1. Халықаралық қатынастар – әлемдік қауымдастықтың негізгі субъектілерінің (халықтар, мемлекеттер, мемлекеттік жүйелер, халықаралық ұйымдар т.б.) арасындағы саяси, экономикалық, құқықтық, ғылыми-техникалық, дипломатиялық, әскери, мәдени, гуманитарлық т.б. өзара байланыстардың жиынтығы.
2. 1618 – 1648 жж. Отызжылдық соғыс – жалпыеуропалық ауқымдағы алғашқы соғыс. Еуропада XVІ ғ. бастап испандық және австриялық Габсбургтер әулеті негізгі рөлге ие болды. Ірі еуропалық державалар Габсбургтердің Еуропада өз үстемдігін орнатуына, оның иеліктерінің кеңеюіне кедергі жасауға тырысты. Габсбургтерге қарсы күресті католиктік Франция басқарды.
Католик шіркеуі Реформация нәтижесінде өз жоғалтқанын қайтаруға тырысты. Еуропада діни шиеленіс қайта күшейді. 1608 – 1609 жж. неміс князьдарының діни негізде 2 әскери-саяси одағы құрылды: Евангелиялық уния (протестанттық) мен Католиктік уния.
Соғыстың себебі: католиктік реакция және Габсбургтердің Еуропадағы үстемдікке ұмтылуы. Отызжылдық соғыста екі тарап қақтығысты: 1) Габсбургтік коалиция: оған Австрия, Германияның католиктік князьдіктері, Португалиямен біріккен Испания, Папа билігі, Польша кірді; 2) Габсбургтерге қарсы коалиция: оған Франция, Швеция, Дания, Германияның протестанттық князьдіктері, Чехия, Трансильвания, Венеция, Савойя, Құрама провинциялар республикасы кірді; оларды Англия, Шотландия, Орыс патшалығы қолдады.
Соғыстың 4 кезеңі бар: 1.Чех кезеңі – 1618-1624 жж. Соғыстың басталуына Германиядағы ішкі күрес түрткі болды. Австрия эрцгерцогы ІІ Фердинанд Чехияда католицизмге табынушылықты қалпына келтіруге тырысты, бұл 1618 ж. 23 мамырда чехтар көтерілісін туғызды; Герман ұлтының Қасиетті Рим империясының императоры Католиктік лигамен одақтасып, көтерілісті басты.
2.Дат кезеңі 1625-1629 жж. Герман протестанттарына көмекке Дания келді. Оған Англия, Франция, Голландия көмектесті. Бастапқыда дат әскері табысқа жетті, ал кейін жеңілді. Император ІІ Фердинанд 1629 ж. Реституциялық эдикт шығарды, ол бойынша протестанттардың құқығы шектелді, кальвинизмге тыйым салынды.
3. Швед кезеңі 1630-1635 жж. Англия, Франция, Голландия антигабсбургтік коалицияға Швецияны қосуға тырысты. 1630 ж. швед королі Империя жеріне басып кіреді, соғыста жеңеді. 1635 ж. Прага бітімі нәтижесінде Габсбургтер күшейді; бірақ габсбург-француз қайшылығы шешілмеді.
4. Француз кезеңі (1635-1648). 1635 ж. мамырда Католиктік коалицияға қарсы Франция ашық соғысқа кіріседі, соғыстың діни сипаты жойылды. Шведтер де соғысқа араласады. Соғыстың соңғы кезеңі екі тараптың күйзелуі жағдайында өтті. Швед, голланд, француз әскерлері 1642 ж. қарашада ұрыста жеңеді. 1643 ж. мамырдағы шайқаста француздар басым болып, испандықтардың басып кіруі түпкілікті тоқтатылады.
Отызжылдық соғыстың қорытындысын Вестфаль бітімі шығарды.