Симпатикалық діңнің мойындық бөлігі үш түйіннен және оларды қосатын түйінаралық тармақтардан тұрады ( 68 – сурет ). Олар жалпы ұйқы және ішкі ұйқы артерияларының артында, мойынның терең бұлшықеттерінде (бастың және мойынның ұзын бұлшықеттері) орналасады.
Мойындық жоғарғы түйін, ganglion cervicale superius, симпатикалық дің түйіндерінің ішіндегі ең ірісі (ұзындығы 2см, ені 0,5см шамасында), II-III мойын омыртқаларының деңгейінде орналасқан Мойындық жоғарғы түйіннен кететін тармақтар:
1. Ішкі ұйқы нерві, n. caroticus internus, ішкі ұйқы артериясын бойлай, ішкі ұйқы өрімін, plexus caroticus internus,түзеді. Ұйқы өзегінде, canalis caroticus, бұл өрімнен дабыл қуысына дабыл-ұйқы нервтері, nn.caroticotympanici, кетеді, олар аттас өзектер арқылы өтіп, дабыл өрімін, plexus tympanicus, түзуге қатынасады. Сонымен қатар дабыл өрімін құрауға тіл-жұтқыншақ нервінен (IX жұп) кететін, құрамында парасимпатикалық және сезімтал талшықтар бар, дабыл нерві, n.tympanicus, қатынасады. Ұйқы өзегінен шыққаннан кейін ішкі ұйқы өрімінен тастық терең нерв, n. petrosus profundus, кетеді, ол бет нервінен (VII жұп) шығатын парасимпатикалық тастық үлкен нервпен, n.petrosus major,қосылып - қанаттәрізді өзек нервін, n.canalis pterygoidei, түзеді. Бұл нерв екінші парасимпатикалық нейрондардан құралған қанат - таңдай түйініне, ganglion pterygopalatinum, келеді. Түйінде парасимпатикалық талшықтар үзіледі де, оның түйінненкейінгі тармақтары, түйіннен үзілмей өтетін симпатикалық талшықтармен бірге, түйіннен кететін: rr.ganglionares, rr. nasales posteriores, n.palatinus major et nn.palatini minores, - құрамында таңдайдың және мұрын қуысының шырышты қабықтарын, бездерін, тамырларын, көзжас безін және барлық тіндерді нервтендіреді (үштік нервті қараңыз).
Ішкі ұйқы өрімінің мидың қатты қабығының үңгірлі қойнауы арқылы өтетін бөлігінен III, IV, VI жұп нервтерге және көз нервіне (V жұптың 1-ші тармағы ) дәнекер тармақтар кетеді.
Симпатикалық нервтер ішкі ұйқы артериясының тармағы көз артериясының айналасында көз өрімін, plexus ophtalmicus, түзіп, көзжас безін, көз алмасын, көздің көлденең жолақты бұлшықеттерін нервтеріндіреді. Көз өрімінен көзұяда орналасқан парасимпатикалық кірпіктік түйінге, ganglion ciliare, симпатикалық түбіршік, radix sympaticus, келеді. Ол түйіннен шығатын кірпіктік қысқа нервтер, nn.ciliares breves, құрамында өтіп, қарашықты кеңейтетін бұлшықетті, m.dilatator pupillae, және көз алмасының тамырларын нервтендіреді.
Симпатикалық нервтер ішкі ұйқы артериясынан кететін үлкен милық алдыңғы және ортаңғы артериялардың, a.cerebri anterior et media, алдыңғы бүрлі артерияның, a.choroidea anterior, тармақтары бойымен өрім түзе таралады.
2. Сыртқы ұйқы нервтері, nn.carotici externi, 2-3 тармақтар түрінде сыртқы ұйқы артериясын бойлай сыртқы ұйқы өрімін, plexus caroticus externus, құрайды. Бұл өрім сыртқы ұйқы артериясының тармақтарының бойымен таралып аттас: қалқаншалық жоғарғы өрімді, plexus thyroideus superior, тіл өрімін, plexus lingualis, бет өрімін, plexus facialis және т.с.с. өрімдер түзеді. Тіл өрімінен кететін тармақтар тіласты безін, бет өрімінен кететін тармақтар төменгі жақсүйекасты безін, сыртқы ұйқы өрімінен кететін тармақтар шықшыт безін нервтендіреді. Сыртқы және ішкі ұйқы өрімдерінен кететін төмендеген тармақтар жалпы ұйқы өрімін, plexus caroticus communis, түзеді.
3. Мойындырық нерв, n. jugularis, ішкі мойындырық венаны бойлай орналасады.
4. Көмей-жұтқыншақтық тармақтар, rr.laryngo-pharyngei, көмейді және жұтқыншақты нервтендіреді. Тіл - жұтқыншақ (ІХ жұп ) және кезбе (Х жұп ) нервтермен бірге жұтқыншақ өрімін, plexus pharyngeus, түзеді.
5. Жүректің мойындық жоғарғы нерві, n. cardiacus cervicalis superior, симпатикалық діңнің медиалды жағымен төмен түсіп жүрек өрімін түзуге қатынасады.
6. Сұр дәнекер тармақтар, rr. communicantes griseі, жоғарғы төрт мойындық жұлын нервтеріне қосылады.
Достарыңызбен бөлісу: |