Негізгі орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты



бет1/22
Дата09.04.2023
өлшемі1,92 Mb.
#80757
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22

  1. Негізгі орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты

1. Жалпы ережелер



  1. Осы негізгі орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты (бұдан әрі – стандарт) «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 56-бабына сәйкес әзірленді және білім алушылар мен тәрбиеленушілердің дайындық деңгейіне, білім берудің мазмұнына, оқу жүктемесінің ең жоғары көлеміне қойылатын талаптарды айқындайды.

  2. Негізгі орта білім берудің жалпы білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары (бұдан әрі – білім беру ұйымдары) меншік нысаны мен ведомстволық бағыныстылығына, сондай-ақ оқыту тіліне қарамастан білім беру қызметін:

1) осы стандартқа;
2) оқу бағдарламалары мен үлгілік оқу жоспарларына; 
3) Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы уәкілетті органы белгіленген тәртіппен бекіткен басқа да нормативтік құқықтық және құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асырады.

  1. Стандартты қолдану:

  1. оқытудың күтілетін нәтижелері түрінде көрсетілген негізгі орта білім беру мақсаттары жүйесіне қол жеткізу арқылы оқыту мен тәрбиелеудің сапасын арттыруға;

  2. қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде білім беру процесін ұйымдастыру үшін қажетті жағдайлар жасау арқылы үштілді білім беру саясатын іске асыруға;

  3. білім алушылардың теориялық білім негіздерін меңгеруін және алған білімдерін қолданбалы сипаттағы міндеттерді шешу үшін қолдана білу іскерлігін дамытуды көздейтін негізгі орта білім берудің академиялық және практикалық бағыттылығының үйлесімділігіне;

  4. білім алушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, пәндік білім мен дағдыларды кезең-кезеңімен тереңдетуді қамтамасыз етуге;

  5. білім беру процесінің мазмұндық негізін айқындайтын білім берудің құндылықтары мен оқытудан күтілетін нәтижелер жүйесінің өзара байланыстылығы мен өзара шарттылығына негізделген оқыту мен тәрбиенің бірлігі қағидатын іске асыруға;

  6. балалардың денсаулығын сақтауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ білім алушылардың ерекше білім беру қажеттіліктері мен қосымша білім беру қызметтерін алуға қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қолайлы жағдайлар жасауға;

  7. орта білім беру ұйымдарының типтері мен түрлерінің әртүрлілігі жағдайында негізгі орта білім берудің баламалылығын қамтамасыз етуге;

  8. білім беру ұйымдарында инновациялық практиканы қолдауға және дамытуға;

  9. білім сапасын қамтамасыз ету бойынша білім беру ұйымдарының қызметін объективті бағалауды ұйымдастыруға бағытталған.

  1. Стандарт:

  1. білім беру ұйымдарының әртүрлі типтері мен түрлері үшін негізгі орта білім берудің үлгілік оқу жоспарын;

  2. негізгі орта білім берудің оқу пәндері бойынша оқу бағдарламаларын;

  3. оқу пәндері бойынша оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді;

  4. білім алушылардың оқу пәндері бойынша оқу жетістіктерін бағалау өлшем шарттарын;

  5. білім беру ұйымдарында оқыту мен тәрбиелеуден күтілетін нәтижелерге қол жеткізуді қамтамасыз ететін басқару жүйесін;

  6. білім беру ұйымдарының білім беру процесін мониторингтеу жүйесін;

  7. білім беру ұйымдарындағы білім беру процесін, оның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушылар үшін материалдық-техникалық, ақпараттық-коммуникациялық қамтамасыз етуге қойылатын бірыңғай талаптарды;

  8. білім сапасын қамтамасыз ету бойынша білім беру ұйымдарының қызметін бағалау параметрлерін әзірлеу үшін негіз болып табылады.

  1. Білім беру ұйымдары тәрбиелеудің, оқыту мен дамытудың әр түрлі педагогикалық технологияларын қолдану арқылы денсаулық сақтайтын ортаны қамтамасыз етеді.

  2. Стандартта Заңға сәйкес терминдер мен анықтамалар қолданылады. Оларға қосымша мынадай терминдер мен олардың анықтамалары енгізілді:

1) негізгі орта білім берудің базалық мазмұны – типіне, түріне және меншік нысанына, сондай-ақ оқыту тіліне қарамастан білім беру ұйымдарында оқып білуге міндетті негізгі орта білім беру мазмұнының құрамы, құрылымы мен көлемі;
2) сабақтан тыс іс-әрекет – біртұтас оқу-тәрбие процесінің құраушы бөлігі, білім алушылардың бос уақытын ұйымдастыру нысаны;
3) білім беру саласы – мәндес оқу пәндерінің жиынтығын қамтитын негізгі орта білім берудің базалық мазмұнының құраушы бөлігі;
4) үлгілік оқу жоспары –оқу пәндерінің тізбесін регламенттейтін және тиісті білім беру деңгейінің оқу жүктемесінің инвариантты және вариативті компоненттерінің көлемін айқындайтын құжат;
5) оқу жүктемесінің инвариантты компоненті –білім беру ұйымдарында типіне, түріне және меншік нысанына, сондай-ақ оқыту тіліне қарамастан барлық білім алушылардың оқып білуі үшін міндетті оқу пәндерін айқындайтын үлгілік оқу жоспарының құраушы компоненті;
6) оқу жүктемесінің вариативтік компоненті – білім алушылардың білімге деген қажеттіліктеріне сәйкес білім беру ұйымдары айқындайтын үлгілік оқу жоспарының құраушы компоненті;
7) элективті курс – білім алушының таңдауы бойынша курс, білім алушылардың білім алу дайындығын кеңейтуге бағытталған оқу жоспарындағы вариативті компоненттің құраушы бөлігі;
8) оқытудан күтілетін нәтижелер– оқыту процесі аяқталғанда білім алушының нені біліп, түсініп, көрсете алатынын сипаттайтын құзыреттіліктер жиынтығы;
9) инклюзивті білім беру – ерекше білім беру қажеттіліктері мен жеке-дара мүмкіндіктерін ескере отырып, барлық білім алушылардың білім алуына тең қолжетімділікті қамтамасыз ететін процесс;
10) ерекше білім беру қажеттіліктері – денсаулығына байланысты білім алуда тұрақты немесе уақытша қиындық көріп жүрген, арнайы, жалпы білім беретін оқу бағдарламалары мен қосымша білімнің білім беру бағдарламаларына мұқтаж балалардың қажеттіліктері;
11) бағалау – білім алушылардың оқуда нақты қол жеткізген нәтижелерін оқытудан күтілетін нәтижелермен әзірленген өлшемшарттар негізінде салыстыру процесі;
12) бағалау өлшемшарттары – білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау жүргізуге негіз болатын белгілер;
13) формативті бағалау – сыныпта күнделікті жұмыс барысында жүргізілетін бағалау түрі, білім алушылар үлгерімінің ағымдағы көрсеткіші болып табылады, оқыту барысында білім алушылар мен мұғалім арасындағы жедел өзара байланысты, оқушы мен мұғалім арасындағы кері байланысты қамтамасыз етеді және білім беру процесін жетілдіруге мүмкіндік береді;
14) жиынтық бағалау – белгілі бір оқу кезеңін (тоқсан, триместр, оқу жылы), сондай-ақ оқу бағдарламасына сәйкес бөлімдерді оқып аяқтағаннан кейін өткізілетін бағалау түрі;
15) білім берудегі құндылықтар – білім алушының тұлғасын қалыптастыруда жетекші фактор болып табылатын жалпыадамзаттық құндылықтарға негізделген оқыту мақсаттарының жүйесін қалыптастырудағы бағдарлар.

  1. «Білім алушылар мен тәрбиеленушілердің даярлық деңгейіне қойылатын талаптар» деген бөлімде белгілі бір білім беру саласына енетін оқу пәндері бойынша ұзақ мерзімді сипаттағы мақсаттар жүйесі түрінде білім беру салалары (және оқу пәндері) бойынша оқытудан күтілетін нәтижелер көрсетілген.

  2. «Білім беру мазмұнына қойылатын талаптар» деген бөлімде типіне, түріне және меншік нысанына, сондай-ақ оқыту тіліне қарамастан, білім беру ұйымдарында міндетті оқып білуге жататын негізгі орта білім беру мазмұнының құрамы, құрылымы мен көлемі көрсетілген.

  3. «Оқу жүктемесінің ең жоғары көлеміне қойылатын талаптар» деген бөлімде апталық оқу жүктемесі, оқу жылының ұзақтығы, топтарға бөлу үшін сыныптың толымдылығы көрсетілген.

  4. Стандарт қолданысқа кезең-кезеңімен енгізіледі:

1) 2017 жылғы 1 қыркүйектен бастап 5, 7-сыныптарда;
2) 2018 жылғы 1 қыркүйектен бастап 6, 8-сыныптарда;
3) 2019 жылғы 1 қыркүйектен бастап 9 (10) сыныптарда.

2. Білім алушылар мен тәрбиеленушілердің дайындық деңгейіне қойылатын талаптар





  1. Негізгі орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламалары білім алушылардың, оның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушылардың ғылым жүйесінің базалық негіздерін меңгеруіне, олардың бойында тұлғааралық және этносаралық қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға, жеке тұлға ретінде өзін-өзі танытуына және кәсіптік бағдарлануына, сондай-ақ білім алушылардың бейіналды даярлығына бағытталады.

  2. Білім алушылардың дайындық деңгейі бірнеше мәндес оқу пәндерін біріктіретін «Тіл және әдебиет», «Математика және информатика», «Жаратылыстану», «Адам және қоғам», «Технология және өнер», «Дене шынықтыру» білім беру салаларының ерекшеліктері ескеріле отырып жобаланған оқытудан күтілетін нәтижелер арқылы айқындалады.

  3. Білім беру салалары (және оқу пәндері) бойынша оқытудан күтілетін нәтижелер негізгі орта білім берудің базалық мазмұнын айқындау үшін негіз болып табылады.

  4. Негізгі орта білім берудің оқу бағдарламаларында білім беру салалары (және оқу пәндері) бойынша оқытудан күтілетін нәтижелер әрбір оқу пәнінің бөлімдері бойынша оқыту мақсаттарында нақтыланады.

  5. Оқытудан күтілетін нәтижелер жүйесі білім алушылардың, оның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушылардың жеке даму траекторияларын қалыптастыруға және олардың оқытудың ұзақ мерзімді мақсаттарына кезең-кезеңмен қол жеткізуге ілгерілеуіне мүмкіндік жасайды.

  6. «Математика және информатика» білім беру саласы бойынша оқытудан күтілетін нәтижелер

Негізгі орта білім беру аяқталғанда білім алушы:
1) элементар математиканың, статистиканың және ықтималдық теориясының негізгі ұғымдарын; сандар классификациясын; нақты сандармен есептеу амалдарын; қарапайым математиканың негізгі формулаларын; функция ұғымын, оның қасиеттері мен графигін; алгебралық теңдеулер, теңсіздіктер және олардың жүйелерін шешу тәсілдерін; көпбұрыштар классификациясын; жазық фигуралардың негізгі түрлерінің қасиеттерін және белгілерін; комбинаторика ережелерін; оқиға ықтималдығының классикалық, статистикалық және геометриялық анықтамаларын; статистикалық деректерді жинау және өңдеу әдістерін;
қолданбалы есепті шешу үшін математикалық модельді пайдалану алгоритмін; ақпарат, ақпараттық процестер, технологиялар және модельдер туралы ғылыми түсініктердің негізін; қазіргі заманғы қоғамдағы және әрбір адамның өміріндегі ақпараттық технологиялардың рөлін; компьютерлік жүйелер мен желілер құрылысының негіздерін, сондай-ақ олардың бағдарламалық қамтылыммен өзара әрекеттестігін; модельдеу, алгоритмдеу және бағдарламалау арқылы есептерді шешу тәсілдерін; әртүрлі сандық құрылғылармен дұрыс және қауіпсіз жұмыс жасау ережелерін біледі;
2) математиканың академиялық тілін; санды стандартты түрде жазу тәсілін; квадрат үшмүшенің түбірлері мен коэффициенттері арасындағы байланысты; түрлі қолданбалы есептерді шешуде математикалық модельдерді пайдаланудың маңыздылығын; аксиома мен теорема сияқты математикалық категориялардың мағынасын; жазықтықтағы геометриялық салулар мен өлшемдердің қағидаттарын; таңдау және бас жиынтықтың сандық сипаттамаларының мағынасын; сандық және сапалық талдау жүргізудегі статистикалық деректерді графикалық түрде берудің рөлін;
компьютердің негізгі құрылғыларының өзара әрекеттестігін; қолданушының жүйемен жұмыс істеуіне арналған бағдарламалық қамтылымның қажеттілігін; барлық деректер мен нұсқауларды беру үшін компьютермен екілік кодты пайдалануды; ақпаратты өлшеу бірліктері арасындағы байланысты; ақпаратты және ақпараттық-коммуникациялық технология құралдарын қолданудың экономикалық, құқықтық және этикалық аспектілерін түсінеді;
3) практикалық есептерді шешуде математикалық білімін; математикалық есептерді шешу алгоритмдерін; түпмәтінге сәйкес математикалық терминологияны; нақты сандарды есептеу амалдары; ауызша және жазбаша түрде дәл және жуықтап есептеуді; геометриялық есептерді шешуде жазық фигуралардың қасиеттерін; түрлі қолданбалы есептерді шешуде математикалық модельдерді; математикалық есептерді шешуде есептеу техникасын және бағдарламалық қамтылымды;
қажетті ақпаратты жинау, ұсыну, өңдеу, сақтау және беру үшін ақпараттық және коммуникациялық технологиялардың заманауи бағдарламалау құралдарын; объектілер мен процестерді (физикалық, биологиялық, экономикалық және ақпараттық) визуализациялау және зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін олардың компьютерлік модельдерін; практикалық есептерді шешу үшін алгоритмдерді жазудың негізгі ережелерін және бағдарламалау тілдері мүмкіндіктерін; құжаттарды жасау, қарастыру және редакциялаудың бірлескен жұмысы үшін жергілікті және ғаламдық желі мүмкіндіктерін қолданады;
4) заңдылықтарды талдайды және олардың негізінде математикалық модельдер құрастырады; статистикалық деректердің берілуінің түрлі нысандарын пайдаланып, статистикалық деректерді; рационал және иррационал өрнектерге жасалған түрлендірулерді; теңдеулерді, теңсіздіктерді және олардың жүйелерін шешуді; геометриялық фигуралардың өзара орналасуын; функциялардың қасиеттерін; математикалық модельдер құрастыру үшін мәтіндік есептердің шарттарын; график, диаграмма және әртүрлі сызбалар түрінде ұсынылған деректерді және олардың нәтижелерін;
шынайы және ойдағы объектілер мен процестерді зерттеуге арналған компьютерлік модельдерді; ең тиімдісін анықтау үшін компьютерде есептерді шешудің әртүрлі тәсілдерін; бар қателерді анықтау және оларды кейіннен түзету үшін бағдарламалау тілінде бағдарламалау кодын талдайды;
5) математикалық есептерді шешудің алгоритмдерін; статистикалық деректерді өңдеу және талдау нәтижелері бойынша қорытындыларды; аксиомалар мен теоремалар арқылы дәлелді пікірлерді; геометриялық түрлендірулерді қолдана отырып құрастыру есептерін шешу тәсілдерін;
өз идеяларын ұсыну және іске асыру үшін мәтіндер, кестелер, деректер қоры, графика мен мультимедиа түріндегі ақпаратты; электрондық кестелерде, 3D-редакторларда, сондай-ақ бағдарламалау ортасында объектілер мен процестердің (физикалық, биологиялық, экономикалық және т.б.) модельдерін жинақтайды;
6) есептің түпмәтініне қатысты есептеулер нәтижесін; берілген параметрлердің мәндеріне байланысты функциялардың графиктерінің орналасуын; шамалардың жуық мәндерін және олардың стандартты түрде жазылуын; жүргізілген тәжірибелер санының артуына байланысты оқиға нәтижесінің абсолюттік және салыстырмалы жиілігін; ақпараттың сапасын, маңыздылығын, пайдалылығын және тиімділігін; пайдаланушының қажеттіліктеріне байланысты компьютердің пішін үйлесімін және бағдарламалық қамтылымын таңдауды; компьютерлік модельдің шынайы объектілерге сәйкестігін; алгоритмнің тиімділігін және оны орындаудың нәтижелерін; АКТ құралдарының адам денсаулығына теріс әсер етуін бағалайды.

  1. Білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау білім алушылардың білімін бағалау өлшемшарттарын қолдану арқылы жүзеге асырылады. Бағалау өлшемшарттары білім алушылардың оқу жетістіктері деңгейлерін өлшеу үшін пайдаланылады.

  2. Бағалау өлшемшарттары әрбір оқу бағдарламасы бойынша оқыту мақсаттарына сәйкес әзірленеді.

  3. Білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау формативті және жиынтық бағалау нысанында жүзеге асырылады.

  4. Білім алушылардың білімін бағалау өлшемшарттарын білім беру саласындағы уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.

  5. Даму мүмкіндігі шектеулі білім алушылар үшін олардың білім алуына, даму бұзушылықтарын түзетуіне және әлеуметтік бейімделуіне жағдай жасалады.

3. Білім беру мазмұнына қойылатын талаптар

  1. Негізгі орта білім беру білім берудің барлық деңгейлеріне ортақ болып табылатын және білім алушының мінез-құлқы мен қызметін ынталандыратын өмірлік тұрақты бағдарлары болуға арналған білім алушылардың бойына ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды дарытуға бағытталған.

  2. Негізгі орта білім беру мазмұнында айқындалған негізгі құндылықтар:

1) қазақстандық патриотизм мен азаматтық жауапкершілік;
2) құрмет;
3) ынтымақтастық;
4) еңбек пен шығармашылық;
5) ашықтық;
6) өмір бойы білім алу.

  1. Білім берудегі құндылықтарды дарыту негізінде білім алушылардың мынадай қабілеттері дамуы тиіс:

  1. Қазақстан мүдделеріне қызмет етуге дайындығы;

  2. Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарының нормаларын құрметтеу және сақтау;

  3. әлеуметтік жауапкершілік және шешім қабылдай алу;

  4. мемлекеттік тілді меңгеруге ынталану;

  5. Қазақстан халқының мәдениеті мен дәстүрлерін, әлемнің мәдениеттік алуан түрлілігін құрметтеу;

  6. рухани келісім және толеранттылық идеяларын қолдау;

  7. қоршаған ортаға және экологиялық тұрақтылықты сақтауға оң қарым-қатынас;

  8. шығармашылықпен және сын тұрғысынан ойлау;

  9. коммуникативтілік және ақпараттық-коммуникациялық құралдар мен технологияларды тиімді қолдана білу;

  10. өмір бойы білім алуға және өзін-өзі жетілдіруге талпыну.

  1. Негізгі орта білімнің мақсаты - тұлғаның жалпы мәдениетін қалыптастыру, тұлғаны қоғам өміріне бейімдеу, кәсіпті, мамандықты саналы түрде таңдауға және меңгеруге негіз жасау.

  2. Негізгі орта білім берудің негізгі міндеттері білім алушылардың:

  1. рухани-адамгершілік қасиеттерін;

  2. ғылым негіздері бойынша базалық білім жүйесін;

  3. өздігінен білім алу және тұлғалық өзін-өзі дамыту дағдыларын;

  4. оқу, жобалау, зерттеушілік іс-әрекеттерін жүзеге асыру дағдыларын;

  5. сын тұрғысынан және шығармашылық ойлау дағдыларын;

  6. қауымда өзін-өзі іске асыру және өзара әрекет жасау дағдыларын қалыптастыру мен дамыту болып табылады.

  1. Білім берудің базалық мазмұны стандарт талаптары негізінде әзірленетін оқу пәндерінің оқу бағдарламаларымен айқындалады.

  2. Негізгі орта білім берудің базалық мазмұны оқу, жобалау және зерттеу іс-әрекеттерінің мақсатты ұйымдастырылған тәрбие жұмысымен үйлесімі арқылы іске асырылатын академиялық дайындықты, білім алушылардың дербестігін дамытуды және рухани-адамгершілік тәрбиені кіріктіру негізінде айқындалуы тиіс.

  3. Негізгі орта білім берудің базалық мазмұны мынадай бағдарларды ескере отырып айқындалады:

1) заманауи қоғамның серпінді сұраныстарына сәйкес болу;
2) сын тұрғысынан, шығармашылық және позитивті ойлауды дамыту қажеттілігі;
3) оқу пәндері мазмұнын кіріктіруді күшейтудің орындылығы;
4) бастауыш білім беру және негізгі орта білім беру деңгейлері арасындағы білім беру мазмұнының үздіксіздік және сабақтастық қағидатын сақтауды қамтамасыз ету;
5) білім беру мазмұнының академиялық және практикалық бағыттылығы арасындағы теңгерімді сақтау;
6) оқыту, тәрбиелеу мен дамытудың біртұтастығын қамтамасыз ету.

  1. Негізгі орта білім беру деңгейінде оқыту процесін ұйымдастыру оқыту мен тәрбиенің бірлігі қағидатын іске асыруға бағытталған. Оқытуды ұйымдастыру кезінде білім алушылардың жетекші қызметі ретінде оқуға басым рөл беріледі.

  2. Оқыту процесінде әр оқу пәні арқылы тәрбие мәселесі шешіледі. Тәрбие жұмысының барлық түрлері білім алушылардың жаңа білімді субъективті тануы мен меңгеруі мәселелерін шешуге, ұлттық дәстүрлерді, мәдениетті зерделеуге және жалпы адамзаттық құндылықтарды дарытуға бағытталған.

  3. Сабақтан тыс іс-әрекеттің әртүрлі нысандарын ұйымдастыру жинақтала келе білім алушылардың рухани-адамгершілік, азаматтық-патриоттық, көркем-эстетикалық, еңбек және дене тәрбиесінің іске асырылуын қамтамасыз етеді.

  4. Оқу процесін ұйымдастыру білім алушыларды ізденуге, мәселелерді талқылауда, көзқарасын дәлелдеуде белсенділікке, сындарлы шешімдер қабылдауға ұмтылу жолымен өздігінен тәжірибе меңгеруін ұйымдастыруға негізделген оқытудың интерактивті әдістерін пайдалануды көздейді.

  5. Міндетті оқу пәндерін оқытумен қатар элективті курстар, сыныптан тыс сабақтарды өткізу, білім алушылардың ғылыми жобаларға қатысуы көзделген.

  6. Білім алушылардың жобалау және зерттеу іс-әрекеті дағдыларын дамытуда жүйелілікті қамтамасыз ету білім беру ұйымдарында білім беру процесін ұйымдастырудың негізгі қағидаттарының бірі болып табылады.

  7. Негізгі орта білім берудің базалық мазмұны үштілді білім беру саясаты шеңберінде іске асырылады. Үштілді білім берудің мақсаты көптілді тұлғаны – кемінде үш тілді меңгерген, қызметтің әртүрлі салаларында үш тілде еркін диалог жүргізе алатын, өз халқының мәдениетін бағалайтын, басқа халықтардың мәдениетін түсінетін және құрметтейтін Қазақстанның азаматын қалыптастыруға негізделеді.

  8. Үштілді білім беру іс жүзінде:

1) қазақ, орыс және ағылшын тілдерін деңгейлік меңгеру;
2) оқыту тіліне қарамастан жекелеген пәндерді қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде оқытуды ұйымдастыру;
3) сабақтан тыс іс-әрекеттер мен элективті курстарды қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ұйымдастыру арқылы іске асырылады.

  1. Негізгі орта білім берудің әр білім беру саласы бойынша базалық мазмұны білім алушыларға тек ғылым негіздерін оқытып қана қоймай, олардың тиімді әлеуметтенуіне ықпал ететін рухани, әлеуметтік және мәдени тәжірибелерін одан әрі дамытуды қамтамасыз етудің қажеттілігі ескеріле отырып анықталды.

  2. «Математика және информатика» білім беру саласының мазмұны математика мен информатиканың әлемдегі рөлін айқындау және түсіну қабілетін қалыптастыруды; математиканы ғылымның әмбебап тілі, құбылыстар мен процестерді модельдеудің құралы ретінде түсінуді; математика мен информатиканы оқыту кезінде орта білім беру деңгейлеріндегі сабақтастықты, пәнаралық және пәнішілік байланыстарды; жалпы орта білім беру деңгейінде оқуды жалғастыруға және сабақтас пәндерді оқуға, оларды күнделікті өмірде пайдалануға қажетті базалық математикалық білім мен біліктерді меңгеруді; бағдарламалау технологиясының және ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың теориялық негіздері бойынша базалық білім жүйесін, информатиканы және басқа да пәндерді оқу кезінде ақпараттық және телекоммуникациялық технологияларды пайдалана отырып шынайы объектілер мен процестердің модельдерін қолдану және түрлендіру біліктерін меңгеруді; функционалдық сауаттылықты, логикалық, алгоритмдік және операциялық ойлауды, кеңістікті елестетуді, математика мен информатиканың түрлі тілдерін (сөздік, символдық, талдамалық, графикалық) пайдалану қабілеттерін, әртүрлі нысанда берілген ақпаратты қабылдау және сын тұрғысынан талдауды дамытуды қамтамасыз етуі тиіс.

  3. Негізгі орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламасын меңгеру мерзімі – бес жыл.

4. Оқу жүктемесінің ең жоғары көлеміне қойылатын талаптар



  1. Негізгі орта білім беру деңгейіндегі білім алушылардың апталық оқу жүктемесінің ең жоғары көлемі 5-сыныпта – 32 сағаттан, 6-сыныпта – 32 сағаттан, 7-сыныпта – 34 сағаттан, 8-сыныпта – 35 сағаттан, 9 (10)-сыныпта – 36 сағаттан аспауы тиіс.

  2. Білім алушылардың инвариантты және вариативті компоненттерден тұратын оқу жүктемесінің жалпы көлемі, сондай-ақ сыныптар бойынша апталық және жылдық оқу жүктемесі үлгілік оқу жоспарында белгіленеді.

  3. Апталық оқу жүктемесі үлгілік оқу жоспарымен (инвариантты және вариативті компоненттер) айқындалған оқу жұмыстарының барлық түрлерін қамтиды. Арнайы (түзеу) білім беру ұйымдарының оқу жоспарларында даму бұзушылығының түрлерін ескере отырып, міндетті түзеу компоненті көзделген. Арнайы (түзеу) білім беру ұйымдарының оқу жоспарларындағы инвариантты, түзеу және вариативті компоненттер ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушылар ескеріле отырып белгіленеді.Шет тілін тереңдетіп оқытатын орта білім беру ұйымдарында шет тілін оқытуға бөлінетін вариативті және гимназиялық компоненттер бағалауға жатады.

  4. Меншік нысандарына және ведомостволық бағыныстылығына қарамастан, білім беру ұйымдарында оқу жылының басталу және аяқталу мерзімін Қазақстан Республикасының білім саласындағы уәкілетті органы анықтайды.

  5. Сыныпты екі топқа бөлу қалалық білім беру ұйымдарында сыныптарда білім алушылар – 24-ке немесе одан артық, ауылдық жерлерде білім алушылар – 20-ға немесе одан артық, шағын жинақты мектептерде кемінде 10-ға толған жағдайда:

  1. оқыту қазақ тілінде жүргізілмейтін сыныптарда – «Қазақ тілі мен әдебиеті»; 

  2. оқыту орыс тілінде жүргізілмейтін сыныптарда –«Орыс тілі мен әдебиеті»; 

  3. ағылшын тілі, оқытудың тереңдетілген деңгейіндегі шет тілі бойынша; 

  4. көркем еңбек (сынып толымдылығына қарамастан ұл және қыз балалар топтарына);

  5. информатика;

  6. гендерлік қағидат бойынша дене шынықтыру сабақтарын (қалалық жерде – әрбір топта кемінде 8 ұл бала (немесе қыз бала), ал ауылдық жерде – кемінде 5 ұл бала (немесе қыз бала) болғанда) жүргізу кезінде жүзеге асырылады.

_______________



  1. Жаңартылған білім мазмұнының енгізілуіне байланысты құжаттар.


№ исх: 292 от: 13.05.2016

ҚАЗАҚСТАН
РЕСПУБЛИКАСЫ
ҮКІМЕТІНІҢ
ҚАУЛЫСЫ




ПОСТАНОВЛЕНИЕ
ПРАВИТЕЛЬСТВА
РЕСПУБЛИКИ
КАЗАХСТАН




2016 жылғы 13 мамыр Астана, Үкімет Үйі от «13 » мая 2016 года



№ 292 № 292


«Білім берудің тиісті деңгейлерінің мемлекеттік жалпыға
міндетті білім беру стандарттарын бекіту туралы»
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 23 тамыздағы
1080 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:


1. «Білім берудің тиісті деңгейлерінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 23 тамыздағы № 1080 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2012 ж., № 67, 958-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1) 1-тармақ:
мынадай мазмұндағы 2-2) және 2-3) тармақшалармен толықтырылсын:
«2-2) негізгі орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты;
2-3) жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты;»;
2) көрсетілген қаулымен бекітілген мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын;
3) көрсетілген қаулымен бекітілген орта білім берудің (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру) мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында:
25, 26-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«25. «Өмір қауіпсіздігінің негіздері» оқу курсының мазмұны 3-4-сыныптарда «Дүниетану» оқу курсының шеңберінде: 3-сыныпта жылдық оқу жүктемесі 6 сағат, 4-сыныпта – 10 сағат бастауыш сынып мұғалімдерінің оқытуымен іске асырылады; 6, 8, 9-сыныптарда «Дене шынықтыру» оқу курсының шеңберінде жылдық оқу жүктемесі 15 сағаттан дене шынықтыру мұғалімдерінің оқытуымен іске асырылады; 10-11-сыныптарда «Алғашқы әскери дайындық» оқу курсының шеңберінде 25 сағаттық жылдық оқу жүктемесімен алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушыларының оқытуымен іске асырылады. Өмір қауіпсіздігінің негіздері бойынша сабақтар міндетті болып табылады және оқу уақытында жүргізіледі.
26. «Жолда жүру ережелері» оқу курсының мазмұны 3-4-сыныптарда мынадай оқу курстарының шеңберінде іске асырылады: «Ана тілі», «Музыка», «Бейнелеу өнері», «Технология»; 6, 8-сыныптарда сабақтан тыс уақытта, сынып сағаттары мен факультативтер есебінен іске асырылады.»;
35, 36, 37-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«35. Оқу жылының ұзақтығы 3, 4, 6, 8-11-сыныптарда 34 оқу аптасын құрайды.
36. Білім алушылардың апталық оқу жүктемесінің ең жоғары көлемі сыныптағы және сыныптан тыс (факультативтік, жеке және үйірме сабақтары) оқу жұмыстарының барлық түрлерін қоса алғанда, 3-сыныпта – 29 сағаттан,
4-сыныпта – 29 сағаттан, 6-сыныпта – 33 сағаттан, 8-сыныпта – 36 сағаттан,
9-сыныпта – 38 сағаттан, 10-сыныпта – 39 сағаттан, 11-сыныпта – 39 сағаттан аспауы тиіс.

37. Оқу жылында 3, 4, 6, 8-11-сыныптардағы каникул күндерінің ұзақтығы кемінде 30 күнді құрайды. Оқу жылы ішінде 3 рет каникул беріледі: күзде, қыста және көктемде. Каникулдардың нақты мерзімін Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы уәкілетті органы белгілейді.»;
48-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«48. Пәндік нәтижелер 3-4-сыныптарда базалық деңгейде, кейінгі сыныптарда үш деңгейде: базалық (міндетті) деңгейде, ықтимал жетік деңгейде 6, 8-11-сыныптарда (пәнді таңдау кезінде 1 сағат көлемінде вариативтік компонентті меңгеру үшін) және бейіналды жетік деңгейде
8-9-сыныптарда/бейіндік жетік деңгейде 10-11-сыныптарда (жалпы білім беру ұйымдары таңдап алған пәндерді тереңдетіп оқытатын үлгілік оқу жоспарларының нұсқаларын меңгеру үшін) белгіленеді.
»;
50-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«50. Оқу пәндерін меңгерудің жетік (ықтимал және бейіналды/бейіндік) деңгейлері білім алушылар білімінің кеңейтілген және тереңдетілген көлемін, олардың іскерліктері мен дағдыларын қамтиды. Оқу пәндерін меңгерудің ықтимал деңгейі 6, 8-11-сыныптар үшін вариативтік оқу бағдарламалары негізінде жалпы білім беру ұйымдарының таңдауы бойынша іске асырылады. Оқу пәндерін меңгерудің бейіналды (8-9-сыныптар) және бейіндік
(10-11-сыныптар) деңгейлері тереңдетіп оқытуға арналған үлгілік оқу бағдарламалары негізінде іске асырылады
.»;
65-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«65. Қалалық жалпы білім беру ұйымдарында сынып толымдылығы
24-ке жеткенде және одан асқанда, ауылдық жерлерде – 20-ға жеткен кезде және одан асқанда, шағын жинақталған мектептерде – сабақ өткізу кезінде білім алушылар 10-нан кем болмаған жағдайда:

1) оқыту қазақ тілінде жүргізілмейтін 3, 4, 6, 8-11-сыныптардағы қазақ тілі;
2) оқыту қазақ тілінде жүргізілмейтін 6, 8-11-сыныптардағы қазақ әдебиеті;
3) оқыту қазақ, ұйғыр, тәжік және өзбек тілдерінде жүргізілетін 3, 4, 6, 8-11-сыныптардағы орыс тілі;
4) 3, 4, 6, 8-11-сыныптардағы шетел тілі;
5) 6, 8-11-сыныптардағы информатика;
6) бейінді пәндер;
7) 6, 8-11-сыныптардағы технология (сынып толымдылығына қарамастан ұл және қыз балалар топтары);
8) 6, 8-11-сыныптардағы дене шынықтыру сабақтарын өткізу кезінде сыныпты 2 топқа бөліп оқыту жүзеге асырылады.»;
4) көрсетілген қаулымен бекітілген техникалық және кәсіптік білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын;
5) көрсетілген қаулымен бекітілген орта білімнен кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты осы қаулыға 3-қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын;
6) көрсетілген қаулымен бекітілген жоғары білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты осы қаулыға 4-қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын;
7) көрсетілген қаулымен бекітілген жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты осы қаулыға 5-қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын;
осы қаулыға 6 және 7-қосымшаларға сәйкес негізгі орта білім берудің және жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарымен толықтырылсын.
2. Осы қаулы 2017 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілетін осы қаулының 1-тармағының екінші, үшінші, төртінші, бесінші, жетінші, сегізінші, тоғызыншы, оныншы, он бірінші, он екінші, он үшінші, он төртінші, он бесінші, он алтыншы, он жетінші, он сегізінші, он тоғызыншы, жиырмасыншы, жиырма бірінші, жиырма екінші, жиырма үшінші, жиырма төртінші, жиырма бесінші, жиырма алтыншы, жиырма жетінші, жиырма сегізінші, отыз үшінші абзацтарын, 2018 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілетін 6-қосымшаның 10-тармағының 2) тармақшасын,
7-қосымшаның 10-тармағының 1) тармақшасын, 2019 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілетін 6-қосымшаның 10-тармағының 3) тармақшасын, 7-қосымшаның 10-тармағының 2) тармақшасын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2016 жылғы «13» мамырдағы
№ 292 қаулысына
7-қосымша
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 23 тамыздағы
№ 1080 қаулысымен
бекітілген



  1. Жалпы орта білім берудің

мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты
1.Жалпы ережелер

  1. Осы жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты (бұдан әрі – стандарт) «Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының (бұдан әрі – Заң) 56-бабына сәйкес әзірленді және білім алушылар мен тәрбиеленушілердің дайындық деңгейіне, білім берудің мазмұнына, оқу жүктемесінің ең жоғары көлеміне қойылатын талаптарды айқындайды.

  2. Жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары (бұдан әрі – білім беру ұйымдары) меншік нысаны мен ведомстволық бағыныстылығына, сондай-ақ оқыту тіліне қарамастан білім беру қызметін:

1) осы стандартқа;
2) оқу бағдарламалары мен үлгілік оқу жоспарларына;
3) Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы уәкілетті органы белгілеген тәртіппен бекіткен басқа да нормативтік құқықтық және құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асырады.

  1. Стандартты қолдану:

  1. оқытудың күтілетін нәтижелері түрінде көрсетілген жалпы орта білім беру мақсаттарының жүйесіне қол жеткізу арқылы оқыту мен тәрбиелеудің сапасын арттыруға;

  2. қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде білім беру процесін ұйымдастыру үшін қажетті жағдайлар жасау арқылы үштілді білім беру саясатын іске асыруға;

  3. қолданбалы сипаттағы міндеттерді шешу үшін білім алушылардың теориялық білім негіздерін меңгеруі мен алған білімдерін қолдана білуін дамытуды көздейтін жалпы орта білім берудің академиялық және практикалық бағыттылығының үйлесімділігіне;

  4. білім алушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, пәндік білім мен дағдыларды кезең-кезеңімен тереңдетуді қамтамасыз етуге;

  5. білім беру процесінің мазмұндық негізін айқындайтын білім берудің құндылықтары мен оқытудан күтілетін нәтижелер жүйесінің өзара байланыстылығы мен өзара шарттылығына негізделген оқыту мен тәрбиелеудің бірлігі қағидатын іске асыруға;

  6. балалардың денсаулығын сақтауды қамтамасыз етуге, білім алушылардың ерекше білімге деген қажеттіліктерін, сондай-ақ қосымша білім беру қызметтерін алу қажеттіліктерін қанағаттандыруға қолайлы жағдайлар жасауға;

  7. орта білім беру ұйымдарының типтері мен түрлерінің әртүрлілігі жағдайында жалпы орта білім берудің баламалылығын қамтамасыз етуге;

  8. білім беру ұйымдарында инновациялық практиканы қолдауға және дамытуға;

  9. білім сапасын қамтамасыз ету бойынша білім беру ұйымдарының қызметін объективті бағалауды ұйымдастыруға бағытталған.

  1. Стандарт:

  1. білім беру ұйымдарының әртүрлі типтері мен түрлері үшін жалпы орта білім берудің үлгілік оқу жоспарын;

  2. жалпы орта білім берудің оқу пәндері бойынша оқу бағдарламаларын;

  3. оқу пәндері бойынша оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді;

  4. оқу пәндері бойынша білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау өлшемшарттарын;

  5. білім беру ұйымдарында оқыту мен тәрбиелеуден күтілетін нәтижелерге қол жеткізуді қамтамасыз ететін басқару жүйесін;

  6. білім беру ұйымдарының білім беру процесін мониторингтеу жүйесін;

  7. білім беру ұйымдарындағы білім беру процесін материалдық-техникалық, ақпараттық-коммуникациялық қамтамасыз етуге, оның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушылар үшін қойылатын бірыңғай талаптарды;

  8. білім сапасын қамтамасыз ету бойынша білім беру ұйымдарының қызметін бағалау параметрлерін;

  9. педагог кадрлардың біліктіліктерін арттырудың, педагог кадрларды даярлаудың оқу бағдарламаларын;

  10. жалпы орта білім беру ұйымдарында бітіру емтихандарына және жоғары оқу орындарына қабылдауды ұйымдастыруға арналған бақылау-өлшеуіш материалдарын әзірлеу үшін негіз болып табылады.

  1. Білім беру ұйымдары тәрбиелеудің, оқыту мен дамытудың әртүрлі педагогикалық технологияларын қолдану арқылы денсаулық сақтайтын ортаны қамтамасыз етеді.

  2. Стандартта Заңға сәйкес терминдер мен анықтамалар қолданылады. Оларға қосымша мынадай терминдер мен олардың анықтамалары енгізілді:

  1. жалпы орта білім берудің базалық мазмұны – типіне, түріне және меншік нысанына, сондай-ақ оқыту тіліне қарамастан, білім беру ұйымдарында оқып білуге міндетті жалпы орта білім беру мазмұнының құрамы, құрылымы мен көлемі;

  2. сабақтан тыс іс-әрекет –біртұтас оқу-тәрбие процесінің құраушы бөлігі, білім алушылардың бос уақытын ұйымдастыру нысаны;

  3. үлгілік оқу жоспары – оқу пәндерінің тізбесін реттейтін және тиісті білім беру деңгейінің оқу жүктемесінің инвариантты және вариативті компоненттерінің көлемін айқындайтын құжат;

  4. оқу жүктемесінің инвариантты компоненті – білім беру ұйымдарында типіне, түріне және меншік нысанына, сондай-ақ оқыту тіліне қарамастан, барлық білім алушылардың оқып білуі үшін міндетті оқу пәндерін айқындайтын үлгілік оқу жоспарының құраушы компоненті;

  5. оқу жүктемесінің вариативті компоненті – білім алушылардың білімге деген қажеттіліктеріне сәйкес білім беру ұйымдары айқындайтын үлгілік оқу жоспарының құраушы компоненті;

  6. оқытудан күтілетін нәтижелер –оқыту процесі аяқталғаннан кейін білім алушының білуін, түсінуін, көрсетуін өрнектейтін құзыреттіліктер жиынтығы;

  7. инклюзивті білім беру – ерекше білім беру қажеттіліктері мен жеке-дара мүмкіндіктерін ескере отырып, барлық білім алушылардың білім алуына тең қолжетімділікті қамтамасыз ететін процесс;

  8. ерекше білім беру қажеттіліктері – денсаулығына байланысты білім алуда ұдайы немесе уақытша қиындық көріп жүрген, арнайы, жалпы білім беретін оқу бағдарламалары мен қосымша білімнің білім беру бағдарламаларына мұқтаж балалардың қажеттіліктері;

  9. бағалау – білім алушылардың оқуда қол жеткізген шынайы нәтижелерін дайындалған өлшемшарттар негізінде оқытудан күтілетін нәтижелермен салыстыру процесі;

  10. білім алушыларды қорытынды аттестаттау – тиісті білім беру деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында көзделген оқу пәндерінің көлемін олардың меңгеру дәрежесін айқындау мақсатында жүргізілетін рәсім;

  11. бағалау өлшемшарттары – білім алушының оқу жетістігін бағалауға негіз болатын белгілер;

  12. формативті бағалау – сыныпта күнделікті жұмыс барысында жүргізілетін бағалау түрі, білім алушылардың үлгерімінің ағымдағы көрсеткіші болып табылады, оқыту барысында білім алушылар мен мұғалім арасындағы жедел өзара байланысты, оқушы мен мұғалім арасындағы кері байланысты қамтамасыз етеді және білім беру процесін жетілдіруге мүмкіндік береді;

  13. жиынтық бағалау – анықталған оқу кезеңін (тоқсан, триместр, оқу жылы), сондай-ақ оқу бағдарламасына сәйкес бөлімдерді оқып аяқтағаннан кейін өткізілетін бағалау түрі;

14) білім берудегі құндылықтар – білім алушының тұлғасын қалыптастырудағы жетекші фактор болып табылатын жалпыадамзаттық құндылықтарға негізделген оқыту мақсаттарының жүйесін қалыптастырудағы бағдарлар.

  1. «Білім алушылар мен тәрбиеленушілердің дайындық деңгейіне қойылатын талаптар» деген бөлімде жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттарда бейінді оқытудың міндетті оқу пәндері мен бейіндік оқу пәндерінің бағытын есепке ала отырып топтастырылған оқу пәндері бойынша оқытудан күтілетін нәтижелер көрсетілген.

  2. «Білім беру мазмұнына қойылатын талаптар» деген бөлімде жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттарда міндетті оқу пәндері мен бейіндік оқу пәндері бойынша білім беру мазмұны көрсетілген.

  3. «Оқу жүктемесінің ең жоғары көлеміне қойылатын талаптар» деген бөлімде апталық оқу жүктемесі, оқу жылының ұзақтығы, топтарға бөлу үшін сыныптың толымдылығы көрсетілген.

  4. Стандарт кезең-кезеңімен қолданысқа:

1) 2018 жылғы 1 қыркүйектен бастап 10-сыныптарға;
2) 2019 жылғы 1 қыркүйектен бастап 11 (12) сыныптарға енгізіледі.

2. Білім алушылар мен тәрбиеленушілердің дайындық деңгейіне қойылатын талаптар



  1. Жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламалары жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттар бойынша бейінді оқытуды енгізе отырып, саралау, кіріктіру және білім беру мазмұнын кәсіптік бағдарлау негізінде әзірленеді.

  2. Білім алушылардың, оның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушылардың дайындық деңгейі жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттарда бейінді оқытудың міндетті оқу пәндері мен бейіндік оқу пәндері бойынша оқытудан күтілетін нәтижелер арқылы айқындалады.

  3. Міндетті оқу пәндері бойынша оқытудан күтілетін нәтижелер жалпы орта білім берудің базалық мазмұнын анықтау үшін негіз болып табылады.

  4. Міндетті оқу пәндері қатарына «Қазақ тілі»және «Қазақ әдебиеті» (оқыту қазақ тілінде жүргізілетін сыныптар үшін), «Орыс тілі» және «Орыс әдебиеті» (оқыту орыс тілінде жүргізілетін сыныптар үшін), «Ана тілі мен әдебиеті» (оқыту ұйғыр/өзбек/тәжік тілінде жүргізілетін сыныптар үшін), «Қазақ тілі мен әдебиеті» (оқыту қазақ тілінде жүргізілмейтін сыныптар үшін), «Орыс тілі мен әдебиеті» (оқыту орыс тілінде жүргізілмейтін сыныптар үшін), «Шет тілі», «Математика», «Қазіргі әлемдегі Қазақстан», «Өзін-өзі тану», «Экономика және кәсіпкерлік негіздері», «Дене шынықтыру», «Алғашқы әскери және технологиялық дайындық» пәндері енеді.

  5. Әр бағыттағы бейіндік оқу пәндері бойынша оқытудан күтілетін нәтижелер тиісінше оқытудың стандарттық және тереңдетілген деңгейлері бойынша көрсетілген және олар оқыту бейінінің ерекшелігін ескеріп оқу пәндерінің мазмұнын анықтауға негіз болады.

  6. Жаратылыстану-математикалық бағыттағы тереңдетілген деңгейде оқытылатын оқу пәндері қатарына «Биология», «Химия», «Физика», «Информатика» пәндері енеді. Осы бағыттағы бейінді оқытудың стандарттық деңгейдегі оқу пәндері қатарына «География», «Құқық негіздері», «Графика және жобалау» пәндері енеді.

  7. Қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы тереңдетілген деңгейде оқытылатын оқу пәндері қатарына «Қазақ тілі» (оқыту қазақ тілінде жүргізілетін сыныптар үшін), «Орыс тілі» (оқыту орыс тілінде жүргізілетін сыныптар үшін), «Қазақстан тарихы», «Дүниежүзі тарихы», «География» пәндері енеді. Осы бағыттағы бейінді оқытудың стандарттық деңгейдегі оқу пәндері қатарына «Информатика», «Құқық негіздері», «Жаратылыстану» пәндері енеді.

  8. Жалпы орта білім берудің оқу бағдарламаларында оқытудан күтілетін нәтижелер әрбір оқу пәнінің бөлімдері бойынша оқыту мақсаттарымен нақтыланады.

  9. Оқытудан күтілетін нәтижелер жүйесі білім алушылардың, оның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушылардың жеке-дара даму траекторияларын қалыптастыруға және оларды орта білім беру ұйымын аяқтағандағы оқытудың ұзақ мерзімді мақсаттарына жетуге кезең-кезеңмен жетуге жағдай жасайды.

  10. Міндетті оқу пәндері бойынша жалпы орта білім беру аяқталғанда күтілетін нәтижелер.

Математика
Жалпы орта білім беру аяқталғанда білім алушы:
1) көрсеткішті, логарифмдік функциялардың анықтамаларын, олардың қасиеттерін және графиктерін; күрделі функция ұғымын; кері функция ұғымын; кері тригонометриялық функциялардың анықтамаларын; тригонометриялық, көрсеткіштік, логарифмдік теңдеулер мен теңсіздіктерді шешу әдістерін; рационал және иррационал теңдеулерді шешу әдістерін; рационал теңсіздіктерді шешу тәсілдерін; көпжақтар мен айналу денелерінің түрлерін және олардың жазбаларын; көпжақтар және айналу денелерінің аудандары мен көлемдерінің формулаларын; стереометрия аксиомалары мен олардың салдарларын; кеңістіктегі вектор ұғымын; сфераның теңдеуін; статистиканың негізгі ұғымдарын; дискретті және үзіліссіз кездейсоқ шамалар ұғымдарын; фунцияның нүктедегі және шексіздіктегі функция шегінің анықтамаларын; нүктедегі және жиындағы функция үзіліссіздігінің анықтамаларын; функцияның туындысының анықтамасын; функцияның графигіне жүргізілген жанаманың теңдеуін; алғашқы функцияның, анықталмаған және анықталған интегралдың алғашқы функцияларының анықтамаларын; анықталған интегралдың көмегімен жазық фигураның ауданын және дененің көлемін табу формулаларын біледі;
жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша қосымша: иррационал теңсіздіктерді шешу әдістерін; екі айнымалысы бар теңдеулерді және олардың жүйелерін шешудің графиктік әдісін; ықтималдықтарды қосу және көбейту формулаларын; Бернулли формуласын; толық ықтималдық формуласын; Байес формуласын; үлкен сандар заңы ұғымын; дискретті кездейсоқ шамалардың үлестірімі түрлерін; комплекс сан және түйіндес комплекс сан (алгебралық формада) ұғымдарын; алгебраның негізгі теоремасының тұжырымдамасын; бірнеше айнымалысы бар көпмүшенің анықтамасын және оның стандартты түрін; кеңістіктегі түзудің және жазықтықтың теңдеулерін; функцияның дифференциалының анықтамасын; дифференциалдық теңдеулер туралы жалпы ұғымдарды біледі;
2) бір айнымалысы бар көпмүшенің стандарт түрде жазылуын; «бас жиынтық», «таңдама», «дисперсия», «стандартты ауытқу» терминдерін; туындының геометриялық және физикалық мағыналарын; интегралдауды дифференциалдауға кері процесс ретінде түсінеді;
жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша қосымша: сан ұғымын кеңейту және комплекс сандарды енгізу қажеттілігін; координаталар әдісінің мәнін; алмастырулар саны, теру, қайталанбалы орналастыру формулаларының мәнін; екінші ретті туындының геометриялық және физикалық мағыналарын түсінеді;
3) тригонометриялық, көрсеткіштік, логарифмдік теңдеулер мен теңсіздіктерді шешу алгоритмдерін; иррационал теңдеулерді шешу алгоритмін; қарапайым стереометриялық сызбаларды орындау техникасын; есептерді шығаруда түзулердің параллель, айқас және перпендикуляр болуының, жазықтықтардың параллель және перпендикуляр болуының белгілері мен қасиеттерін; геометриялық денелердің беттерінің аудандары мен көлемдерін табу формулаларын; геометриялық есептерді шешуде векторларға қолданылатын амалдар ережелерін; векторлардың коллинеарлық және компланарлық шарттарын; функцияның күдікті нүктелері мен экстремум нүктелерін, кему және өсу аралықтарын табу тәсілдерін; туындыны табуда дифференциалдау техникасы мен туындылар кестесін; анықталған интегралды табуда интегралдар кестесі мен Ньютон-Лейбниц формуласын қолданады;
жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша қосымша: иррационал теңсіздіктерді шешу алгоритмдерін; квадрат теңдеулерді шешуде комплекс сандар туралы білімдерін; жуықтап есептеулер үшін Ньютон биномын; көпмүшені көбейткіштерге жіктеу әдістерін; көпмүшенің түбірлерін немесе коэффициенттерін табуға арналған Безу теоремасы мен Горнер сызбасын; функциялардың шектерін есептеу әдістерін; функцияның графигінің ойыстығы (дөңестігі) аралықтарын, иілу нүктелерін табу тәсілдерін; интегралдау әдістерін (бөліктеп және ауыстыру әдісі); Бернулли формуласын; толық ықтималдық формуласын; Байес формуласын; айнымалылары бөлінетін дифференциалдық теңдеулер және ay''+by'+cy=0 (a,b,c–тұрақты шамалар) түріндегі екінші ретті дифференциалдық теңдеулерді шешу әдістерін; функция графигінің асимптоталарын табу тәсілдерін қолданады;
4) кеңістіктегі түзулердің, түзу мен жазықтықтың, жазықтықтардың, жазықтық пен айналу денелерінің өзара орналасуын; айналу денелерінің жазықтықпен қимасын; графигі бойынша функцияның қасиеттерін талдайды; геометриялық және физикалық мазмұндағы есептерді талдайды және ондай есептерді туындының және/немесе интегралдың көмегімен шығарады; кездейсоқ шамалардың типтерінің өзгешеліктерін талдайды және дискретті кездейсоқ шаманың сандық сипаттамаларын есептейді;
жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша қосымша: симметриялық және біртекті көпмүшелердің түбірлерін табу тәсілдерін; көпжақтардың (текше, тікбұрышты параллелепипед, пирамида) жазықтықпен қимасын; дифференциалдық теңдеулердің жалпы және дербес шешімдерін талдайды;
5) тригонометриялық, көрсеткіштік, логарифмдік теңдеулер мен теңсіздіктерді шешудің түрлі әдістерін; иррационал теңдеулерді шешудің әдістерін; көпжақтар мен айналу денелерінің жазбаларының модельдерін; нақты құбылыстар мен процестердің ықтималдық модельдерін жинақтайды;
жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша қосымша: оқиға ықтималдығын табуға арналған комбинаторика формулаларын; иррационал теңсіздіктерді шешудің түрлі тәсілдерін; кері тригонометриялық функциялардың анықтамалары және өзара кері функциялардың қасиеттері негізінде кері тригонометриялық функциялардың қасиеттерін жинақтайды;
6) тригонометриялық, көрсеткіштік, логарифмдік теңдеулер мен теңсіздіктердің шешімдерін; иррационал теңдеулердің шешімдерін; статистикалық мәліметтердің вариацияларының көрсеткіштері мәндерін бағалайды;
жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша қосымша: иррационал теңсіздіктердің, теңдеу арқылы шығарылатын мәтін есептерге қатысты дифференциалдық теңдеудің шешімдерін бағалайды.

3. Білім беру мазмұнына қойылатын талаптар



  1. Жалпы орта білім беру білім берудің барлық деңгейлеріне ортақ болып табылатын және білім алушы тұлғасының мінез-құлқы мен қызметін ынталандыратын өмірлік тұрақты бағдарлары болуға арналған білім алушылардың бойында ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды дарытуға бағытталған.

  2. Жалпы орта білім беру мазмұнында айқындалған негізгі құндылықтар:

1) қазақстандық патриотизм мен азаматтық жауапкершілік;
2) құрмет;
3) ынтымақтастық;
4) еңбек пен шығармашылық;
5) ашықтық;
6) өмір бойы білім алу.

  1. Білім берудегі құндылықтарды дарыту негізінде білім алушыларда дамыту қажет:

  1. Қазақстан мүдделеріне қызмет етуге дайындығы;

  2. Қазақстан Республикасының Конституциясының нормалары мен заңдарын құрметтеу және сақтау;

  3. әлеуметтік жауапкершілік және шешім қабылдау білігі;

  4. мемлекеттік тілді меңгеруге ынталануы;

  5. Қазақстан халқының мәдениеті мен дәстүрлерін, әлемнің мәдениеттілік алуан түрлілігін құрметтеуі;

  6. рухани келісім және толеранттылық идеяларына бейімділік;

  7. қоршаған ортаға және экологиялық тепе-теңдікті сақтауға оң қарым-қатынасының болуы;

  8. шығармашылық және сын тұрғысынан ойлау;

  9. коммуникативтік және ақпараттық-коммуникациялық құралдар мен технологияларды тиімді қолдана білу;

  10. өмір бойы білім алуға және өзін-өзі ынталануы.

34.Жалпы орта білім берудің мақсаты:
кең ауқымды дағдыларды дамыту негізінде білім алушылардың жоғары оқу орындарында білімін жалғастыруы және кәсіби өзін-өзі анықтауы үшін академиялық дайындығын қамтамасыз етуге қолайлы білім беру кеңістігін жасау болып табылады:

  1. білімді функционалдықпен және шығармашылықпен қолдану;

  2. сын тұрғысынан ойлау;

  3. зерттеу жұмыстарын жүргізу;

  4. ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану;

  5. коммуникацияның түрлі тәсілдерін қолдану;

  6. топта және жеке жұмыс жасау білігі;

  7. мәселелерді шешуі және шешім қабылдау.

35. Кең ауқымды дағдылар мектептен «шығу» нәтижесі ретінде білім алушыларға ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды өзіне үйлесімді үйлестіруге, кез келген өмірлік жағдайларда функционалдық сауаттылығы мен бәсекеге қабілеттілігін көрсетуге, сондай-ақ оқу және қолданбалы тапсырмаларды шешуге мүмкіндік береді.
36. Жалпы орта білім берудің негізгі міндеттері болып табылады:

  1. міндетті оқу пәндері мен таңдау бойынша бейіндік оқу пәндерін үйлестіру негізінде жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттарда бейінді оқытуды жүзеге асыру;

  2. оқу пәндерін оқытудың стандарттық және тереңдетілген деңгейлерін үйлестіру негізінде жоғары оқу орындарына түсуге білім алушылардың академиялық дайындығын қамтамасыз ету;

  3. рухани-адамгершілік қасиеттерін, коммуникативтік, әлеуметтік, зерттеушілік дағдыларын және проблемаларды сын тұрғысынан және шығармашылықпен ойлау негізінде шешу біліктігін мақсатты дамыту;

  4. бітірушілерге олардың мүдделері мен қабілеттеріне сәйкес кәсіби өзін-өзі анықтауына көмектесу;

  5. бітірушілерге өмір бойы білім алуын жалғастыруға оң көзқарасының, өмірде мансаптық өсуі мен танымдық процесін реттеуге даярлығының қалыптасуына көмектесу.

  1. Жалпы орта білім берудің базалық мазмұны білім алушыларды жоғары оқу орындарына түсу мен дербестігін мақсатты дамыту үшін білім алушылардың академиялық дайындығын кіріктіру негізінде айқындалады.

  2. Білім алушылардың академиялық дайындығы әлемді танудың ғылыми әдістерін меңгеруге бағытталған білімнің іргелілігін күшейтумен қамтамасыз етіледі.

  3. Жалпы орта білім берудің базалық мазмұны мынадай бағдарларды ескере отырып айқындалады:

1)қазіргі қоғамның серпінді сұраныстарына және ғылымның даму деңгейлеріне сәйкес болу;
2) сын тұрғысынан, шығармашылықпен және позитивті ойлауды дамыту;
3) пәнаралық және пәнішілік байланыстар негізінде оқу пәндері мазмұнының кіріктірілуін күшейту;
4) негізгі орта білім беру және жалпы орта білім беру деңгейлері арасындағы білім мазмұнының үздіксіздігі және сабақтастығы қағидатын сақтау;
5) білім беру мазмұнының академиялық және практикалық бағыттылығы арасындағы теңгерімді сақтау;
6) оқытудың, тәрбиелеумен дамытудың біртұтастығын қамтамасыз ету.
40. Міндетті оқу пәндерімен қатар білім алушылардың оқытудың стандарттық және тереңдетілген деңгейлерінде бейіндік оқу пәндерін таңдауы қарастырылған.
41. Бейінді оқыту білім алушылардың жеке мүдделері мен қажеттіліктері негізінде жүзеге асырылады. Осыған байланысты оқытудың екі деңгейінде оқу пәндерін таңдаудың икемді жүйесі ұсынылады. Білім алушылар қалауынша өздеріне маңызды оқытудың тереңдетілген және стандарттық деңгейлеріндегі оқу пәндерін таңдайды. Стандарттық деңгейдегі оқу пәндеріне қарағанда, бейінді оқытудың тереңдетілген деңгейдегі оқу пәндеріне сағат саны көп бөлінеді. Стандарттық деңгейде бейіндік емес оқу пәндері оқытылады.
42. Жалпы орта білім беру деңгейінде оқыту процесін ұйымдастыру оқыту мен тәрбиелеу бірлігі қағидатына бағдарланған. Оқу процесін ұйымдастыру кезінде оқушылардың жетекші қызметі ретінде оқуға басым рөл беріледі. Оқу оқушылардың ізденуге, мәселелерді талқылауда белсенділік танытуға, көзқарасын дәлелдеуге, сындарлы шешім қабылдауға деген ынтасын таныту арқылы тәжірибені игеруін ұйымдастыруға негізделген интерактивті оқыту әдістерін пайдалануды қарастырады.
43. Оқыту процесінде әр оқу пәні арқылы тәрбиелеу мәселесі шешіледі. Тәрбие жұмысының барлық түрлері білім алушылардың жаңа білімді субъективті тануы мен меңгеруі мәселелерін шешуге, ұлттық дәстүрлерді, мәдениетті зерделеуге және жалпы адамзаттық құндылықтарды дарытуға бағытталған.
44. Сабақтан тыс іс-әрекеттің әртүрлі нысандарын ұйымдастыру білім алушылардың рухани-адамгершілік, азаматтық-патриоттық, көркем-эстетикалық, еңбек және дене тәрбиесінің іске асуын қамтамасыз етеді.
45. Білім алушылардың жобалық және зерттеу іс-әрекеттерін дамытуда жүйелілікті қамтамасыз ету білім беру ұйымдарында білім беру процесін ұйымдастырудың негізгі қағидаларының бірі болып табылады.
46. Жалпы орта білім берудің базалық мазмұны үштілді білім беру саясаты шеңберінде іске асырылады. Үштілді білім берудің мақсаты кемінде үш тілді меңгерген, қызметтің әртүрлі саласында үш тілде диалог жүргізе алатын, өз халқының мәдениетін бағалайтын, басқа халықтардың мәдениетін түсінетін және құрметтейтін көптілді тұлға – Қазақстанның азаматын қалыптастыруға негізделеді.
47.Үштілді білім беру іс жүзінде:
1) қазақ, орыс және ағылшын тілдерін деңгейлік меңгеруді қамтамасыз ету;
2) оқыту тіліне қарамастан жекелеген пәндерді қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндеоқытуды ұйымдастыру;
3) білім алушылардың сабақтан тыс іс-әрекетін және әртүрлі тәрбие жұмыстарын қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ұйымдастыру мынадай жолдармен іске асырылады.
48. Жалпы орта білім берудің практикалық бағыттылығы оқыту процесі мен тәрбие жұмысы кезінде оқу, коммуникативтік, әлеуметтік, зерттеушілік дағдыларын дамыту арқылы жүзеге асырылады.
49. Жалпы орта білім берудің базалық мазмұны жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттарда бейінді оқытудың міндетті оқу пәндері мен бейіндік оқу пәндері бойынша анықталған оқытудан күтілетін нәтижелерге сәйкес әзірленетін оқу бағдарламаларымен нақтыланады.
50. Бейінді оқытудың барлық бағыттары үшін міндетті оқу пәндері бойынша білім мазмұны
Математика:
1) «Математика» оқу пәнінің мазмұны білім алушылардың келесі білім алу деңгейінде табысты оқуы, содай-ақ практикалық есептерді шешуі үшін қажетті математикалық білім жүйелері мен біліктерін және математикалық мәдениетті дамытуға бағытталуы қажет. Математика курсы адамның жалпы мәдениетін қалыптастырудағы математиканың рөлін түсінумен қатар, функционалдық сауаттылығын, кеңістіктегі қиялын, абстрактілі, логикалық ойлауын қалыптастыруға мүмкіндік береді;
2) «Математика» оқу пәнінің мазмұны білім алушылардың қоршаған әлемнің математикалық заңдылықтары туралы түсініктерін жүйелеу және дамытуға, олардың математикалық құралдар мен әдістер тәжірибеде барлық білім салаларында құбылыстар мен процестерді сипаттау және зерттеуде қолданылатынын жете түсінулеріне бағытталған;
3) оқу пәні мазмұнында жалпы зияткерлік және танымдық, оқу біліктерін одан әрі дамыту көзделген. Математикалық заңдылықтарды түсіну барысында гипотезаны тексеру және ұсыну проблемаларын тұжырымдау үшін салыстыру, саралау, тарату, талдау, жинақтау, дерексіздендіру, нақтылау сияқты біліктер қолданылады;
4) оқу пәнінің мазмұны мектептегі математика курсының тақырыптарын қамтитын математиканың негізгі бөлімдерінен тұрады: «Сан», «Алгебра», «Геометрия», «Статистика және ықтималдық теориясы», «Математикалық модельдеу және анализ».

51. Жаратылыстану-математикалық бағыттағы оқытудың тереңдетілген деңгейіндегі оқу пәндері бойынша білім мазмұны.


52. Жаратылыстану-математикалық бағыттағы оқытудың стандарттық деңгейіндегі оқу пәндері бойынша білім мазмұны.
53. Қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы оқытудың тереңдетілген деңгейіндегі оқу пәндері бойынша білім мазмұны.
54. Қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы оқытудың стандарттық деңгейіндегі оқу пәндері бойынша білім мазмұны.
55. Жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттардағы оқытудың стандарттық деңгейіндегі оқу пәндері бойынша білім мазмұны.
56. Жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламасын игеру мерзімі – екі жыл.
4. Оқу жүктемесінің ең жоғары көлеміне қойылатын талаптар
57. Жалпы орта білім беру деңгейіндегі білім алушылардың апталық оқу жүктемесінің ең жоғары көлемі әр сыныпта аптасына 37 сағаттан аспайды.
58. Білім алушылардың инвариантты және вариативті компоненттерден тұратын оқу жүктемесінің жалпы көлемі, сондай-ақ сыныптар бойынша апталық және жылдық оқу жүктемесі үлгілік оқу жоспарында белгіленеді.
59. Апталық оқу жүктемесі үлгілік оқу жоспарымен (инвариантты және вариативті компоненттер) анықталған оқу жұмыстарының барлық түрлерін қамтиды. Арнайы (түзеу) білім беру ұйымдарының оқу жоспарларында даму бұзушылығын ескере отырып, міндетті түзету компоненті қарастырылған. Арнайы (түзеу) білім беру ұйымдарының оқу жоспарларындағы инвариантты, түзету және вариативті компоненттер ерекше оқытуды қажет ететін білім алушыларды ескерумен белгіленеді.
60. Меншік нысандарына және ведомостволық бағыныстылығына қарамастан, білім беру ұйымдарында оқу жылының басталу және аяқталу мерзімін Қазақстан Республикасының білім саласындағы уәкілетті органы анықтайды.
61. Сыныпты екі топқа бөлу қалалық білім беру ұйымдарында сыныптарда білім алушылар 24-ке немесе одан артық, ауылдық жерлерде білім алушылар 20-ға немесе одан артық, шағын жинақты мектептерде кемінде 10-ға толған жағдайда:

  1. оқыту қазақ тілінде жүргізілмейтін сыныптарда «Қазақ тілі мен әдебиеті»; 

  2. оқыту орыс тілінде жүргізілмейтін сыныптарда «Орыс тілі мен әдебиеті»; 

  3. шет тілі; 

  4. информатика;

  5. гендерлік қағидат бойынша дене шынықтыру (қалалық жерде – әрбір топта 8-ден кем емес ұлдар (немесе қыздар), ал ауылдық жерде – 5-тен кем емес ұлдар (немесе қыздар) болғанда) сабақтарын жүргізу кезінде жүзеге асырылады.

_______

Қазақстан Республикасы


Білім және ғылым министрінің
2017 жылғы « » ___________
№ ____ бұйрығына 8-1-қосымша

Қазақстан Республикасы


Білім және ғылым министрінің
2013 жылғы 3 сәуірдегі
№ 115 бұйрығына 199-1-қосымша



  1. Негізгі орта білім беру деңгейінің 5-6-сыныптарына арналған «Математика» пәнінен жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламасы





Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет