Ii бөлім Тарихи шығармалар тілінің лексикалық ерекшеліктері



бет1/14
Дата14.10.2023
өлшемі143,31 Kb.
#114076
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14
Байланысты:
stud.kz-120461 2



II бөлім Тарихи шығармалар тілінің лексикалық ерекшеліктері
2.1 Тарихи шығармалардағы лексиканың тақырыптық топтары

Тіл-тілдің сөз байлығы әрқашан мағына байлығымен астасып, тығыз байланыста болатыны белгілі. Сондықтан да лексикалық жүйенің дамуы жаңа сөздердің, терминдердің пайда болуы, өзге тілден енген лексикалық бірліктердің көлемі негізінде ғана жүзеге аспай, ол тілде бұрыннан бар сөздердің семантикасының дамуы, әр түрлі үстеме мағыналардың пайда болуы, тілдік бірліктердің ассоциативті-бейнелі әлеуетінің жүзеге асуы негізінде де көрініс табады. Ал тіл көріктігінің, сөз мағынасы өрісінің кеңейіп, жетілуі, әсіресе, көркем шығарма тілінен байқалатыны сөзсіз. Бұл тұрғыда қазақ халқының өмірінде өшпес із қалдырған тарихи оқиғаларды, халқының тіршілігін, мәдениетін, дүниетанымын бейнелеуімен, ана тіліміздің мол мүмкіншілігін айқындай түсуімен, тілдің тарихи даму барысын көрсете білуімен ерекшеленетін тарихи шығарамалар тілі айрықша болып табылады.


Қаламгердің ұлттық тілдің қорын қаншалықты терең меңгергендігіне, тілдің даму заңдылықтарымен жақсы таныстығына баға беру көркем әдебиет тілін зерттеушілердің алдында тұрған міндеттердің бірі. Қазақ көркем әдебиетінде тіліміздің бар байлығы сарқа пайдаланылып, әр қырынан жұмсалады. Сол себепті, көркем әдебиет тілі ана тіліміздің баюы жолында маңызды орынға ие. Әдебиеттің әр жанрында дүниеге келген шығармалардағы өзгерістер "тілдің өзгерімпаз саласы" лексиканың өзгеріп, дамуына әсер етеді. Бұл процеске көркем туындылар ішінде тарихи жанрдағы шығармалар белсенді кіріседі деуімізге болады. Сөзіміз дәлелді болу үшін ғалым Р.Сыздықованың мына тұжырымын келтірейік: Өткен дәуірлердегі өмір шындығын дәл суретгеу үшін, сол тұстардағы реалийлерді (сол замандарда орын алған, болған зат, кұбылыс т.т.) дұрыс атау үшін және кейіпкерлерді өз заманының тілінде сөйлету үшін, жазушы көне, сирек сөздермен өзі жасаған қолтума сөздерді шығармасының тіліне енгізеді. Мысалы, Т.Ахтановтың "Ант" драмасындағы талқы ("жиын, тексеру"), кеп ("ой-пікір, айтпақ сөз"), шерік ("әскер, жауынгер"), қарындас ("рулас, ағайын"), тауарих ("тарих"), мәмләкат ("мемлекет"), құлдық ("тілек"), жебей көргін, қайтармағыл сияқты сөздер — тарихи стилизация жөнінен "тірілген" көненің көздері. Д.Досжанов "Жібек жолы" романында зертас ("мозаика"), қышкер ("кірпіш кұюшы"), самала ("полк"), ғар ("гарема"), жолбике ("керуенбасы, қолбасылардың жолға, жорыққа өзімен бірге алып шығатын әйелі"), жидашы ("салық жинаушы"), дабылкеш ("барабан соғушы"), тақылдақ ("соғыс қаруының аты"), күншілік (жер өлшемі), лек ("отряд"), шынтақ ("градус") т.т. сөздердің бірқатарын өзі жасап, бірқатарын бәлкім, тарихи документтер тілінен алып, өз тіліне қосқан. Бұлардың барлығы кұлаққа жаттау, тосын, кейбіреулерінің жасанды, әдеби нормадан тыс дүниелер болып көрінгенімен, қолданылу мотивтері орынды, сәтті алынған, әдеби тілге ену потенциясы күшті сөздер [ 9. 27] .
Тарихи туыңдыларда қозғалатын тақырып, суреттелетін дәуір әр кезеңді қамтығандықтан, лексикасының тақырыптық топтары да әр түрлі. Тарихи шығармаларға қойылатын шарттардың бірі- оның лексикасының сөз болатын дәуірмен үндес, сәйкес келуі екені белгілі. "Жазушылар да құрылысшылардың кірпіштен салған биік әсем мұнарасы сияқтандырып өмірдегі сан алуан кұбылыстарды бейнелі сөз өрнегі арқылы қиюластырып, көркем образ жасайды" [2.36] . Ал тарихи шығарманың алтын діңгегі көнерген сөздер болыптабылатыны сөзсіз. "...көнерген сөздер әсіресе өткен дәуірдегі оқиғаны суреттейтін, тарихи шығармада жиі ұшырасады. Халықтың бұрынғы өмірі, тұрмыс жағдайы туралы шығарма жазуда автор сол өзі суреттеп отырған уақыттың тілімен сөйлейді" [ 2.54] . Осыдан бірнеше ғасыр бұрынғы өмір шындығы суреттелетін тарихи романдар лексикасын мынадай тақырыптық топтарға (шартты түрде) жіктеуге болады:
1. Ұрыс-соғысқа қатысты сөздер (кару-жарақ, сауыт-сайман, әскери атақ, әскери құрылыс, құрама атаулары);

  1. Қоғам өміріне қатысты сөздер (ел басқару ісіне, әлеуметтік құрылысқа байланысты тілдік бірліктер);

  2. Этнографизмдер (әдет-ғұрып, салт- дәстүрге қатысты бірліктер);

  3. Дінге және діни сенімге қатысты сөздер.

Тарихи сипатты танытатын көнерген сөздердің үлкен тобын ұрыс-соғысқа қатысты сөздер құрайды.
Сойыл, қалқан, алдаспан, шоқрар, найза, қылыш, айбалта, зұлпықары, бердеңке, мылтық, шойын доп т.б. қару-жарақ аттары, ақ бадана, кұрыш шарайна, бектер сауыт, алтынды дулыға, т.б. сауыт-сайман атаулары тіркестер тарихи шығармаларда молынан кездеседі. Әскери шен атауларына қатысты аламан, крлбасшы, сардар, сарбаз, дойыр, дәудәй, ноян, зайсан т.б атауларды және жүздік, жасақ^ түмен, лек т.б. әскери кұрама атауларын орнымен қолдану жазушының тарихты баяндау барысындағы ізденімпаздығын танытады. Бұлғақ, оңғақ, бүліншілік, шабынды, қырғын, аласапыран сияқгы жекелеген сөздер мен крл тапсыру, шылбыр салысу, аман беру, ақсүйек қылу төрізді сөз тіркестері тарихи дөуір келбетін нақ танытуға қызмет етеді. Соғыска ғана тән: -ұррах-ша, ұррах-ша, хэс-ек, хэс-ек дыбыстық еліктеуіштер оқырманға оқиғаны әсерлі жетуіне септігін тигізеді.
"Заман шындығын танытатын көнерген элементтер (жеке атаулар, сөз жұмсау модельдері, сөз құрастыру үлгілері: көне жалғау-жұрнақтармен ескіше сөз қосарлар т.т.) - көркем әдеби тіл нормасына сай түсетін, мотивті қолданыстар болып саналады. Бұл зандылықты түсініп, оның көркемдеу әдісінің бірі деп тұту-қазақ прозасында, әсіресе тарихи-роман-повестерде әуел бастан дұрыс танылып, орын алып келе жатқандығын айтуға болады" [16.198] . Тарихи тақырыпқа қалам тартқан жазушы оқырманын өзі суреттеп отырған дәуірдің, оқиғаның ортасына әкеп, сол уақыттың кейіпкері ете білуі керек. Ұрыс-соғыс амалдарын заманға сай суреттеу үшін орынды қолданылған, шебер ұйымдастырылған тілдік материалдар шығарманың тарихи болмысын таныта түседі.
Қазіргі лексикамызда қолданылмайтын, кезінде актив қолданылған ел басқаруға, әлеуметтік құрылысқа қатысты қазы-заседателъ, майыр-аға сұлтан, би, сұлтан, оғлан, төре т.б. атаулар және руаралық сияз, хан кеңесі, билер кеңесі т.б. әкімшіліккебайланысты сөздер мен тіркестерді келтіру тарихи стильдік тезге түсірудің амалы.Тарихи шығарма оқу барысында тарихпен танысып қана қоймай, халқымыздың этнографиялық өмірінен де мәлімет аламыз. Ұлттық әдет-ғұрып, салт- дәстүрге қатысты этнографизмдер деп аталатын сөздер мен сөз тіркестерін дәл тауып, орнымен қолдану қазақ халқының ұлттық келбетін танытуға қызмет етеді. Тарихиромандарда кездесетінкүміс шытыралы, тұтқасы сылдырмақты, қоңыр тегене, қайыңның безіне ойған бүйрек ожау, күміс ернеулі ағаш көзелер, кұлан терісінен иленген дастарқан т.б. ыдыс-аяқ атаулары мен киім үлгілеріне қатысты қамқа төбелі пұшпақ бөрік, кемер белдік, барқыт бешбет, қатипа жағалы түйе жүн шекпен, кестелі шалбар, көксауыр кебіс-мәсі т.б. тілдік бірліктер орнымен қолданған жағдайда тарихи стиль тезінің тамаша көрінісі болады. Оқырманға өткен дәуір келбетін нақ жеткізу үшін, автор кейіпкерлерді өз ортасына сай киіндіреді, өз тұсына сай заттарды пайдаландырады .
Ғалым Ж.Дәдебаев көркем шығарманың этнографиялық негіздері туралы былай дейді: "Этнографиялық ақиқат деректер әдеби шығармадағы тарихи өткен дөуір тынысына, сондай-ақ сол тарихи өткен дәуірде өмір сүрген адамдардың мінез құлқына тарихи нақты, шынайы сипат дарытады" [17.114] .
Қазақ халқының өмір салтына қатысты қара тігу, сеп жаю, ат тұлдау, жоқтау айту, дауысқа қосу секілді т.б. дәстүрлі рәсімдер атаулары тарихи шығармалардың лексикалық қабатын қалындата түседі. Көркем шығармада, олардың ішінде тарихи туындыларда этнографизмдер мен көнерген сөздердің қолданылуы —көркем тіл нормасын өтейтін тәсіл.
Суреттелетін заман шындығы нанымды болу мақсатында қолданылған тарихи романдар лексикасының келесі тақырыптық тобын дінге, діни сенімге байланысты сөздер құрайды: михраб (мешіттегі құбыла жаққа қаратылып жасалған имам тұратын орын), шарғы (ислам дінінің жолы, шариғат заңы), мағрипат (о дүниелік ілім), намаз, ораза және т.б.
"Халықтың өткен өмірін, тіршілігін сипаттайтын сөздер мен сөз тіркестерінің ұлт тілінде сақталуы оның (ұлттың) мәдени өмірінен тұтастай хабардар береді. Бұл әсіресе фразеологиялық тұлғаларда өте жақсы байқалады" [18.43] .
Бұрынғы күннің тілдік бояуын нәрлі ғып жеткізу үшін қаламгерлер фразеологизмдерді тарихи тезге түсірудің әдісі ретінде жақсы іске асырады. Мысалы: аймандай болу, тілді-жақты, суырыла сөйледі, тілін безеді т.б. фразеологизмдер тарихи роман лексикасын қалындата түседі. "Халықтың өткен өмірін, тіршілігін сипаттайтын сөздер мен сөз тіркестерінің ұлт тілінде сақталуы оның(ұлттың) мәдени өмірінен тұтастай хабардар береді. Бұл әсіресе фразеологиялық тұлғаларда өте жақсы байқалады" [18.43] .
Қаламгерлеріміз тарихи тезге түсіру дәстүрін жалғастырып, өткен ғасырда көп қолданыста болған, қазіргі күнде архаизмге айналған сөздерді тауып, оның мән-мағынасын ашу, әдет-ғұрып ережелеріне, тұрмыстық жағдайларға, жаугершілікке байланысты ереже, тәртіптерге, табиғат ерекшеліктеріне көп көңіл аударып шынайы жазу дарындылығын танытқан. Біздің бүгінгі тарихи романдардың лексикасын тақырыптық топтарға жіктеуіміз әрине шартты. Бірақ зерттеу нысанымыз болып отырған романдардың сөздік құрамына көз сала отырып, бұлай топтауымызға әбден болады. Бұл зерттеуімізді белгілі бір жүйеге түсірумен қатар, тарихи романдардың тілдік қабаттарына тағы да бір үңілуімізге мүмкіндік береді. Сонымен тарихи роман лексикасын құрайтын сөздер, бірліктер сол шығарма ішінде ғана өмір сүріп қоймай, қазіргі тілімізде де белсенді қолданысқа ие бола алады. Тек оларды дұрыс түсініп, пайдаға асыра білуіміз керек. Бұл жолда қаламгерлеріміз де еңбектенуі керек. Өйткені бұйымды қалай ұсынғанына қарай ол сұранысқа сондай сипатта ие болатынын білеміз, ал осы әдісті дұрыс танып, іске асыру тілшілер қауымының міндеті екені даусыз.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет