Қазақтың қамын ойлап, қазақ халқының мүддесін қорғаған Алаш арыстандары түрлі айыптың құрбаны болып, жер аударылып, ату жазасына кесілді. Қазақстан тарихы парақшасынан әрқайсысына жеке-жеке тоқталып өттік.
Әлихан Бөкейханның ел арасындағы зор беделінен қорыққан большевиктер оны Қазақстаннан аластап, Мәскеуге жер аударды. Он жыл үй қамағында отырған әйгілі тұлғаны 1937 жылы тамызында қайта тұтқындайды. Әлихан Бөкейханды ату жазасына кескен үкім 1937 жылы 27 қыркүйекте шығарылған және дәл сол күні шешім орындалған.
1989 жылы мамырдың 14 ССРО Жоғарғы сотының қаулысы бойынша әрекетінде қылмыс құрамы жоқ болғандықтан толық ақталды. «Мен Советтік билікті жақсы көрген емеспін, бірақ, мойындадым!» Әлихантанушы С. Жүсіп мырзаның зертеуінше, бұл – Алаштың көсемі Әлихан Бөкейханның соңғы сөзі.
Ахмет Байтұрсынұлы алғашында 1929 жылы НКВД жендеттерінің құрығына ілігіп, 10 жыл мерзімге концлагерьге кесілді. Алайда ол жаза солтүстік өлкеге (Архангельск облысы) жер аударылуға өзгертілді. Айдаудан 1934 жылы аман оралғаннан кейін 3 жылдан соң, 1937 жылдың 8 қазанында қайта ұсталып, «халық жауы» деген жалған айып тағылды. Екі айдан соң, яғни 8 желтоқсанда атылды. 1988 жылы советтің соттың шешімімен айыпсыз деп танылып, ақталды.
Ұлттың рухани көсемі болған Ахмет Байтұрсынұлының әдебиет хақындағы өсиетін соңғы сөз ретінде де бағалаймыз: «Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп…» Оның бұл сөзі Әлиханның «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген сөзімен үндесіп жатқанын аңғару қиын емес.
Жаһанша Досмұхамедов Мәскеуге қызметке ауысқан 1930 жылдың қазан айында тұтқындалып, 1932 жылы Воронежге 5 жыл мерзімге жер аударылады. 1938 жылы қайта тұтқындалып, үштіктің шешімімен ату жазасына кесіледі. Үкім 1938 жылдың 3 тамызында орындалған. Тек сталинизм зардаптары жойылғаннан кейін 1958 жылдың 28 ақпанында ақталды.
Өкінішке қарай, «Айтуда Жанша шебер» деп суреттелетін бұл арыстың соңғы өсиеті сақталмапты.