар. Дегенмен маңызды-маңызды бір-екі тарауының жаңалығын айтпасқа болмайды.
Менің пікірімше, зерттеушілердің ендігі ұрпағы Абай ақындығын, хакімдігін дүниежүзілік ғылыми һәм көркемдік контексте қарауға ұмтылуы тиіс. Қазақ әдебиетінің өркендеу жолындағы Абайдың тарихи орны Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейханов, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Қажым Жұмалиев, Бейсенбай Кенжебаев т.б. еңбектерінде ғылыми тұрғыдан, әдеби-көркемдік және эстетикалық зор қуатпен көрсетілген. Сол сияқты Батысты, оның ішінде орыстың реалистік позициясын кейінгі қазақ поэзиясына мектеп етудегі Абай еңбегі айшықты бояулармен, мықты дәлелдермен сараланды. Ал өзі Шығыс мектебінен бастаған, Шығыстың барлық ұлы шайырларымен терең таныстығы бар Абайдың Шығыс пен Батыс көркемдік синтезін жасаудағы рөлін жете айта алмай, тартынып келдік. Сыйлыққа ұсынылып отырған әмбебап кітап «Абай және Шығыс әдебиеті», «Абай және туысқан халықтар әдебиеті» деген тақырыптарды арнайы зерттеп, жаңағы елеулі олқылықтардың орнын толтыруда батыл да өнімді қадам жасаған деп білеміз.
Энциклопедияда ұлы ақынның қаламынан туған еңбектер тұтастай қамтылып, олардың әрқайсысына жеке-жеке мақалалар арналған. «Абай және өнер», «Абай және ғылым», «Абай және дін», «Абайдың дүниетанымы» тақырыбы жаңаша көзқарас пен тың тұжырымдар арқылы жан-жақты ашылып, данышпанның дара тұлғасы туралы нақтылы мағлұмат, дәл ғылыми анықтама беріледі.
Осындай ізденістердің нәтижесінде энциклопедия Абайдың ұлттық және әлемдік тұлғасын жарқыратып биіктете түскен. Абай өз заманы мен өз елінің көкейкесті арманын, ой-парасатын, мұң-зарын, сүйініп толғанғанын көтерген де соны күллі адам баласы тақырыбы етіп, талдап жырлағанын асып-тасымай, ғылыми байыпты тілмен жеткізген.
Энциклопедияға абайтану зерттеушілерінің барлық буындарының қатыстырылуы, сөз жоқ, еңбек құнарын арттыра түскен. Және бір тиімді тұсы – бүгінгі абайтанушылар осы ғылымның белгілі бірсалаларына мамандануына қарай пайдаланылғандығы. Бұл ұрпақтан академик Зәки Ахметовпен академия корреспондент мүшесі Рәбиға Сыздықова секілді белгілі ғалымдардың қыруар еңбегі ескеріліп, Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылуы орында да заңды. Бұлар бас абайтанушы Мұхтар Әуезовтің әрі шәкірті, әрі әріптесі ретінде сол кезде кемеңгер ақынымыз туралы өнімді еңбектерімен танылған ғалымдарсанатынан.
Абайдың өлең құрылымы, аудармалары т.б. туралы З.Ахметов мақалалары бұл саладағы дәмді дәстүрмен жақсылық жаңалықтарды ұштастыра білгендіктің үлгісі. Соны пікірлерінен болашақ зерттеулерге кілт есебінде қабылданатыны – Абай аудармасы дейтін өлеңдерінің бірқатар бөлігінің, шын мәнінде, тәржімадан гөрі нәзира дәстүрімен жарыса жазылған деген құнды қағидасы.
Ғылыми энциклопедияда жарияланған мақалалары былтыр «Ана тілі» баспасынан жарық көрген «Абайдың ақындық әлемі» атты монографиясында кеңірек өрістетілген.
Энциклопедия салмағының артуына белді тіл маманы Рәбиға Сыздықованың қосқан үлесінің биік бағасын дәлелдеп әуреленудің қажетті шамалы. Ғалымның «Абай шығармаларының тілі» (1968), «Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысы» (1970),«Абайдың сөз өрнегі» (1995) атты еңбектері жұртшылыққа кеңінен мәлім. 1959 жылы әдеби мұраға арналған конференцияда сөйлеген Мұхтар Әуезовтің мына бір мақтаныш сөздері құлағымызда әлі тұр: «Рәбиға Сыздықованың сөзіне конференцияға қатысушылар айрықша ырза болды деп санаймын. Оның сөзіндегі бір ерекшелік: тіл мамандары мен әдебиетшілерге қатар айтар орынды, кенеулі ойы бар және сол ойды таратып айта аларлық тіл құдіреті мейлінше жеткілікті екендігін аңғартты».
Бұл өнерін Рекеңнің үдете түскеніне енді біздер куәміз.
Дүние жүзіне әйгілі атақты энциклопедиялар сөздігінің молдығымен, дерек, мағлұматтарының дәлдігі, сенімділігі, анықтама мәліметтерінің оңай шапшаң табылатындығы, сөздік түйіндерінің тұжырымды, ойға жомарт, сөзге сараң сыйпаттарымен айрықша өркештеніп тұрады. «Абай» энциклопедиясын ондай қымбат қасиеттерден жұтаң дей алмайсың. Ғылыми зерттеушілік әдіс жолдары, әрлі талдаулары жағынан қазақ әдебиеттану ғылымының әжептеуір толысып марқайып өскендігін айғақтайды.
Әділдік үшін ескерте кету керек, жоғарыдағы мақтау сөздерден бұл кітаптағы мақала атаулының бәрі-бәрі төрт аяғынан тік тұр деген мағына тумауы жөн. Өз пікірін айтудан гөрі мазмұндауды сағалап, энциклопедиялық түйіннің (резюмирование) жанрлық ықшам сипатына қайшы сөз бұйдаға салыну, тіпті ұзақ цитатаны сыналап жіберушілік, өлеңде қанша ой айтылғанын шотқа қағып, идеялық және көркем жаңалықты бір өрімде қабыстырып айта алмаушылық ілуде болса да, шаң беріп қалатынын ашық айтқан жөн.
Жүздеген автор қатысып, екі мыңнан астам мақаладан тұратын 120 баспа табақтық бірегей басылымдағы ішінара болса да кездесетін мұндай «әттегенайлар» тұлғалық энциклопедияның тұрпатына көлеңке түсіре алмаса керек.
«Абай» энциклопедиясын Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының жүлдегері Рымғали Нұрғалиев басқарған қазақ энциклопедиясы бас редакциясы жеті жыл бойы әзірлесе,«Атамұра» баспа корпорациясы той қарсаңында қысқа мерзім ішінде жарыққа шығарып үлгерді. Кітаптың көркем безендірілуі (суретші Н.Исабаев), полиграфиялық жағынан мүлтіксіз орындалуы, компьютерлік жаңа қарыптармен теріліп, беттелуі, қазақ оюларымен әдіптелуі – бәрі-бәрі жарасып-ақ тұр. Таралымы көл-көсір, 100 мың данамен жарық көріп, жұрт қолына тиген «Абай»энциклопедиясының бағы ашылуына барша авторлар қауымы қатысты. Реті келсе, сыйлықалатын авторлар қатарын көбейте түскен жөн болар еді.
«Абай» – Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған тұңғыш энциклопедиялық басылым. Кезінде 12 томдық қазақ энциклопедиясы, бұдан соңғы төрт томдық, «Алматы» т.б.энциклопедиялар ондай құрметке ие болған жоқ. Нашарлығынан емес, сол кездегі қасаң идеологияның кесірінен 12 томдықты Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып жатқан жерден күрт тиылдық. Сол кездегі ұртоқпақ идеолог хатшымыз Мәскеу құлағына естірте: Қазақ энциклопедиясында ұлтшылдыққа жол берілген деп, айғай-шу көтерді. Сондағы күнәміз – қазақ руларының аталымын сөздікте қаптатып жіберіппіз. .. Бізден көп кейін шыққан өзбек, қырғыз энциклопедиялары өз елдерінің Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Біз болсақ, ұнжырғамыз түсіп, төмен қарап,«байтал түгіл бас қайғыға» ұшырадық…
Өткен өтті. Оған өкіндің не,өкінбедің не. Сонда да 12 томдық «Қазақ совет энциклопедиясы» күні бүгінге дейін ел үйлерінің төрін босатпай тұрғанын көргенде, жасыратыны жоқ, ішіміз жылиды. Ортақ осындай қуаныштарымызды өзімізден өзіміз қызғанбайықшы деген ой келеді. Енді бақсақ, қазақ тарихында бір де бір энциклопедиялық басылым Мемлекеттік сыйлыққа ешқашан ұсынылмапты.
«Абай» энциклопедиясы өз жанрында мұратына жеткен басылым. Қай жағынан да, материалдарының мазмұны (Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсыновтардың ғасыр басында жазылған мақалаларынан бастап (1995 жылға дейінгі абайтану ғылымының қол жеткен табысын баянды етіп қорытуы),уәделі мерзімінде жариялануы, бүгінгі талап-тілек деңгейінде безендіріліп, жарасымды, әсем кітап боп шығуы жағынан дүние жүзінің басылым төресі саналатын қандай энциклопедиясынан да кем түспейді.
Бұл энциклопедияны шығармашылардың атышулы нарық қыспағына бой бермей, ел намысын жыртып, не қиындыққа қасқайып қарсы тұрған еңбектері де ескерілуі тиіс. Абайша айтқанда, жүрегі жылы, бойы құрыш, жаңа жолдың басшысы атануға лайық азаматтардың қайрат-жігері арқасында мұндай үлкен, тағлымы зор басылымның шығуы тарихи ерлікке бара-бар.
Айтылғаннан туатын қорытынды біреу ғана: «Абай» энциклопедиясы ұлы ақынның өз атымен аталатын Мемлекеттік сыйлық қаәбден лайық.
Достарыңызбен бөлісу: |