М.Қанабекова


Синтаксистік құрылыс және стильдер жүйесі



Pdf көрінісі
бет13/21
Дата30.01.2017
өлшемі1,98 Mb.
#3013
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   21

Синтаксистік құрылыс және стильдер жүйесі 
Синтаксистің  стильдік  қызметі,  стильдік  амал-тәсілдері 
көркем шығарма   жүйесінде   молынан   көрінеді.  Орыстың  тіл   
маманы  А.И.Ефимов
2
:  «Стиль  дегеніміз  –  құрылымдық-синтак-
                                                           
2
 Ефимов А.И. Стилистика русского языка. Л.,1989, с. 98 

систік категория» – деп айтады. Өйткені, көркем сөз үлгілерінде 
авторлық  баяндау,  ондағы  кейіпкерлердің  сөйлеу  мәнері,  баян-
даудағы экспрессивті-эмоциялы бояулар да, оқиғалар желісі де – 
бәрі көркем туындылардың синтаксистік құрылыс арқылы бері-
леді. 
Ал  стильдер  жүйесінде  кез  келген  синтаксистік  өлшем-
дерді  жалпы  синтаксистік  заңдылықтарын  сақтай  отырып,  ор-
нымен  дұрыс  қолданса,  олардың  бәрінің  стильдік  өңі,  стильдік 
қызметі  болады.  Мәселен,  ғылыми  мәтіндердегі  синтаксистік 
құрылыс,  ондағы  сөйлем  құрылымы  ауызекі  сөйлеу  стиліндегі 
ерекшеліктермен  бірдей  емес.  Ғылыми  мәтіндегі  ойды  нақты, 
түсінікті, жүйелі беру үшін, көбіне, құрмалас сөйлемдер қолда-
нылады.  Мәтінде  берілетін  мол  мәлімет  пен  күрделі  ой  өзара 
сабақтасып,  келесі  ойдың  жалғастық  табуына  ықпал  етуі  тиіс. 
Көп  ретте  ғылыми  мәтіндегі  ой  ереже,  формулаға,  анықтамаға, 
дәлелдемеге негізделеді. Мұндай жағдайда құрмалас сөйлемнің 
құрамындағы  жай  сөйлемдердің  өзара  байланысуы  шылаулар 
арқылы  жүзеге  асады.  Яғни,  жалғаулықты  құрмаластардың  ат-
қарар қызметі мол (демек, және, сондықтан, себебі т. б.). 
Ресми  іс  қағаздары  стилінің  де  синтаксистік  құрылымы, 
тілі ғылыми стильге ұқсас. Бұлардың әрқайсысына лайықталып 
тұрақталған  белгілі  сөз  орамдары,  дайын  сөйлемдері  болады. 
Оларға эмоционалдық немесе экспрессивтік қуаты бар сөз ора-
лымдарын  араластыруға  болмайды  (қаулысы  бекітілді,  ұсыныс 
енгізілді,  қуатын  арттыру  көзделді, жаңа  технологиялық про-
грестер  өндіріске  енгізілді,  есеп  берілді  т.  б.).  Экспрессиялық 
қуаты  күшті  сөз  орамдары,  көбінесе,  көркем  әдебиет  стилінде 
жұмсалады. Мысалы, Ал саған сай жігіт киіз туырлықты қазақ 
баласында  Әбіштен  артық  туған  да  жоқ,  тумақ  та  емес                                   
(М.Әуезов). Мұнда болымсыздық мағынаға үзілді-кесілділік мән 
беру  үшін  екі  түрлі  аналитикалық  формалы  болымсыз  баянда-
уыштың  тіркесі  стильдік  қызметте  жұмсалып  тұр.  Бұдан  функ-
ционалды  стильдердің  әр  түрінің  өзіне  тән  синтаксистік  құры-
лысы болатындығы аңғарылады. 
Экспрессивтілікті білдірудің синтаксистік тәсілдері 
Экспрессия  –  эмоцияны,  ерікті  ойды  білдіруге,  мәнерлі-
лікті  күшейтуге  қызмет  ететін  стильдік  категория.  Яғни,  тілге 
эмоционалды  бояу  беріп  тұратын  сөздің  көркемдік  қасиеті.  Ал 

экспрессивтілік  –  сөйлеушінің  сезім-күй  әрекеті арқылы  ойдың 
мазмұнын  күшейтіп,  әсірелеп,  бейнелеп  жеткізуде  қолданы-
латын  сөз  өрнектері.  Тілде  экспрессивтілікті  білдірудің  сан  ал-
уан тәсілдері бар. Мысалы, Тұсынан Қызыл Жебе мінген көкесі 
зу етіп өте шыққанда, Тұрарға көкесі ат емес, найзағайға мініп 
көз ілеспей ұшып өткендей көрінді (Ш.Мұртаза) дегенде зу ету, 
көз ілеспеу фразеологизмдерінің шапшаң, тез, бірден сөздеріне 
қарағанда  айрықша  эмоция,    экспрессивтілік  мән  тудырудағы 
қызметі зор. 
Оқулық  авторларының  көрсетуінше,  экспрессивтілікті 
білдірудің басты синтаксистік тәсілдері мыналар: 
1.Экспрессивтілік  мағына  дауыс  ырғағын  мазмұнға  сай 
құбылту арқылы пайда болады (интонация). 
«Абай  жолы»  романындағы  мысқылдап  күлген  чинов-
никке Абайдың айтқаны: Чиновник мырза, түйе кірсе несі бар, 
мұнда  ол  түгіл  есек  те  отырыпты  ғой!  –  (М.Әуезов)  ойнақы, 
көтеріңкі дауыс ырғағы арқылы жеткізіледі. 
2.Бір  ойды  білдіретін  болымды  сөйлемнің  орнына  бо-
лымсыз  мәнді  сөйлемді  жұмсау  арқылы  оған  экспрессивті  ма-
ғына  үстеуге  болады.  Салыстырыңыз:  Мен  институтты  біті-
ремін – Мен институтты бітірмей қоймаймын (алдына қойған 
мақсатқа жету мәні сезіледі). 
3.Баяндауыштың  І  жақтық  жіктік жалғауын -мен  (-ман),  -
бен (-бан), -пен (-пан) түрінде жұмсау арқылы сөйлемнің мағы-
насын экспрессивті етуге болады. Мұндай болымсыз сөйлемдер 
қайсарлықпен үзілді-кесілді айтылған ойды білдіреді. Мысалы: 
Алдыңа келіп тұрмын деп, 
Ар-намысымды қашырман! 
Бұлтқа жетпей шарт сынбан, 
Айта келген сөзім бар, 
Не қылсаң да жасырман! 
                                             (Махамбет). 
4.Сөйлемнің баяндауышын, кейде сөйлемнің түрін мәндес 
басқа  сөздермен  не  басқа  сөйлем  түрімен  ауыстырып  айту 
арқылы да оған экспрессивті мағына үстеуге болады. Көп білген 
жақсы – көп білгенге не жетсін! Ол сөйлей бастады – Ол сөй-
лей жөнелді.  

5.Сөйлемде  етістікті  баяндауыштардың  қайталануы  ар-
қылы  да,  синтетикалық  және  аналитикалық  формадағы  болым-
сыз  баяндауыштардың  да  қатар  қолданылуы  арқылы  экспрес-
сивті  мән  жасаудың  синтаксистік  амалдары  болады.  Мысалы: 
Есіл,  Тоғжан,  ұмытпаспын,  ұмытпаспын!  (М.Әуезов)  Есебім 
былғанған  да  жоқ,  былғанбайды  да!  –  деп  жауап  қайтарды 
(Ғ.Мүсірепов). 
6.Инверсиялық қолданыс та сөйлемге экспрессивтілік мән 
үстейді:  Оны  білген  Құнанбай  жоқ  (М.Әуезов).  Оның  сөзіне 
құлақ асқан мен жоқ (Сөйлеу тілінен).  
Синтаксистік синонимдер 
 Синтаксистік  стилистика  саласында  синонимге  қатысты 
стильдік  құбылыстар  жиі  байқалады.  Стилист-ғалымдардың 
пікірінше,  «синонимия  –  стилистиканың  орталық  проблемасы» 
(А.И.Ефимов)  болып  табылады.  «Синонимді  қолдану  ситуация-
ның,  экспрессияның,  мағыналық  реңктің  әр  түрлі  қырларын 
білдірудің мүмкіндігін жасайды» (Л.И.Скворцов, Б.С.Шварцкопф),
  
«сөйлеушінің  тіл  мәдениеті  неғұрлым  жоғары  болса,  синоним-
дік  қатардағы  құралдарды  ол  соғұрлым  кеңінен  әрі  белсенді 
қолдана алады»  (Г.А.Золотова). Мұндай мәселені қазақ тілі ма-
териалдарына да қатысты қолдануға болады. Синонимдер – сти-
листиканың екінші басты ұғымы дейтін пікірдің де синтаксистік 
стилистика  қарастыратын  негізгі  мәселенің  бірі  екендігін  нақ-
тылайды. 
Қазіргі  қазақ  тіл  білімінде  «жұрнақтар  синонимиясы» 
(А.Ысқақов),  «фразеологиялық  синонимдер»  (І.Кеңесбаев),  лек-
сикалық  синонимдер  (Ә.Болғанбаев),  «морфологиялық  сино-
нимдер»  (А.Қалыбаева),  синтаксистік  синонимдерді  жалпы 
атаумен 
«синтаксистік 
конструкциялардың 
синонимдігі» 
(М.Серғалиев)  деген  терминдер  қолданыста  қалыптасып  ор-
ныққан. 
Қазіргі қазақ тілінде синтаксистік синонимдердің ең басты 
мынадай екі түрі бар: 
-
 
сөз тіркестерінің синонимдері; 
-
 
сөйлемдердің синонимдері. 
Синтаксистік синонимдер – тілдің икемділігі мен оралым-
дылығын танытатын табиғи амалдар. Бұлардың білдіретін мағы-
налары бірдей болғанмен, бірақ стильдік өңі, экспрессивтік ма-

ғынасы  бірдей  емес,  стильдік  елеулі  айырмашылық  болады, 
екіншіден,  синонимдердің  бәрі  бірдей  етістікпен  тіркесе  бер-
мейді  (көмектессін  деп  жіберді  –  көмектескелі  келдім).  Сино-
нимдер,  көбінесе,  мағына  дәлдігі  үшін,  кейде  жазу  стилін  түр-
лендіру үшін де қолданылады. 
 Сөйлемдердің  өзара  синоним  болу  заңдылықтары  бар. 
Мұндайда  баяндауыштың  ұйымдастырушылық  және  байланыс-
тырушылық  қызметінің мәні  зор. Мәселен, хабарлы  сөйлеммен 
берілетін ойды сұраулы сөйлем түрінде де айтуға мүмкіндік бар: 
туған  жерді  сағынып  келуші  едім  –  туған  жерді  кім  сағын-
байды? 
Жай  сөйлем  мен  құрмалас  сөйлемнің  синонимдігі  мәсе-
лесіне  де  сақтықпен  қарауды  зерттеушілер  ескертеді:  Мен  оны 
бес саусағымдай білемін  – Мен бес саусағымды қандай білсем, 
оны да сондай білемін. 
Оқуға келдім – оқу үшін  келдім – сөз тіркестерінің сино-
нимдігі. 
Керегеге  кілем  ұсталған  –  керегеге  кілем  ұстаған  –  сөй-
лемдерінің  синонимдігі  негізінде  баяндауыштардың  арасында 
етіс мағынасындағы қатынастар жатуы мүмкін. 
Септік  жалғаулары  да  синтаксистік  синонимдердің  жа-
салуына негіз болады: бұйрықпен марапаттау – бұйрық бойын-
ша  марапаттау,  мерекемен  құттықтау  –  мерекеге  орай  құт-
тықтау, т.б. 
Бағыныңқы  сабақтас  сөйлемдердің  баяндауыштары  түр-
ліше тұлғада жұмсалу арқылы да синтаксистік синонимдер пай-
да болады: Ол оқыған кезде …,  Ол оқығанда…  
Демек,  сөйлемнің  баяндауыш  мүшелерін  синонимдік  ың-
ғайына қарай түрлендіріп жұмсаудың да стильдік мәні бар. Бол-
ған  уақиғаны  айтып  шықты  –  Болған  уақиғаны  баяндап  берді. 
Мұндағы айтып шықты – түгел хабарлады, баяндап берді – тү-
гін  қалдырмай,  тайсалмай  хабарлады  деген  мәнде  жұмсалып 
тұрғандығы  байқалады.  Бұдан  аңғаратынымыз,  синтаксистік 
синонимдер болудың  негізгі шарттары  толық  ескерілген.  Олар: 
синтаксистік  қатынас,  конструкциялардың  лексикалық  құрамы, 
мағыналық  жақындық,  тұлғалық  айырмашылық,  трансформа-
циялық.  Қысқасы,  синтаксистік  синонимдер  –  бірнеше  синтак-
систік құрылымдармен беріліп, лексикалық құрамы бірдей, маз-

мұны бір, бірыңғай синтаксистік қатынаста келіп, нәзік мағына-
лық  айырмашылық  байқалатын  синтаксистік  параллелизмнің 
түрі болып табылады.  
 
4.2.2 Cөйлем құрылысының стилистикасы. 
 
Жай сөйлем түрлерінің стильдік  қолданысы 
Функционалды  стильдердің  барлық  түрінде  жай  сөйлем 
түрлері кеңінен қолданылады. Қолданыс аясына қарай әр алуан 
функционалдық  табиғатымен,  стилистикалық  мәнерімен    ерек-
шеленеді.  Мәселен,  ауызекі  сөйлеу  стилінде  толымсыз,  жақсыз 
сөйлемдер, синтаксистік қайталаулар, инверсияланған құрылым-
дық  ерекшеліктер  оның  синтаксистік  белгілерін  көрсетсе, 
сондай-ақ көркем әдебиет стилінде де шығарманың жанрлық си-
патына  қарай  стильдік  мақсатпен  қолданыла  береді.  Мұндай 
ерекшелікті мына үзіндіден аңғаруға болады: 
-
 
... Саған тай сатып әперемін. 
-
 
Қызыл Жебедей ме, көке? 
-
 
Иә, Қызыл Жебедей, Тұрар. 
-
 
Қызыл Жебені Саймасайлар сойғаны рас па, көке? 
-
 
Оны кім айтты? 
-
 
Иә, болыстың Қалдыбек деген баласы айтыпты ғой. 
-
 
Жо,  Тұрар,  Қызыл  Жебе  сияқты  асыл  жылқыны  ешкім 
де соймайды. 
-
 
 Қайдам... (Ш.Мұртаза). 
Айтылу  мақсатына  қарай  сөйлем  түрлерінің  (хабарлы, 
сұраулы,  бұйрықты,  лепті)  жұмсалуы  мен  мағыналық  жағынан 
ерекше қызмет атқаратындығы белгілі. Хабарлы сөйлемнің маз-
мұнының  әртүрлігіне  қарай  болымды  және  болымсыз  деп  сти-
листика  тұрғысынан  оқулық  авторлары  екіге  бөліп  қарайды. 
Болымды  сөйлемде  өмір  құбылыстары  шындық  күйінде  баян-
далып,  сөйлеушінің  субьективті  көзқарасы  қоса  жеткізіледі. 
Аспанды бұлт торлай бастаған екен – хабарға айтушының көзі 
жетіп  баяндалғаны  аңғарылады.  Осындай  сөйлемде  айтылған 
ойға  айтушының  субьективті  көзқарасын  білдіруін  тіл  ғылы-
мында  сөйлемнің  модальділігі  дейді.  Болымды  сөйлемнің  мо-
дальділік мағынасы көбінесе баяндауыштар құрамын түрлендіру 
арқылы құбылып отырады. 

Ол бұл тақырыпты терең меңгерді. 
Ол бұл тақырыпты терең меңгерген екен. 
Ол бұл тақырыпты терең меңгеріпті. 
Ол бұл тақырыпты терең меңгерген шығар. 
Ол бұл тақырыпты терең меңгерген болуы керек. 
Бір  модальділік  мағынаның  осыншама  көп  синонимде-
рінің  болуы  қазақ  тілі  синтаксистік  құрылымының,  сөйлемде-
рінің стильдік мүмкіншілігінің молдығын, болымды сөйлем-дер-
дің  стильдік  бояуының  әр  алуан  екендігін  көрсетеді.  Тек  бұл  
синтаксистік бірліктерді таңдап, талғап өз орнында жұмсай білу 
керек. 
Ал  қазақ  тілінде  болымсыз  сөйлем  жасаудың  бірнеше 
амалдары  болатындықтан,  оларды  талғап  жұмсаудың  стильдік 
мәні  бар,  өйткені  болымсыз  мағынаның  эмоционалды-экспрес-
сивті реңктері күшті сезіледі. Зерттеу еңбектерде негізінен мұн-
дай реңктегі болымсыз сөйлемдердің жасалу тәсілдеріне  мына-
лар жатқызылады:  
-
 
аналитикалық тәсіл арқылы;  
-
 
лексикалық тәсіл арқылы;  
-
 
интонация арқылы. 
Айтпа, айтпа деймін, анаған! – болымсыздық мағынаның 
аналитикалық тәсіл арқылы берілуі, болымсыз мағынада күшей-
ту мәні басым. Үйіне келгелі әлі түк бітірген жоқ – лексикалық 
тәсіл арқылы жасалуы. Бұл сөйлемде түк болымсыз есімдігі бі-
тірген жоқ болымсыз баяндауышпен тіркесе отырып мағынаны 
күшейтуге қызмет етіп тұр. Жо-о-оқ! Мен жай кетпеймін – сөй-
лемінде  сөйлемнің  экспрессивтілігі,  болымсыздықтың  күшей-
тілуі  интонация  арқылы  жеткізіліп  тұр.  Бұл  жерде  болымсыз 
тұлғада  келген  сөз  стильдік  талапқа  сай  эмфативті  екпінмен 
айтылады. 
Болымсыз тұлғалы сөйлемдерді болымды етіп айтудың да 
стильдік қызметі ерекше: Мен енді айтамын – мен енді айтпай 
тұра алмаймын. Мұндай жағдайда айтылатын хабар өткір тілді, 
эмоциялы сезімі күшті болады. 
 Кейбір  сұраулы  сөйлемдер  кісінің  әр  түрлі  модальді  көз-
қарасын, күмәнін, түрлі көңіл-күйін білдіріп, сұраққа жауап алу 
мақсатын  көздемейді.  Бұлар  –  кейіпкер  ойын  мәнерлі  түрде 
әсерлі етіп айтудың өте ұтымды амалы. Мұндай көркемдік амал-

ды ғылымда риторикалық сұраулар дейді (Хабарлауға тиісті ой 
сұраулы сөйлем түрінде баяндалады). 
Арғымағың жамандап, 
Тұлпар қайдан табарсың? 
Тұйғыныңды жамандап, 
Сұңқар қайдан табарсың? (Асанқайғы.) 
Бұйрықты  сөйлемдердің  де  мазмұны  бірдей  бола  бер-
мейді.  Себебі  бұйрық  қалай,  қандай  жағдайда,  қандай  мақсатта 
айтылғанына  байланысты,  соған  қарай  бұйрықты  сөйлемдердің 
интонациясы,  баяндауыштарының  құрамы,  сөйлемде  орналасу 
тәртібі  де  әр  түрлі.  Мысалы,  Бұл  аудиториядан  шық!  дегенді 
Шық бұл аудиториядан! деуге болады. Екеуі де бұйрықты сөй-
лем. Бірақ екеуінің стильдік мағынасы бірдей емес: бірінші сөй-
лем  жай  кейіспен  айтылған  ойды  білдірсе,  екіншісі қатты ашу-
мен  айтылған  қатал  бұйрықты  аңғартады.  Айтылу  сазы  да  екі 
түрлі. Бірі – бәсең дауыспен, екіншісі – қатал, көтеріңкі дауыс-
пен  жеткізіледі.  Осындай  айырмашылықтарды  дұрыс  танып, 
сөйлемнің әр түрін өз орнында дұрыс пайдалана білу керек. 
Бұйрықты сөйлемнің  стильдік  мәнері,  көркемдік қызметі, 
әсіресе  көркем  әдебиет  стилінде  анық  байқалады.  Мысалы,  
Ш.Мұртазаның  «Қызыл  жебе»  романында  «Оян,  Тұрар!»  фор-
малы сөйлемінен айқын көрінеді: 
 - Оян, Тұрар! - деді әкесі, екі тізесін бауырына жиып, екі 
қолын  тізесіне  қысып,  бүрісіп  ұйықтап  жатқан  баласына;  - 
Оян, Тұрар! Надзиратель келгенше тағы тыңдап ал, - дейді;  -  
Оян,  Тұрар!  -  деп  иығынан  тартқылады  Рысқұл  баланы.  Оян! 
Таң атып келеді. Сен тыңда. Әлі әңгіме біткен жоқ қой (Ш.М.). 
Сондықтан да мұны жазушы шығармашылығының стильдік мә-
нерді  беруінің  бір  көркемдік  тәсілі,  тілдік  бейнесін  айқындау-
дың cинтаксистік амалы деп түсінеміз. 
Лепті сөйлемдер кісінің түрлі көңіл-күй әрекетін, эмоция-
лық сезімін білдіру үшін көбінесе көркем әдебиет стилінде жұм-
салады.  Олар  таңырқауды,  таңдануды,  қорқуды,  жаны  ашуды, 
армандауды,  өкінуді,  сескенуді  жеткізеді.  Мұндай  мәндегі  сөй-
лемдердің эмоционалдық мағына-бояуларын дәл танып жұмсай 
білудің стилистика ғылымы үшін мәні зор. 
Қап, мен де кешігіппін! Апырай, аман болғай-ақ та! 

Стилистика  талаптары  тұрғысынан  біршама  аяқталған 
ойды толымды сөйлеммен де, толымсыз етіп те беруге болады. 
Толымды  сөйлемнің  сипаттамасы  –  белгілі  ойға  керекті 
сөздердің  сөйлем  ішінде  түгелдей  қамтылып  берілетіндігі.  Мен 
көрдім ұзын қайың құлағанын (Абай) – деген сөйлем толымды, 
ойға  қатысты  сөздердің  барлығы  қатыстырылған,  оны  басқаша 
өзгертіп не түсіріп айтуға болмайды. Өйткені Абай өлеңінің сол 
сөйлемінде  «мен»  деген  бастауышқа  ой  екпіні  түсіп,  сол  сөз 
басқа сөзден басым мағынада айтылған. Кей жағдайда ойымыз-
ды  нақты,  дәл,  ықшам  етіп  жеткізуде  толымсыз  сөйлемдерді 
жұмсаймыз.  Мұндай  сөйлем  түрлерін  мәнмәтін  (контекст) 
ішінде  қалай  қолдануға,  қандай  мақсатпен  жұмсау  ерекшелік-
теріне  байланысты  пайдаланамыз.  Ой  дәлдігін  сақтау,  стиль 
түрлерін ажырату амалдары ретінде де қарастырамыз. Мәселен, 
толымды  сөйлемдер  ғылыми  әдебиет  стилінде  жиі  қолданы-
лады,  өйткені  баяндалатын  ой  толық,  жүйелі  болып  жеткізілуі 
шарт.  Ал  толымсыз  сөйлемдер  ауызекі  сөйлеу  тілінде,  көркем 
әдебиеттегі  диалогтерде  жиі  қолданылады.  Мұнда  кейіпкер  ті-
лінде жұмсалатындықтан, сұрақ-жауап түрінде көбінесе сөйлем-
дері  қысқа,  жалаң,  толымсыз  болып  келеді,  ой  тұжырымды, 
әсерлі етіп беріледі:  
-  Қарағым-ай, қазақпысың? 
-  Иә, қазақпын. 
-  Қазақ  болсаң,  қарағым-ай,  қара  қазақпысың,  өкіметтің 
кісісімісің? 
-  Ендеше,  қарағым-ай,  сүйемелдеп  жібер,  мен  сияқты 
нашар кісіні (С.Мұқанов). 
Сөйтіп,  сөйлемнің  толымсыз  болуы  оның  жұмсалу  жағ-
дайымен,  ойдың  мақсатына  қарай,  басқа  сөйлемдермен  қаты-
сына байланысты болады. 
Сөздерді,  кейде грамматикалық тұлғаларды ортақтастыру 
–  сөйлемдерді тұжырымды, ықшамды етіп құрудың тәсілі. Бұл 
тәсілді дұрыс  түсініп, жазуда  дұрыс  пайдалана  білу  үшін  оның 
мынадай орындарға ортақ бола алатынын білу керек: 
1.  Екі  іргелес  сөйлемді  бір  баяндауышқа  ортақтастырып 
айтуға  болады:  біресе  қар  жауады,  біресе  жаңбыр  жауады  – 
біресе қар, біресе жаңбыр жауады.  

Мұны  синтаксисте  «сыйыса  құрмаласу»  деп  үнемдеу 
құбылысына  жатқызады.  «Қоянды  қамыс  өлтірер,  ерді  намыс 
өлтірер» дегендегі екі сөйлемді сыйыстыруға болады. Бірақ еке-
уінің экспрессивтілігі жағынан мәні бір емес: алдыңғы бөлігінде 
экспрессивті мағына бар да, соңғыда ол солғын көрінеді. 
  2.  Қатар  айтылған  сөйлемдердің  алдыңғыларында  атал-
ған  мүшелерді  соңғы  сөйлемдерге ортақ  етіп  толымсыз  сөйлем 
құрауға  болады!    Астана  –  жаңа  да  заманауи  қала,    оның  үс-
тіне көркем де келбетті қала (Газеттен). 
  3. Сөз мағынасы ортақ толымсыз сөйлемдер сөйлеу сти-
лінде, кейіпкердің диалогтерінде жиі кездеседі: 
-  Уа, көш көлікті болсын! 
-  Айтсын, аға! 
-  Отауларың, әне, тігулі тұр. 
-  Кешке келіңіз. 
-  Жоқ … 
  4.Жіктік  жалғаулары  сөйлемдегі  бастауыштың,  тәуелдік 
жалғаулары ілік жалғаулы анықтауыштардың қай жақтық екені 
белгілі  болатындықтан,  ол  мүшелерді  түсіріп,  сөйлемді  толым-
сыз етіп жұмсау көп стильге тән ерекшелік: 
Мен  ырзамын  –  Ырзамын.  Менің  айтатын  сөзім  көп  – 
Айтатын сөзім көп. 
Құрмалас сөйлемдердің стильдік сипаты 
Құрмалас  сөйлемдердің де  жұмсалуында  өзіндік  стильдік 
ерекшеліктер  болады.  Функционалды  стильдердің  барлық  тү-
рінде, әсіресе, жазба-кітаби стильдерде көбірек жұмсалады.  
Жазба  стильдердің  барлық  саласында  салалас,  сабақтас, 
көп құрамды құрмалас сөйлем түрлері, күрделіленген сөйлемдер 
кеңінен  қолданылады.  Әсіресе  салалас  құрмаластардың  жұм-
салуы  мәтіндерде  жиі  кездеседі.  Мысалы:  Білім  беру  саласын 
дамытудың  2020  жылға  арналған  мемлекеттік  бағдарламасы 
болашақта  Қазақстанда  білікті  әрі  кәсіби  мамандарды  даяр-
лауды қамтамасыз етеді, сонымен қатар, елдің тұрақты эко-
номикалық  дамуына  кепіл  болмақ;  Қазақ  мәдениеті  қазіргі 
Қазақстан  жерін  жайлаған  тайпалар  туғызған  бай  рухани 
қазынадан  нәр  алды,  ежелгі  дәстүрлерді  дамыту,  тың  тақы-
рыптарды  игеру  нәтижесінде  кемелденді.  Кезінде  қазақ  сөз 
шеберлігін, шешендік өнерін жоғары бағалаған, қазақ даласына 

жер  аударылған  ғалым-зерттеушілердің  пікірлері  үлкен  ойға 
қалдырады  және  орыс,  батыс  саяхатшылары  мен  этнограф-
тары  қазақ  халқының  дәстүрлі  өнеріне  жоғары  баға  берген-ді 
(«Егемен Қазақстан» газетінен). 
Логикалыққа  құрылған  ой-пікірді  жан-жақты  жеткізудің, 
көркемдік шынайылыққа жетудің бірден-бір құралы – құрмалас 
сөйлемдер. Құрмалас сөйлемдер күрделі мағыналық және грам-
матикалық  қарым-қатынасты  беруге  бейім  болып  келеді,  бұл 
әсіресе  ғылыми  стильге  тән.  Ғылыми  стильде  күрделі  ой  ло-
гикалық жүйелі  баяндалатындықтан, дәлелдеуді, белгілі бір құ-
былыс, заттың мәнді белгісін көрсетуді, ғылыми негіздеуді көз-
дейтіндіктен, сөйлем құрылысы күрделі сабақтас құрмалас сөй-
лемдер  арқылы  жасалады,  ол  құрмаластың  бірінші  жай  сөй-
лемінің (бағыныңқының) баяндауышы көбінесе шартты рай тұл-
ғасында  келіп,  екінші  сөйлемі  ойды  тиянақтап,  дәлелдеп, 
тұжырымдап тұрады: Ерітінді қандай агрегаттық күйде болса, 
таза  түрінде  дәл  сондай  болатын  компонентті  еріткіш  деп 
есептейді,  бірақ  оның  мөлшері  берілген  жүйеде  артығырақ 
болуы қажет;   Ал белгілі бір ұғым-түсініктің мәнді белгілерін 
көрсету арқылы оның өзіндік ерекшеліктерін  айқындауда себеп 
бағыныңқылы  сабақтастар  жиі  жұмсалады.  Мысалы:  Прагма-
лингвистика коммуникативтік іс-әрекет туралы ғылым саласы 
болғандықтан, тіл ғылымының басқа салаларынан бөлшектен-
бейді, тілдің барлық аспектілерінің қызметіне тікелей қатыса 
алады. 
Сөйлем  құрамында  бірыңғай  мүшелері  бар  құрмалас-
тардың қолданылу мәні – бір нәрсені дәлелдеп, нақтылауда, ай-
тылған  ойды  саралау  үшін  қызмет  етеді:  Сөйлеу  актілеріндегі 
қатысушылардың  психологиялық  жағдайы,  олардың  қарым-
қатынас  аясы,  саяси-әлеуметтік  жағдайы,  сөздің  шынайы-
лығы,  дүниетанымдық көзқарасы  белгілі  стилистикалық  мәнге 
ие  болатын  таңбаларды  таңдап  ала  отырып,  өз  мақсатына 
жетуі  прагмастилистиканың  зерттеу  мағынасына  толық 
айналады. 
Ғылыми  стильден  кейін  ресми  стильде  көбінесе  қатаң 
ресмилік  сипат  беретін  анықтауыш  қатынастағы  шартты  бағы-
ныңқылы сабақтас құрмалас сөйлемдер жиі қолданылады:  Егер 
Мәжіліс депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен 

ұсынылған  өзгерту-толықтырулармен  келіссе,  заң  қабылданды 
деп есептеледі; Республиканың халықаралық шарттарында өз-
геше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының азаматын шет 
мемлекетке беруге болмайды (Құжаттардан).   
Публицистикалық  стиль  де  өзге  стильдерден  сыртқы  құ-
рылымдық сипаты арқылы ерекшеленеді. Бұл стильде жазылған 
шығарма қалың жұртшылыққа түсінікті тілмен, жатық құрылған 
сөйлемдермен  елде,  әлемде  болып  жатқан  уақиғаларды  таныс-
тыру,  оған  талдау  жасау  арқылы  қоғамдық  пікір  қалыптас-
тырады.  Яғни,  көпшілікке  жеткізілетін  ресми  ақпарат  кітаби 
тілмен беруді қажет етеді. Демек, кітаби сипаттағы күрделі тір-
кестер мен құрмалас сөйлемдер де жиі қолданылып, сол арқылы 
ақпарат  толық,  нақты,  дәл  жеткізіледі.  Әрине,  белгілі  бір  ақпа-
раттың  мұндай  синтаксистік  құрылымға  негізделуі,  стильдік 
белгісі,  ең  алдымен,  публицистикалық  стильдің  жанрлық  сипа-
тына,  қызмет  ету  ерекшеліктеріне,  өзге  де  жағдаяттарға  байла-
нысты болады. Төмендегі үзінділерден бүгінгі Астананың саяси, 
экономикалық  әлеуетін  сипаттайтын  күрделі  ой  мазмұны  құр-
малас сөйлемдермен тартымды баяндалған: Ал енді астаналық-
тарды  қалалары  ЭКСПО-2017  халықаралық  көрмесін  өткізу 
шарасын  жеңіп  алғанымен  құттықтай  отырып,  мұндай  ға-
ламдық шараны өткізуге батылы жеткен жас қала – Астанаға 
әлі  де  көптеген  ірі  жобаларды  жүзеге  асыруына  тура  келеді. 
Мұнымен  қатар,  Қазақстан  елордасында  бой  көтерген 
заманауи  зауыттар  шетелдік  ірі  компаниялармен  бірлесіп 
салынып  жатқандықтан,  жұрт  назарын  өзіне  көп  аударып 
жатыр. Астананың бұл тәжірибесін өңірдегі дамуы тежелген 
көптеген  елдер  үйренсе,  жаман  болмас  еді.  Шетелдік  білікті 
мамандарды шақырып, қаланың дамуын қамтамасыз ете оты-
рып,  өз  персоналдарының  біліктілігін  үнемі  көтеріп  отырған-
дықтан да қала осындай жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді 
(«Егемен Қазақстан»). 
Құрмалас сөйлем  түрлерінің  эстетикалық  қызметі көркем 
әдебиет  стилінде  де  әр  түрлі  стилистикалық  амал-тәсілдер  ар-
қылы  көрініп,  ойдың  мазмұнына  түрліше  бейнелілік  сипат  бе-
реді:  Көшедегі  адамдар  қоңыраулы  трашпеңкені  әуелі  салта-
натпен  әкім  келе  жатыр  екен  деп  қалады  да,  кісендеулі  аяғы 
салбырап отырған киіз қалпақты қазақты, алды-артына мыл-

тық ұстаған айдауларды көріп, бірі таңырқап, бірі үрке қарап, 
бірі  тез-тез  шоқынып  қала  береді.  Әлдекімдер  басынан  мы-
жырайған кепкасын алып, бас игендей болды. Әлде кім дей ме, 
әлде тұтқынға оң сапар тілей ме – белгісіз (Ш.Мұртаза). Үзін-
діде салаласып та, сабақтасып та байланысқан аралас  құрмалас 
сөйлемдер  құрамында  әлеуетті  бейнелі  сөздердің  қатысуы 
арқылы айтайын деген ой нақты бейнеленіп, оқушының көз ал-
дына елестейтіндей жанды сурет жасалынған. Яғни жеке ұғым-
дарды дәлме-дәл беретін заттық мағыналы сөздерді таңдап қол-
дану арқылы да автор айтайын деген ойын әсерлі түрде жеткізіп 
тұр.  Бұл  да  синтаксистік  бірліктердің  көркемдік-эстетикалық 
қызметіне тікелей қатысты құбылыс. 
Қай  құрмалас  сөйлемнің  түрі  болмасын  қабылдаушыға 
(оқырманға)  стилистикалық  әсер  етіп,  ойдың  бейнелілігін  арт-
тыруға ықпал етеді. Аспара тауының әдемі көрінісін суреттеуде 
автор  ойдың  динамикалы  күйін  жеткізетін  сабақтас  құрмалас-
тарды  тиімді  пайдаланған:  Аспараның  ұшар  басында  ғана 
қалған бір шөкім қарды жаңа шығып келе жатқан күннің нұры 
шалып, ақ қар қызыл арайлы асыл тасқа айналып, атыраптағы 
мазасыз  ауылдарға мейірбан  сәуле  таратқандай. Жаңа  шығып 
келе  жатқан  күннің  күзетшісіндей  болып,  Мықаң  жағасында 
Тұрар  жападан  жалғыз тұр  (Ш.Мұртаза).  Сөйлемнің  стильдік 
сипатының  көрінісі,  оның  түрленуі,  экспрессивтік-эмоционал-
дық  бояу  алуы  көбінесе  баяндауыш  тұлғалары  арқылы  жүзеге 
асатындығын  жоғарыда  келтірілген  деректерден  аңғаруға 
болады.  
  

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   21




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет