Жырдың маңызы әрі көркемдік ерекшелігі. «Қыз Жібек» жыры - идеялық мазмұны, көркемдік сөз саптасы, сюжеті, композициясы, көркемдік айшықтары жағынан лиро-эпостық дастандардың ішіндегі үздік туындылардың бірі.
Жырға өзек болған оқиға Төлеген мен Қыз Жібектің арасындағы шынайы махаббат. Олардың бірімен-бірі табысқан шуақты сәттері де, қайғылы-қасіретті күн кешкен трагедиялық кездері де барынша шынайылықпен өрнектелген.
Дастандағы бейнелі сөз кестелерін жыршы өзінің нысаналы ойына орай толғап, екшеп ала білген. Мысалы, қазақ аулының көшпелі тіршілігінің сән-салтанаты, Төлегеннің өлім алдындағы әуедегі алты қазбен қоштасқан сәті, Жібектің асыл жары Төлеген қазасына егілген жан азасы ғажап сөз кестелерімен өрілген.
Дастанның басты кейіпкерлері - Төлеген мен Қыз Жібек.
«Падишадан кем емес, Ер Төлеген келбеті». Базарбай тоғыз ұлынан айырылып, қан жұтып, қасірет шегіп жүрген кезінде, Алла нәсіп етіп, Төлегені дүниеге келеді. Оның жарық дүниеге келгендегі келбетін жыршы былай суретейді:
Төлеген деп қойыпты ұлдың атын,
Құдай артық жаратқан оның затын,
Баланы сипат қылып айтып болмас,
Көрген жан ақылынан бір танатын.
Төлеген әкесінің ең дәулеті арқасында бұла боп өсті. Айналасына да, еліне де сыйлы, қадірлі азамат болды. Үйленер шағына да жетті. Қалыңдық іздеп, «ат жетер жерді арылтып тамам қылды», бірақ ол «ел-жұрттан қыз жаратпай», өзіне сүйікті жар болар сұлуды іздеумен күн кешті. Сол кезде еліне келген бір саудагер шал Төлегеннің сұлу қыз іздеп жүргенін елден естіп, оған:
Қыз жақпай өз еліннен жүрсе саған,
Төлеген, сүйінші бер енді маған,
Елі бар Ақ Жайықта алты шекті
Аласып жақсы қызды барсақ соған», -
деп, Төлегенді Ақ Жайық сұлуларына ынтық етеді. Жолы ауыр, жүз күндік болса да, «Төлегеннің ... қыз іздеуге көңілі кетті... Төлеген іздемекке талап етті». Белін бекем байлады. «Құс қанатты жорға» жаратты, «Тұрманының барлығын алтындатып, күміспенен төрт аяғын тағалатты». Барлық жол жабдығын әзірлеп, Төлеген «сексен жігіт қосшы алып, он бес жігіт басшы алып, Ақ Жайыққа жөнеген».
Анасының қарсы болғанына қарамай аттанады.
Төлеген Ақ Жайыққа жиырма бес жорға ала кетеді. Саудагер шал аңыз етіп айтқан сұлуларды көрмек болып, елге: «Жас қызы болса әкеліп көрсеткен адамға қызын алсам да, алмасам да, бір жорға беремін», — деп хабар етеді. Мұны естіген үміткерлер, дәмеленген жұрт «қыздарын алып көрсетті». Төлеген «ешбірін жаратпайды». Бірақ уадесінен қайтпады. Әрбіреуіне бір-бір жорға мінгізді. Көнілінен шығар сұлу қызды көрмеген ол: «Бұл қыздарды сұлу деп шал бекер айтқан екен», — деп өкінеді.
Сол кезде сұлу қыз іздеген Төлегеннің келгенін естіп, ханның ақылшысы әрі ақын Қаршыға қыз таңдап жүрген жігітті көрмекке, Төлегенді іздеп жолға шығады. Қаршыға: «Мен Төлегенді көрейін, Төлеген маған жақса, Қыз Жібек те жақтырар», - деп ойлайды.
Төлегеннің келісті келбетіне, парасаттылық-адамгершілігіне көңілі тойған Қаршыға:
Мен бір сұлу табайын,
Патшалардың жалғызы
Аты Жібек сұрасақ,
Кереметін көр, -
дейді.
Сонымен, Қаршыға өзіндей әрі сұлу, әрі ақылды жігітті армандаған, еліндегі бірде-бір жігітке мойын бұрмай жүрген Сырлыбай ханның қызы Жібекті жолықтырмақ болып, Төлегенді ертіп Сырлыбай ханның еліне жол тартады.
Қаршыға келбеті де, ақылы да бір-біріне сай екі жастың армандарына жетуіне, қосылып бақыт құшағында болуына өзінің бар ақыл-амалын, шешендігін жұмсап, үлкен адамгершілік көрсетеді.
Ақыры, олар жайлауға көшіп бара жатқан Сырлыбай ханның ұзақ көштеріне килігеді. Әр кештің басындағы сұлулығы көз жауын алар, үлде мен бүлдеге оранған «перінің қызы секілді, бұрала басып кетін бара жатқан» қыздардың әрқайсысын «осы екен деп Қыз Жібек, жетіп келді қасына, артынан келіп Қаршыға, Жібек емес деген соң, онан бір өтіп жөнелген». Солай бұлар он бір көштен өтіп, әлқисса Қыз Жібек күймесіне де жетеді.
Төлеген есігі жабулы пәуеске ішіндегі Жібекке ен дәулеттің ішінде еркін өскендігіне, өз елінде хан затымен тең екендігіне басып:
«Кім бар! - деп, - бұл күймеде? - дауыстады...
Төлеген үш қайтара шақырса да,
Қыз Жібек сөйлесуге намыстанды».
Бұл тұста ен байлық ішінде бұла бон, ерке өскен хан қызы Жібектің бір мінезі қылаң етіп көрініп қалады. Төлеген қыздың бұл мінезіне қапа болып, ат басын кері бұра бергенде, Қаршыға келіп қалады.
«Бұл Жібек маған үш шақырсам, ақымақ адамдарға ұқсап жауап бермейді, бұл қалай?» - деп Қаршығадан сұрайды. Жібектің мұндай мінез көрсеткенін Қаршыға: «...Мұның бектігі бар, ешкім бұрын бұлай дауыстап сөйлескен емес», - деп түсіндіріп, Төлегеннің ашуын басып, сабасына түсіреді.
Жібек басында «жалғыз атты жолаушы», «қаңғырып өскен бір қу бас» деп, Төлегенді менсінбеген мінез танытады. Тек «басыңды көтер Жібекжан, қайтпасын еңбегім еш болып» деген Қаршыға сөзінен кейін ғана «Қаршыға адамсып келген екен, бұған көрінбесем, ұят болар және әбден бетімді ашып отырсам тағы жарамас», - деп бетін бір ашып, бір жарқ етіп көрініп амандасты да, қайтадан жауып, пәуескенің қақпағын түймелеп жатып қалды. Жыршы Жібектің сипатын былай бейнелейді:
Ләйлі - Мәжнүн болмаса,
Өзгеден асқан келбеті...
Қыз Жібектің дидары,
Көгала көлдің құрағы,
Көз сипатын қарасаң,
Бектер мінген пырағы...
Қыз Жібектің ақтығы,
Наурыздың ақша қарындай...
Ақын Жібекті сұлу көркін суреттеу кәдесіне синтаксистік параллелизмді, әр алуан салыстыру, теңеулерді шебер жарата білген.
Першіте келбетті, раушан жүзді сұлуға жар тандаған Төлеген елти түседі. Енді Төлегеннід бар ынтызары Жібекке ауады. Қайткенде де оған қосылуды армандайды.
Қыз Жібек Төлегеннің тілегіне кекірейе қарап, пандық мінезінен қайтпайды.
Бар ынтасы сол қызға ауған Төлеген Жібектің әкесінің алдына барып, Жібекке қосылмақ көңілін білдіреді. Адам тани білген хан Төлегеннің тұлғасына, келбетіне көңілі толып, келісім береді. Қаршыға да бұл жерде шешендігімен де, абырой-беделімен де кіріседі.
Ол: «Айналайын, Жібегім, шыныдан аппақ сүйегің, осы емес пе еді Құдайдан, қарағым, сенің тілегің», - деп, Жібектің иін жібітіп, Төлегенмен кездесуге көндіреді. Жібек:
Ау, Қаршеке-ау, Қаршеке-ау,
Мінгенде атың қаракер,
Барайын өзім бара бер.
Шақырғанда бармасам,
Қаршекем тілін алмасам,
Ақыр бір күн болармын,
Сол жігітке нәубекер... -
деп сыйлап, ері Қаршыға іңкәрландырған сол жігітті көрмекке өзі де тағат таппайды. Жібектің Төлегенге танысуға беттеген кезін жыршы:
Алтын тақтың үстінен
Қояндай қарғын түседі.
Ақ маңдайы жарқылдап,
Танадай көзі жалтылдап...
Жүйрік аттай ойқастап...
Кер маралдай керіліп...
Тәңірі берген екі аяқ,
Бір басарға ерініп,
Үйден шықты Қыз Жібек, -
деп көсемше етістікті ойната, көркем теңеулерді шебер қолдана Жібектің сол сәттегі қимыл-келбетін жыр ернегіне әдемі түсірген.
Қаршығадан Төлегеннің жігіттігіне, періштеден кем емес тұлғасына, кескін-келбетіне, адамгершілік-кісілігіне қаныққан Жібек, періштедей тұлғалы, келбеті «падишадан кем емес» жанды көргенде, өз бақытын тапқандай, бектігін де, еркелігін де ұмытып, Төлегенге бар жанымен құлай кетеді:
«Төлегеннің мойнына
Асыла барып отырды».
Манағы Төлегенге айтқандарына:
Қынама бешпент қынадым,
Әзілмен сізді сынадым,
Сынамаққа бір сөзді
Әзіл қылып айтып ем, —
деп кешірім сұрайды...
Әлқисса, Төлеген мен Жібек үш ай қалыңдық ойнап, бақыт шуағына бөленеді. Енді еліне қайтар шағы келіп, жүруге қамданғанда, Жібек түс көріп, түсінде жаман іс көріп, жеңгесі арқылы Төлегенге:
Айналайын Төлеген,
Бикешжан бүгін түс көрді,
Тілімді алсан жүрмегін, -
деп жалына тіл қатады.
Төлеген алған бетінен қайтпай, алыс сапарға, еліне аттанады. Жаны жанымен үйлескен Жібегімен, «олай-бұлай боп кетсем, Жібекті еш жаманға қор қылмас Сансызбай атты інім бар... көктем шыға, қазбен бірге келем» деп қоштасып, еліне бет алады.
Төлеген уәдеге, айтқан сөзіне берік. Ол «көктем шыға, қазбен бірге келем» деген сертінен айнымай, атасының «ендігі жылы осы уақытқа шейін ол жаққа бармағын, жыл өткізіп бар, тілегім осы» дегеніне қарамастан, жанына бір жан атдосшы алмай, Ақ Жайыққа - Жібегіне жалғыз өзі жол тартады. Мұның өзінен де Төлеген бойындағы бір асыл қасиетті уәдесіне беріктігін танимыз.
Төлегеннің жан бауыры Сансызбаймен қоштасқан жері сүйек сырқырата жан егілтеді.
Төлеген тұрды кете алмай,
Көзінен жасы төгіліп,
Көзінен ағып қанды жас,
Қандай қиын бауырлас,
Төлегеннін сүйегі
Бордай болып үгіліп ... -
деген жолдардан Төлегеннің жан ізгілігін, бауырына деген еміренген, еңіреген қалтқысыз туыстық сөзімін байқаймыз.
Төлеген орта жолда Бекежан бастаған қара ниетті қарақшылар қолынан өкінішті, өксікті қазаға тап болды.
«Әккі болған сұм» Бекежан жекпе-жек сайысқа түспейді, «бір қурайды паналап... мылтыққа білте басады.... Төлеген сынды мырзаның, қанын судай шашады». Бекежан осы жерде өзінің ерлік емес, қарақшылық, сұм-сұрқия мінезімен көрінеді. Оның Жібекке айтқан «өзім батыр болған соң, кімді аяйын» деген сөзі құр мақтан.
Дастанда Төлегеннің өзімен бірге әуеде ұшып келген алты қазбен қоштасуы жырдың ең бір аянышты да көркем тұстарының бірі:
Әуелеп ұшқан алты қаз
Жерге неге қонбайсың,
Сіздер тірі, мен өлі,
Жатырсың неғып демейсің?..
Жырдың осы жерінде де Төлегеннің әкеге, анаға, жалғыз бауыры Сансызбайға деген жан сезімі, мейірімі барынша көрінген.
Демек, жыршы Төлегенді дастанда барлық жақсылық, адамгершілік, ерлік бітімімен бейнелеген. Жыр өрнегінде ұрпағына үлгі ете келісті кескіндеген.