БҚму хабаршы №2-2016ж


«ЖАРАТУШЫ» КОНЦЕПТІСІНІҢ ЛИНГВОКОНЦЕПТОЛОГИЯЛЫҚ



Pdf көрінісі
бет32/40
Дата28.02.2017
өлшемі4,16 Mb.
#5072
1   ...   28   29   30   31   32   33   34   35   ...   40

«ЖАРАТУШЫ» КОНЦЕПТІСІНІҢ ЛИНГВОКОНЦЕПТОЛОГИЯЛЫҚ 
КӨРІНІСІ (ҚАЗАҚ ЖӘНЕ ТҮРІК ПАРЕМИЯСЫ НЕГІЗІНДЕ) 
 
Аңдатпа.  Мақалада  құрамында  Жаратушы,  Алла,  Құдай,  Тәңір  теонимдері 
бар  қазақ  және  түрік  тіліндегі  паремия  негізінде  «Жаратушы»  концептісінің 
лингвоконцептологиялық 
көрінісі 
қарастырылған. 
Мақал-мәтелдер 
мен 
фразеологимдерді  зерттеу  нәтижесі  қазақ  және  түрік  тілдеріне  ортақ  әмбебап 
құбылыстардың  барын  көрсетті,  бұл  объективті  болмыстың  ортақтығымен, 
адамзаттың  бірдей  ойлау  қабілетімен,  адамзаттың  кейбір  әрекеттерінің 
ұқсастығымен, мифологиялық ойлау негізінің әмбебаптығымен түсіндіріледі.  
Тірек  сөздер:  Әлемнің  тілдік  бейнесі,  теоним,  мәдени  белгі,  ұлттық 
нақыштағы компоненттер. 
 
Концепт  оны  білдіретін  тілдік  бірліктерінде  шашылып  жатыр.  Концепт 
құрылымын  құрастыру  үшін  концепт  көрініс  берген  барлық  тілдік  корпусты 
(лексикалық бірліктер, фразеология, паремиологиялық қор), тілге тән ерекше эталон-
образдан көрініс беретін тұрақты теңеулер жүйесін қоса зерттеу қажет [1]. 
Бұрынғыдан адамның бар өмірі, дүниеге келгенінен о дүниеге қайтқанға дейін 
жаратқанға  сену,  мұсылмандық  әлемінен  көрініс  беретін  мазмұнға  толы  болатын. 
Құдайға  сену  ұғымы,  аңыз-әңгімелер,  мешіттің  құрылымы,  әулиелердің  есімдері, 
діндарлардың аталуы – барлығы адамның тілдік санасында  көрініс  тапқан ұғымдар, 
оның парасаттық бағытын анықтады [2]. 
 «Жаратушы» 
концептісінің 
Орта 
Азия 
мұсылман 
халықтарының 
лингвомәдениетінде  өте  ұзақ  тарихы  бар,  бұл  тілде  молынша  көрініс  табуымен 
(Алла,  Құдай,  Хақ,  Құдіретті,  Жаппар,  Жаратушы,  Тәңір  т.б.),  көптеген  мақал-
мәтелдер, 
афоризм, 
көркем 
шығармаларда, 
фразеологизмдерде, 
тарихи 
ескерткіштерде қолдануымен дәлелденеді. 
Дін  және  Жаратушы  (тек  мұсылман  қауымы  емес,  жалпы  когнитивтік 
кеңістікте) концептісінің қалыптасуы туралы ойланған көптеген философтар дін мен 
Жаратушы  ұғымы  қатар  әркез  болған  емес  деген  пікірде  (Демокрит,  Бенедикт 
Спиноза,  Т.  Гоббс,  П.А.  Гольбах  т.б.).  Олардың  пікірінше,  дін  қалыптасуының 
бастапқы  негізінде  табиғаттың  күшті  құбылыстары  алдындағы  қорқыныш, 
болашаққа  деген  сенімсіздік,  адамзаттың  өз  күшіне  сенбеушілік  жатыр.  Діни  сенім 
аспан  құбылыстарына  бас  ұрудан  туындаған.  Басында  адамдар  табиғи  құбылыстың 
өзінен  қорқып,  құрмет  тұтқан,  кейіннен  көзге  көрінбейтін,  соларды  бағындыратын 
белгісіз күшке сенген, соңынан ой-толғаулар біртұтас себеп, жоғары сана, Жаратушы 
туралы  пікір  қалыптастырған.  Жаратушы  –  әлемді  басқаратын,  қасиет  тұтатын  ең 
жоғары  құдіретті  болмыс.  Жоғарыда  айтылған  теорияға  сәйкес  Жаратушы  ұғымының 
қалыптасуында  метафора  жатыр.  Э.  Кассирердің  терминологиясы  бойынша  –  «базистік 

 
                
 
 
 
 
БҚМУ Хабаршы №2-2016ж.  
 
253 
метафора»,  яғни  «тек  қана  ауысу  емес,  сонымен  бірге  басқа  түрге  айналу;  сондай-ақ 
санадағы барға ауысу емес, жаңа бір қалыпқа өту» негізінде қалыптасқан [3]. 
Жаратушыға сену – көптеген құбылысты: табиғи құбылыстар, эпидемия, өлім 
т.б.  түсіндіреді.  Түсінбейтін  нәрселер  жеңіл  түсіндірілетін  болды.  «Метафора 
абстрактілі  құбылыстарды  жеңіл  қабылданатындай  түсінікті  етеді  (негізгі  жолы  – 
нақтыдан  абстрактіге  көшу,  материалдыдан  рухани  дүниеге  көшу)»  [4].  Метафора 
бұл  жағдайда  көзге  көрінбейтін,  түсініксіз,  жұмбақ  нәрсені  түсінікті,  сана 
қабылдайтындай етуге көмектесті.  
Өзінің  ұзақ  қалыптасу  тарихында  Жаратушы  концептісі  көптеген  адамдарды 
толғандырды,  бұл  феноменді  түсіндіруге  талпынған  көптеген  мектептер  құрылды. 
Антроплогиялық  мектеп  өкілдері  (Л.Фейербах,  Э.Тейлор,  Г.Спенсер)  діннің  адами 
(анимистикалық теория) негізін табуға талпынды. Олардың пікірінше, өлгеннен кейін 
рухқа, соңынан Құдайға айналатын барлық заттардың жаны бар. Алайда бұл теория 
ғалымдар тарапынан да, діни өкілдер тарапынан да қатаң сынға алынды. 
«Жаратушы»  концептісін  аталымдық  тұрғыдан  қарастырғанымызда,  біз 
жинаған материал бойынша, Алла, Құдай, Тәңір бірліктері, сонымен бірге  Алланың 
бірнеше көркем есімдері мен метафоралық аталымдары анықталды. 
Тірек атау ретінде біз Алла, Құдай, Тәңір атауларын алдық, себебі олар өте жиі 
кездеседі және стильдік тұрғыдан бейтарап. 
Зерттеліп  отырған  концептінің  аталымдық  өрісі  кең,  оны  біз  әсіресе  
Қ.А.  Ясауидың  «Диуани  хикметінен»  байқаймыз.  Деривациялық  өрісін  Алладай, 
Құдайдай, Тәңірдей бірліктері құрады. 
 «Жаратушы»  концептісінің  мақал-мәтелдерде  репрезенттелуі.  Қазақ  тіліндегі 
негізгі белгілері: 
1.
 
Көпті жақтаушы:  Көп қайда болса, Құдай сонда; Тобы бірдің Тәңірі бір; 
Көпке ұнаған, Құдайға да ұнайды; 
2.
 
Бәріне  бір:  Адам  басына  бір  Алла;  Қашқан  Құдай  дейді,  Қуған  да  Құдай 
дейді; Құдай біреу, кезек екеу; 
3.
 
Еңбектенгенді  қолдаушы:  Бекерден  бекер  жатқаннан  Тәңірі  безер;  Берер 
Тәңірім талап қылсаң, Түк таппайды қарап жатқан; Бекерден Тәңірім безер; Десе де 
Құдай құрасын, Еңбек етсең – тұрасың; 
4.
 
Қудың  сазайын  беруші:  Момынның  есебін  қу  табады,  Қудың  есебін 
Құдай табады. 
5.  Жаны  таза,  пәк  адамдарды  жақтаушы:  Аққа  Құдай  да  жақ;  Кірсіз  –  ай, 
мінсіз бір Құдай; Мінсіз Құдай, кірсіз су. 
6.  Жақсылықты  біреуден  біреуге  ауыстырып  береді:  Құдай  өзі  бермейді, 
Біреудікін біреуге ауыстырып береді; 
7.  Бұзық,  ниеті  түзу  еместерді  қолдамаушы:  Сүзеген  сиырға  Құдай  мүйіз 
бермейді;  Көпке  тентек  –  Құдайға  шет;  Тоны  жаманды  ит  қабар,  Көңілі  жаманды 
Құдай табар; 
8. Сиынғандарды қолдаушы:Алла  деп барсаң, аман  келерсің; Құдайға  сиынған 
құстай  ұшады,  Адамға  сиынған  мұрттай  ұшар;  Құдайға  құр  сөзбен  құлмын  деме; 
Алла деген ар болмас, Алла деген пенделер, еш нәрсеге зар болмас; Құдай десең құр 
қалмассың;  Құдай  берген  арымас;  Кісіден  сұрағанның  көзі  шығар,  Құдайдан 
сұрағанның бүйірі шығар; 
9.  Ақыл  беруші,  жарылқаушы/  бермеуші:Құдай  маған  түйедей  бой  бергенше, 
түймедей  ақыл  бер.  Ауыз  дарбаза,  сөз  самал  Құдай  ұрғанға  не  амал;  Басты  берген 
Құдай  асты  да  береді;  Білімді  ұстаз  бергенмен,  Білікті  Құдай  береді;  Құдай 
адастырарында адамның ақылын алады
10.  сұрағанын  беруші/бермеуші:Алла  бермегенді  молда  да  бермейді;  Уа, 
Құдайым,  бала  бер,  бала  берсең,  сана  бер,  Сана  бермеген  балаңды  Қайтіп  өзің  ала 
бер; Тана пайда бермесе, Тәңірі пайда бермеді. 

 
                
 
 
 
 
БҚМУ Хабаршы №2-2016ж.  
 
254 
11. көкті билеуші:Құдай көгін билесін, Жеріме менің тимесін; Көкте  – Құдай, 
жерде – құмай; 
12.  кешіруші/  кешірмеуші:Алла  кешірер,  аруақ  кешірмес;  Құдай  бір 
айналдырғанды  Шыр  айналдырады;  Күнәсін  мойындағанды  Құдай  да  кешіреді; 
Құдай қарғысынан халық қарғысы қапалы; Құдай атқан оңалар, аруақ атқан оңалмас; 
13.  құдіретті  шындық:  Құдай  хақ,  Құран  шын;  Адамның  басы  –  Алланың 
добы; Құдайдың бір аты – халық; 
14.  безгендік/ мойындамағандық:Құдайдан қорықпа, Құдайдан қорықпағаннан 
қорық;  Күштіде  Тәңір  жоқ;  Аш  адам  Құдайын  ұмытады;  Алладан  ойбайым  жақсы; 
Құдайға да сенеді, Албастыға да ереді; Басы аман, шашы түгелдің, Құдаймен ісі жоқ; 
Басы  ауырып,  балтыры  сыздамағанның  Тәңірімен  ісі  жоқ;  Жүйрік  атқа  мінген 
Құдайын ұмытар; Құдаңа бола Құдайыңнан айрылма; Ұра берсең, Құдай да өледі; 
15.  жақтырушы/жақтырмаушы:  Аллаға  жағайын  десең  –  азаның,  Қазыға 
жағайын десең – қазаның болсын; 
 
16.  жалғыз  дос:  Шайдан  басқа  асым  жоқ,  Құдайдан  басқа  досым  жоқ; 
Жалғыздың жары – Құдай; 
17. бәрінен жоғары:Құдай құлым десе, Пайғамбардың үмбетімін демеске шара 
бар ма?; Хан Құдай емес, қара қурай емес; Құдайдың алдында бай да, Кедей де, бәрі 
құл; Құдайдың құрығы ұзын; Көп Құдайдан бір жасы кіші; 
18. жалғыз: Жалғыздық Құдайға жарасар, Көп сөзділік Құранға жарасар; 
19.  ханды  алушы:  Ә,  Құдайым,  ханды  алмағай,  Ханды  алып  қара  халық 
сандалмағай; Жарлы деп сөкпе, Пайғамбарға тілің тиеді, жалғыз деп сөкпе, Құдайға 
тілің тиеді; 
20.  ұрушы/  ақылын  алушы:  Ханды  Құдай  ұрарында,  Қарашасымен  қас  болар, 
Байды  Құдай  ұрарында,  Дәулетіне  мас  болар;  Ханды  Құдай  ұрғаны,  Халқымен  жау 
болғаны,  Биді  Құдай  ұрғаны,  Билігі  дау  болғаны;  Атың  жебір  болса,  Құдайдың  бергені, 
Әйелің  жебір  болса,  Құдайдың  ұрғаны;  Құдай  бір  ұрғанды  қос  ұрады;  Құдай  ұрғанды, 
Пайғамбар асасымен түртеді; Ауыз – дарбаза, сөз – самал, Құдай ұрғанға не амал; 
21. бәрін естуші: Сыбырлағанды Құдай естімей ме?; 
22.  кәрін  тігуші:  Құдай  құмырсқаға  кәрін  тіксе,  қанат  бітіреді;  Зорсынғанға 
Құдай бар, Сол темірге балға бар; 
23. несібе/ нәсіп беруші: Емшекті ана береді, Несібені Алла береді; Таңғы нәсіп 
Тәңірден; Берейін десе Құдайда қазына көп; Жыртық үйдің де Құдайы бар; 
24. өтірікшілердің жауы: Өтірікші – Құдайдың дұшпаны; 
25. жан беруші/алушы: Өлместі Құдай жаратпас, Сынбасты ұста жасамас; Мал 
–  байдікі,  жан  –  Құдайдікі;  Жетімге  ауыз  берген  Құдай  Нәпаха  да  береді;  Өлмеген 
құлға Құдай-ау, Болып та қалды мынау жаз; Әкемді алсаң ал, Құдай, Шешемді алма, 
Шекпен  тоқып  берсе  де,  Өлмеймін  ғой;  Ұлыңды  алып,  қыз  берсе,  Қорлағаны 
Құдайдың,  Қызыңды  алып,  ұл  берсе,  Сыйлағаны  Құдайдың;  Ауру  берген  Құдай,  әл 
де береді; Құдай тірі еткенді, құры етпейді; Адамның жаны – Алланың аманаты; Әлі 
кеткен Құдайға тапсырады; Итті Құдай иесімен қинасын; 
26.  бәрінен  хабардар:  Құмырсқаның  тасқа  басқаны  Аллаға  аян;  Құдайсыз 
қурай сынбайды; 
27. қонақтарды/көршілерді қодаушы: Қонақ Құдайдың еркесі; Көрші хақысы – 
Тәңір ақысы; Той – Тәңірдің қазынасы; Қонақ ырыздығын Тәңір жеткізеді; Қонақасы 
– Тәңір ақысы; 
28. сақтаушы: Өзі саққа Құдай жақ; 
29. қорқытушы/қорқытпаушы: Қорық Құдайдан, қайт райдан; Қорқақтың бәрі 
Құдайшыл; Қорықпас Құдайдан да қорықпас; Халықтан ұял, Құдайдан қорық; 
30.  құдаларды  қосушы:  Досты  періште  қосады,  құданы  Құдай  қосады;  Құдай 
қосқан құда болады, пайғамбар қосқан дос болады; 
31. мал/пейілін алушы/алмаушы: Құдай малыңды алса да, пейіліңді алмасын; 

 
                
 
 
 
 
БҚМУ Хабаршы №2-2016ж.  
 
255 
32.  құрмет  тұттырушы:  Құдайға  құрмет  –  елдің  салты,  Еліне  құрмет  – 
ердің даңқы; 
33.  тәуба  еткізуші:  Еңкейгенге  еңкей,  атаңның  қара  құлы  емес,  Шалқайғанға 
шалқай, Алланың ұлы емес; Құдай азды, көпті берсе де, Нығметіне тәубе қыл; 
34.  бұйрық  беруші:  Бәйбіше  –  Құдай  бұйрығы,  Тоқал  –  иттің  құйрығы; 
Арқадағы қоғайды – Қой бақтырған Құдай-ды!; 
35. өз қалағанын жасаушы: Пенденің сұрағаны болмай, Алланың қалағаны болады; 
Құдай берейін десе, жұдырыққа тас сынады, Қимайын десе, бұршаққа тіс сынады; 
36.  адалдарды  қолдаушы:  Адалды  Құдай  табады,  Момынды  қайыр  табады; 
Құдай бергенге құлай береді; Құдай бергеннің тоқтысын қыдыр бағады; Момынның 
ісін Құдай жөнге салады; 
37. күйіндіруші: Жаны күйген Тәңірісін қарғайды; 
38. жақсысын алушы: Жақсы да Құдайға керек. 
Түрік тіліндегі негізгі белгілері: 
1.
 
қайтарып алушы: Allah evvel insanin aklini alir sonra parasini; 
2.
 
қол ұшын беруші: Allah gayret edenin yardımcısıdır; 
3.
 
бәрін реттеуші: Allah güle güle verdirsin, ağlaya ağlaya istetmesin; 
4.
 
қалаушы: Allah ilmi dileyene, malı dilediğine verir; 
5.
 
ақылынан адастырушы: Allah insanın aklını alacağını canını alsın; 
6.
 
әлін анықтаушы: Allahkimseye kaldıramayacağı yük vermez; 
7.
 
сабыр беруші: Allah sabırlı kulunu sever; 
8.
 
сынаушы: Allah sevdigine dert verir; 
9.
 
бәрін беруші: Vermeden almak tanri'ya mahsustur; 
10.
 
мүмкіндік жасаушы: Allah gümüş kapıyı kaparsa, altı kapıyı açar; 
11.
 
өзін танытушы: Allah’ı bilmeyene kellik körlük yaramaz; 
12.
 
өзін сүйдіруші: Allah’ın sille ile vurduğuna bir tekme de sen vur; 
13.
 
қайырымшылдың досы: Düşenin eline yapaşana Mevla yardım eder; 
14.
 
қателеспеуші: Düşmez kalkmaz bir Allah т.б. 
Қазақ және түрік тілдеріндегі мысалдардан біз Жаратушыны сипаттаушы, сол 
сипатына  сай  пенденің  әрекет  ету  міндетін  айқындаймыз.  Бұл  дегеніміз 
провиденциализмді (лат. providentia — «құдіретті күш, хақ-тағала, тағдыр, жазмыш») 
білдіреді, яғни әр іс-әрекет Жаратушының алдын ала  белгілеп қойған жолымен іске 
асады,  барлығында  Жоғары  құдіреттің  қатысы  бар.  Сондықтан  бұлекі  тілдегі 
мысалдардан  біз  о  дүниеде  жауапқа  тартылмай  жұмаққа  жету  үшін,  Жаратушы 
салған  жолдан  таймай,  күнә  жасамау  керектігін  ескертетін  адамзат  өмірі 
тәжірибесінің ой-түйінін аңғарамыз. 
Кез келген тіл – әлеуметтік-тарихи құбылыс, сондықтан да ұлттық нақышқа ие. 
Әлем  бейнесіне  адам  мен  ортаның  өзара  қатынасы  немесе  орта  мен  адам  туралы 
ақпаратты өңдеу нәтижесі деп қарау қажет.Әлемнің тілдік бейнесі ұғымымен  мәдени 
белгі ұғымы тығыз байланысты. Бұл жағдайда әлемнің тілдік бейнесіне сол халықтың 
жалпы адамзаттық және ұлттық ерекшелік белгілерін енеді.  
Осы туралы З.Қ. Сабитова келесіні айтады: «Екі тілдің лексика-семантикалық 
жүйесінде ұқсас элементтердің болуы үш факторға байланысты: а) салыстырылып отырған 
тілдердің  шығу  тегінің  бір  болуы,  генетикалық  туыстығы;  ә)  әртүрлі  тілдерде  бір-бірімен 
байланыстырмай, ұқсас лексика-семантикалық үдерістердің қалыптасуына себепкер болатын 
тілдік  әмбебаптық  заңының  орын  алуы;  б)  халықтар  –  тіл-мәдениет  иелері  арасында 
экономикалық, саяси, мәдени қатынастың орнауы» [5, 78 б.]. 
Тілсіз  әлем  туралы  адам  білімінің  қалыптасуы  мүмкін  емес.  Тілде  қоршаған 
орта,  өмір  салты,  тіл  иесі    –  халықтың  әлемге  деген  көзқарасын  тану  нәтижесі 
сақталады. Өмірде онсыз еш нәрсе іске аспайтын бір қабат ретінде тіл бізді қоршап 
жатыр.  Тілде  сақталған  және  сол  тілдік  ұжым  үшін  ерекше  қабылдау  сызбасын 
әлемнің тілдік бейнесі деп атайды [6, 14 б.]. 

 
                
 
 
 
 
БҚМУ Хабаршы №2-2016ж.  
 
256 
Тілдің  болмысты өзгертіп  және ерекше  әлем  бейнесін туғызу қабілеті  туралы 
Э.  Сепир  келесіні  жазған:  «...  барлық  тілдердің  ішкі  мазмұны  бір  –  тәжірибенің 
интуитивті білімі. Тек олардың сыртқы тұрпаты ғана жалғаса беретін әртүрлі, себебі 
бұл форма – ұжымдық ойлау өнері» [7, 193 б.]. 
Тілдегі 
әмбебап 
құбылыстар 
мен 
категориялардың 
орын 
алуын  
З.Қ. Сәбитова былай деп түсіндіреді: «... ең алдымен, объективті болмыс бірлігімен, 
тілдің  көрініс  беру  табиғатымен,  адам  психикасының  ұқсастығымен,  халықтардың  өмір 
салтының  жеке  ұқсастықтарымен,  мифологиялық  ойлау  көзінің  әмбебаптығымен  т.б. 
түсіндіріледі. Тілдік бірліктердің мағынасындағы ұлттық ерекше компонент .... этникалық 
мәдениет, ділімен, халық тарихымен анықталады» [5, 79 б.]. 
Кез келген тіл өз бірліктерінде әлемнің көрегендік (болжағыштық) бейнесінің 
ізін сақтаған. Қандай да бір сөз, айтылымдарды қолданғанда адам тілге қаншалықты 
жаратушы идеясының сіңгенін, «бәрін көруші» субъектінің қаншалықты «әр жерде» 
екендігін байқамайды [8, 8 б.]. 
«Бәрін көруші» субъект – бұл адам өмірін, оның әрекетін, қалпын анықтайтын, 
қандай да  бір белгісіз  (бәрін көретін, бәрін еститін) жаратушы, тағдыр, жағдаят т.б. 
түріндегі қайтаруға болмайтын күш [9, 202 б.]. 
Қазақ  тілінің  Алла  деп  барсаң  аман  келерсің  мақал-мәтелінде  «бәрін  көруші» 
субъект  –  жаратушы  бар.  Тек  оның  бір  өзі  адам  тағдырын  шешеді.  Құдай,  маған 
түйедей  бой  бергенше,  түймедей  ақыл  бер;  Адамның  басы  –  Алланың  добы  мақал-
мәтелдері  адамның  фатализмге,  бойсұнғандық  пен  мойынғандықты  білдіреді.  Бұл 
ойды  біз  А.  Вежбицкаяның  еңбегінен  де  бақылаймыз:  «...  адам  өз  өмірі  өзінің 
қолында  еместігін  сезінтетін  пассивтілік  ерекше  байқалады  және  өзін  (кез  келген 
адам)  фаталимзге  бой  ұрған,  мойындаған  пассивті  экспериенцер,  өмірлік 
жағдаяттарды «бақылаушы емес» ретінде сезінеді [10, 33 б.]. 
Қорықпа/қорық  етістіктерінің  мақал-мәтел  қолданысында  антитезасы 
байқалады: Құдайдан қорықпа, Құдайдан қорықпағаннан қорық, яғни жаратушының 
құдіреті  идеясы  «Құдайсыз»  арқылы  актуалданады.  Сонымен  бірге  осы  арқылы 
адамға имплицитті түрде мінездеме беріледі. 
Қазақ тілінің Мінсіз Құдай, кірсіз су мақалы құдірет күшінің деңгейін мінсіздігі 
арқылы  көрсетіп  тұр.  Түркі  тілдерінде  «тазалық,  мінсіздік»  мәні  ағынды  сумен 
теңестіріліп берілетіні о бастан-ақ бар. Бұл мақалда да тірек сөз қызметін Құдай сөзі 
атқарып тұр. 
Қазақ  тілінде  жаратушы  ұғымын  беретін  үш  сөз  де  орынды  қолданысын 
табуда:  Алла  –  араб  сөзі  болса,  Құдай  –  парсы  сөзі,  ал  Тәңір  –  түркі  сөзі. 
Мұсылмандықтың  қазақ  жеріне  енгенінен  сонша  ғасыр  өтті  десек  те,  бұл  сөздер 
өзектілігін, қолданысын жоғалтпаған, мұның себебі «бәрін көруші» субъект алдында 
адамның  фатализмге  бой  ұрғандығының  белгісі  ретінде  олардың  білдіретін 
мағынасында  болса  керек.  Тәңір  компоненті  бар  мақал-мәтелге  мысал:  Бекерден-
бекер жатқаннан Тәңірі безер; Тобы бірдің тәңірі бір. 
 Көптеген  фразеологизмдер  одағай  тұрпатта  болып  келеді,  мұны  біз  қазақ 
тіліндегі  жаратушы  компоненті  бар  фразеологизмдерден  де  байқаймыз.  Мәселен, 
Құдая  тоба  [тәуба]  контексте  қолданысына  қарай  жағымды  мазмұнда  Құдая  тоба, 
әйтеуір келдің-ау немесе жағымсыз мазмұнда Құдая тәуба! Қанден қатты састы, құты 
қашты  (С.  Сейфуллин)  қолданылуы  мүмкін.  Бұл  фразеологизмдегі  жаратушы 
мағынадағы  компонентті  алмастыратын  болсақ,  адресатқа  экспрессивті  ықпалын 
жоғалтуы мүмкін. 
Сонымен  бірге  қазақ  тілінде  мазмұн  жағынан  жағымды/жағымсыз 
коннотациялы  мақал-мәтелдер  мен  фразеологизмдерді  бөліп  қарастыруға  болады. 
Жағымды коннотациялы фразеологизмдерді үш түрге бөлеміз: 
а) үміт; 
ә) тілек; 
б) ризашылық. 

 
                
 
 
 
 
БҚМУ Хабаршы №2-2016ж.  
 
257 
«Үміт»  тобындағы  фразеологизмдер  нәтижелі  мәнге,  күткен  үміттің  жақсы 
аяқталуын көрсететін мәнге ие:  
Құдай абырой берді; Құдай қаласа; Аллаға [Құдайға] шүкірлік қылды; Аллаға 
[Құдайға] мінәжат етті. 
Фразеологизмдердің  келесі  тобы  қандай  да  бір  істің  жақсы  аяқталуын, 
денсаулық, өмір сақталуын т.б. тілеуді білдіреді: 
 
 
 Құдай сақтасын; Құдай [Тәңір] тілеуің берсін!; Аллаға мақұл болсын. 
Жағымды  коннотациялы  фразеологизмдердің  соңғы  тобы  адам  риза  болған 
нәтиже деген мәнге ие: 
 Құдая тоба [тәуба];  Алла тұзын көтерді;  Алла [Құдай] сақтады;  Алла [Құдай] 
оңғарды [оңдады]. 
Жағымсыз  коннотациялы  фразеологизмдерді  де  келесі  топтарға  бөліп 
талдауға болады: 
а) үмітсіздік; 
ә) қарғыс; 
б) риза еместік; 
в) ризашылық. 
Бірінші  топқа  үмітсіздік,  шарасыздық  басымдылық  алған  жағымсыз  нәтижелі 
мәнге ие фразеологизмдерді жатқызуға болады: 
Құдай алды; Құдай басқа салды; Құдай салды, мен көндім; Құдай ұрды; Құдай 
табады;  Алланың  [Құдайдың]  кәрі  тиді;  Алланың  [Құдайдың]  салғаны. 
Фразеологизмдердің  бұл  тобында    Құдай  салды,  мен  көндім  фразеологизмі 
«үмітсіздікті» айқын көрсетеді, «бәрін көруші» субъект  – жаратушы адам өмірін еш 
өзгертуге келмейтіндей етіп анықтайды. Ал Құдай табады фразеологизмі қандай да 
бір жағымсыз ісі үшін жазалайтын күш бар екендігін ескертетін мәнді білдіреді. 
 «Қарғыс» тобындағы фразеологизмдер қандай да бір ісі, адамдардың бір біріне 
қатынасын білдіретін мәнге ие. Қазақ тілінде олар саны жағынан басымырақ болып 
шықты,  яғни  «бәрін  көруші»  субъект  арқылы  адамның  адамға  деген  ниетін, 
қатынасын көрсететін, пендешіліктен көрініс береді. Мәселен, Құдай тапсын; Құдай 
тас  төбеңнен  ұрғыр!  Құдай  ұрғыр  [жазаңды  бергір,  жүзін  көрмегір;  сілегір, 
қарғағыр]! Құдай тілеуіңді бермесін; Тәңірден тап. Бұл топта  Құдай жүзін көрмегір 
фразеологизмі мұсылман үшін ең ауыр жаза, Хақ дидарын көрмеуді білдіреді. Аялық 
біліміне қарай Құдайға берілген тұлға Мұса пайғамбар сияқты Құдай дидарын көру 
туралы жағдаятты еске түсіреді. 
 «Риза  еместік»  тобында  қазақ  халқына  тән  таза  ұлттық  фразеологизмдер 
кездесті. Мысалы: Құдайдың зарын қылды; Құдайдың ала танасын ұрлаппын ба?  
«Ризашылық»  тобында  сарказм  мәні  бар  фразеологизмдер  де  кездесті,  оларда 
да  таза  ұлттық  нақыш  байқалады:  Құдайды  құлағынан  ұстады;  Құдайдың  кенже 
ұлындай  –  қазақ  халқында  кенже  ұлдың  орны  бөлек,  ол  –  ошақ  иесі,  мұрагер, 
басқаларға  қарағанда  әлеуеті  жоғары  ,  сондықтан  да  «кенже»  сөзі  сарказмды 
күшейтіп  тұр.    Алла  деп  арақ  ішіп,  Құдай  деп  қуырдақ  жеді  фразеологизмі 
ішкіштерді суреттейді. Сарказмды жеткізу жолында антитезаны қолдана білген қазақ 
халқының шеберлігін атап өту керек: Алла – арақ, Құдай  – қуырдақ. 
Қазақ  тілінің  мақал-мәтелдерін  де  жағымды/жағымсыз  коннотациялы  деп  бөліп 
қарастыруымызға болады, оларды өз кезегінде келесі топтарға бөлгенді жөн көрдік: 
а) үміт/үмітсіздік; 
ә) тілек/қарғыс; 
б) ризашылық/риза еместік. 
Бірінші  топтағы  жағымды  коннотациялы  мақал-мәтелдер  фразеологизмдердің 
мағынасына  ұқсас:  Құдайдан  сұрасаң  кешірер,  Кісіден  сұрасаң,  екі  көзіңді  өшірер; 
Тәуекелдің тауы – бір Құдай; Құдай деген құр қалмайды; Алла деген ар болмас, Алла 

 
                
 
 
 
 
БҚМУ Хабаршы №2-2016ж.  
 
258 
деген пенделер, еш нәрсеге зар болмас;Құдай берген арымас; Кісіден сұрағанның көзі 
шығар, Құдайдан сұрағанның бүйірі шығар; Басты берген Құдай асты да береді; Алла 
кешірер,  аруақ  кешірмес;Күнәсін  мойындағанды  Құдай  да  кешіреді;  Құдай 
қарғысынан халық қарғысы қапалы; Шайдан басқа асым жоқ, Құдайдан басқа досым 
жоқ;  Жалғыздың  жары  –  Құдай;  Құдай  құлым  десе,  Пайғамбардың  үмбетімін 
демеске  шара  бар  ма?;Жетімге  ауыз  берген  Құдай  Нәпаха  да  береді;Ауру  берген 
Құдай,  әл  де  береді;  Құдай  тірі  еткенді,  құры  етпейді;  Адамның  жаны  –  Алланың 
аманаты;  Әлі  кеткен  Құдайға  тапсырады;  Құдай  атқан  оңалар,  аруақ  атқан 
оңалмас;Алла деп барсаң, аман келерсің.
 
«Тілек» тобындағы мақал-мәтелдер фразеологизмдерге қарағанда адресанттың 
өзіне  бағытталған:  Өлместі  Құдай  жаратпас,  Сынбасты  ұста  жасамас;Берейін  десе 
Құдайда  қазына  көп;Құдай  малыңды  алса  да,  пейіліңді  алмасын;Әкемді  алсаң  ал, 
Құдай,  Шешемді  алма,  Шекпен  тоқып  берсе  де,  Өлмеймін  ғой;Ә,  Құдайым,  ханды 
алмағай, Ханды алып, қара халық сандалмағай; Құдай маған түйедей бой бергенше, 
түймедей ой бер
Біз  қарастырған  материалдар  бойынша  жағымды  коннотациялы  мақал-
мәтелдердің  соңғы  тобы:  Құдай  азды,  көпті  берсе  де,  Нығметіне  тәубе  қыл;Адалды 
Құдай  табады,  Момынды  қайыр  табады;  Құдай  бергенге  құлай  береді;  Құдай 
бергеннің тоқтысын қыдыр бағады; Момынның ісін Құдай жөнге салады; Жақсы да 
Құдайға керек; 
Жиналған материалдар бойынша жағымсыз коннотациялы мақал-мәтелдер тек 
екі  топқа  қатысты  болып  шықты:  үмітсіздік  және  риза  еместік:  Жаны  күйген 
Тәңірісін  қарғайды;Пенденің  сұрағаны  болмай,  Алланың  қалағаны  болады;  Құдай 
берейін десе, жұдырыққа тас сынады, Қимайын десе, бұршаққа тіс сынады; Күштіде 
Тәңір жоқ; Аш адам Құдайын ұмытады; Алладан ойбайым жақсы; Құдайға да сенеді, 
Албастыға  да  ереді;  Басы  аман,  шашы  түгелдің,  Құдаймен  ісі  жоқ;  Басы  ауырып, 
балтыры  сыздамағанның  Тәңірімен  ісі  жоқ;  Жүйрік  атқа  мінген  Құдайын  ұмытар; 
Құдаңа  бола  Құдайыңнан  айрылма;Ханды  Құдай  ұрғаны,  Халқымен  жау  болғаны, 
Биді Құдай ұрғаны, Билігі дау болғаны;Атың жебір болса, Құдайдың бергені, Әйелің 
жебір болса, Құдайдың ұрғаны;  
Құдай  бір  ұрғанды  қос  ұрады;  Құдай  ұрғанды,  Пайғамбар  асасымен  түртеді; 
Ауыз  –  дарбаза,  сөз  –  самал,  Құдай  ұрғанға  не  амал;  Сыбырлағанды  Құдай  естімей 
ме?;  Құдай  құмырсқаға  кәрін  тіксе,  қанат  бітіреді;  Зорсынғанға  Құдай  бар,  Сол 
темірге  балға  бар;  Басқа  салса  Алла,  Не  көрмейді  пенде.  Бұл  жерден  біз  адамның 
тығырықтан шығар жол таппағанын аңғарамыз. 
Келесі  топқа  қатысты  мақал-мәтелдер  саны  жетерлік  болып  шықты.  Оларды 
шартты  түрде  саркастикалық  және  кінәраттық  деп  бөліп  қарастыруға  болады:  Сен 
Құдайға  жеткенше,  Мен  ауылға  жетемін.  Бұл  жерде  жаратушы  туралы  біздің 
санамызда  қалыптасқан  ақпарат  пен  мақалда  берілген  мағынаның  арасында  қарама-
қайшылық  байқалады.  Біздің  ойымызша,  Жаратушы  сөзінің  синергетикасы  кез  келген 
адамның әлсіздігін, кемшілігін, мінсіз еместігін  аңғарту мақсатында қолданылған.Аллаға 
жағайын десең – азаның, Қазыға жағайын десең – қазаның болсын. 
Шарасыздықтан  және  риза  еместіктен  жақын  адамынан  айырылған  немесе 
қандай да басқа бақытсыздыққа ұшыраған адамда наразылық, кінә тағу қалыптасады: 
Құдай көгін билесін, Жеріме менің тиемсін; Жарымды алған Құдайдың Келіні мендей 
жыласын.  Бірінші  мақалда  жаратушы  ұғымының  қол  жетпейтіндігін,  жоғары,  биік 
екендігін байқатады. 
Қазақ тілінде мұндай фразеологизмдер мен мақал-мәтелдердің қалыптасуының 
бірнеше  себептері  бар.  Біріншіден,  Қазақстан  ұзақ  жылдар  бойы  атеизмнің 
ықпалында  болды;  екіншіден,  исламның  қазақ  жерінде  таралуы  ерекше  жағдайда 
болды.  Олардың  кейбіреуі  Кеңес  өкіметі  кезінде  қалыпастуы  мүмкін,  себебі 
«фразеологиялық  қор  өзгереді,  толығады  және  жаңарып  отырады,  әрине,  оған 
құрамында  жалқы  есімі  бар  жаңа  фразеологиялық  бірліктер  кіреді.  Жаңа 

 
                
 
 
 
 
БҚМУ Хабаршы №2-2016ж.  
 
259 
фразеологиялық  бірліктерге  «өмір  беретін»  қоғам  өмірінде  жаңа  есімдер,  жаңа 
ассоциативті  байланыстар  пайда  болады»  [11,  155  б.],  бұл  –  мақал-мәтелдерге  де 
қатысты құбылыс. 
Кеңес  өкіметі  құлағаннан  кейінгі  кезеңде,  адамдардың  Құдайға  деген  сенімі 
нығайған шақта атеизм мәселесі артта қалды, құрамында Жаратушы ұғымын беретін 
компоненті  бар  біз  қарастырған  мақал-мәтелдер  мен  фразеологизмдер  дұрыс 
анықталып,  түсініктемеге  ие  болады.  Тіптен  Кеңес  өкіметі  кезінде  адамдардың 
Құдайға деген сенімі өшкен жоқ, ал талданған мақал-мәтелдер мен фразеологизмдер 
Жаратушы  алдында  адамның  әлсіздігін,  мойынсұнғандығын,  бағыныштылығын 
аңғартады. 
Біз  қарастырған  материал  адам  тарапынан  пассивтілік,  бойсұнғандық,  «өзі 
қадағалай алмайтындық» тілдік деңгейде «бәрін көруші» субъектінің көрініс беретін 
айқындауға септігін тигізді. Басқа сөзбен айтқанда, Жаратушы – болып жатқан істің, 
жағдаяттың т.б. тұғыры. 
Сонымен  бірге  «Жаратушы»  концептісіне  қатысты  тіл  иелерінің  белгілі  бір 
мезгілдік-кеңістік  қатынаста  жасалатын  іс-әрекеттері  санада  орныққан.  Мәселен, 
қандай да «жақсы-жаман» бинарлық көзқарасқа қатысты эмоциясын білдіру, осының 
негізінде  мақал-мәтел  мен  фразеологизмдерді  қолдану  діни  білімі  тар  және  діни 
білімі кең тұлғалардың бірдей атқаратын іс-әрекеті болса, Құран-кәрімді жатқа білу, 
парыздарын  өтеу,  мешітке  жиі  бару  сияқты  рухани  іс-әрекеттер  тек  діни  білімі  кең 
тұлғалар  тарапынан  орындалатыны  белгілі.  Бұл  тұлғалар  өздерінің  білімін  белгілі 
дәрежеде толықтырып, кеңейте алады. 
«Жаратушы»  концептісі  мәдени  әмбебап  болып  табылады  және  оның  бөлігі 
болып  табылатын  әлем  бейнесінің  ерекшелігіне  (зайырлы  және  діни)  байланысты, 
оның мазмұны тіл иелерінің көзқарасын, әлеуметтік және этномәдени дәстүрлерінен 
көрініс береді. 
«Жаратушы»  концептісі  үшқабатты  құрылымнан  тұрады:  этимологиялық, 
тарихи,  өзекті  қабат.  Оның  этимологиялық  қабаты  түркілік  заманнан  басталады 
(Тәңір),  ал  тарихи  және  өзекті  қабаттары  диахронды  өзгермелі  және  тұрақты 
семантикалық  сипат  пен  вербалдану  тәсілдерінен  тұрады  (Кеңес  өкіметінің  ықпалы 
т.б.).  Аталмыш  концептінің  инварианттық  сипаты  зайырлы  және  діни  дискурста 
Жаратушы  мейірімді  және  мінсіз,  адамды  жаратушы,  бәрін  көруші,  қорғаушы 
ретінде суреттеледі.  
 
Әдебиеттер: 
1.  Введение  в  когнитивную  лингвистику.  /  Под  ред.  М.В.  Пименовой.  –
Кемерово, 2004. – 208 с. 
2.  Скляревская  Г.Н.  Лексика  русского  православия  в  процессе  языкового 
возрождения начала ХХІ века: ее место в лексической системе и в культуре страны 
//  Русистика  и  совеременность:  лингвокультурология  и  межкультурная 
коммуникация. – М., 2002. – с. 6. 
3. Кассирер Э. «Сила метафоры» // Сб. «Теория метафоры». –М., 1990. –  с. 36. 
4. Маслова В.А. Лингвокультурология. –М., 2001. – 155 с. 
5.  Сабитова  З.К.  Прошлое  в  настоящем.  Русско-тюркские  культурные  и 
языковые контакты. – Алматы: Қазақ университеті, 2007. – 320 с. 
6.  Яковлева  Е.С.  К  описанию  русской  языковой  картины  мира  //  Синтаксис: 
изучение и преподавание. – 1997. – с. 14-27. 
7.  Сепир  Э.  Избранные  труды  по  языкознанию  и  культурологи:  Пер.  с  анг.  – 
М.: Издат. Группа «Прогресс», 2002. – 656 с. 
8. Кусков В.В. История древнерусской литературы. – М.: Высш. школа, 1989. – 304 с. 
9.  Гак  В.Г.  Судьба  и  мудрость  //  Сб.  «Понятие  судьбы  в  контексте  разных 
культур» / Отв. ред. Н.Д.Арутюнова. – М.: Наука, 1994. – с. 198-206. 

 
                
 
 
 
 
БҚМУ Хабаршы №2-2016ж.  
 
260 
10.  Вежбицкая  А.  Язык.  Культура.  Познание:    Пер.  с  англ.  /  Отв.  ред.                     
Н.А. Кронгауз. – М.: Русские словари, 1997. –416 с.  
11.  Купцова  А.А.  Совмещение  признаков  онима  и  апеллятива  в  слове  «Бог»  // 
Имя. 
Социум. 
Культура: 
материалы 
ІІ 
Байкальской 
международной 
ономастической 
конференции. 
– 
Улан-Удэ: 
Издательство 
Бурятского 
госуниверситета, 2008. – 300 с. 
 
 
Иманбердиева С.К., Ыбырайым А.О. 
Лингвоконцептологическое описание концепта «Жаратушы (Господь)» 
(на основе казахской и турецкой паремии) 
В  данной  статье  рассматривается  лингвоконцептологическое  описание 
концепта  «Создатель-Жаратушы»  на  материале  пословиц  и  поговорок, 
фразеологизмов  казахского  и  турецкого  языков  в  составе  которого  есть  теоним  - 
Создатель, Алла, Кудай, Танир. Исследование пословиц и поговорок, фразеологизмов 
показало существование универсальных явлений  для казахского и турецкого языков, 
которое  объясняется  единством  объективной  реальности,  сообществом 
человеческой  психики,  сходством  отдельных  сторон  деятельности  людей, 
универсальных источников мифологического мышления, и т.д.  
Ключевые  слова:  Языковая  картина  мира,  теоним,  культурный  символ, 
национально-специфические компоненты. 
Imanberdiyeva S.K., Ybyraiym A.O.  
Lingvokontseptogical description of the concept of "Zharatushy (Lord)" 
(On the basis of the Kazakh and Turkish paremias) 
This  article  discusses  lingvokontseptologicaldescription  "Sozdatel-  Zharatushy" 
concept on the material of proverbs and phraseologisms Kazakh and Turkish languages in 
which  structure  there  Theon  -  the  Creator,  Allah,  Tanir.  The  study  of  proverbs  and 
phraseologisms  revealed  the  existence  of  a  universal  phenomenon  for  the  Kazakh  and 
Turkish  languages,  which  explains  the  unity  of  the  objective  reality  of  the  human  psyche 
community  similarity  of  individual  aspects  of  human  activity,  the  universal  source  of 
mythological thinking, etc. 
Keywords:  Linguistic  picture  of  the  world,  Theon,  a  cultural  symbol,  the  national-
specific components. 
*** 
 
ӘОЖ  821. 512. 122 (091) 
 
Әбдіқалық К.С. – филология ғылымдарының кандидаты, профессор м.а. 
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті  
Е-mail: kun_jan.16@mail.ru 
Орынханова Г.А. – филология ғылымдарының кандидаты, доцент 
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті  
Е-mail: gibadat_o@mail.ru 
 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   28   29   30   31   32   33   34   35   ...   40




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет