Хаггард Генри Сүлеймен патшаның кеніші Орыс тілінен аударған М. Мағауин


XIV тарау СҰР САРБАЗДАРДЫҢ СОҢҒЫ СОҒЫСЫ



Pdf көрінісі
бет15/23
Дата03.11.2022
өлшемі0,98 Mb.
#47311
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   23
XIV тарау
СҰР САРБАЗДАРДЫҢ СОҢҒЫ СОҒЫСЫ
Жауға қос қанаттан шабуыл жасауға бұйрық алған полктер бірнеше
минуттан соң толық тыныштық сақтап, орындарынан қозғалды. Твала
хабаргерлерінің қырағы көзі маневр мəнін түсініп қалмауы үшін жүлге
бойлап, еппен жылжып барады.
Арада жарты сағат өткенде полктер алдын ала белгіленген
орындарына барып тұрды. Біздің əскердің бұл қос қанаты қос мүйіз
іспеттес еді.
Бұл екі ортада Сұр сарбаздар Буйволдар деп аталатын полкпен бірге
ешқандай қимыл-қозғалыссыз, бір орында тұра берді.
Біздің əскердің ұйытқысы, Тваланың қарсы беттен ұрған ең ауыр
соққысына төтеп беруге тиіс білекті бөлігі саналатын бұл екі полк
мүлде дерлік тың еді. Құрамдары да толық. Сұр сарбаздар таңертеңгі
ұрыс кезінде резервте болды, ал оң қанаттағы қорғаныс шебімізді
бұзып өткен жау əскерімен арадағы (мен елден қалмай ұрысқа еніп,
ақысына төбемді ойып түсе жаздаған тоқпақ жеген) шайқаста
айтарлықтай шығынға ұшырамаған. Ал Буйволдарға келсек, олар
таңертең сол қанаттағы қорғаныс шебінің үшінші қатарында тұрған
еді. Бұл жақтан шабуылдаған жау екінші шепте тойтарылған себепті
олар мүлде ұрысқа араласпаған.


Инфадус көпті көрген, тəжірибелі де сақ əскербасы еді. Мұндай қызу
шайқас алдында жауынгерлердің рухын көтеріп, аруағын қоздыру
қажетін жақсы білетін. Сондықтан ол шабуыл алдындағы жарты сағат
уақытты пайдаланып, өз полкіне арнап сөз сөйледі.
Шебер де шешен тілмен есіп сөйлеген Инфадус Сұр сарбаздардың
алғы шепке, ең қиын жерге жұмсалып отыруы үлкен абырой деп
жариялады; өздеріне жұлдыздан түскен Инкубу сияқты айбарлы ердің
қосылуы жүрекке батылдық, білекке күш қосуы тиістігін айтты.
Өздерінің королі Игнозидің қалайда жеңіске жететініне сенім білдірді,
ұрыстан аман шыққан жауынгерлердің бəрінің байлыққа ие
болатынын, бағы көтеріліп, мансабы артатынын мəлімдеді.
Мен мұздай құрсанған, бастарына қадаған қауырсындары желбіреп,
сіресе сап түзеген жауынгерлердің айбынды да қатал жүздеріне қарап
тұрып, ауыр күрсіндім.
Бірер сағат өтпей-ақ жасы қырық пен елудің арасындағы, талай
ұрысты бастан өткерген, талай жеңістерге куə болған жаужүрек
сарбаздардың барлығы бірдей, егер барлығы болмаса, басым көпшілігі
қанға бөгіп, жер жастанып жатпақ. Басқаша болуы мүмкін де емес.
Олар Игнозидің ұлы қолбасыларға тəн, адам өмірін ойыншық көретін
дана да қатал мінез жетегімен, өздеріне арнап шығарған үкімін өз
құлақтарымен естіді. Мұндай кесім көбіне қолбасының негізгі күшін
ысырап етпей, мақсатын орындауына мүмкіндік береді. Алға қойған
мұратын іске асыру үшін қолбасы əскердің бір бөлігін құрбанға
шалады да, қалған армиясымен түбегейлі жеңіске жетуге мүмкіндік
алады.
Сұр сарбаздар алдын ала ақ өлімге кесіліп қойған еді. Мұны өздері де
білетін. Олар қос белестің аралығындағы қысаң сайға енген Твала
полктерінің бірінен соң екіншісімен соғыса беруге тиіс. Өздеріне
қарсы шапқан жауды түгел жойып біткенше немесе қалған əскерді қос
қанаттан бірдей шабуыл жасауына қолайлы кезең туғанға дейін
шайқасулары қажет.
Өздерін қандай қырғын күтіп тұрғанын Сұр сарбаздар тегіс білетін,
бірақ мен олардың ешқайсысының өңінен қорқыныш, жүзінен


қобалжу ізін көре алмадым. Аранын ашқан ажалға қарсы аттануға,
əне-міне дегенше жарық дүниемен мəңгі қоштасуға əзір қалыпта,
толқымастан, торықпастан міз бақпай тұра берді.
Бұлардың жан толқынысын ауыздықтай алған өр рухына таңырқамау
мүмкін емес еді. Берекем кетіп, жүрегім қобалжып, ауыр əсер үстінде
тұрғаныммен, Сұр сарбаздарға қызыға, сүйсіне қарадым. Өзінің
борышын адал өтеу идеясына мұншалықты берілген жəне осы жолда
қандай қорқынышты қатер, қандай ауыр қазадан болса да
тартынбайтын осыншама қайсар рухты жандарды бұрын-соңды
көрмегем.
Инфадус сөзін аяқтай бере:
– Міне, сендердің корольдерің! – деді Игнозиді нұсқап. – Осы
корольдерің үшін ұрысқа кіріңдер, осы корольдерің үшін ұрыс үстінде
өліңдер. – Ер адамға бұдан артық бақыт, бұдан асқан абырой жоқ. Өз
королінің жолында өлуге жүрегі дауаламаған, жаудан қашқан адамды
қарғыс атсын, оның есімі мəңгі бақи масқараға, мазаққа ұшырасын.
Көсемдер, сардарлар, сарбаздар, міне, корольдерің алдарыңда тұр!
Қане, қасиетті жылан бейнесіне ант беріңдер де, біздің соңымыздан
еріңдер. Инкубу екеуміз сендерді Твала əскерінің талмау жеріне бастап
апарамыз!
Бір сəт тыныштық орнай қалды. Содан соң кенет сапта тұрған əскердің
арасынан алыстағы теңіз толқынының сарынына ұқсас бірқалыпты
ырғақты баяу дыбыс естіледі: алты мың адам қатарынан найза дүмімен
қалқандарын ептеп ұрғылай бастаған екен. Күңірене шыққан шу бірте-
бірте ұлғая берді, қатая берді, күшейе берді. Ақырында құлақ
жарардай даңғыраған айбарлы үнге айналды. Тау-тасқа жаңғырыққан
күн күркіріндей қатерлі дауыс ауаны кернеп кетті. Дабыл шарықтау
шегіне жете бере қайта баяулады да, оқыс тынды. Кенет тыныштықты
қақ жарып, күңірене шыққан ұран естілді:
– Куум!
Дəл бүгінгі күні Игнози қалай масаттанса да, қалай мақтанса да,
орынды болар еді деген ой келді маған. Өлімге бара жатқан
гладиаторлар да Римнің ешбір императорын дəл осылай құттықтаған
жоқ шығар.


Игнози айбалтасын көкке көтеріп, осыншама үлкен құрметке орай
ризашылық белгісін жасады.
Осыдан соң Сұр сарбаздар үлкенді-кішілі сардарын есепке алмағанда,
əрқайсысы мың жауынгерден құралған үш лекке бөлініп сапқа тұрып,
өздерінің тиесілі орындарына қарай беттеді.
Соңғы лек бізден бес жүз ярдтай ұзаған кезде Игнози Сұр сарбаздар
сияқты үш лек боп сап түзеген Буйволдар полкінің басына кеп тұрды.
Бөгелмей біз де жылжыдық.
Дəл осы сəтте менің іштей қызу дұға оқуға кіріскенім, осы хикметтен
басымды арашалап, аман-есен шығуыма жар бола көр деп тəңірге
табына мінəжат еткенім айтпаса да түсінікті. Өмірде көрмеген
машақатым жоқ, талай қиын хəлді бастап өткердім, бірақ мұндай күнге
ұрынам деп үш ұйықтасам түсіме кірмеген. Шырмалған аудан аман
құтылармын-ау деген үмітім бұрын-соңды мұншалық аз болып көрген
емес-ті.
Біз қырқаның құлама беткейіне жеткен кезде еңіске қарай құлаған Сұр
сарбаздар жарым жолға барып қалған еді.
Жал төбенің екі аралығы – көк желек жамылған тар қолат. Қырқа
қойнауына сұғына енген бұл түбекше алаң тағалы аттың
майтабанындағы үшбұрышты мүйіз суретті еді.
Жазықтағы Твала лагерінде үлкен қозғалыс бары байқалады. Бірінен
соң бірі лек-легімен шыққан полктер жүгіре басып, бері қарай беттеп
келеді. Үшбұрыштың сай қойнауына енер тұсындағы мойнаққа бізден
бұрын жетпек. Шабуылға шыққан əскерді жазыққа өткізбей қайырмақ.
Үшбұрышты түбекшенің ұзындығы шамамен төрт жүз, көлденеңі үш
жүз елу қадамдай. Ал жазықпен барып жалғасатын тар мойнақтың ені
тоқсан қадамға жетер-жетпес қана. Сұр сарбаздар қырқадан үш лек
боп бөлек-бөлек түсті де, үшбұрыштың ең енді жеріне барып, үш қатар
боп сап түзеп, қайтадан жансыз, қимылсыз қатып тұра қалды.
Сол кезде біздер, яғни Буйволдар да төмен түсіп, Сұр сарбаздардың
соңғы сапынан жүз ярдтай жерден, қырқа беткейінен орын алдық.


Аз уақыттық тыныштықты пайдаланып, Тваланың бүкіл армиясының
бізге қарай түп көтеріле кəнігіп келе жатқанын көріп тұрмыз. Сірə,
таңертеңгі шабуылдан соңғы жерде, жау əскерінің қатарына жаңа
полктер келіп қосылған сияқты. Үлкен шығынға ұшырағанына
қарамастан, қазір Твала əскерінің ұзын саны қырық мыңнан кем
соқпасы анық.
Қолат түбекке жақындаған сайын жау əскерінің көңіліне қобалжу
енгені байқала бастады; майданға белгілі уақытта тек бір полк əскер
ғана ене алатынын көріп келеді. Оның үстіне сайға кіре беріс
мойнақтан жетпіс ярдтай ғана жерге атақты Сұр сарбаздар жасағы –
бүкіл кукуан армиясының мақтанышы боп саналатын сайыпқыран
полк тұр. Тасқынның жолына қойылған Сұр сарбаздар бағзы
замандарда мың дұшпанды көпірден өткізбей бөгеген үш римдік
тəрізді еді.
Сұр сарбаздарға тек қарсы беттен ғана шабуыл жасауға болатын,
өйткені екі қанат – қалың қойтасты қырқа. Қобалжыған жау бəсең
жүріске көшті, келе-келе мүлде тоқтады. Сірə, əзелден аты шыққан,
енді үш қатар боп сап түзеп, түнеріп тұрған ержүрек жауынгерлермен
найза қағысуға онша құмартпаса керек.
Кенет жау сапынан түйеқұс қауырсыны қадалған бас киім киген,
əлдебір ұзын бойлы əскербасы жүгіріп шықты. Қасында бірнеше
сардар, толып жатқан нөкері бар.
Топтан бөлінген əскербасы, сірə, Тваланың өзі болса керек. Шабуылға
шығуға жарлық берді. Сол сəтінде-ақ алдыңғы қатардағы полк айқай-
сүрен салып қаптап қоя берді.
Ал Сұр сарбаздар болса, үнсіз, қимылсыз қалыптарынан танбады.
Шабуылшы полк қырық ярдтай жерге жақындай бере жаңбырша
жаудырып, селебе лақтыра бастаған. Міне, осы кезде, жау лақтырған
селебе сарт-сұрт етіп қалқанға, кірш-кірш етіп денеге қадала бастаған
шақта ғана Сұр сарбаздарға жан біткендей болды. Дүр етіп ұран сап,
найзаларын кезене оқыс алға ұмтылған.


Келер сəтте біздің құлағымызға қалқандардың сатыр-сұтыр
соқтығысқан даусы жетті, ерсілі-қарсылы сілтенген, қызыл қанға
боялған найза сүңгілері күнге шағылысып, бүкіл алаң жарқ-жұрқ еткен
сəулеге толып кетті. Бірін-бірі баудай түсіріп, қанға бөккен жұрт теңіз
толқынындай ілгерінді-кейінді лықсып, опыр-топыр боп жатыр.
Алайда бұл күй ұзаққа созылмады. Шабуылшы жақтың тізбек-тізбек
қатары күрт селдіреді де, Сұр сарбаздар жалдана, лықсып кеп, су
астынан шығып тұрған жартасты жауып өткен толқын сияқты, жау
сапын тапап өте берді.
Біздің ойға алған мақсатымыз орындалды: шабуылшы полк бір адамы
қалмай, тегіс харап етілді. Алайда қиян-кескі ұрыс Сұр сарбаздардың
өзіне де оңайға түспепті, полк құрамындағы жауынгерлердің үштен
бірі қаза тапты.
Сұр сарбаздар тығыз топтаса, қайтадан қатар түзеді де, үнсіз түнерген
бойы жаңа шабуылды күтті. Олардың арасында сэр Генридің де бар
екенін көрген кездегі менің қуанышымды айтсаңызшы! Ақ сары
сақалы кеудесіне жете төгіліп, ерапайсыз өсіп кеткен ұзын шашы
желкесіне түсе жалбырап, саптың басына бір, аяғына бір шығады,
тəртіп орнатып, жауынгерлерді жаңа ұрысқа жігерлендіріп жүр. Аман-
сау, тірі. Əзірге тірі.
Бұл екі ортада біз де өлген, өлім халіндегі жəне жаралы адамдардың
денелері аткөпір боп жатқан ұрыс алаңына жеттік. Қаннан қара жер
көрінбейді.
Қатардан шыққан жауынгерлердің ұзын саны төрт мыңнан кем емес
тəрізді.
Игнози жау жағынан қалған жаралы адамдар өлтірілмесін деген
жарлық берді. Сол мезетінде-ақ ауыздан ауызға өтіп, жұрттың бəрі
құлақтанған бұл бұйрық мүлтіксіз адал орындалды. Əйтпесе жан
шошырлық көріністің куəсі болатын едік. Рас, дəл осы сəтте бұл
туралы ойлап жатуға мұршамыз келген жоқ.
Жауынгерлері бастарына ақ қауырсын қадаған, шолақ ақ юбка киген,
ақ қалқанды жаңа бір полк тірі қалған екі мың Сұр сарбаздарға
шабуыл жасағалы жақындап келеді.


Сұр сарбаздар бұл жолы да үнсіз түнеріп тұра берді. Алғашқыдай, жау
тобы қырық ярд шамасына жеткен шақта ғана зулата селебе
лақтырысып, алға қарай лап қойды.
Тағы да қақтығысқан қалқандардың үнінен құлақ тұнды, сілтенген
найзалардың жарқылынан көз шайлықты. Қанды қырғын басталды да
кетті.
Бірталайға дейін Сұр сарбаздардың тағы да жеңіп шығуы мүмкін емес
тəрізді көрінген. Шабуылшы полк сайдың тасындай өңшең жас
жігіттерден құралған екен. Жан аямай қызу шайқасты. Тіпті Сұр
сарбаздар ақтарыла төгілген жас күштің серпініне шыдай алмай, кейін
лықсыды. Екі жақтың басына да қиян-кескі, нағыз қанды қырғын
орнады. Минут сайын жүздеген жауынгерлер жапырыла құлап жатыр.
Ышқына шыққан ұран, жаралы жанның азапты үні, қаржысқан
қарулардың даңғыры мен шыңылына аралас қуанышқа, масаттыққа
толы тынымсыз айқай естіледі: “Sgee! Sgee!” Бұл – найзасын қақ
жүрекке қадап, дұшпанын жер қаптырған жеңімпаздардың даусы.
Алайда асқан тəртіп, қайтпас жігер, жанкешті ерлік, не түрлі ғажайып
іске бастайды ғой. Оның үстіне тəжірибеге бай бір байырғы сарбаз екі
жас жауынгерге пара-пар. Бұған ұзамай-ақ көзіміз жетті.
Сұр сарбаздардың біткен жері осы деп ойлап, олардың орнын алуға
əзірлене бастағанбыз. Кенет сэр Генридің ұрыс дабылынан асып
шыққан зор даусы құлағыма жетті. Бір сəт басынан асыра көтеріп,
жарқылдата бұлғаған айбалтасын көзім шалып қалды. Содан соң ұрыс
кейпіне өзгеріс енгенін бəріміз де анық байқадық. Сұр сарбаздар
шегінуін тоқтатты. Бейнебір теңіз жағасындағы толқын қанша ұрса да
мызғымайтын жартас сияқты, жаудың жанталаса ілгері ұмтылған
найзагерлерін қайта-қайта кейін серпи ысырып тастап, таймай
шайқасты. Содан соң Сұр сарбаздар тағы да лықси қозғалды. Бірақ бұл
жолы олар алға қарай жылжыған еді. Мылтық атылып, түтін
шықпағандықтан жəне көгалды тепсеңнен шаң да көтерілмеген себепті
біз бəрін ап-анық көріп тұрмыз. Арада тағы бірер минут өткенде жау
шебінің жібі босап кеткендей, шабуылын оқыс бəсеңдетті.


– Иə, бұл – нағыз сайыпқыран ерлер! Тағы да жеңіп шығуға айналды, –
деді манадан бері менің қасымда тісін шықырлатып, өзін əрең ұстап
тұрған Игнози. – Қара, əне, əне! Жеңіс!
Кенет жау полкі зеңбірек аузынан шыққан бетте желге ұшыраған
түтіндей быт-шыт боп селдірей, тым-тырақай тұра қашты. Ақ
қауырсынды ақ қалпақтары жел лебімен бастарынан ұшып, алды-
артына қарауға шамасы келмей, зытып барады.
Сұр сарбаздар жеңіске жетті, бірақ, о, жалған-ай десеңізші, полктің
жұқанасы ғана қалған еді. Үш қатар боп, құрыштай берік сап түзеп,
осыдан қырық-ақ минут бұрын ұрысқа енген үш мың жаужүрек
азаматтан енді көп дегенде алты жүздей ғана адам қалды. Өзгесі тегіс
жер жастанды. Осы тірі қалған, үсті-басын қан жапқан жауынгерлер
найзаларын көкке көтере бұлғап, шаттана ұран салды.
Сұр сарбаздардың қалдығы енді бізге кеп қосылатын шығар дегеміз.
Олай болмады. Бөгелместен бəрі бірдей қашқан жаудың соңынан түре
қуды. Сол беті жүз ярдтай жерге дейін жүгіріп барып, алаңның қақ
ортасындағы жайпақ беткейлі кішкене төбешікке тоқтады. Төбенің
басына үш қатар шеңбер жасай сапқа тұрды да, қайтадан ұрысқа
əзірленді.
Міне, осы сəтте – бұл бақытты қойсаңызшы! – мен тағы да сэр Генриді
көрдім. Қол-аяғы аман сияқты, төбенің қақ басында тұр. Жанында –
біздің көне көз досымыз Инфадус.
Тыныс ұзаққа созылмады. Тваланың жəне бір полкі сайға енді де, біз
өлімге байлаған ерлерге дүрсе қоя берді. Тағы да қиян-кескі ұрыс
басталды.
Менің, ақиқатын айтқанда, қорқақтау адам екенімді жəне қашанда
ұрысқа кіруге онша құлшынып тұрмайтынымды осы хикаяны оқып
отырған əрбір адам баяғыда-ақ аңдаса керек. Рас, талай рет жаным
жаратпайтын іске араластым, қан ішіп те көрдім, алайда мен осының
бəрінен шын көңіліммен жиренетінмін. Басқаның шелек қанынан
өзімнің тамшы қанымды артығырақ бағалайтынмын, реті келіп, қажет
боп тұрған жағдайда тайқып кетуді, қашып кетуді де ұят санаған
емеспін. Алайда дəл осы сəтте мен өз өмірімде тұңғыш рет кеудемді


күш кернеп, ұрысқа араласқым кеп, арқам қозып бара жатқанын
аңдадым. Инголдзби аңыздарының ішіндегі ерлік жырларының
үзінділері ойыма оралды, “Көне өсиеттегі” қан тілейтін, сезімге толы
жолдар есіме түсті. Осыдан біраз бұрын ғана қорқыныш пен үрейден
мүлде тоқтап қалуға айналған жүрек тамырларым қайта соғып, қаным
қызып, делебем əбден қозды. Қасап қырғын ішіне қойып кеткім кеп,
ешкімді аямай қан төккім кеп тыпырши бастадым. Артымызда иін
тіресе қатар түзеп тұрған жауынгерлер сапына қарадым. Бір сəт, қазір
менің түрім де дəл осылардың түріндей шығар деген ой келді басыма.
Жауынгерлердің бəрі де қолдары дір-дір етіп, еріндері əнтек ашылып,
мойындарын соза қалшиып тұр еді; беттерінен жан шошырдай,
бойларын ыза, кек буған; көздері құрбандығының қылпуын аңдап
қалған қасқырдың көздеріндей жайнайды.
Тек қабылан терісінен тігілген жақы киген, өзін-өзі еркін билей алатын
Игнозидің жүрегі ғана бірқалыпты соғысынан танбаса керек. Алайда
оның өзі тынымсыз тіс шықырлатумен болды.
Мен бұдан арыға шыдай алмадым.
– Омбопа, яғни Игнози, – дедім, – шынымен-ақ сүйегіміз қурағанша
осы жерде тұра бермекпіз бе? Енді Тваланың ана төбенің басындағы
бауырларымызды тегіс харап еткенін күтуіміз керек пе?
– О, жоқ, Макумазан, – деді ол. – Анаң қара. Сəтті кезең тусын – қалт
жібермейміз.
Осы кезде жау полкі шұғыл маневр жасап, Сұр сарбаздарды айналып
өтті де, оларға біз тұрған беттен бас салды.
Міне, дəл осы мезетте Игнози айбалтасын көтеріп, шабуылға белгі
берді. Буйволдар жер күңіренте ұран сап, құздан құлаған селдей
қаптап, төменгі жау тобына қарай лап қойды.
Бұдан соң не болғанын айтып шығуға менің тілім жетпейді. Бар есімде
қалғаны, біз жойқын шабуылға, бірақ ақылмен пішіп, алдын ала
мұқият ойластырылған шабуылға көштік.
Ұрыс шебі күрт өзгерді, қыспаққа алынған полк жаңа жағдайға сəйкес
жаңаша сап түзеді, қасап қырғын ішіне қойып кеттік. Даң-дұң, шаң-
шұң дауыс, үздіксіз айқайдан жер теңселгендей, жарқ-жұрқ еткен


найза, ақтарылып төгілген қып-қызыл қан көз қарықтырғандай. Қызыл
күрең тұман ішінде жүрген тəріздімін.
Есімді жинаған кезімде қарасам, Сұр сарбаздар полкінің қалдығы
бекінген төбенің басында екем. Қасымда бөтен біреу емес, сэр
Генридің өзі тұр. Бұл араға қалай келіп қалғанымды білмей дал
болдым. Сэр Генри кейін айтты, Буйволдар екпінді шабуылға
шыққанда қаптаған адам тасқыны мені еріксіз ығыстырып, сэр Генри
тұрған тұсқа бір-ақ əкеп тастапты. Шабуыл толқыны қайта серпілген
кезде сэр Генри Сұр сарбаздар шебінен шыққан да, мені арқалап ішке
алып кірген.
Бұдан соң болған қиян-кескі соғысты оқушының көз алдына
келетіндей етіп суреттеп шығуға ешбір қаламның құдіреті жетпес!
Селдей қаптаған жау толқын соңынан толқын атып, біздің Сұр
сарбаздар құрған шеңберге үсті-үстіне шабуыл жасады. Біз де олардың
бетін қайтарудан танбадық. Осындай ауыр шайқас туралы əлдебір
ақын өте тауып айтқан сияқты:
Не өлім, не жеңіс болып анттары,
Найзагерлер қара ормандай қаптады.
Өлгендердің орнын басып соңғылар,
Бір сəтке де сиремеді саптары.
Бұл бір ғаламат көрініс еді. Ауыр шығынға ұшырағанына қарамастан,
үлкен қажыр көрсеткен жау əскері үздіксіз шабуылдай берді.
Өлгендерін баса-жанша алға өңмендей ұмтылумен болды. Біздің
найзаларымыздың ұшын бөгер қалқан ретінде, жаңа ғана өлген
жолдастарының өлігін алдына тосып та шабуылдап көрді. Бірақ
олардың əрекетінен ешқандай нəтиже шықпады. Тау боп үйілген
жансыз мүрделердің үстіне жаңа өліктер қосып, жарға соғылып кейін
серпілген толқындай үнемі кері лықсуға мəжбүр боп отырды.
Көпті көрген қайтпас кəрі қолбасы Инфадустың аспай-саспай қалай
бұйрық бергеніне, жауынгерлердің рухын көтеру үшін мысқылдай
сөйлеп, кейде тіпті қалжыңдап та тұрғанына мен тамашалай əрі
сүйсіне қарадым. Шабуылдың жаңа толқыны басталған шақта ол ең
қызу ұрыс қайнаған жерлерге барып, жұрт қатарлы найза сілтеп, кəрі
арыстанша арпалысып кететін.


Əйткенмен сэр Генридің түр-тұлғасы бұдан гөрі əсемірек те
айдындырақ та еді. Басына қадаған түйеқұс қауырсыны найза жүзіне
шалынып, қырқылып түсіпті. Енді ұзын ақ сары шашы желмен
желбіреп жүр. Түр-тұлғасы көне датқа ұқсас осы бір алып денелі
батыр қайтпай шайқасты. Айбалтасы да, сауыты да, қолы да қанға
малшынған. Жолына ешкім кесе-көлденең тұра алмады, соққысына
ешкім төтеп бере алмады. Мен ауық-ауық сэр Генридің балта
сілтегенін, сол сəтінде-ақ онымен бетпе-бет айқасуға жүрегі дауалаған
ер сарбаздың бүктетіле құлағанын көріп тұрдым. Дұшпаны жер қаба
жығылғанда сэр Генри өзінің беркширлік бабалары құсап: “О-хой! О-
хой!” деп айқайлап қояды. Оның соққысынан қалқандар қақырады,
найзалар шылпара болды, талай жанның бас сүйегі қарс айрылды.
Ақыры, жолында тұрған дұшпан атаулыға қырғын таптырудан
танбаған, ал өзіне пəле дарымаған “umtagati” – яғни дауласкер ақ
сиқыршы жұрттың бəрінің жүрегін шайлықтырып бітті, ешкім оның
маңына өз еркімен жуыспауға айналды.
Кенет жау тобынан “Твала! Твала!” деген айқай естілді. Артынша
өршелене шабуылдаған топырдың ішінен жалғыз көз қара дəу –
корольдің өзі шыға келді. Сауыт киіп, қалқан ұстаған, бір қолында
жарқ-жұрқ еткен айбалтасы бар – мұздай құрсанған.
– Қайдасың, Инкубу, менің ұлым Скрагганы өлтірген ақ адам, қайда
жүрсің? Шық қане! Көрейік, енді кім-кімді өлтірерін! – деп құтыра
айқайлады да, сэр Генриге селебе лақтырды.
Сəті түскенде, сэр Генри Тваланың оқыс қимылын қалт жібермей
аңдаған екен, қалқанын тоса қойды. Селебе сарт етіп қалқанға тиді де,
темірді тесе-месе сағағынан ілініп тұрып қалды.
Содан соң Твала өкіре айқайлап, сэр Генриге дүрсе қоя берді. Ытқи
қарғып кеп, балтасымен салып жібергенде, төбесіне қалқанын тосқан
сэр Генри өзінің алып күшіне қарамастан, соққының қаттылығынан
шөкелеп отыра кетті. Бірақ бар жекпе-жек осымен тынды. Өйткені дəл
осы кезде бізді манадан бері қыспаққа алып жатқан полктер жақтан
үрейлі айқай естілді. Бар назарымыз сол жаққа ауды. Сол сəтінде-ақ не
болғанын түсіне қойдым.


Бүкіл жазық оң жақтан да, сол жақтан да қаптаған қара құрым
əскерден көрінбейді. Бұл – қос қанаттан бірдей шабуылға шыққан
біздің жауынгерлер еді.
Шабуыл үшін бұдан артық қолайлы сəт таңдап алу мүмкін емес-ті.
Игнозидің есебі тура келді: Тваланың бүкіл армиясының назары
əуелде Сұр сарбаздармен шайқасқа, одан соң Сұр сарбаздардың
қалдығымен жəне олардың артын ала майдан құрған Буйволдармен
соғысқа ауған еді. Жау біздің əскердің негізгі ұйытқысы болып
саналатын бұл екі полкке қарсы үсті-үстіне əскер төгіп, ұрыс тағдырын
өз пайдасына шешкісі келген. Дұшпанның өзі шабуылға шығады жəне
қос қанаттан қысады деп тіпті ойламаған. Мүлде күтпеген іс болды.
Ендігі Тваланың полктері қорғанысқа сайланып, қатарларын жаңадан
түзеп үлгермеді, аш бөрідей шапқан біздің əскер оларды қос бүйірден
бірдей қыспаққа алып, еңсеріп əкетіп барады.
Арада бес-он минут өтер-өтпесте ұрыс тағдыры шешіліп бітті.
Алдында Сұр сарбаздармен жəне Буйволдармен айқаста көп шығынға
ұшыраған, жаудың жанкешті ерлігінен жүректері шайлыққан Тваланың
қолы енді қос қабырғадан бірдей шаншылған найзаның дүмпуіне
шыдамады, дүркірей қашты.
Ұзамай, үрейі ұша, тым-тырақай босқан жау қарасынан шаһар мен
қырқа арасындағы жазықтың беті көрінбей кетті. Ал сайға еніп, біз бен
Буйволдар полкін жойып жібермек болған əскерге келсек, олар кенет
сиқыр соққандай шылпара болды. Əп-сəтте төңірегіміздегі жаудан
тазарып шыға келдік. Тынымсыз беттен ұрған толқын біржола сап
болған кездегі жартас құсап, жападан-жалғыз өзіміз ғана қалыппыз.
Біздің көз алдымыздан алапат көрініс ашылды. Тау боп үйілген
өліктер, жан даусы шыға ыңырсыған жаралылар. Сайыпқыран Сұр
сарбаздар полкінен тоқсан бес-ақ адам қалыпты. Жалғыз осы полктің
өзі үш жарым мыңға тарта жауынгерінен айрылды.
Инфадус өзінің қаһарман полкінің жұқанасына қайта-қайта
қарағыштап қойып, қолының жарасын таңып жатты.
– Жауынгерлер! – деді салқын да сабырлы үнмен. – Сендер өз
полктеріңнің абырой-атағын жоғары ұстадыңдар. Бүгінгі ұрысты


сендердің балаларыңның балалары жыр етіп айтатын болады. Содан
соң сэр Генриге бұрылып, оның қолын қысты.
– Сен ұлы адамсың, Инкубу, – деді жайымен. – Мен бар өмірімді ұрыс-
соғыста, жауынгерлер арасында өткіздім, тіршілігімде талай ержүрек
жігітті алдымнан өткердім, бірақ сен сияқты жанкешті ер, алып
батырды көрген емеспін.
Осы мезетте Лууға бағыт алған Буйволдар бізбен қатарласты. Игнози
олардан сəлем айтып, Инфадус, сэр Генри жəне мен үшеумізді
шақырған екен. Сондықтан жаралыларды жинап алуды полктен қалған
тоқсан жауынгерге тапсырып, біз Игнозиге келіп қосылдық.
Игнози бізге өзінің енді Луу шаһарына шабатынын, мүмкін болса,
Тваланы тұтқынға алуға тырысатынын хабарлады.
Біраз жүрген соң жолымыздан Гудтың кездесе кеткені. Бізден жүз
қадамдай қиыста, құмырсқа илеуінің үстінде отыр екен. Дəл қасында
кукуан жауынгерінің өлі денесі жатыр.
– Апыр-ай, жаралы болмасын, – деді сэр Генри даусы толқып.
Міне, дəл осы мезетте ешкім күтпеген ерекше оқиға болды. Жаңағы
кукуан жауынгердің өлі денесі, дəлірек айтсақ, біз өлі деп есептеген
адам атып тұрды да, Гудты аяғын көктен келтіре, құмырсқа илеуінің
үстінен ұшырып түсіріп найзамен пергілей бастады.
Жан даусымыз шыға біз де ұмтылдық. Анадайдан көріп келеміз,
кукуан жауынгері шалқасынан құлап жатқан Гудты найзасымен
пəрмендей кеп үсті-үстіне ұрады, ұрған сайын Гудтың аяқ-қолы ербең-
ербең етеді. Біз жете берген кезде кукуан жауынгері “Ал керегіңді,
сиқыршы!” деп, Гудтың денесіне найзасын тағы да бір рет салып алды
да, табаны жерге тимей тұра қашты.
Гуд қимылсыз, тілсіз қалды. Байғұс жолдасымыздың саудасы біткен
екен деп ойладық. Қайғыға батып, қасына да жеттік. Сөйтсек
Гудымыздың өңі боп-боз болғанымен аман-сау, жымиып күлімсіреп
жатыр, тіпті көзіндегі монокіліне дейін бəз баяғыша.
– Сауытымыз сауыт-ақ екен! – деді біз басына төне еңкейген кезде
сыбырлай сөйлеп. – Алдап соққаным-ай əлгіні! – Сөйдеді де,
талықсып кетті.


Денесін мұқият қарап шықтық. Жауды қуған кезде селебе тиіп,
аяғынан жараланған екен, ал жаңағы кукуан жауынгерінің найзасы
денеге дарымапты, болат сүңгі берен сауыттан өте алмаған екен. Бірақ
бүкіл денесі көк ала қойдай. Бақыт деген осы, найза астында жатып
тірі қалды. Дəл осы мезетте біз Гудқа ешқандай жəрдем көрсете
алмайтын едік. Қасымыздағы жауынгерлер оны жаралыларды тасуға
арнап бұтақтан тоқып жасаған зембілге жатқызып, біздің соңымыздан
алып жүрді.
Луу шаһарының қырқа жақ беттегі дарбазасына да жеттік. Игнозидің
бұйрығы бойынша оны біздің полктердің бірі күзетке алған екен.
Қаланың өзге дарбазалары да сыртынан біздің бақылауымызға көшкен
боп шықты.
Полк сардары ілгері шығып, Игнозиді король ретінде құттықтады.
Содан соң Тваланың бүкіл армиясымен қалаға тығылғанын хабарлады.
Жəне бұл сардардың ойынша, аруағы қашып, əбден ұнжырғасы түскен
əскер қару тастауға əзір сияқты.
Бұл сөздерді естіген соң бізбен ақылдасып алды да, Игнози қаланың
барлық қақпаларындағы полктеріне шапқыншы жіберді. Олар шаһар
ішіндегі барлық əскерге қақпа ашылсын деген жарлық жеткізуге тиіс
еді. Қаруын тастаған жауынгерлерге тегіс кешірім жасалады деп
жарияланды.
Король атынан айтылған бұл соңғы сөз біз күткендей нəтиже берді.
Сол сəтінде-ақ ордың үстіне көпір түсірілді де, қақпа айқара ашылды.
Буйволдар көпір түсіріле бергенде-ақ шаттана ұрандасқан. Алайда
опасыздық жасалуы мүмкін екендігін де естен шығарғамыз жоқ.
Барлық сақтық шараларын жасаған соң ғана қалаға кірдік.
Ұзыннан-ұзақ созылған жол жиегінде Тваланың жауынгерлері тұр.
Еңселері түскен, жүздері жабырқау. Бастары салбырап кеткен.
Қалқандары мен найзалары аяқтарының астында жатыр. Бəрі де
қасынан өткен кезде Игнозиді өздерінің королі деп танып, құттықтап
жатты.
Біз алға, Тваланың крааліне қарай жүре бердік. Осыдан екі күн бұрын
əскер сыны өткізілген жəне ұлы зікір, дуагерлер аулау салтының қанды


куəсі болған алаңға да жеттік. Тірі жан көрінбейді, қаңырап тұр. Жоқ
мүлде қаңырап қалмаған – ең арғы шетте, король лашығының алдында
Твала отыр. Қасында Гагуладан басқа ешкім жоқ.
Тақтан тайдырылған, енді сауыты саудырап, басы салбырап отырған
корольдің түр-тұлғасы өте аянышты еді. Айбалтасы мен қалқаны
жерде жатыр. Қасында жалғыз кемпір ғана отыр. Қаныпезерлігін,
əщадылығын өз көзіммен көрген болсам да, дəл осы сəтте менің
кеудемде кешегі қаһарлы король, ал бүгін биік тұғырдан құлаған
мүскінге деген аяныш оты жылт еткендей. Кеше ғана алдында сіресіп
тұрған ауыр əскерден бүгін бір сарбаз қалмаған, кеше ғана құлдық
ұрып, жорғалап жүрген сансыз нөкердің ешқайсысының ізі жоқ,
қайғысына ортақтасып, қасында кешегі мың əйелінің бірі отырсашы.
Бақытсыз сорлы! Тағдыр қатал сыбаға тартқан талай бейбақтың кебін
бүгін бұл да киді. Адам заты қашанда бағы тайып, батпаққа батқан
жандардың қайғысын көргісі, арызын естігісі келмейді; қауқары
қайтып, қорғанынан айрылған жанның қасына ешкім бармайды, ешкім
оған аяушылық жасамайды. Шындығына келсек, мына біздің
алдымызда отырған адамға аяушылық жасаудың өзі күнə еді.
Краальдің ішіне енген соң біз алаң арқылы тура бұрынғы король
отырған жерге беттедік. Қасына елу ярдтай қалған кезде полк тоқтады
да, біз аз ғана жасауылдармен бөлініп шықтық. Тваланың қасына
жеткенімізше Гагуланың бізге арнап айтпаған балағаты қалмады.
Біз қасына келе берген кезде ғана Твала манадан бері тұңғыш рет
басын көтерді де, жұлдызы жанған бақталасы Игнозиге жалғыз
көзінен ызғар шаша жалт қарады. Өзін-өзі ұстауға тырысқанмен, ыза
буған жанның жалғыз көзі маңдайындағы гауһардай жарқ-жұрқ еткен.
– Сəлем саған, о, король! – деді ол. Даусында ащы мысқыл табы бар. –
Кеше менің нанымды жеп ең, бүгін ақ адамдардың сиқыры арқасында
ел ішіне бүлік əкелдің, əскерімді талқандадың, құттықтаймын сені.
Маған енді қандай хикмет көрсетпексің, о, король!
– Менің əкем, өзің соншама жыл бойы тағын иемденген король көрген
күн сенің де басыңа түспек! – деді Игнози қатқыл үнмен.
– Жақсы. Мен саған қалай өле білу керегін көрсетейін. Өз басыңа
келген күні үлгі етерсің. Анаң қара – күн ұясына қонған түс алқызыл


қанға малшынып тұр. Твала қолындағы қанға боялған айбалтасын
қызыл жалқынданып тұрған күнге қарай нұсқады. – Менің күнім де
сол күнмен бірге батқаны абзал. Ал енді, о, король, мен ажалға əзірмін.
Бірақ кукуан еліндегі король əулетіне тəн рəсім үстінде өлуге1
мүмкіндік бер. Бұған қарсы болмассың, əйтпесе бүгін майдан даласын
тастай қашқан қоянжүрек қорқақтардың өзі сыйлаудан қалады сені.
– Мен оған рұқсат берем. Кіммен шайқасқың келеді, қане, таңда. Ал
мен өзім сенімен жекпе-жекке шыға алмаймын. Өзің де білесің, король
тек соғыс кезінде ғана қолына қару алуға тиіс.
Тваланың жалғыз көзі біз жаққа ауды. Бір сəт ызғарлы көз тура маған
кеп тоқтаған тəрізді көрінді; зəрем ұшып, бойым қалтырап қоя берді.
Шынында да, жекпе-жекті менен бастағысы келсе қайтпекпін? Бойын
ашу-кек буған, ұзындығы алты фут, таудай алып жабайы жалмауызға
қарсы тұрарлық менде қаншалық қауқар бар. Мұндай алыппен соғысу
– атылып өлгенмен пара-пар емес пе. Мен сол сəтінде-ақ қалайда
жекпе-жектен бас тартам деген шешімге тоқтадым. Мейлі, мазақ етіп,
масқара етіп, Кукуанстанның шегінен қуса да шыдаймын. Бас тартам.
Меніңше, айбалтаның астына тіленіп түскеннен, мазаққа ұшырасаң да
тірі жүре берген артық. Ұяттан өлім күшті. Кенет Твала:
– Сен не айтасың, Инкубу? – деді. – Мана бастаған шаруамызды қазір
тəмамдасақ қайтеді? Əлде сені сужүрек қорқақ деп атаймын ба?
– Жоқ, – деді Игнози оның сөзін бөліп. – Сен Инкубумен соғысуға тиіс
емессің.
– Əрине, – деді Твала. – Қорқып тайқыса, қайдан соғысам.
Бақытсыздыққа қарай, сэр Генри бұл соңғы сөздерді түсініп қойды.
Бетіне қаны теуіп, қып-қызыл боп кетті.
– Мен шайқасамын онымен! – деді. – Қорқам ба, қорықпаймын ба,
қазір өз көзімен көреді.
– Құдай үшін, – дедім мен сэр Генриге жалынып. – Мына бойын жын
буған адаммен жекпе-жекке шығып, өміріңізді қатерге байламаңыз.
Сізді қорқақ деп айтуға ешкімнің де ары бармайды. Бүгін ұрыс үстінде
жұрттың бəрі де кім екеніңізді көрген ғой.


– Мен онымен сайысам, – деді сэр Генри түнеріп. – Мені қорқақ деп
ешкім де айта алмайды. Мен əзірмін.
Сэр Генри бір қадам алға шығып, айбалтасын көкке көтерді. Мен бұл
донкихоттық есерсоқ қылықтан əбден түңілдім, не істерге білмедім.
Соғысам деп тұр – не шара, соғысады,
етегінен тартып ұстап отыра алмаймын.
– Ақ түсті бауырым, сайыса көрме онымен, – деді Игнози сэр Генридің
иығына қолын салып. – Сен бүгін аз ерлік көрсеткен жоқсың. Егер
мынаның қолынан жазым тапсаң, менің жүрегім парша-парша болады.
– Мен онымен сайысам, Игнози, – деді сэр Генри манағы сөзін
қайталап.
– Қайтеміз енді, бара ғой, Инкубу. Сен жаужүрек адамсың. Бұл сұмдық
сайыс болады. Ал, Твала, Піл сенімен шайқасуға əзір.
Бұрынғы король қарқ-қарқ күлді де, бір қадам алға басып, Куртиспен
бетпе-бет келді. Батып бара жатқан күннің шапағы олардың еңгезердей
денелерін қызғылтым сəулеге бөлеп, бұрынғыдан əрмен тұлғаландыра
түскендей. Бір-біріне сай дұшпандар. Содан соң екеуі де балталарын
жоғары көтеріп, аңыс аңдып бірін-бірі айналып жүре бастады.
Кенет сэр Генри ырғи шапшып, күшпен балта сілтеді. Бірақ Твала бір
жаққа ытқып түскен еді, балта жүзі денесіне дарымады. Соққысының
ғаламат екпінмен сілтенгені сондай, сэр Генридің өзі ұшып түсуге шақ
қалды. Жауы бұл сəтті қалт жібермей пайдалана қойған. Балтасын
басынан айналдыра шырқ көбелек ойнатып алып, адам сенгісіз ауыр
күшпен салып кеп қалды. Жүрегім зырқ етіп, табаныма түсті. Біткен
жері осы шығар деп ойлағам. Жоқ, олай болмады – сэр Генри лып
еткізіп, сол қолындағы қалқанын көтеріп, айбалта жүзінен оқыс
қорғанды. Осының нəтижесінде айбалта қалқанның бір шетін қырқып
өтіп, сэр Генридің иығына ғана тиді. Алайда қалқан соққы күшін
кеміткен еді, балта денеге ешқандай зақым келтіре алмады. Сол
сəтінде сэр Генри де дұшпанын салып өтті, бұл жолы Твала сəтті
қорғанды.
Осыдан соң екеуі бірін-бірі балтамен төпеледі де кетті. Əйткенмен не
соққыдан жалтарып кетіп, не қалқанын тосып, ешқайсысы балта жүзін


денеге дарытпады.
Жұрттың толқынысы күшейе түсті. Жекпе-жекке қарап тұрған полк,
тіпті тəртіп дегеннің не екенін ұмытты; жауынгерлер сапты бұзып,
жақындап кеп, қоралай тұр. Əрбір соққы сайын не қуана айқайлайды,
не бойларын қауіп билеп, гулеп кетеді.
Дəл осы кезде манадан бері менің қасымда зембілде жатқан Гуд есін
жиды да, сол жерде отырған күйі жан-жағына үдірейе қарады. Бірақ
бұл ұзаққа созылмады. Келер мезетте-ақ орнынан атып тұрып, менің
қолымнан ұстай алды да, жалғыз аяқтап секірген беті өзімен бірге
дедектетіп əкетті. Сэр Генриге қарап жігер бере айқайлап жүр.
– Қимылда, қартым, – дейді бар даусымен бақырып. – Жарайсың,
соққы деп осыны айт! Кеменің қақ ортасынан көзде! – Міне, өстіп кете
берді. Сэр Генри жаудың кезекті соққысынан қалқанмен қорғанып
қалды да, кенет өзі де бар күшімен Тваланы салып қалды. Айбалта
қалқанды қақ жарып, одан соң сауытты да кесіп өтіп, Тваланы сол
иықтан қатты жаралады. Ауру мен ашу қысқан Твала өкіре айқайлап,
сол сəтінде-ақ қарымта қайтарды. Оның айбалтасы сэр Генридің
қолындағы айбалтаның мүйізтұмсық сүйегінен жасалып, берік болуы
үшін темірмен құрсауланған сабын кесіп өтіп, өзін беттен жаралады.
Біздің батырымыздың қолындағы балтаның басы сабынан қырқылып,
жерге ұшып түскенін көргенде, бүкіл Буйволдар полкі күңіреніп кетті.
Ал Твала болса, өзінің үрейлі айбалтасын көкке көтеріп, айқай сала
алға ұмтылған. Мен бұдан ары шыдай алмай, жүзімді бүркедім.
Көзімді қайта ашсам, сэр Генридің қалқаны жерде жатыр, ал оның өзі
арбиған үлкен қолдарымен Тваланы құшақтап алған, күресіп жүр.
Екеуі ілгерінді-кейінді итерісіп, бұлшық еттері білеуленіп, тіресе
тартысып, ұзақ алысты. Қымбат өмір үшін, өмірден де қымбат намыс
үшін айқас.
Твала бар күшін жинап, сэр Генриді алып соқты, құшақтары
жазылмай, екеуі бірге құлаған. Жанталаса күрескен беті қиыршық құм
үстінде домаласып жатыр. Твала сэр Генриді балтамен бастан ұруға
тырысады, ал Куртис белінен суырып алған селебесімен Тваланы


сауыт сыртынан ұрғыштаумен болды. Алыптардың бұл айқасы – жан
шошырлық ғаламат көрініс еді.
– Балтасын тартып алыңыз! – деді Гуд айқайлап. Сірə, біздің батыр бұл
сөзді естіген болу керек. Бəлки, естімеуі де. Əйтеуір өзінің селебесін
тастай бере балтаға жармасты. Балта сабы буйвол терісінен жасалған
бүлдірге арқылы Тваланың қолына байланған еді.
Екеуі арсыл-гүрсіл дем алып, сілеусіндей домалана айқасып, балтаға
таласып жатыр. Кенет бүлдірге сырт үзілді, содан соң сэр Генри бар
күшін сап, Тваланың құшағынан босап шықты. Жарадан шұбыра аққан
қан бір жақ бетін қызыл ала етіп бояпты.
Твала да атып тұрған. Белінен ауыр селебесін жұлып алып, Куртиске
дүрсе қоя берді. Жарқ еткен селебе сэр Генридің тура кеудесіне тиген.
Алайда берен сауыт қас шебердің қолынан шыққан екен, өткір
болаттың соққысына шыдады. Твала құтыра айқайлап, тағы да селебе
сілтеді. Бұл жолы да сауыттың көбесі сөгілмеді, ақ болат шықыр етіп
тайып түсті.
Бірақ соққының күші соншалық, сэр Генри теңселіп кеткен еді. Көзіне
қан толған Твала тағы да алға ұмтылды.
Дəл осы мезетте біздің батырымыз бойындағы бар күшін жиып алып,
айбалтаны құлаштай сілтеді. Мыңдаған ауыздан шыққан қуанышты
айқай бүкіл алаңды кернеп кетті – ғаламат ғажайып іс болған.
Тваланың басы кеудесінен секіріп түскендей көрінді. Бас жерге ұшып
түсісімен Игнозиге қарай домалай жөнелді де, тура оның аяғының
астына кеп бір-ақ тоқтады, Бассыз дене бір сəт қимылсыз тік тұрып
қалды. Күре тамырдан қара қошқыл қан шапшып атқылап жатыр.
Содан соң өлі дене сылқ етіп, бүктетіле құлады. Құрсаулы алтын
шеңбері мойнынан ұшып түсіп, дөңгелей жөнелді. Осы кезде қаншама
қанынан айрылып, əлсіреген сэр Генри де алтын құрсаудың үстіне
құлаған еді.
Келер мезетте-ақ оны жерден көтеріп алыстық. Əлдекімнің мейірбан
қолы оның бетін жуып, қанын тазартты. Артынша сэр Генридің өзі де
тостағандай үлкен, сұрғылт реңді көздерін ашты.
Аман-сау, тірі!


Дəл осы сəтте күн де батқан еді. Мен Тваланың қанға шыланып жатқан
басына бардым да, маңдайына қадаған гауһарын жұлып алып,
Игнозиге ұсындым.
– Гауһарды ал, кукуан елінің заңды королі! – дедім мен. Игнози гауһар
орнатылған тəтіні алып, маңдайына байлады. Содан соң өлі дененің
қасына келді де, бір аяғын өзінің дұшпанының басы жоқ, арыстай
кеудесіне қойып тұрып, жеңіс жырын шырқай жөнелді.
Əрі əсем, əрі асау əннің көркі мен мəнін сипаттап айтып беруге менің
тілім жетпейді. Грек тілінің бір білгірінің өте əдемі дауыспен Гомер
шығармасын қалай оқығаны есімде. Мағынасын түсінбесем де,
өлеңнің ырғақтылығы мен үнділігі маған сұмдық əсер етіп еді. Соңғы
күндерде басымыздан өткен қиындықтардан соншалық қажыған, неше
түрлі жан азабына ұшырап, əбден титықтаған болсам да, көне грек тілі
сияқты сазды да сұлу тілде шырқалған Игнозидің жырын ұйып
тыңдадым.
– Ақыры жеңіске жеттік, – деп бастады ол. – Көтеріліс мұраты хасыл,
жауыздық күшінен əділет күші басым түсті, мерейіміз үстем болды.
Таң елең-алаңнан орындарынан өре түрегелген жау бастарына
қауырсын қадады, қолдарына қалқан мен найза алды, қанды шайқасқа
əзірленді.
Ұрысқа сақадай-сай жауынгерлер өздерінің көсемдеріне дамыл
бермеді, “Аттанайық, түп көтеріле аттанайық!” десті, ал көсемдер
корольге келді. “Бізді ұрысқа баста!” деді.
Кеуделеріне намыс піскен жиырма мың жəне жиырма мың əскер
тыпыршып тұра алмады.
Олардың бастарына қадаған қауырсындары қара ормандай болып жер
бетін жауып кетті. Найзаларын көкке көтере ұрандасты, мың сан
қолдағы мың сан сүңгі күнге шағылысып, жер беті жарқылға толды.
Бойларын күш, көңілдерін қуаныш кернеген жау бізбен тезірек
ұрысуға асықты, біздің қанымызға құмартты.
Селдей қаптап маған қарсы аттанды. Олар күшті еді, ер еді. Менің
əскерімді тоз-тоз етпек, өзімді найзаға ілмек боп, қаптап келе жатты.


Күліп келе жатты, айқайлап келе жатты. “Ха-ха! Оны өлді деп санай
беріңдер!” десті.
Сол кезде мен кеудемді кере дем алдым. Қайта дем шығарған кезімде
алапат дауыл орнады, жолдағы дұшпанның бəрі тозаңдай ұшып, жоқ
болды.
Мен найзағай ойнатып, жай аттым, бар дұшпанымды жаусаттым.
Мен қайтпас сүңгімді олардың өңменіне бойлата қададым.
Қолдарынан күш кетті, бойларынан əл кетті.
Мен күндей күркіреген даусыммен-ақ олардың күлін көкке ұшырдым.
Айбарыма шыдамай қатарлары бұзылды, ашуыма шыдамай тоз-тоз
болды, күшіме шыдамай, дауыл үрлеген таңғы тұмандай жер бетінен
көшті.
Олардың денесінен аққан қанға қара жер тойды, еті мен сүйегіне қарға
мен түлкі тойды.
Таңертең ақыра түрегелген қайратты ерлер қайда? Таңертең кеуделерін
қағып, айқайлап: “Оны өлді деп санай
беріңдер!” деп шуласқан кекірт ерлер қайда?
Қауырсын қадаған мың сан бас қайда?
Ол бастың бəрі иілген, ол бастың бəрі кесілген. Иілген бас ұйқыда,
кесілген бас ұйқыда, бірақ бұл – енді қайтып оянбайтын ұйқы.
Аты да, заты да ұмытылды олардың. Олардың бəрі түнекке батты,
мəңгі бақи батты, енді қайтып шықпақ емес.
Олардың əйелдері басқаларға қатын болады, олардың балалары
əкелерінің атын айтуға арланады.
Ал мен – король болдым. Адасқан ұясын тапқан қырандай өз
тұғырыма қайта қондым.
Тыңда, халқым! Қараңғы түн түскенде елімнен безіп, қиян алыс
жерлерде жүрдім, бірақ мен таң атарын біліп ем, міне, енді өз ордама
қайтып оралдым.
О, халқым! Қанатымның астына келіңдер, денелерің сая табады.
Жүрекке орныққан қорқыныштың орнына, көңілге орныққан мұң-
зардың орнына қуаныш келеді, сенім келеді.


Жаңа заман туды! Еселеріңнің орны толар, бақытқа, байлыққа
кенелерсіңдер.
Жазықты қаптай жайылған мал тегіс менікі. Краальдерде көздері
сүзілген қыздар тегіс менікі.
Қыс өтті. Енді жаз келді.
Енді Жауыздық пен Жамандық ұяттан беті жанып, жұрт көзіне
көрінуден қалар.
Енді ел ішінде Береке мен Бақыт қана жарастық табар, гүлдей құлпыра
жайнар.
Шаттан, халқым, шаттан! Бүкіл ел шаттансын, өйткені зорлықшылдың
басы батпаққа шыланды, король мен болдым!
Игнози тына қалды. Сол сəтінде-ақ қоюланып бара жатқан
қараңғылықты қақ жарған мың сан дауыс естілді:
– Біздің короліміз – сенсің!
Сонымен, жау елшісіне мен айтқан сөздер шындыққа айналды. Арада
анық екі күн өтпей, Тваланың басы шабылған жансыз денесі өз
краалінің алдында топыраққа былғанып жатты.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   23




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет