Биомеханика (био... және механика) — адам мен жануарлар қозғалысының заңдылықтарын, сондай-ақ, организмге сыртқы ортаның әр түрлі механикалық факторларының (жылдамдық, үдеу, тартылыс күші, т.б.) әсерін зерттейтін биологияның бір саласы. Биомеханика тірі тіндер, органдар және бүкіл организмнің механикалық қасиеттерін, оларда байқалатын механикалық құбылыстарды (адам мен жануарлардың іс-әрекетін, тыныс алуын, қан айналысын, қан тамырлары мен бұлшық еттердің серпімділік қасиеттерін, сүйектердің, буындардың, байламдардың беріктігін, т.б.) зерттейді.
Биомеханика құпияларын зерттеудің тарихы 13 ғасырдан Леонардо да Винчиден басталады. Ол адамның қозғалысын анатомияжәне механика тұрғысынан зерттеген. Бұл саланың дамуына Ресей ғалымдары И.М. Сеченовтің, П.Ф. Лесгафттың, Н.А. Бернштейннің зерттеулері зор ықпал етті. Қазақстанда биомеханикалық зерттеулер академик Б.А. Домбровский мен академик Ф. Мұхамедғалиевтің жұмыстарынан басталады.
20 ғасырдың ортасында биомеханика тыныс алу, қан айналу, қозғалыс-қимыл биомеханикасы болып 3 салаға бөлінді:
тыныс алу биомеханикасы тыныс алу мүшелері (өкпе, көкірек қуысы) қимылының динамикасын зерттейді;
қан айналу биомеханикасы жүрек пен қан тамырларының серпімділік қасиетін, қан ағыны заңдылықтарын, жүрек жұмысын зерттейді;
қозғалыс-қимыл биомеханикасы анатомия және теориялық механика негізінде қимыл мүшелерінің құрылымдық ерекшеліктерін, дененің қозғалу заңдылықтарын, буын қимылдарын қамтамасыз ететін бұлшық ет күшінің әсерін, дене массасының дене бөліктеріне таралу заңдылықтарын зерттейді.
Биомеханика саласындағы зерттеулердің еңбек пен спорт физиологиясы, ғарыштық биологиялық, ортопедия салаларын дамыту, жасанды тыныс алу, қан айналу аппараттарын жасау, бионика принциптеріне негізделген роботтар мен манипуляторлар құрастыру үшін маңызы зор.