Аскорбин қышқылы



бет1/6
Дата02.11.2022
өлшемі24,01 Kb.
#47003
  1   2   3   4   5   6

1.8. Организмде витаминдердің ролі


Қазіргі таңда витаминдердің өте көп түрі белгілі, бірақ біз еліміздің тұрғындарының тамақтануында аса маңызы бар негізгілеріне тоқталамыз.


Суда еритін витаминдер (С, В тобы). Әуелі С витаминінен бастаймыз, себебі оның жеткіліксіздігі жиі байқалады.
Осы витаминнің негізгі өкілдеріне L-аскорбин қышқылы және оның тотыққан түрі – дегидроаскорбин қышқылы жатады. Дегидроаскорбин қышқылының әрі қарай тотығу өнімінің витаминдік белсенділігі жоқ, сондықтан қалыптасқан «С витамині» терминінің орнына бұл витаминнің басқа аталуы – аскорбин қышқылын қолданады.
Аскорбин қышқылы көптеген маңызды ферментативті реакцияларға қатысады, орталық жүйке жүйесінің қызметіне қолайлы әсер етеді, эндокринді бездердің қызметін ынталандырады, темірдің жақсы сіңуіне және қалыпты қан жасау қызметіне жағдай жасайды, экстремалды жағдайларда организмнің қарсы тұру қабілетін арттырады, күшті канцерогендер – нитрозаминдердің түзілуіне кедергі жасайды.
Адам, көптеген жануарлармен салыстырғанда, С витаминін синтездей алмайды және де оның қажетті мөлшерін тек қана тамақтан, ең бастысы көкөністер, жемістер мен жидектерден алады.
С витаминінің өте көп мөлшері балауса итмұрында (300-2000 мг%), тәтті қызыл бұрышта (250 мг%), қара қарақат пен шырғанақта (200 мг%), ал аз мөлшері - орамжапырақта, саумалдақта (50-70 мг%), бүлдіргенде, апельсинде, лимонда, мандаринде, ақ және қызыл қарақатта (40-60 мг%), жас кар­топта, көк пиязда, жасыл бұршақта (20-30 мг%) кездеседі.
С витамині – барлық белгілі витаминдердің ішіндегі ең тұрақсызы. Сақтау барысында көкөністердегі, жемістер мен жидектердегі мөлшері тез азаяды (балауса және ашытылған орамжапырақтан басқасы). Өсімдік өнімдерін 2-3 ай сақтағаннан кейін құрамындағы С витаминінің жартысы ыдырап кетеді. Асшеберлік жылумен өңдеуде, әсіресе қуырғанда және
қайнатқанда оның мөлшері 30-90%-ға дейін жоғалады [18]. Мысалы, қабығынан тазартылған картопты салқын суға салып, қайнатса, витаминнің 30-50%, ал ыстық суға салса – 25-30%, сорпада қайнатса - 50% жойылады. Орамжапырақты қайнатқанда витаминнің 50%, бұқтырғанда - 68% ыдырайды.
С витаминін көбірек сақтап қалу үшін, көкөністерді қайнап тұрған суға салу керек. С витамині суға тез өтеді, сондықтан да картопты қабығымен қайнатса, С витаминінің мөлшерін сақтап қалуға болады [1].
Ересек адам үшін С витаминінің оңтайлы мөлшері тәулігіне - 70 мг [91]. Тамақта С витамині жеткіліксіз болса, адамның ойлау және еңбек ету қабілеті, жұқпаларға (соның ішінде салқын тиюге) қарсы тұруы төмендейді, қызыл иектің зақымданулары пайда болуы мүмкін. Ұзаққа созылған С гиповитаминозы кезінде қырқұлақ ауруы пайда болуы мүмкін. Ол қызыл иектің борпылдануымен, ісінуімен, қан аққыштығымен, тістің түсуімен және теріасты ұсақ қан құйылулармен сипатталады.
Біздің елімізде С витаминін тұтынуды орташа адам санына шаққанда тәулігіне 40-тан 60 мг-ға дейінгі мөлшерді құрайды [1], яғни былай қарағанда қалыпқа сәйкес келетін сияқты. Бірақ С витаминін тұтыну барлық маусымға бірдей емес. Организмдегі С витаминінің қоры алдындағы тамақтануы С витаминіне бай болғанның өзінде де аса көп емес – 2-6 ай [1]. Сондықтан қыс пен көктем айларында С гиповитаминозын болдыртпау үшін тамақтануда балауса және ашытылған орамжапырақты қолдану керек. Ашыту барысында витаминнің белгілі бір мөлшері жоғалса да, қалған бөлігінің өзі жеткілікті болып есептеледі – 30 мг%. Картоп, алма сияқты басқа өнімдерде қысқы-көктем мерзімінде С витаминінің мөлшері аз. С гиповитаминозының алдын алуда құрғақ итмұрынның тұндырмасы, қара қарақаттың шикі джемі өте пайдалы. Егер С витаминінің басқа көздері болмаса, оны таблетка түрінде (басқа витаминдермен біріккен түрі жақсы) қабылдауға болады. Профилактикалық дозасы ересектер үшін – 100 мг-нан аспауы керек. Витаминнің максималды тәуліктік дозасы – 500 мг (1 кг дене салмағына 7,5 мг).


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет