Дәріс 10 Тақырыбы: Жүйке жүйесі мен жүйке-бұлшық ет жүйесінің қызметтік қабілеттілігін тексеру әдістері Жоспар



бет1/4
Дата04.11.2022
өлшемі21,55 Kb.
#47611
  1   2   3   4
Байланысты:
Лекция-1662115131183


Дәріс 10 Тақырыбы: Жүйке жүйесі мен жүйке-бұлшық ет жүйесінің қызметтік
қабілеттілігін тексеру әдістері
Жоспар:

  • Жүйке жүйесінің қызметтік қабілеттілігін клиникалық әдістермен және құрал-жабдықтармен тексеру.

  • Жүйке-бұлшық ет қызметтік қабілеттілігін клиникалық әдістермен және құрал-жабдықтармен тексеру.

Кілт сөздер: Жүйке жүйесі, жүйке-бұлшық ет
Спортшыларды кешенді зерттеу барысында жүйке жүйесі мен жүйке-бұлшық ет жүйесінің қызметін білудің маңызы зор, себебі организмде жүріп жатқан барлық физиологиялық процестерді реттеуде олардың рөлі ерекше. Мысалы, орталық жүйке жүйесі тірек-қимыл аппараты мен вегетативтік функциялар арасында байланысты қамтамасыз етеді. Адамның жұмыс істей алу қабілеті жүйке жүйесі мен жүйке-бұлшық ет жүйесінің қызметтік мүмкіндігіне байланысты. Спортпен жүйелі шұғылданудың әсерінен туатын жаттыққандық қасиеттің көтерілуін қамтамасыз ететін бірегей фактор – жүйке жүйесі мен жүйке-бұлшық ет жүйесі қызметінің жетілуі. Сондықтан спортшыларды медициналық тексеру кезінде дене жүктемелерін орындауға осы жүйелердің дайындығын анықтайды.
Машықтандыратын жаттығуларды жекешелендіру және тағы басқадай мақсат-міндеттерді орындау үшін оқытушы мен бапкер жүйке жүйесі мен жүйке-бұлшық ет жүйесін зерттейтін негізгі клиникалық әдістермен де таныс болуы керек. Жүйке жүйесінің қызметін зерттейтін клиникалық әдістер қатарына, ең алдымен, анамнез жатады. Сыр тартып сұрау арқылы он екі жұп ми жүйкелерінің қызметінен мағлұмат алады. Осымен қатар, жүйке жүйесінің үйлестіретін қызметін, сіңірлер рефлекстерін, талдағыштар мен вегетативтік жүйкелер жағдайын тексеру жүргізіледі.
Зерттелуші спортшыдан жүйке жүйесінің қандай аурулары мен жарақаттары болғаны және олардың себептері, пайда болған және созылған уақыттары туралы мағлұматтар алынады. Мысалы, боксшы болса нокаут, нокдаун болғанын немесе болмағанын білу керек, себебі олардың салдары орталық жүйке жүйесінің бұзылыстарына соғуы мүмкін.
Орталық жүйке жүйесінің бұзылыстары секемшілдік, тұрақсыздық, құбылмалылық және қызметтік қабілеттіліктің төмендеуі сияқты симптомдармен білінеді. Егерде осындай симптомдар болса, оларға баса назар аудару керек.
Шеткі жүйке жүйесінің бұзылыстары көбіне жұлын түбіршектері мен жүйке діңдері бойында ауырсынумен, бұлшық еттердің әлсіздігімен, сезгіштіктің өзгеруімен білінеді. Сезгіштік қол-аяқтың ұйып қалуы, жер-жердің күйіп тұрғаны немесе тері бетімен құрт-құмырсқаның жүріп жүргені сыяқты сезімнің пайда болуымен сипатталады. Кейбірде тері сезімі жоғалып та кетеді.
Он екі жұп ми жүйкелерінің қызметі жөнінде, олардың аурулары, жарақаттары, қабынулары бар-жоғын сұрап біледі. Осымен қатар қарапайым объективті әдістерді қолданады. Мысалы, көз қозғалтқыш жүйкесін тексеру үшін зерттелушіге жоғары, оңға, солға қарауды ұсынады, мұрынының ұшына сұқ саусағын жақындатып қарауды сұрайды. Екі көздің тік және көлденең бағыттағы үйлесімді қозғалыстары арқылы, үшінші жұп жүйкесінің зақымы бар-жоғын анықтайды.
Бет бұлшық еттерінің жүйкесі қызметін тексеру үшін зерттелушіні қабақтарын көтеріп-түсіруді, көздерін ашып-жұмуды, тістерін ақситуды, шықшыттары мен беттерін томпайтуды сұрайды. Осы тапсырмаларды зерттелуші орындай алмаса, бет жүйкесінің зақымдалғаны. Мұның белгілері - көздерін аша алмау, мұрын-ерін сайының жойылуы, ауыздың бір жаққа қисаюы.
Тіл асты жүйкесінің қызметін білу үшін зерттелушіге тілін шығару ұсынылады. Тіл асты жүйкесінің сыңары зақымдалған болса, тіл ұшы зақымдалған жаққа қарай қисаяды, адамның сөз сөйлеуі баяулайды, кейбір сөздер мен сөз тіркестерін ол айта алмайды. Тіл асты жүйкелері толық зақымдалған жағдайда тіл қозғалудан қалады және осының себебінен адам сөйлей алмайды.
Он екі жұп ми жүйкелері қызметін тереңдете тексеруге арнайы әдістер жасалған. Мұндай әдістер бастың жарақаттары болатын спортпен шұғылданушыларды зерттеу үшін маңызды. Мысалы, боксшыларда, велосипедшілерде, мотоциклшыларда құлау және соғылу салдарынан бас жарақаттары жиі болады. Бұларға неврологиялық дәрігерлік тексерулер мұқият жүргізілуі керек.
Жүйке жүйесінің үйлесімділік функциясын зерттеу үшін динамикалық және статикалық үйлесімділік сынамаларын жүргізеді. Статикалық үйлесімділікті Ромберг сынамасымен зерттейді. Зерттелуші бір аяғының өкшесін екінші аяғының тізесіне тигізіп тұрып, көзін жұмған қалпында қолдарын ілгері созады. Тұрған қалыптың уақыты тіркеледі. Екіншіден, зерттелушінің тұрақтылығына баға беріледі. Дәрігер назарын қозғалыс бар ма - жоқ па, қабақтар дірілі бар ма - жоқ па соған аударады. Саусақтардың, қабақтардың дірілін тремор деп атайды. Егерде зерттелуші тұрған қалыпта қозғалмай, шайқалмай кемінде 15 секунд шыдаса және саусақтары мен қабақтары дірілдемесе, үйлесімділік функциясы жақсы деп бағаланады. Егерде саусақтары мен қабақтары дірілдеп, 15 секунд ішінде шайқалып кетсе, статикалық үйлесімділік функциясы қанағаттанарлықсыз болып саналады.
Динамикалық үйлесімділікті тексеру үшін саусақ-мұрын сынамасын жүргізеді. Зерттелуші көзін жұмып тұрып саусақ ұшын мұрын ұшына тигізуі керек. Сынаманы орындау барысында қол дірілдесе және саусағын мұрын ұшына тигізе алмаса, адамның динамикалық үйлесімділік қызметі бұзылғаны. Бұл, әсіресе, ми жарақаттарын алғандарда кездеседі.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет