Алғы сөз Уəли Нұргелді



бет1/58
Дата06.10.2024
өлшемі1,09 Mb.
#146937
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   58
Байланысты:
Қазақ графикасы мен орфографиясының теориялық негіздері




Алғы сөз
Уəли Нұргелді


ҚАЗАҚ ГРАФИКАСЫ
МЕН
ОРФОГРАФИЯСЫНЫҢ
ТЕОРИЯЛЫҚ
НЕГІЗДЕРІ

Алматы, 2020


Қазақстан Республикасы Білім жəне ғылым министрлігі Ғылым комитеті А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Ғылыми кеңесі ұсынған
Жалпы редакциясын басқарған А. Алдаш, филология ғылымдарының
докторы, профессор


Жауапты шығарушы: А. Әмірбекова, филология ғылымдарының
кандидаты
Пікір жазғандар: З.Базарбаева, ҚР ҰҒА академигі,
филология ғылымдарының
докторы, профессор
З.Ахметжанова, филология ғылымдарының
докторы, профессор
ISBN
Монографияда графика, орфография, орфоэпия мәселелеріне қатысты ғылыми-теориялық зерттеу ұсынылған. Графика тарауында дыбыс,әріп, фонема, графема ұғымдарының аражігі лингвистикалық заңдылықтарға сәйкес анықталған. Орфография тарауында жазу нормаларына қатысты қазақ тіліндегі басты қиындықтарды шешудің жолдары мен тәсілдері берілген, қазақ орфографиясының негізгі принциптеріне жіті зерттеу жүргізілген. Қазақ емлесінің құрылымы мен мазмұнындағы өзгерістерге талдау жасалған. Жаңа латыннегізді әліпби бойынша қазақ орфографиясын оңтайландырудың жолдары және қазақ емле ережелерінің ғылыми негіздемесі көрсетілген. Орфоэпия тарауында қазақ тілінің айтылым заңдылығында кездесетін ауытқулардың пайда болу себептері, төл айтылым заңдылығын қалыптастыру жүйесі ұсынылған.
Алғы сөз


АЛҒЫ СӨЗ


Қазақ жазуының тарихы, қазақ тілінде жазуды, қазақ тілінің емлесін реттеу, бір ізге түсіру жайы ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ зиялыларының айрықша назар аударған мәселелерінің бірі еді. Қазақ жазуының онтогенездік дамуындағы осы маңызды кезеңде қазақ әліпбиінде, қазақ сөзінің жазбаша таңбалануы мен ауызша айтылуында ұлттық болмысты сақтаудың негізгі іргетасы қаланды. Өткен ғасырдың орта тұсында басталған саяси тұмшалауға, тілдің ұлттық сипатын өзгертуге бағытталған сан қилы іс-шараларға, әліпби жүйесінің бірнеше рет алмастырылғанына қарамастан А.Байтұрсынұлы көшбасшы болған алаш ардақтыларының қолданбалы мазмұндағы тұжырымдары арқылы қазақ жазуында ұлттың мәдени-тарихи ерекшеліктері, бірегей, біртұтас тіл түріндегі сипаты сақталып қалды.


Аса көрнекті ғалымдар ретінде де, халық ағарту саласындағы қоғам қайраткерлері ретінде де қазақ тілтанымының ардақты тұлғалары Ахмет Байтұрсынұлының, Құдайберген Жұбановтың ғылыми мұраларында қазақ жазуы мен орфографиясы бойынша терең лингвистикалық іргелі еңбектер бар.
Қазақ тілі емлесінің мәселелері жиырмасыншы ғасырдың елуінші жылдарында екінші мәрте назарға алына бастады: өйткені қазақ қоғамында осы кезеңнен бастап оқу-ағарту, баспа ісі, ғылым бағыттары өркендеу жолына бет бұрды және оқу-ағарту саласының, баспа өнімдерінің, ғылым жетістіктерінің қалың жұртшылықтың сапалы түрде білім, ақпарат алуына толыққанды мүмкіндік беретін қуатты көзге айналуында жазудың – қазақ тілі емлесінің, тыныс белгілерінің нормалануы мен қалыптануы маңызды рөл атқаратындығы мамандардың ғылыми-практикалық тұрғыдан қарастыруын қажет етті. Осы тұстан бастап қазақ тілі емлесінің негізгі проблемалары бойынша С.Аманжоловтың, М.Балақаевтың, Р. Сыздықтың еңбектері жариялана бастады. Бүгінгі таңда академик Р.Сыздық – сан алуан, көп қырлы еңбектері арқылы қазақ емлесінің ғылыми-практикалық мәселелерін терең талдап, реттеп берген, қазақ ортологиясының көш басында келе жатқан аса көрнекті бірегей ғалым.
Дегенмен бір кезеңнің идеалды, мүлтіксіз деп танылған емлелік қағидалары қоғам дамуының келесі бір кезеңдерінде жекелеген принциптері мен тұжырымдары жағынан тар ауқымдылық танытуы да мүмкін. Осы себепті және қазақ әліпбиінің латын графикалы әліпбиге ауыстырылуы, сондай-ақ тіл динамикасындағы елеулі өзгерістер тұрақталған емле қағидаларын тың тұрғыдан тиянақтауды қажет етіп отыр.
Ұсынылып отырған еңбекте қазақ тілтанымының сан салалы проблемалары бойынша соңғы қырық жыл бойы жемісті еңбек етіп келе жатқан белгілі ғалым Н.Уәлидің қазақ жазуына қатысты ғылыми зерттеулері жинақталған.
Қазақ емлесінің негіздерін қалаған және одан әрі дамыта зерттеген баба ұстаздары мен аға ұстаздарының көзқарастарын берік ұстана отырып, ғалым зерттеуде ең алдымен дыбыс – фонема – графема түсініктері және олардың жазу теориясының басты белгілерін анықтаудағы маңыздылығын тарата баяндайды. Жан-жақты ғылыми-практикалық қисындар арқылы автор жаңа әліпбиге негізделген қазақ жазуының қазіргі жағдайында фонематикалық, дәстүрлі, айырмыс, транслитерациялық, транскрипциялық, түпнұсқа принциптердің ерекшеліктерін саралап, талдау жасаған. Зерттеуші жаңа латыннегізді әліпби бойынша қазақ орфографиясын оңтайландыру жолдарын, қазақ тілі емлесінің ғылыми негіздемелерін дәлелдейді. Ғалымның тұжырымдары қазіргі қазақ жазуында қазақ тілі дыбыстар қорының әлеуетін мүмкіндігінше толық пайдалана отырып, базалық нормаларды сақтаудың қоғамдағы қазіргі социокеңістік үшін қаншалықты өзекті екендігін айқындай түседі.
Ұлттық жазу-сызудың мәдениетін қалыптастыруда бұрын-соңды тәжірибелерді жинақтап, елеп-ескеріп отыру, өткен кезеңдерден тағылым алу жаңа типтегі ортологиялық құралдарды түзуде айтарлықтай маңызды екені белгілі. Жазу мәдениетін жетілдіру барысында жетістіктермен қатар кемшіліктердің кездесетінін ешкім жоққа шығара алмақ емес. Оларды талдау елегінен өткізген автордың бұрын-соңды зерттеулерінің біразы, сондай-ақ қазақ жазу-сызуын латын графикалы әліпбиге көшірудің аралық кезеңіне қатысты тұжырымдары осы еңбекке енгізіліп отыр. Өз кезінде «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігінің» екінші басылымына («Ғылым» баспасы, 1988-жыл) қатысты фактологиялық материалдарды әзірлеу, жинақтау, бірізділеу жұмыстары бірлесе атқарылды. Орфография саласындағы ортақ ізденістер алғашында «Термин сөздердің орфографиясы» атты бірлескен мақала жариялаудан басталған болатын. Кейіннен мақаланың кеңейтілген нұсқасы арнаулы монографияның бір тарауына айналды. Осы нұсқа «Шетелден енген сөздердің орфографиясы» деп аталатын тақырыппен еңбекке енгізіліп отыр. Атап өтерлік жайт – аталған проблеманың талдануы профессор Н.Уәлидің ортология бойынша ғылыми-практикалық ұстанымдарына толық сәйкес келеді.
Н.Уәли – әртүрлі ғылыми жобалар ұсынып, оған сол саладағы әріптестерін тартып, жетекшілік жасап отыратын ұжымшыл, ұйымшыл зерттеуші. Радио-тележурналистерге арналған «Қазақ тілі орфоэпиясының анықтағышы» («Арыс» баспасы, 2004-жыл) деп аталатын сондай жобалардың бірі – қазақ орфоэпиясының мәселелері үшін негізгі құралға айналды. Аталмыш анықтағышта жазылған Н.Уәлидің «Бұқаралық коммуникация және сөз мәдениеті»; Қ.Күдеринованың «Жеке сөздердің орфоэпиясы»; А.Фазылжанованың «Сөйлеу техникасы мен эфирдегі дыбысталған сөздің интонациясы», «Функционалдық стильдегі мәтіндердің айтылым үлгілері», сонымен бірге осы авторлар жасаған «Қысқаша орфоэпиялық сөздік» (проспект) осы кітапқа ықшамдалған түрде берілді.
Зерттеу қазақ тілі емлесінің теориялық тұжырымдары мен практикалық мәселелерін ғылыми қисындармен толықтырады.
Назарға ұсынылып отырған бұл зерттеуде қазақ орфографиясы мен емлесінің теориялық тұжырымдары мен практикалық мәселелері мүмкіндігінше қамтылған, ғылыми қисындармен толықтырылған.
Еңбек қазақ жазуының тарихы мен теориясы, қазақ дыбыстары мен әріптерінің табиғи сыр-сипаты және олардың орфографиядағы көріністері, әдеби тілдің жазбаша және ауызша нормалары мәселелерімен шұғылданатын мамандарға, ең бастысы – латын әліпбиіне көшу аралық кезеңінде қазақ жазуының ұлт болашағы үшін қаншалықты бекем екендігіне ұлтжандылықпен алаңдап қарайтын барша қауымға пайдалы болары анық.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   58




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет