Сөйлеу әдебі Тіл мәдениетіне барар жолдың бастауы – сөйлей білу. Тіл адамзаттың бір-бірімен пікірлесуін, түсінісуін қамтамасыз ете келіп, тілдік қарым-қатынасты іс жүзіне асырады. Тілдік қатынас – адамның ойлау, пайымдау, сөйлеу, тыңдау, түсінісу, айту, пікірлесу, т.б. әрекетіне тікелей қатысты құбылыс.
Ойдың тілі – сөз. Біз сөз арқылы ғана неше түрлі ойларымызды сыртқа білдіре аламыз. Сөзді қабылдау және оны ұғыну бір-бірімен тығыз байланысты. Адам баласының сана-сезімінің дамуында дыбысты тілдің пайда болуының маңызы зор болды.
Сөйлеу – адам санасының басты белгісі. Тіл, сөйлеу ежелден бері жеке адамның, қоғамның ой-санасын дамытып, жетілдіруде аса маңызды рөл атқарады. Сөз ойлы да мәнерлі болуы тиіс. Әйтпесе, ол көздеген мақсатына жете алмайды. Халқымыз мәнді сөйлейтіндерді «сөзі мірдің оғындай екен» деп дәріптейді. Ал Ж. Баласағұн «ақыл-ойдың көркі – тіл, тілдің көркі – сөз» деп тауып айтқан.
Сөйлеу әдебі ағыл. speech etiquette – Тіл практикасының ұлттық, өзіндік ерекшеліктерге ие қағидалары; бұл ережелер әңгімелесушімен «сыпайы, биязы» байланыс жасауға (байланысты орнату, оны қолдап отыру, байланысты тоқтату) қоғам тарапынан бекітілген қалыпты нысандар мен тілдік бірліктер жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Сөйлеу әдебінің жағдаяттары ретінде назар аудару және назарды өзіне аудару, амандасу, танысу, шақыру, өтініш, кеңес беру, ұсыныс жасау, келісу, қарсы болу, кешірім сұрау, көңіл айту, қошемет сөз айту, құттықтау, қоштасу және т.б. түрлерді атауға болады.
Адамның мәдени тұлға ретіндегі табиғатын зерттеуші ғалымдар, адамның мәдениеттілігі мен адамның қасиетін түсіндіру үшін сол адамның өскен, өнген, тәрбиеленген ортасында алған тәлім-тәрбиесі негіз болатындығын айтады. Адам – қоғам өкілі, белгілі бір ортаның саналы тұлғасы. Қоғамдық қарым-қатынастың ішінде адамның түрлі субъекті не объектімен қарым-қатынасында тілдің орны әрдайым басты рөлде болады. Адамдар арасындағы қарым-қатынаста сыпайылық, кішіпейілділік пен адамгершілік қасиеттер тіл арқылы көрініс табады. Сөйлеуші жақтың тыңдаушыға деген құрмет-қадірінің қаншалықты дәрежеде екені де сөз жұмсалым арқылы беріледі. «Тіл барлық заттар мен құбылыстарды, т.б. таным белгілерді ұғынуға көмектеседі. Адамның рухы мен ішкі эмоциясын, сондай-ақ, адамдық қарым-қатынастан туған адамисыпайылықты да айқын көрсетеді».
Сөйлеу әдебі қарым-қатынаста, қоғамдық орындарда, жалпы өз елімізде сирек сақталады.
«Сөйлей білу – өнер». Бұл өнерді қажымай-талмай, үздіксіз, жан-жақты ізденіп, өзін-өзі баптап, машықтану арқылы игеруге болады.