Химия-биологиялық факультатив сабағын 9 сынып оқушыларының химия пәніне қызығушылығын арттыру әдісі ретінде қолдану Кілт сөздер: қызығушылықты арттыру, оқыту әдісі, факультатив сабақ, химия-биология пәнаралық байланыс
Кіріспе Оқушылардың танымдық қызығушылықтарын жетілдіру педагогиканың күрделі мәселелерінің бірі болып келеді. Қазіргі білім беру процесінде оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту үшін жаңа әрі тиімді оқыту технологияларын қолдану қажет. Мұғалімнің үстем рөлімен және оқушының пассивті ұстанымымен сипатталатын білім беру процесін ұйымдастырудағы дәстүрлі тәсіл білім беру сапасының қажетті нәтижелеріне қол жеткізуді, оқушылардың пәнге қызығушылығын арттыруды толық қамтамасыз етпейді [1]. Бұл мұғалімдерді білім алу қажеттілігі секілді әлеуметтік құндылықтарды қалыптастыра алатын білім беру процесін ұйымдастырудың, мұғалім мен оқушы арасындағы өзара әрекеттерінің жаңа тәсілдерін іздеуге мәжбүр етеді; білімді меңгеру бойынша жұмысты өз бетінше ұйымдастыра білу; оқу міндеттерін шешу үшін неғұрлым оңтайлы жолдарды таңдау; өзінің білім беру қызметін жоспарлау [2].
Менің зерттеу жұмысым оқушылардың химия пәніне танымдық қызығушылығын арттыруына ықпал етеді және бұған дейінгі Й.Я. Берцелиус, Я.А. Коменский, Н.И. Пирогов, С.Л. Рубинштейн, Н.К. Крупская, Б.Г. Ананьев, В.В. Давыдов, Л.И. Божоаитв, Г.И. Щукина, Н.Г. Морозова, В.Б. Бондаревский, П.И. Пидкасистый зерттеушілердің оқушылардың білім алуда қызығушылықтарын қалыптастыру және дамыту бойынша жасалған зерттеулерін кіріктіреді. Олардың бірі Йенс Якоб Берцелиус (1779 - 1848) жас ұрпақтың химияны зерттеуіне және олардың танымдық қызығушылықтарын арттыруына үлкен мән берді [4]. Ол танымдық қызығушылықтың негізгі құралдары ретінде атом-молекулалық теорияның негізгі ережелерін қолдану, фактілерді алу әдістерімен танысу және оқыту процесінде тарихи анықтамаларды қоладану деп санады. Берцелиус оқу материалдарының орналасуына көп көңіл бөлді: оқушылар ғылыми ақпараттарды тек есте сақтап және салыстырап қана қоймай, бір заттың құрамы мен қасиетін білу арқалы толықтай бір кластың құрылысын біле алатындай орналасуы керек деп санады. Менің зерттеу жұмысым 9 сынып оқушыларының «Табиғи және химиялық тыңайтқыштар» тақырыбына негізделген және химияның биологиямен пәнаралық байланысын қолдана отырып, білім алушылардың пәнге деген танымдық қызығушылықтарын арттыруға бағытталған.