Атты республикалық ғылыми-әдістемелік конференция материалдары


ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫ ЖӘНЕ ҒАЛЫМ ЖАЙЛЫБАЙ ПОЭЗИЯСЫ



Pdf көрінісі
бет31/204
Дата06.01.2022
өлшемі3,96 Mb.
#14830
1   ...   27   28   29   30   31   32   33   34   ...   204
Esenova_akzharkyn@mail.ru 
 
ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫ ЖӘНЕ ҒАЛЫМ ЖАЙЛЫБАЙ ПОЭЗИЯСЫ 
 
Аннотация:  поэзия  –  ізденіс  пен  жаратылыстан  туындайтын  жанр.  Оның 
тақырыптық және көркемдік кеңістігі ауқымды. Адам баласы дамып, өскен сайын, әдебиет 
те  дәл  солай  даму  үрдісін  бастан  кешеді.  Қазіргі  таңда,  қазақ  әдебиеттануында  лирика 
жанры жан-жақты зерттелуде. Соған сәйкес ондағы философиялық көзқараста сан түрлі 
болмақ. Өз кезеңінде уақыт тынысын сезінген ақындардың бірі – Ғалым Жайлыбай. Ғылыми 
мақалада ақын Ғалым Жайлыбай поэзиясының көркемдік қыры, өлеңдеріндегі философиялық 
сарын  анықталды.  Ақын  поэзиясына  қашан  да  болсын  өскен  ортасы,  қоғам  әсер  ететіні 
анық. Ақынның поэзияға деген құлшынысы мен кейіпкерлер образы жан-жақты талданды. 


86 
 
Қазақ  лирикасындағы  ерекшелік,  оның  жырлану  дәстүрі  салыстырмалы  түрде, 
мысалдармен  дәйектелді.  Ақын  шығармашылығына  байланысты  жалпылама  талдау 
жұмыстары да жүргізілді.    
Тірек  сөздер:  жанр,  поэзия,  лирика,  философиялық  лирика,  лирикалық  кейіпкер, 
монолог, диалог.  
 
Қазақ поэзиясының даму жолы тым әріден көрініс береді. Тарихи-әлеуметтік тұрғыдан 
қарағанда, поэзияның әр кезеңдегі орны мен жазылу үлгісі де ерекшеленіп тұрады. Десек те, 
заман дамып, дәуір  өзгерген сайын қазақ поэзиясы да ілгері өрлеуге  бет  алды. Қазақ ақын-
жазушыларының  шеберлігі  арта  түсті.  Батыс  пен  Шығыс  поэзиясынан  нәр  алған  қазақ 
қаламгерлері,  ендігі  кезекте  бұрыннан  таныс  өлең,  толғау,  жыр  тәрізді  ескі  жанрларға 
жаңалықтар  қосып,  ерекше  қарқынмен  жырлай  бастады.  Осыған  дейін  сөз  етіп  келген 
махаббат,  ерлік,  сезім,  ішкі  психология,  терең  философиялық  дүниелер  де  өзгеше  сарында 
жазылды.  
Зерттеуші  М.Базарбаев:  «Поэзия  –  әдебиеттің  көне  саласы,  жасаған  сайын  жасара 
түсетін жанды сала» [1, 3],  - дейді. Шын мәнінде, поэзия өнерінің жасампаздығынан болар 
ақындар лирикаға үн қосып, қоғамдағы өзекті тақырыптарды мазмұндық жағынан байытып, 
көркемдік жағынан дамыта түсті.  
Қазақ  халқының  тұтастығын  оның  күретамыры  болып  саналатын  ұлттық  ойларды, 
көзқарастарды  дүниетанымдық  деңгейге  көтеруде  рухани  дүниеміз  ұлттық  сипатта  болуы 
тиіс. Ұлттық негіз, ұлттық болмыс хақындағы толғанымның бір көрінісін әсіресе поэзиядан 
көруге болады.  
Шын  мәнінде  қарап  тұрсақ,  басқа  ұлттардан  қазақ  халқының  басты  ерекшелігі  оның 
ішкі  болмысы  мен  тұрмыс-тіршілігі,  ұлт  ретіндегі  салт-санасы,  дүниетаным,  қабылдауы, 
тіптен  ойлауы,  іс-әрекеті  бір-бірімен  астасып,  сабақтасып  жататындығында  болып  отыр. 
Халықтың ауыз-екі сөйлеу мақамы, ондағы қолданылатын нақыл сөздер мен мақал-мәтелдер, 
даналық  ойлар  да,  ұлттық  сипатта  құрылған.  Осы  айтылған  тұтас  байланыстың  ажырамай, 
ыдырамай  бір  нүктеде  болуы  заңдылық.  Ал,  оның  бүгінгі  күнге  ұсақталмай  жетуіне  әсер 
етуші негізгі фактор - ақындар өлеңі.  
Осы  тұрғыдан  салыстырғанда,  белгілі  сыншы  Белинский  мынадай  пікір  білдіреді: 
"Поэзия  -  өнердің  асыл  тегі.  Өзге  өнердің  бәрінің  өзін  біреуде  қолданатын  құралының 
мүмкіндігіне  қарай  творчестволық  әрекеті  азды-көпті  болса  да  қысымнан,  тар  өрісті  боп 
келеді. Поэзия адамның еркін тілімен берілгендіктен, онда үн де, сурет те, пайымды, айқын 
айтылған  түсінік  те  болмақ.  Сондықтан  өзге  өнердің  барлық  элементтері  поэзияда  бар, 
сөйтіп, ол әлдебір өнердегі жеке-жеке тәсілдердің барлығын бірінен-бірін бөлектемей, бірден 
пайдаланатын  секілді.  Поэзия  тұтас  өнер  соның  ұйытқысы  болып  табылады  және  оның 
барлық жағын қамти отырып, бүкіл өзгешеліктерін айқын, анық түрде бойына жинақтайды" 
[2,  13].  Бұл  пікірден  шынында  да,  поэзия  әлемінің  шексіздігін,  әмбебаптығын  бірден 
аңғарамыз.  
Қазіргі қазақ әдебиеттану саласында поэзия жанры жан-жақты дамып, зерттелу үстінде. 
Қоғам  дамыған  сайын,  әдебиет  те  онымен  бірге  жасай  түспек.  Бұл  ақиқат  көрініс  әдетте 
ақындар  философиясында  ерекше  сипатқа  ие.  Бүгінгі  ғылыми  мақаланың  да  басты  нысаны 
шындық пен шынайылықты ұран етіп жүрген ақын – Ғалым Жайлыбай поэзиясындағы қазақ 
қоғамы және қазақ  дүниетаным мәселесі.   Ақындығы  мен  батылдығы  қатар  жүретін  ақын 
үшін қоғамдағы қайшылықтар мен өзгерістерді философиялық тұрғыдан жырлау үлкен күш 
әрі жауапкершілік.  
«Поэзия  –  жүректің  сөзі.  Бір  жүректен  шыққан  сөз  кем  дегенде  жүз  жүрекке  бұғып 
жатқан  бұла  сезімнің  бұлықсып  бас  көтеруіне  түрткі  болады.  Өлеңнің  өнегесі  сол,  ол 
адамдық  сезімді  ғана  жырлап  қоймайды,  оны  адамзаттық  асқақ  сезімнің  дәрежесіне  дейін 
көтереді. Азаматтық асқар сезімнің шыңы ұлттық сезімдерге өлең арқылы оянып рухани күш 
салады»  [3,  56].  С.Әшімбаевтың  бұл  пікірінен,  әлбетте  поэзия  ол  –  әрқашанда  халықтың 


87 
 
тұрмыс-тіршілігін, болмысын, тарихын, ой-арманын, рухани дүниетанымын танытатын өнер 
деп түсінгеніміз жөн.  
Ақын  Ғалым  Жайлыбай  шығармашылығындағы  ең  айтулы  туындыларының  бірі  – 
«Қара  орамал»  поэмасы.  Ақынның  бұл  туындысы  тұтастай  қазақ  қоғамының  шынайы 
бейнесін,  шынайы  өмірін  суреттеуге  арналған.  Поэманың  тақырыбы  символдық  тұрғыдан 
«Қара  орамал»  деп  алынып,  онда  қазақ  халқының  қиын-қыстауға  толы  қара  жамылған 
күндерін суреттейді.  
Шын мәнінде, халқымыз үшін ең ауыр кезеңдердің бірі  –Алаш қайраткерлерін азапқа 
салған  Карлаг  лагері  болды.  Бұл  лагерь  Қарағанды  облысы  аумағында  ХХ  ғасырдың  1-ші 
ширегінде  бейкүнә,  жазықсыз  жандарды  азапқа  салған,  қазіргі  таңда  тарихи  мұражайға 
айналған  Долинка  елді  мекені.  Шығарма  толықтай  осы  алапат  кезеңнің  ащы  шындығын 
суреттеуге құрылған. Қаламынан небір жыр төгілген ақын Ғалым Жайлыбай осы қырғынды 
жастардың құлағына тағы бір мәрте құю үшін, ересектердің жүрегінде тағы бір аласапыран 
тудырып, өткен күндердің қасіретіне лағнет жаудыру үшін жазса керек.  
 
Жалпы, «Қара орамал» - қазақ халқының көнеден келе жатқан символикалық мәнге ие 
атауы.  Әдетте,  қара  орамалды  жақыны  қайтыс  болып,  қасірет  пен  өлім  құшқан  сәтте 
пайдаланады.  Яғни,  ол  –  өлім  мен  қайғының  белгісі.  «Қара  жамылды»  деген  тіркес  те  осы 
мағынаны білдіреді. Ертеректе, біреу қайтыс болып, қайғы жамылған ауылдың сыртына қара 
орамал болмаса қара жалау байлап қоятын болған.  
Шығарма  өте  көлемді  және  оның  басты  ерекшелігі  ондағы  шумақтар  қатып  қалған 
қағида  бойынша  4  жолдан  тұрмайды.  Керісінше,  5-6-7-8  тармақтардан  құралған.  Поэма 
төмендегідей тараушалардан тұрады:  
•  Қарағанды лагері;  
•  Карлаг қақапасы;  
•  Ахметжан Сармантайұлының «58-статья» күйі; 
•  Қызжылаған;  
•  Ирина Борхманның «Үзілген сапар» картинасы;  
•  Мамочкино моласы;  
•  Гармоншы. 1973 жыл;  
•  Тас пен ас;  
•  Карлагтың қара кітабы;  
•  Қоңыртөбе;  
•  Үш қағыс.  
 
Аталған  тараушалардың  әрқайсысы  жеке-жеке  оқиғалардан  құралып,  бірін-бірі 
толықтырып, тұтас трагедиялық шығармаға айналған.  
 
Поэманың бастауын ақын Ахмет Игүнекидің сөзімен бастайды:  
 
Жамандық жасасаң да,  
 
Жақсылық жасасаң да жауапсыз қалмайды [4, 8].  
 
Мұның  өзі  бүкіл  әлемді  басқарушы,  бүкіл  әлемді  бақылаушы  бір  Алланың  барын 
растайды.  Демек,  жазықсыз  жапа  шеккен  қазақ  қоғамының  бұл  күйзелісі  жауапсыз 
қалмайтынын назарға алады.  
Кейіннен,  тақырып  бойынша  нақты  тарихи  деректер  бойынша  мағлұмат  келтіреді. 
Онда:  «...ГУЛАГ  құрылымындағы  ең  үлкен  сала  –  Қарағанды  еңбекпен  түзеу  лагерлері 
(Карлаг)  1931  жылы  19  желтоқсанда  ОГПУ  –  ҚазИТЛАГ-қа  қараған  «Гигант»  совхозының 
негізінде құрылды. Орталығы Қарағанды облысының Долинка селосында орналасты... 1939 
жылы  НКВД-ның  42  лагерінің  ішінде  Карлаг  тұтқындардың  саны  жағынан  КСРО-да 
тоғызынды орын алған. ...КСРО НКВД лагерлерінің Бас басқармасына қарасты қапастар мен 
түрмелерде жалпы саны 4 миллионға жуық сотталғандар отырса, олардың 1-1,5 миллионнан 
астамы Карлагтан өткен. Жалпы, ГУЛАГ-тың құрамында 61 лагерь болса, Карлаг соның ең 
ірілерінің  бірі»  [4,  8],  -  деп  қазақ  даласындағы  қара  қапастар  жайлы  нақты  деректер 
келтіреді.  


88 
 
 
«Қарағанды лагері» деп басталатын бірінші тарауында:  
 
Дүр сілкінтер дүниенің дүрмегі ауыр,  
 
Күнде дабыр бұл тірлік 
 
Күнде дауыл.  
 
Алаш жұрты 
 
Азаптың аралы ма?  
 
Қарағанды лагері  
 
Бұл  не  лагерь?..  [4,  10],  -  деп  Қарағандыда  орналасқан  бұл  лагердің  сырын  ашуға 
ұмтылады.  
Поэмадағы ең ерекше түсініктегі тараулардың бірі – «Қызжылаған» тарауы. Атауының 
өзі бірден селк еткізері анық. Мұны ақын былайша түсіндіреді:  
 
Ізетпен жасамай ізгі қадам,  
 
Қарындасын қорлайды 
 
Құзғын, арам.  
 
Жалаңашкөл жағасы – «Алжир» лагерь –  
 
Қазақша аты ол жердің – Қызжылаған [4, 28].  
Қарағандыдағы  «Алжир»  лагері  –  негізгі  түсінігі:  «Акмолинский  лагерь  жен. 
изменников  родины»  деген  атауды  білдіреді.  Бұл  лагерде  ешқандай  жазығы  жоқ  алаш 
азаматтарының аяулы жарлары азап шеккен. Сол лагерьдің атын ақын Ғалым Жайлыбай өз 
шығармасында «Қызжылаған» деп атайды. Аты аталғандай мұнда тек қана әйелдер жатады. 
Жазықсыз  көкіректері  қарс  айырылып,  зар  жылайды.  Бұл  тебіреністі  ақын  былайша 
жырлайды:  
 
Ғазауытқа кезігіп ғасыл қайық,  
 
Қырдан асып кеткелі ғасыр ғайып 
 
Аза бойды қаза ғып Ана біткен –  
 
Аңырайды Алжир-де шашын жайып [4, 32].  
Тарихи  деректерге  сүйенсек,  бұл  лагерьде  қазақ  қайраткері,  жазушы  Сәкен 
Сейфуллиннің  әйелі  –  Гүлбаһрам,  Бейімбет  Майлиннің  әйелі  –  Күлжамал  тағы  басқа  алаш 
қайраткерлерінің  аналары,  әйелдері  азапталып,  көз  жұмған.  Тіпті,  әйгілі  балет  бишісі  Мая 
Плицескаяның  анасы  Рахиль  Плицеская  да  осы  абақтыда  азап  шеккен.  Ол  туралы  ақын 
былайша ой қозғайды:  
Адамзаттың аймаңдай ары осында,  
 
Рахиль Плицеская ... 
 
Нанасың ба? 
 
Бейімбеттің қой басқа Күлжамалы,  
 
Рысқұлов Тұрардың жары осында.  
 
Айдыны жоқ аққудай расында,  
 
Жазбай жатып үзілген жыр осында 
 
Сұлулық пен нәзіктік атаулының  
 
Тілім-тілім еріні... 
 
Жүр осында [4, 34].  
Шын  мәнінде,  жыр  жолдары  өте  әсерлі  суреттелген.  Ақуудай  аппақ  аналардың 
ошағындағы  бақыт  жыры  үзіліп,  айдынынан  айырылып,  сұлулығы  жойылғанын  ақын 
ұтымды  жеткізеді.  Орап  алып  сүт  аққан  омырауын,  аналар  Жалаңашкөл  жағасында  жылап 
қала береді. Осы ойдың жалғасын ақын «Мамочкино моласы» атты тарауында тарқатады.  
Ақын Ғалым Жайлыбай әуелі тарауды бастамас бұрын оған мынадай анықтама береді: 
«Бұл  молада  «Карлаг»  тұтқындары  –  әйелдер  мен  балалардың  мүрделері  жерленген.  Зират 
Қарағанды  облысы,  Абай  ауданы,  Жартас  кентінің  маңында  орналасқан.  Жаңа  туған 
балаларды  аналарынан  күштеп  тартып  алып,  балалар  комбинаттарына  тапсыратын  болған. 
Оның  да  арнайы  вахтасы,  қақпасы  бар.  Барактары  және  тікенек  сымдары  кәдімгі  түрмеден 
еш айырмашылығы жоқ. «Карлагта» дәл осындай 7 мекеме болған. Мұндай үйлерде балалар 


89 
 
өлімі  өте  көп  болған.  Мәселен,  1941-1944  жылдары  924  бала,  ал  1950-1952  жылдары  1130 
бала өлім құшқан...» [4, 41].  
Мұндай оқиғаларды ақын былайша суреттейді:  
 
...Кімге ол күннің обалы?  
 
Балалығын ұрлады,  
 
Қызықтарын тонады.  
 
Ессіз ғасыр адамзаттың алдында –  
 
Жауап берген жоқ әлі [4, 44], - деп заманның сынағын, пенденің қолымен жасалған 
зұлымдығынан қырылған сәбилердің жазықсыз өміріне ақын жаны еріксіз күйінеді.  
 
Көкті кезіп кеткен кезде жыр құсым,  
 
Мен олардың танып алғам түр-түсін.  
 
«Мамочкино моласынан» естимін –  
 
Сақ-сақ еткен сәбилердің күлкісін.  
 
     Дыбыстарын жұртқа естірпей былайғы,  
 
Қарғамай-ақ қоғамды да,  
 
Құдайды.  
 
Жартастағы «Мамочкино моласы» 
 
Сақ-сақ етіп күледі де,  
Жылайды  [4,  48],  -  деп  сәбилердің  мына  өмірдің  жарық  сәулесін  көрмей  жатып,  жер 
қойнына  еніп  кетуін  ерекше  тебіреніспен  жырлайды.  Ақын  жүрегі  жылайды,  күйінеді. 
Себебі,  оның  жүрегі  ешкім  естімес  құпияны  естиді.  Зұлымдықтан  жүрегі  дірілдеген  ақын 
поэманы былайша қорытындылайды:  
 
Қол бұлғаңдар! 
 
Сол сапарға ермеймін,  
 
Саны келіп,  
 
Саны кеткен мендейдің 
 
Сай-сүйегім сырқырайды жоласам –  
 
Енді қайтіп бұл маңайға келмеймін... 
Жартастағы «Мамочкино моласы» [4, 51].  
Аналар  мен  балалардың  моласын  көрген  ақын  жүрегіндегі  зарды  осылайша  жыр 
арқылы  тебірене  төгеді.  Ел  басынан  өткен  азапты  оқиғалар  мен  жазықсыз  құрбан  болған 
аналар  мен  балалардың  тағдырын  өз  шығармасына  өзек  еткен  ақынның  бұл  шығармасы 
келер  ұрпаққа  да  ой  салары  сөзсіз.  Қазақ  ұлтының  қажырлы  қайратын,  өткен  күн  мен 
уақытқа  кеткен  есесін,  қанша  халқынан  айырылған  елдің  жер  бетінен  жоғалып  кету  қаупі 
төнген сол бір қайғылы жылдарын кестелі тілмен «сай-сүйегі сырқырай» жырлаған ақынның 
өксікті ойын аңғарамыз. Бүгінгі ұрпақтың бірі білсе, біреуі білмейтін өткен күннің сұмдығын 
қайта жаңғыртып ел есіне салады. 
 
Пайдаланылған әдебиеттер: 

Базарбаев М. Қазақ поэзиясы: көркемдік ізденістер. – Алматы: Жазушы. – 1995. – 382 б.  

Қабдолов З. Сөз өнері.
 –
 Алматы: Қазақ университеті. 1992. - 351 б. 

ӘшімбаевС. 2 томдық шығармалар жинағы. Портреттер, зерттеулер, толғаныстар. – Астана: Елорда. 
– 2006. – 379 б.  

Жайлыбай Ғ. Таңдамалы. Екінші том. Астана: Фолиант. 2014. – 344 б 
 
 
 
 
 
 
ӘОЖ 800.025/001 
ЖАКЕНОВА АНАРГУЛЬ ЗЕЙНУЛОВНА 


90 
 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   27   28   29   30   31   32   33   34   ...   204




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет