Философия, саясаттану


Түркі даналығындағы бақыт метафизикасы



жүктеу 1.14 Mb.
Pdf просмотр
бет15/20
Дата15.03.2017
өлшемі1.14 Mb.
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   20

Түркі даналығындағы бақыт метафизикасы
Фарабидің  көзқарасына  сәйкес  адамның  онтологиялық,  гно-
сеологиялық бітім-болмысын анықтайтын бұл төрт категория 
«бір адамның бойынан табылса, ол осы жеке-дара ізгіліктерін 
халықтар  мен  қалаларда  орнығуын  көздеуі  керек,  осындай 
үлкен  қабілет  дарыған  адамдар  осы  жеке-дара  халықтар  мен 
қалаларда осы қасиеттерді дарытуға қабілетті болуы тиіс». 
Әл-Фараби  іліміне  сәйкес,  кемелдікке  жеткен  адамның 
ақылы терең, жүрегі нәзік болуы керек, ол сондай-ақ «шындық 
пен  оның  жолындағыларды  жақсы  көріп,  жалғандық  пен 
соған  итермелейтіндерді  жек  көруі  керек;  жаны  абыройды 
қадірлейтіндей асқақ болып, майда ұнамсыз істерден жоғары 
тұрып,  жаратылысынан  биік  мақсаттарға  ұмтылуы  тиіс; 
дирхем,  динар  және  басқа  да  күйбең  тіршіліктің  атрибут-
тарынан  жиіркеніп,  табиғатынан  әділдік  пен  оған  жақын 
нәрселерді  жақсы  көріп,  әділетсіздік  пен  тиранияны,  соны 
тудырушыларды жек көруі қажет; өзіне және басқа адамдарға 
қатысты  әділ  болуы,  әділ  болғанмен  қыңыр  болмауы,  бірақ 
әділетсіздікке төзбейтіндей болуы керек; өзі қажет деп санаған 
нәрсені  жүзеге  асыру  барысында  шешім  қабылдағыштық 
танытып,  қорқыныш  пен  дәрменсіздік  көрсетпей,  батыр  да 
батыл болуы тиіс» 
[114, 221 б.].
Әл-Фарабидің  философиясындағы  үлгілі  адам  идеалын 
талдауға  арналған  мақаласында  Г.  Қоянбаева  былай  дейді: 
«Бақыт,  әл-Фараби  пікірінше,  көпмәнді  және  барлық  түсі-
ніктер  секілді  көпмағыналы  және  көпдеңгейлі.  Ол  белгілі 
бір  анықтама  немесе  өлшемге  келмейді,  бірақ  әл-Фараби  кез 
келген адамның, адам немесе топтың бақытты өзінше түсіне-
тінін  жоққа  шығармайды»  [132,  214  б.].  Одан  ары  қарай 
бұл  зерттеуші  ұлы  ғұламаның  мұрасындағы  бақытты  іздеп 
табудағы  шығармашылық  ізденістерді  адамның  әлеуметтік 
өмірімен  байланыстырады:  «Әл-Фараби  тұжырымдамасы 
бойынша, бақыт адамның психикалық жан-жағдайы ғана емес, 
яғни ол қуаныш сияқты адамның қанағаттық, рахаттану секілді 
эмоционалдық  сезімдерді  бастан  өткізгенімен,  бұл  сезім  тек 
адамның  психологиялық  сапаларымен  адамның  мінез-құлқы 
мен  руханилығының  қалыптасуымен  ғана  байланысты  емес. 
Оның  жетістіктері  бақыт  секілді  адамның  қоғамдық  өміріне 
енгізілген, өйткені табиғаты бойынша адам өз қажеттіліктерін 

 
 
 
                      
                                                  143
Ортағасырлық түркі философиясында 
бақыт метафизикасы
қанағаттандыру  және  толыққанды  өмір  сүруі  үшін  басқа 
адамдармен бірге тұруға және бірге әрекет етуге мұқтаж. Әл-
Фараби  адам  қоғамнан  тыс  бақытқа  жетуі  мүмкін  емес  деп 
тұжырымдайды [132, 297 б.]. 
Екінші  ұстаздың  еңбектеріндегі  фелицитологиялық  көз-
қарастарды  сараптаған  тағы  бір  зерттеуші  ондағы  бақыт 
ұғымын еркіндік түсінігімен байланыстырады: «Әл-Фарабидің 
көзқарасына сәйкес, бақыт тек еріктің еркіндігі бар жерде ғана 
мүмкін  болады,  ал  ол  өз  кезегінде  таңдау  жасауға  мүмкіндік 
беретін  логикалық  пайымдауларға,  танымның  рационалдық 
деңгейіне  сүйенген  жағдайда  ғана  тұлғаның  қол  жеткізетін 
нәрсесі» [133, 231 б.]. 
Жетілу үшін ең қажетті нәрселердің бірі жүрек қайраты жә-
не осы жүрек пен оның жылуын Әл-Фараби ізгі адамның «бас-
ты құралы» деп есептейді. Қайраттың қолдауындағы ақыл мен 
жүректің осындай бірлігі кейінгі қазақ ойшылдарына, мысалы 
Абайға тән болып келеді. Ортағасырлық араб философиясын 
терең  зерттеген  қазақстандық  маман  Н.Л.  Сейтахметованың 
пікірінше, «кемелдік теориясының пайда болуына ислам түрткі 
болды.  Ислам  ортағасырлық  адамның  өмірін  адамгершілік 
мәнмен,  мейірімділікпен  және  қайырымдылықпен  толық-
тырды.  «Адам  –  Құдай»  қатынастарының  мәнін  білдіретін 
жүрек  категориясы  тек  сопылықта  ғана  кеңінен  таралмаған, 
мұсылмандық  ортағасырлықтың  бүкіл  рухани  тәжірибесін 
жүрек философиясы деп атауға болады» [134, 214 б.]. 
Әбу  Насырдың  адам  концепциясы  кейінгі  ғасырларда 
өмір сүрген бірқатар араб-мұсылман философтарының көзқа-
растарына  өзінің  ықпалын  тигізді.  Мысалы,  орталықазиялық 
тағы  бір  ойшыл  Ибн  Сина  да  кемел  адам  концепциясын 
айналып  өте  алмады.  Оның  іліміндегі  адам  –  дүниедегі  бар 
заттардың  ішіндегі  ең  тамаша  түрі,  себебі  ол  –  ақыл-парасат 
иесі.  Хәкім  Ұлықпанның  пікірінше,  адамды  Алла  тағала 
жер  бетіндегі  өмірді  көріктендіру,  зиялыландыру  ойымен 
жаратқан  және  кемел  адам  –  қоғамда  әдемі,  әсем,  дұрыс, 
құлықты  іс-әрекеттер  жасауға  машықтанған  биік  ақыл  иесі. 
Шынайы бақытқа қол жеткізген кәміл адам концепциясы Әбу 
Насыр  әл-Фараби  мен  Әбу  Әли  Ибн  Синаның  жолын  қуған 
мұсылмандық  Мағрибтегі  (Батыстағы)  перипатетиктерде 

144 
        
Түркі даналығындағы бақыт метафизикасы
де  талқыланды.  Бұл  әсіресе  андалузиялық  философиялық 
мек-тептің  көрнекті  үш  өкілі  –  Әбу  Бәкір  Мұхаммед  ибн 
Баджға,  Әбу  Бәкір  Мұхаммед  ибн  Туфейльге,  Абдул  Уәлид 
ибн Ахмед ибн Рушдқа тән болып келеді. Бұл ғұламалардың 
ілімдерін-дегі  бақыт  мәселесі  өз  алдына  жеке  бір  зерттеуді 
талап  етеді  және  ол  біздің  монографияның  географиясы  мен 
проблематикасынан тыс жатыр. Сондықтан оларды жайымен 
қалдырып,  өзіміздің  ортағасырлық  түркі  ойшылдарының 
бақыт  туралы  антропологиялық  көзқарастарын  қарастыруды 
жалғастырамыз. 
VIII–XI  ғасырларда  Орталық  Азияда,  оның  ішінде  бүгінгі 
Қазақстанның  территориясында  ислам  дінінің  таралуына 
байланысты  араб  тілі  мен  жазуы  кеңінен  қолданыла  баста-
ды. Ірі қалаларда білім беру ісі мен ғылым дамыды. Оңтүстік 
Қазақстан мен Жетісуда исламның тамыр жаюынан ерте түркі 
сына жазуы ығысып, араб әліпбиі негізінде жаңа түркі жазуы 
қалыптасты.  XI–XII  ғасырларда  ислам  дінін  мемлекеттік  дін 
етіп жариялаған бір орталыққа бағынған Қарахан мемлекеті-
нің  күшеюімен  рухани  мәдениет  те  құлашын  кеңге  сермеді. 
Бүкіл  Шығыста,  дәлірек  айтқанда,  Таяу  Шығыс  пен  Алдыңғы 
Азияда,  Үнді  мен  Иран  жерінде  және  Орталық  Азияда  VIII–
XII ғасырларда әдебиет пен ғылымның мәдениет пен өнердің, 
философиялық ой-пікірдің дамуына тікелей әсер еткен ақыл-
ой төңкерісі болды. Ислам дінінің адамзатқа түсірілуі негізінде 
орын  алған  Мұсылман  Ренессансы  деп  аталатын  дәуірде  өмір 
сүрген  Жүсіп  Баласағұн,  Махмұд  Қашқари,  Ахмет  Иүгінеки, 
Қожа  Ахмет  Иасауи,  Сүлеймен  Бақырғани  және  тағы  басқа 
ғұламалардың шығармалары мен еңбектері кеңінен таралып, 
замананың рухани дамуына өздерінің зор ықпалдарын тигізді. 
Бұл еңбектердің, мысалы, «Құтты білікті», немесе «Ақиқат сый-
ын» немесе «Диуани-хикметті» алсақ та, олардың мағыналық 
астарында адамзат бақыты мәселесі жатқаны даусыз. 
XI ғасырдағы әдеби-философиялық шығармалардың ішін-
дегі  ең  көрнектісі,  әлемдік  әдебиеттің  алтын  қорынан  орын 
алған Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» («Қалай бақытты болу 
жайындағы  ғылым»)  поэмасы.  Қарахан  мемлекетінің  астана-
сы Баласағұн қаласында 1015 жылы дүниеге келген Жүсіп сол 
кездегі  мемлекет  басшысы  атақты  Сатұқ  Боғраханның  сарай-

 
 
 
                      
                                                  145
Ортағасырлық түркі философиясында 
бақыт метафизикасы
ында хас-хаджиб – мемлекеттік кеңесші лауазымын атқарған. 
Бүкіл Шығыс елдеріне данышпан, ойшыл, философ, ақын, ғы-
лым және қоғам қайраткері ретінде белгілі болған ол математи-
ка, философия, астрономия, тарих, тіл және басқа да ғылым сала-
ларында шығармалар жазған. Түркі тілінде 1069 жылы жазылған 
«Құтты  білік»  поэмасы  ғұламаны  бүкіл  әлемге  танымал  етті. 
Энциклопедиялық еңбек болып саналатын бұл дастанда саясат, 
мемлекетті басқару әдістері, қоғамдық-саяси мәні бар нұсқаулар 
мен ережелермен қатар, билеушілердің әдеп ережелері, адам-
дар арасындағы түрлі деңгейдегі қатынастар мәселелері, сондай-
ақ, әділеттілік, ізгілік, парасаттылық, қанағат, ақыл, сана, білім 
мен ғылым сынды категориялар жан-жақты қарастырылады. 
Бұл  шығармада  Фарабидің  кемел  адам  тұжырымын 
Баласағұнның кісілік қағидасы алмастырып тұрғандай. Кісілік 
ұғымы  мағынасы  жағынан  ортағасырлық  мұсылман  филосо-
фиясындағы араб тіліндегі адамның жаратылысына, табиғаты-
на  тән  қасиеттерді  білдіретін  «инсанийа»  терминіне  жақын. 
Сондай-ақ адам болмысын аңғартатын «humanitas» сөзімен де 
ортақ тұстары бар. Дегенмен түбірін түркілік дәстүрден алатын 
кісілік ұғымы кең де ауқымды түсінік. Кісілік адамның адами 
табиғатының  шырқау  биігі.  Баласағұнның  «Құтты  білігі»  – 
кісілік ұғымының бар қырлары мен сырларын ашуға арналған 
еңбек.  «Құтты  біліктің»  басты  желісі  ортасырлық  мұсылман 
философиясына да, дәстүрлі түркі дүниетанымына да тән ақыл 
мен білім, парасат пен әділет, еркіндік пен бақыт түсініктері. 
«Құтты біліктің» басты төрт кейіпкері – Елбасы Күнтолды 
(Әділет),  Уәзір  Айтолды  (Бақыт),  Уәзірдің  баласы  Өгдүлміш 
(Ақыл)  және  Уәзірдің  інісі  Оғдұрмыш  (Игілік)  ұлықтық 
пен  кішілік  ізеттерін  ұстай  отырып,  диалектикалық  талас-
тартысқа бармаса да Сократтың диалогиялық әдісімен Платон, 
Аристотель,  Фараби  көтерген  әлеуметтік-философиялық 
мәселелерге  жаңаша  түркілік  түсініктерге  сай  жауап  іздейді. 
Кейіпкерлердің  әрқайсысына  тән  қасиеттерді  жеке-жеке 
сипаттаған автор олар бір-бірінен тәуелсіз өмір сүргенде адам-
ды  бақытқа  жетелей  алмайды  деген  қорытынды  жасайды. 
Төртеуі бірлік пен ынтымақта болғанда ғана адамдар бақытты 
өмір сүре алады. Билеушінің бақыты халықпен бірге, халықтың 
бақыты билеушінің басты мұраты болуы тиіс. Бақыт жекелеген 

146 
        
Түркі даналығындағы бақыт метафизикасы
адамдарға ғана тән ұғым емес. Ол көпшілік сипатқа ие болатын 
мәдени-әлеуметтік, этикалық-эстетикалық құбылыс. 
Билеушілер мен әкімдер халық мүддесімен санасып билік 
еткенде ғана елге ұнамды болады. «Патша жоғарылаған сайын 
жүгі де ауырлайды», «Мал, дүние молайса, бек те болар, хан 
да  болар,  бар  байлықтан  айрылса,  жалғыз  қалып  сандалар», 
«Жақсы тәртіп орнат – сонда сыйлайды, опасыз халық бір уысқа 
сыймайды»  [7,  114  б.].  Билік  –  мансап  үшін  берілген  сыбаға 
емес.  Билік  жоғарылаған  сайын  жауапкершілік  те  күшейеді. 
Ең ауыр жүк – халық алдындағы жауапкершілікте. Билеушінің 
сыйлы болуы оның орнықтырған тәртібіне байланысты болмақ. 
Қандай  да  бір  қоғам  немесе  басқару  түрі  болмасын  елдегі 
тыныштық пен бейбіт өмір жоғары билеуші орнатқан тәртіпке 
келіп тіреледі. 
Ел билеу тек жақсы заңдар мен ережелерден ғана тұрмай-
ды. Жүгенсіз кеткендер мен бұзақыларға күш қолданбаса, мем-
лекеттік  тыныштығы  мен  бақыты,  тұтастығы  мен  қауіпсіздігі 
сақталмайды. Билеуші әділдіктен, заңнан аттамаса ғана қоғамда 
сый-құрметке ие бола алады. Саясат, Баласағұнның айтуынша, 
мемлекетті басқарудың сан қилы әдістерін игеру, алуан мінезді 
қоғамды  уыстан  шығармау,  тентекті  тыйып,  әлсізді  қорғау, 
қажетті  жағдайда  күш  те  қолдана  білу.  «Саясатпен  жұртын, 
заңын  түзетер,  саясатпен  елін-жерін  күзетер.  Бұл  саясат  бек 
қақпасын  зерлейді,  саясатпен  бектер  елін  жөндейді.  Ел  бы-
лығы саясатпен арылар, алаяқтар есебінен жаңылар» [7, 125 б.]. 
Икемді  де,  ойлы  саясат  мемлекеттің  гүлденуі  мен  халықтың 
мүддесіне қызмет ете алады. 
Мемлекетті  басқару  әдістері  мен  билеушінің  қасиеттері 
туралы  ақыл-кеңестерді  Қайта  өрлеу  дәуіріндегі  итальяндық 
ойшыл Николло Макиавеллиден бес жүз жыл бұрын айтқан 
Ж. Баласағұн «саясат – өнер ғана емес, ол – білім мен даналық», 
– деген қорытынды жасайды. Бірақ оның ел билеу әдісі туралы 
көзқарасының  Макиавеллиден  басты  айырмашылығы  сол 
Ж.  Баласағұн  билеушінің  қатыгездігі  мен  алдап-арбауын  сөз 
етпейді. Жалпы бұл жерде исламдық құндылықтардың үлкен 
ықпалы бары да сөзсіз. Ж. Баласағұн ел билеуде зорлық тәсілге 
қарағанда  (мұның  тағы  бір  мысалын  қытайлық  заңгерлер 
мектебінің теориясы мен практикасынан көруге болады), халық 

 
 
 
                      
                                                  147
Ортағасырлық түркі философиясында 
бақыт метафизикасы
жүрегіне жол таба білуді ұсынады. «Қалың елдің қарапайым 
жүрегі,  соны  білсең  сияпатың  жүреді».  Баласағұн  халықпен 
үнемі  араласу,  оның  көңіл-күйін  назардан  қалдырмау, 
билеуші  беделін  көтереді  деп  есептейді.  Н.  Макиавелли  де 
саяси билікті жүзеге асырудың міндетті ережелерінің бірі қол 
астындағылардың  сеніміне  ие  болу  деп  есептеген  болатын. 
Бірақ  ол  сүйіспеншілік  пен  қорқытушылықтың  біреуін  ғана 
таңдау  қажет  болғанда,  соңғысына  басымдылық  береді,  ал 
Баласағұн халық жүрегіне жол табуды алдыңғы орынға қояды. 
Қазіргі  билік  басындағылардың  да  Баласағұн  мұралары-
нан үйренері көп-ақ. «Жай халықсыз болмайды іс те, жайлап 
сөйлес,  жөнсіз  билеп-төстеме».  «Ел  басшысы  қадірлі  болса, 
қалғандары да сыйлы болады». Бірақ бұл ережелер заңды бұз-
ғандар  мен  мемлекетке  опасыздық  жасағандарға  аяушылық 
жасау  дегенді  білдірмесе  керек.  Мемлекет  үшін  қажетті 
жағдай туғанда қанжар күшін де қолдануға тура келеді екен: 
«Қылыш  елді  тез  бағындырады»,  «Қылыш  ел  шауып,  халық 
құрайды, қалам қазына тауып, ел сұрайды», «Кісенді кісі қаша 
алмас  –  айдаған  жаққа  жүреді».  Мемлекеттің  күші  зорлықта 
болмағанымен,  ол  мақсатты  түрде,  мемлекеттің  игілігі  үшін 
қолданылса  ғана  ақтауға  жатады.  Мемлекет  басшысы  халық-
тың  бақылауында  болуы  керек.  «Ел  патшаны  сақтап,  құлқын 
түзетсін, патша елдің жанын, тәнін күзетсін» [7, 164 б.]. 
Жүсіп  Баласағұн  бақытқа  жету  үшін  әкімдердің  ел 
билеу  әдісіне  көбірек  көңіл  бөледі.  Поэмадағы  «Билеушінің 
міндеттері» деп аталатын тақырыпта билеушіге арналған нұс-
қаулар мен ережелер берілген. «Ел билеуге керек мың түмен, 
сонда  ғана  ашылады  түн-тұман»,  «Әлем  билеу  үшін  зерде 
тірек  қой,  ел  билеуге  керек  –  ақыл,  жүрек,  ой»,  «Бағынған 
елді баға біл, баққан елді бұйырма арзан үкімге», «Көп ойна-
ған  әкім  елін  жеп  бітіреді»,  «Ақымақ  әкімнің  айналасында 
жарамсақтар  отырады,  ақылды  әкімнің  айналасында  ақылды 
адамдар  отырады»,  «Әділ  бектің  заңы  да  жоғары»,  «Бек  тәтті 
өмірді сүйсе, елдің күні қараңғы», «Істі білгенге тапсыр» [7, 256 б.] 
деген  ұлағатты  сөздер  айтқан  Баласағұн  барлық  басшыларға 
халыққа қызмет етуді міндет ретінде ұсынады. 
Елді билеу үшін әскермен бірге зерде мен парасаттылық, 
ақыл мен білім және біліктілік қажет. Ол өзіңді баққан елдің 

148 
        
Түркі даналығындағы бақыт метафизикасы
әділетсіз сот үкіміне ұшырамауын, бағынышты халықты басқа-
руға да өнер қажет екендігін ұғындырады. Әкім қандай болса, 
оның  айналасындағылар  да  сондай.  Басшының  көңілінен  шы-
ғуға,  оған  жақсы  көрінуге  тырысатындар  халықтың  мүддесін 
емес,  өзінің  қарақан  басын  күйттейтіндер.  Мемлекеттің  ісі  дұ-
рыс жүруі үшін басшылық қызметке іскер адамдарды тартудың 
тиімділігін ескерген Баласағұн «Ей, бек істі тапсыр көзі қанық-
қа, жолмен әділ жүрерін де анықта» деген талап та қояды. 
Мемлекетті заң арқылы басқару ғана адамдардың теңдігін 
орнатып,  ізгі  қарым-қатынастар  жасауға  жағдай  жасайды. 
Баласағұн  шығармасындағы  Күнтолды  (патша)  да  заңды 
құрмет  тұтады.  Ол  туралы  шығарма  авторы  «заң  түзелді, 
дүние  тыншып  жайланды,  әділ  заңмен  аты  аңызға  айналды» 
деп  жазады  және  әділдіктің  өлшемі,  басшылықтың  сүйеніші, 
мемлекеттің арқауы – әділ заң деп тұжырым жасайды. 
Билеуші  мен  қоғам  мүшелері  арасындағы  қарым-
қатынастың  реттелуі  екі  жаққа  да  байланысты  болмақ.  Бұл 
мәселеге айрықша көңіл бөлген Баласағұн халықты қоғамдық 
өзгерістерге ықпал ете алатын күш деп білді. «Қара халықтың 
қарны  тойса,  тілінен  ерік  кетеді»,  «Халық  тарықса,  үкімет 
жұтайды»,  «Көш  басы  қайда  барса,  соңы  да  сонда  барады», 
«Халық  бүлінсе,  саясат  оны  түзейді»,  «Әкімнің  ақысы  болса, 
қараның  қақысы  бар»,  «Уәзір  жауыз  болса,  ел  мен  халық 
бұзылар». Халықтың ашуы ханды да тақтан ұшырады.
Халықтың  құқы  мемлекет  заңымен  және  тәртібімен  қор-
ғалса  ғана  әділетсіздік  болмайды.  Үкіметтің  міндеті  халықты 
қайыршылық күйге жеткізбеу. Ал мұндай жағдайды болдыр-
мау  үшін  жеке  адамның  да,  әлеуметтік  топтың  да  мүдделері 
мен  мінез-құлқын  әрдайым  зерттеп,  қадағалап  отыру  қажет. 
Бұқара  халықпен  үнемі  араласу,  олардың  тұрмыс  жағдайын, 
мұң-мұқтажы мен өтініштерін ескеру билеушілердің назары-
нан  тыс  қалмауы  тиіс.  Әр  топтың  мүддесі  де,  қарекеті  де 
әртүрлі,  сондықтан  да  олардың  әрқайсысымен  сөз  табысып, 
ортақ келісімге келу билеуші қасиеттерінің бірі. 
Жүсіп Баласағұн аталмыш шығармасында:
«Диқанның наны – адал,
Сен диқанмен қатынасып, аралас,

 
 
 
                      
                                                  149
Ортағасырлық түркі философиясында 
бақыт метафизикасы
Сонда болар тәтті тағам, адал ас», – 
десе, қолөнершілер мен саудагерлердің кәсібінің қиыншылығы 
мен  ерекшелігін  айта  келіп,  олармен  де  қалай  тіл  табысуы 
керектігі жөнінде ақыл-кеңестер береді:
«Қолөнершілер қолдарында түрлі өнер,
Қол өнерін пайдаланып күн көрер.
Бұлар да бір ең қажетті кісілер,
Жақын жүргін, көп-көп пайда түсірер.
Керуеншілерде күллі әлемнің аңсары, 
Кіл асыл зат қызықтырған баршаны. 
Кезбесе олар жиhанды, ұлы-кішікті.
Киер ме едің қара сусар ішікті. 
Жақсы атыңды шықсын десе, сайлы бол
Мүсәпір мен керуенге жайлы бол» [7, 312 б.].
Диқандар адал еңбегімен, маңдай терімен мемлекеттің қа-
зынасын молайтады, басқаларды да асырайды, қолөнершілер 
сұлулықты жасайды, ал саудагерлер керек-жарағыңның бәрін 
тауып  береді.  Жақсы  адам  деген  атыңды  шығарғың  келсе, 
жол  үстіндегі  керуеншілер  мен  мүсәпір-қонақтарды  күтіп, 
қонақжайлылық  таныт  дейді.  Жоғарыда  аты  аталған  кәсіп 
иелерінің адал еңбегі қандай құрметке болса да лайық.
«Баққан елді бұйырма арзан үкімге,
Ас-суын бер, киімін де бүтінде.
Салмағың сал есепке, алып күшін де,
Құдай сенен сұрар солар үшін де,
Бейнет беріп қинама сен оларды,
Содан құдай саған дұшпан боларды,
Сен басынба, бәрі құлы Алланың, 
Өйтсең өзің тозақ тілеп алғаның» [7, 314 б.].
Патша, уәзір, әскер басшы, қазы, хатшы, қазынашы, ғалым, 
қолөнерші, малшы, жұлдызшы, дәрігер және тағы басқалардың 
жағымды  және  жағымсыз  қасиеттеріне  сипаттама  берген 
Жүсіп  Баласағұн  мемлекетте  тұрақтылық  пен  үйлесімділік, 

150 
        
Түркі даналығындағы бақыт метафизикасы
молшылық  пен  бақыт,  әділдік  пен  заңдылық  үстемдік  құруы 
үшін  олардың  әрқайсысының  не  істеу  керектігін  және  неден 
тартынуы  жөнінде  кеңестер  береді.  Тәлім-тәрбиелік  маңызы 
бар бұл шығарма сол дәуір үшін идеологиялық құжат қызметін 
де атқарды. Оның мақалға айналған көптеген қағидалары мен 
сөздері бүгінгі күнге дейін мәнін жойған жоқ. 
Демек,  Ж.  Баласағұн  шығармасында  бақыт  абстрактілі, 
жеке  индивидуалды  емес,  адамның  ішкі  рухани  дүниесімен 
астасып жататын, саяси-әлеуметтік факторлармен байланысты 
болып  келетін,  әділеттілік  пен  ізгілік  категориялары  арқылы 
өз мәнін толықтыратын тұтас руханиланған үлгідегі құбылыс 
екендігін тұжырымдауымызға болады. 
XI ғасырда Қарахан мемлекетінде өмір сүрген келесі бір ірі 
ғұлама Махмұд Қашқари. Оның әкесі Құсайын ибн Мұхаммед 
Мәуреннахрды  жаулап  алушы  Барсханның  мемлекеттік  қыз-
метінде  болған  адам.  Түріктердің  қоғамдық  өмірінің  барлық 
жағын  қамтыған әйгілі «Түрік тілінің сөздігі» («Диуани лұғат 
ат-түрк»)  атты  еңбегі  оны  бүкіл  әлемге  мәшhүр  етті.  Бүкіл 
түркі жерін ұзақ уақыт бойы аралаған ол түркі халықтарының 
салт-дәстүрі,  тұрмысы  мен  тарихы,  тілі  мен  жазуы,  әдебиеті 
мен  фольклоры,  шаруашылығы  мен  кәсібі  туралы  құнды 
мәліметтер  жинады.  Түркі  халықтарының  тілі  мен  тарихын 
ойы  мен  бойына  сіңіріп  өскен  Махмұд  Қашқари  араб  және 
парсы  елдерінің  тарихы  мен  әдебиетін  де  терең  меңгерді. 
Ұлы  әдебиетші,  ауыз  әдебиетінің  үлгілерін  жинап  зерттеуші, 
саяхатшы, тарихшы және ойшыл-философ сол дәуірдің саяси 
өмірінен де тыс қалмады. 
Үлкен  энциклопедиялық  шығарма  «Түркі  тілдерінің  сөз-
дігі»  мемлекеттік  басқару  мен  саяси  қызметі,  түркілердің 
әдебі мен этикасы туралы да бағалы деректер береді. Адамдар 
арасындағы қарым-қатынаста ол әдептілік, адамгершілік, ізет-
тілік, қайырымдылық, жақсы адамға тән жағымды мінез мәсе-
лелерін  сөз  етеді.  «Білімді  болғың  келсе,  дананың  айтқанын 
тыңда», «Адам басына жел үйір, жақсы адамға сөз үйір», «Күн 
есіктен кірсе, әділдік түндіктен шығады». Даналардың айтқан 
сөзі  адамдарды  адамгершілікке,  қайырымдылыққа,  білімді-
лікке  жетелейді.  Білімді  адамдар  басқалардың  еңбегін  құр-
меттейді. Елге еңбегі сіңген жақсы адамдарды жұрт мақтайды, 

 
 
 
                      
                                                  151
Ортағасырлық түркі философиясында 
бақыт метафизикасы
өзге халық-қа үлгі етеді. Зорлық жүрген жерде әділдікке орын 
қалмайды. 
Махмұд Қашқари әкімдердің ел билеуде ақыл-парасат пен 
әдептілікке және кішіпейілдікке үйір болуын талап етті. «Ұлық 
болса – ізгілік ет», сонда ғана сенің қарамағыңдағы халық соңы-
нан ереді, сенім білдіреді. Жағымсыз әдеттер олардың қызмет 
бабына  сыйыспайды.  Ел  билеуде  күшкен  сенгеннен  ақылға 
жүгіну  әлдеқайда  тиімді  нәтиже  береді.  «Ақылмен  арыстан 
ұстауға болады, ал күшпен тышқан да ұстай алмайсың».
Өзінің жеке басының пайдасын күйттеген әкімдер елге опа 
әпермейді. Әкімнің барлық іс-әрекеттері халықтың көз алдын-
да,  халықтан  ешнәрсені  де  жасыра  алмайсың,  қандай  ауыр 
кезең болса да халықпен бірге болуды үгіттеген жинақ авторы 
«Әмір жат елден өзіне арнап сарай соқтырып қойса, бұл жаман 
ырым.  Бұл  түбі  басына  қиын-қыстау  күн  туса,  қашып  барып 
паналаймын дегенді білдіреді. Бұл халқының алдында жасаған 
сатқындығы.  Өйткені,  қарапайым  елдің  барар  жер,  басар 
тауы жоқ. Сен билеуші болғаныңмен, олардан артық емессің. 
Бір топырақта тудың екен, ендеше бірге өле біл» [104, 111 б.]. 
Ұлы ғұламаның бұл сөздері басында билік пен қазынаның бір 
құлағы  қолында  тұрғанда  мемлекеттің  (халықтың)  байлығын 
оңды-солды шашып, шетелдерде зәулім үйлер тұрғызып, Ба-
тыс  елдерінде  қаржысын  сақтаған  қазіргі  күннің  мемлекеттік 
қызметкерлеріне де арналып айтылғандай. 
Жеке  бастың  мүддесін  ғана  ойлайтын  әкімдердің  мұндай 
әрекетін  олардың  халыққа  жасаған  опасыздығына  теңеген 
М. Қашқари қандай күн туса да өз топырағында және халқымен 
бірге бол деген ғибраттық сөзін арнайды. «Үлкен кісі шақырса, 
ізетпен  бар,  сонда  бол,  қуаңшылық  жылында,  халық  қайда  – 
сонда  бол».  Халық  болмаса,  сенің  билігің  кімге  керек,  билік 
қызметі адамдар арасындағы қарым-қатынасты тәртіптілік пен 
заңдылықты  сақтаумен  бірге,  шаруашылық  істерін  реттеуге, 
әділдікті қалпына келтіруге, зорлық-зомбылықты болдырмауға 
да арналған. «Жерді тау басып ұстайды, елді бек басып ұстайды». 
Елдің  елдігін  сақтау,  ынтымақ  пен  бірлікте  ұстау,  ел  ішіндегі 
бассыздықты болдырмау – әкімдер назарындағы басты мәселе. 
Мемлекеттің  қуаттылығы  мен  күштілігі  халықтың  адал 
еңбегінен  құралған  қазынада  екендігіне  мән  берген  Махмұд 
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   20


©emirsaba.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет