№11 Лекция. Қосмекенділер класы –Amphibia
Көбеюі мен дамуы суда жүретін, ұрықтануы сырттай, ал ересектері суда да құрлықта да тіршілік етіп, өкпе және терісі арқылы тыныс алатын қарапайым құрылысты омыртқалы жануарлар.
Алғашқы құрлыққа шыққан сауыт басты қосмекенділер – стегоцефальдар өздерінің басын палеозой эрасының девон периодында ертедегі саусақ қанатты балықтардан алды деп есептейді.
Бұл класс салқынқанды, денесінің тұрақты температурасы жоқ жануарларды біріктіреді. Үш камералы немесе үш бөліктен тұратын жүрегі қанның салатамыр және көктамыр қанына ажырауын қамтамасыз ете алмай, денесінің көпшілік бөлігінде салатамырмен аралас қан жүреді. Ересек дараларының құрлықта тіршілік етуге бейімделуі нашар, аяқтары 5 саусақты болғанымен әлсіз, денесін тік көтеріп тұра алмайды.
Ғылымға осы кезде қосмекенділердің – 3000 түрі белгілі, оларды 3 отрядқа топтастырады:
Құйрықтылар (өкілдері – кәдімгі тритон, сібірлік бұрыш тіс, жетісу бақа тісі, саламандра).
Құйрықсыздар (өкілдері – бақа, құрбақа, бақылдауық бақа)
Аяқсыздар (өкілдері – сақиналы құртжылан, цейлонның балықжыланы).
Басым көпшілігі уылдырық шашу арқылы көбейеді, балықтардікі сияқты ұрықтануы сырттай, кейбір түрлері тірідей туу арқылы көбейеді.
Бақаның денесі (1-сурет) бас және тұлға бөліктерінен тұрады. Мойын бөлімі байқалмайды. Құйрығы жоқ. Денесінің бұл бөлімі тек құйрықты және аяқсыз қосмекенділерде ғана жетілген.
Сурет 1. Бақаның сыртқы құрылысы: 1-ауыз; 2 – көз; 3-танау тесігі; 4- дабыл жарғағы; 5-басы; 6-тұлғасы; 7-алдыңғы аяқ; 8-саусақтар; 9-арқасы; 10-артқы аяқтар.
Бақаның алдыңғы аяғына қарағанда артқы аяқтары жақсы жетілген, ал аяқсыздарда аяқтары болмайды.
Бас бөлімінде үлкен ауызы, жұп дөңес көздері, оның алдыңғы жағында жұп танау тесіктері, ал көздің артқы жағында дабыл жарғақтары орналасқан.
Көтеген құйрықсыз амфибиялардың аталықтарында ауыздың екі жақ шетінде дыбыс жарғағы – резонаторлары бар.
Бақаның аяқтары бес саусақ типтес. Олар балықтардағы жұп жүзу қанаттарына гомологты мүшелер болып есептелінеді.
Қосмекенділердің терісі жалаңаш, шырышты, қатты сүйекті туындылары жоқ. Тері екі қабаттан тұрады. Эпидермис көп жасушалары бездері бар. Олардан бөлінетін шырыш теріні құрғап кетуден сақтайды. Кутис бақаларда нашар жетілген, қосмекенділердің терісі, оның астында лимфатикалық қуыстың болуына байланысты, денесіне тығыз жанаспайды.
Бақаның секіріп қозғалуына байланысты артқы жұп аяқтары жақсы жетілген, ұзын және қуатты. Алдыңғы аяқтары, білек, қар және қол басы бөліктерінен тұрады (2 сурет).
Сурет 2. Шөп бақасының сыртқы құрылысы: 1-танау тесігі; 2-көз; 3-қабағы; 4-дабыл жарғағы; 5-алдыңғы (а-білек, б-қар, в-қол басы); 6-артқы аяқ (а-сан, б-сирақ, в-табан).
Төрт саусақты. Аталықтарында ішкі саусағының жанында өсіндісі немесе бүртігі бар. Артқы аяқтары сан, сирақ, аяқ басы бөліктерінен тұрады. Әр аяғында бес саусақтан болады. Саусақтарының арасында азды-көпті болса да жетілген жүзу жарғақтары бар. Сыртқы және ішкі саусақтарының түбінде, сыртқы және ішкі өкпе бүртіктері айқын көрінеді.
Бұлардың қаңқасы омыртқа жотасынан, бассүйектен және иық пен жамбас белдеулерінен, алдыңғы және артқы аяқ сүйектерінен құралады. Омыртқа жотасы жеке омыртқалардан тұрады да 4 бөлікке жіктеледі: мойын, тұлға, сегізкөз, құйрықмойын омыртқасы біреу, тұлға омыртқалары (құйрықсыздарда) жетеу, сегізкөз омыртқасы біреу, құйрық омыртқалары (құйрықсыздарда) бірігіп кеткен. Құйрықсыз қосмекенділерде қабырғалар жоқ, сондықтан көкірек қуысы қалыптаспайды, тыныс алғанда ауыз-жұтқыншақ қуысы насостың қызметін атқарады.
Иық белдеуі бұғана, қарға, жауырыннан құралады, оған алдыңғы аяқ бекиді. Алдыңғы аяғында тоқпан жілік (иық сүйегі), кәрі жілік (иықалды сүйегі), алақан-саусақ сүйектері, артқы аяғында ортан жілік (сан), асықты жілік (сирақ), табан-саусақ сүйектері болады. Артқы аяқ сербек, қасаға, шонданай сүйектерінен құралған жамбас белдеуіне бекиді.
Ас қорыту мүшесі – ауыз жұтқыншақ қуысынан - өңештен-қарынан – аш ішек, тоқ ішек, тік ішектен тұрады. Тік ішек клоакаға барып ашылады. Тік ішектің кеңейген соңғы бөлігі клоака деп аталып оған несепағар, жыныс өнімдері шығатын өзектер, қуық ашылады. Ас қорыту бездері бауырдан бөлінген өт және ұйқы безінің сөлі шс ішекке түскен асты қорытады.
Қан айналымы. Қосмекенділердің жүрегі үш бөліктен: екі құлақшадан, бір қарыншадан тұрады. Екі қан айналу шеңбері борлады. Оттегіне қаныққан өкпедегі салатамыр қаны өкпе көктамырлары арқылы сол жақ құлақшаға құйылады, ал оң жақ құлақша бүкіл денені аралап көмірқышқыл газға қаныққан көктамыр қанын қабылдайды. Қарыншаға аралас қан өтеді. Ол жиырылғанда ерекше қантамыр – ұйқы салатамырдағы қан миға, аралас қан бүкіл мүшелер мен ұлпаларға таралады. Ұлпалар мен мүшелер аралас қанмен қамтамасыз етілгендіктен денеде зат алмасуы баяу жүреді. Салатамыр қаны өкпеден сол жақ құлақшаға, ал көктамыр қаны бүкіл мүшелер мен ұлпалардан артқы және алдыңғы қуыс көктамырлар арқылы оң жақ құлақшаға құйылады. Қарыншалар басталып сол жақ құлақшамен аяқталатын қанайналым шеңбері – кіші деп, ал қарыншадан басталып оң жақ құлақшамен аяқталатын шеңбер – үлкен қанайналым шеңбері деп аталады.
Зәр шығару мүшесі тұлға бүйрегі – мезонефрос, несеп ағар, қуық.
Жүйке жүйесі – орталық жүйке жүйесі бас миынан, жұлынан тұрады, шеткі жүйке жүйесі бас миынан кеткен он жұп бас сүйек нервтері мен жұлыннан кеткен жұлын нервтерінен тұрады. Балықтардың миындағыдай 5 бөлік бар, әсіресе алдыңғы ми жақсы дамып, екі сыңарларға бөлінген. Қозғалыстары қарапайым болғандықтан мишық нашар жетілген.
Сезім мүшелері көздері, есту мүшесі – ішкі және ортаңғы құлақ. Ортаңғы құлақтың сыртында дабыл жарғағы болады, ортаңғы құлақ қуысы жұтқыншақпен ерекше өзек – евстахиев түтігі арқылы жалғасып, сыртқы ортадағы қысыммен ішкі қысымды теңестіреді. Ішкі және сыртқы танау тесіктері – иіс сезу қызметін атқарады.
Тыныс алу жүйесі – ересек бақалар ауадағы оттегімен өкпесі арқылы, ал дернәсілі желбезек арқылы суда еріген оттегімен демалады. Дернәсілдің жүрегі екі камералы, қанайналым шеңбері біреу.
Тыныс алу мүшесі ауызжұтқыншақ қуысында орналасқан көмей саңылауынан басталып көмей, кеңірдек, ауа жолдарынан, өкпелерден тұрады. өкпеге ауа ауызжұтқыншақ қуысының бұлшықеттері жиырылғанда өтеді.
Достарыңызбен бөлісу: |