Р. А. Авакова филология ғылымдарының докторы, профессор


Ономастиканың зерттелу тарихы



бет4/111
Дата22.09.2022
өлшемі0.6 Mb.
#39921
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   111
1.2 Ономастиканың зерттелу тарихы
Ономастиканың зерттелуі біздің елімізде, сондай-ақ шетелде соңғы қырық жыл көлемінде құлашын кең жая бастады. Өзіндік материалдар мен әдістемесі қалыптасқан ономастиканы тіл білімінің жеке, қызықты да келелі саласы ретінде қарастырмау мүмкін емес. Ономастика тек қана лингвистикалық компоненттермен шектеліп қалған жағдайда, оны жеке ғылым ретінде бөлудің қажеттілігі тумас еді. Бұл мәселенің айрықша мән берер тұсы – лингвистикамен қатар әдебиет, тарих, география, этнография, әлеуметтану сияқты зерттеліп отырған объектінің тарихи, мәдени тіпті, экономикалық тұрғыдан да қажет материалдар беретінін ескерсек, оны ерекше ғылым саласы демеске лажымыз жоқ. Осылайша, өз тәуелсіздігін, дербестігін сақтай отырып, таза ғылымдар қатарына қосылады да, тарихшылар, географтар, археологтар үшін қосымша қолданбалы ғылым ретінде қала береді.
Тарих көкжиегіне көз жіберсек, аталмыш ғылым саласы ғұламалар назанын ерте аударған. Орта ғасырда, түркі тілдес халықтардың әдебиет пен мәдениет, білім мен ғылымының шарықтау шағында әл-Фараби (Х ғ.), Әл-Бируни (Х-ХІ ғғ.), Дулати (Х ғ.), Бабыр (ХІ), кейінірек ғалымдар В.В.Радлов, Н.Потанин. Ш.Уәлиханов, А.Е.Алекторов, А.Н.Самойлович, Н.В.Катанов, А.Левшин еңбектерінен құнды деректер табуға болады.
Белгілі орыс ономасы В.А. Никонов «Имя и общество» деп аталатын кітабында 40–50-жылдары ономастикалық зерттеудің тоқырауға ұшырағанын: жазушы Л.В.Успенскийдің ЖқЕ-дер туралы этюдтері ғана ономастика ғылымын серпілткенін, мұз көшкінінің бұзылғанын, сөйтіп, 60-жылдары ғана бұл ғылым саласында сілкініс пайда болғанын атап өтеді. Бұл бұрынғы кеңестік ғылым жүйесінде болатын. Ал өткен ғасырдың 80-90-жылдарында түркі халықтарының антропонимиясын зерттеу шындап қолға алына бастады, Түркі ономастикасы бойынша халықаралық ғылыми-теориялық конференциялар (Фрунзе, Баку, Гулистан, Алматы т.б.) өте бастады.
Қазақ жалқы есімдерін зерттеудегі қазіргі бағыттар этнолингвистикалық, когнитивтік, функционалдық т.б. ғылыми парадигма деңгейімен сипатталады. Кейіпкерлер әдебиет әлемінде өмір сүретіндіктен, әдебиетшілердің төл объектісі болғанымен, лингвистердің де үлесіне тиетін кез келді. Қазіргі уақытта қазақ тіл білімінде антропонимия өзіндік дербес пән ретінде қалыптасу жолындағы жас та толыққанды ғылым саласы деуімізге толық негіз бар. Олай дейтініміз, «Қазақ ономастикасының мәселелері» атты кітапта: «Бізде антропонимика, топонимика, этнонимика, астронимика, зоонимика, космонимика, фитонимия, теонимия т.б. бөлімдері әлі толық зерттелген жоқ. Олардың зерттеу объектілері ұшан-теңіз, бір емес, бірнеше ұрпаққа жетері сөзсіз» [Қазақ ономастикасының мәселелері, 1986; 4-б.], – делінген.
Соңғы жылдары кеңестік (ТМД елдері) тіл білімі көлемінде поэтикалық антропонимия немесе ономапоэтика – әдеби көркем туындылардағы жалқы есімдерді (поэтонимдер) зерттейтін ономастиканың бір тармағы пайда болды. Бұл терминді алғаш рет өз зерттеулерінде орыс антропонимистері Ю.А.Карпенко, Э.Б.Магазаник, В.М.Калинкиндер т.б. қолданды.
Қазақ ономастикасында сатиралық шығармалардағы кейіпкер аттары туралы сөз қозғалғанымен, тілдік табиғаты әлі күнге дейін ономасиологиялық тұрғыдан жүйелі зерттеу нысаны бола қойған жоқ. Шынайы өмірдегі адам есімдерін антропонимия зерттесе, көркем әдеби туындылардағы жалқы есімдердің мәтіндегі қолданысын, поэтикалық қуатын, қаламгердің эстетикалық ұстанымын, мәнерін (стиль) поэтикалық ономастика немесе ономапоэтика зерттейді.
Кейіпкер табиғатын зерттеу, олардың семантикасы мен этимологиясын ашу, сөзжасамдық құрылымын талдау арқылы қазақтың ұлттық-мәдени ерекшелігі туралы құнды деректің көзі деуге болады. Мәселен, қазақ тілінің жалқы есімдері белгілі бір дәрежеде ономастикалық номинацияның нәтижесі, өнімі ретінде қарастырылды, сонымен қатар жүйелі интерпретациялау мен суреттеуде, лингвистикалық бірліктер ретінде олардың қасиеттері мен белгілері толық пайдаланылады.
Сатира мен юмордағы кейіпкер аттарына жан-жақты (лексика-семантикалық, сөзжасамдық үлгілері, аттар мен фамилиялардың құрылымдық модельдері) тілдік талдау және есімі жалпыға айналып кеткен аттар сырын, яғни, ‘есімі ерекше’, ‘сөйлеп тұрған’, ‘айқайлап тұрған’ эмоциялы-экспрессивтік юморлық кейіпкер аттарын ұлттық болмыспен сабақтастыра қарастыру, тіл құпиясының адам есімдерінде мол деректің көзі екенін этнолингвистикалық тұрғыдан зерттеу мақсаты қойылды.
Ономапоэтика немесе поэтикалық ономастика көркем әдеби туындылардағы жалқы есім атаулыны (кісі есімі, жер-су аты, аң-құс аты, өсімдік атаулары, планета аттары т.б.), олардың құрылым принципін, мәнерін (стиль), мәтіндегі қолданысын зерттейтін, оқырманның қабылдауы мен қаламгердің эстетикалық-идеялық көзқарасын білдіретін, мақсатын айқындайтын ономастиканың бір тармағы.
Орыс ономастикасының сөздігін түзіп шыққан Н.В.Подольскаяның анықтамасы бойынша, «поэтикалық ономастика – көркем шығармадағы атауыштық қана емес, кейіпкер аттары арқылы шығарманың стилистикалық, идеологиялық, экспрессивтік жүгі, әлеуметтік мәнін, антропонимдердің қалыптасу, қолдану ерекшеліктерін зерттейтін антропонимиканың бір саласы» [Н.В. Подольская,1988; 96-б].
Поэтонимдердің қызмет ерекшеліктерін зерттеу В.И.Супрунның еңбегінде жан-жақты баяндалып, ол негізгі үш қызметін атап көрсеткен: «1. маңызды мәтін қызметі – басты кейіпкерді атау; 2.ономастикалық ая жасайды; 3.қосымша таным белгісі ретінде қолданылады» [В.И.Супрун, 1997; 8-б].
Ресей ономастикасы мен ТМД елдері бойынша көркем әдебиет пен фольклордағы онимдік қолданыстарды, яғни поэтонимдердің сан алуан қырына арналған, терең және жүйелі түрде зерттеген көптеген ғалымдардың еңбектерін (И.И.Алиев, В.А.Аникин, С.В.Веселовский, В.И.Болотов, Н.М.Ведерникова, Ф.Г.Гарифова, А.Г.Гафуров, Ю.А.Карпенко, Т.Н.Кондратьева, Э.Б.Магазаник, Е.М.Мелетинский, В.Н.Михалков, В.А.Никонов. Ройзензон, Г.Ф.Саттаров, А.В.Суперанская, В.Е.Сталтмане, В.И.Супрун, Т.В.Топорова, Ю.Федосюк, О.И.Фонякова, Л.М.Щетинин, К.Конкобаев т.б.) т.б. атауға болады.
Орыс тіл біліміндегі ат қою теориясы этнолингвистиканың алғашқы үлгілерін құрады деуімізге негіз бар. Бұл бағыттың шеңберінде адамның ат қою әрекеті сөйлесім мен ойлау әрекеттерінің тоғысуы арқылы жүзеге асатын ерекшелік деп танылады. Ономасиологиялық жұмыстар қазіргі этнозерттеулерді жаңаша қарастыруға мүмкіндік береді.
Бүгінгі қазақ ономастикасының өзіндік қол жеткен табыстары бар, дербес пән ретінде қалыптасқан ғылым саласы деуімізге толық негіз бар, 40-тан астам докторлық және кандидаттық диссертациялар қорғалған. Қазақ ономастикасында қазақ жалқы есімдерінің этнолингвистикалық аспектілері Е.Ә.Керімбаев, Б.М.Тілеубердиев, К.Аронов, А.Ә.Әлімхан, К.М.Семби, С.Е.Керімбаева, Д.М.Керімбаевтардың еңбектерінде зерттелді.
Сондай-ақ жекелеген шығармалардағы кейіпкерлер аттарының табиғатын, сөз төркінін ашуға көңіл бөлген ғалымдарымыздың (Әміров Р., Есбаева Қ., Нұрмаханова Х., Мұсабаева Ф., Мұхатаева А.) зерделі де зиялы қаламгерлеріміздің (Әлімбекова О., Әлімжанов Б., Балақаев М., Кендібаев Ф.) газет-журнал беттеріне жарияланған мақалалары мен кейбір этюдтері болмаса, сатира мен юмор жанрындағы кейіпкер аттары туралы қорғалған еңбек жоқтың қасы.
Соңғы кездері қазақ ономастикасы бойынша қорғалған диссертациялық еңбектерді (Н.Ө.Асылбекова, Т.М.Абдрахманова, Г.Т.Әубәкірова, К.З.Жаппар, Б.Ә.Көшімова, Мәуленова Б.М.), Г.Б.Мәдиева, С.Қ.Иманбердиеваның «Ономастика: зерттеу мәселелері», Б.Тілеубердиевтің «Қазақ ономастикасының лингво-концептологиялық негіздері» атты еңбектерін теориялық мәселелерді тұжырымдаған еңбек деп бағалауға болады. Десек те, қазақ ономастикасында көркем шығармалардағы кейіпкер аттарының тілдік табиғаты этнолингвистикалық аспектіде зерттеле қойған жоқ.
Этнолингвистикалық аспектіде зерттеу деген сөз – қазақ ұлтының өзіндік ерекшелігін ескере отырып, ұлттық менталитет, тұрмыстық, мәдени ерекшеліктері тұрғысынан қарастыру. Академик Ә.Қайдар сатира мен юмор жанрында қолданылатын жалқы есімдерді зерттеу нысаны етіп, Халықаралық ономастика конгресінде «Казахские собственные имена в сатирических произведениях» (Лейпциг, 1984) деген тақырып бойынша баяндама жасаған. Ғалымның «Ғылымдағы ғұмыр» атты еңбегінде: «Тіліміздегі бұл қызық құбылысты ары қарай «індете зерттеу» үшін ғалым өз шәкірттерінің біріне (Г.Қортабаеваға) кандидаттық диссертация ретінде ұсынып, арнайы зерттетіп отыр» [Ә.Қайдар, 2000; 15-б] ,– деп атап көрсетілген.
Біздің қарастырғалы отырған мәселеміз: тіл-тілдегі лексикалық байлықтың бір алуаны – кейіпкер аттары. Кейіпкер аты, алдымен ол – жалқы есім, яғни жалпы есімге барлық жағынан (грамматикалық, семантикалық, функциялық қызметі) қарама-қарсы ұғым мен категория. Жалқы есімдер кез келген тілдің сөздік қорының біршама бөлігін құрайды да, ономастикалық универсалийдің бірі болып табылады, өйткені олар тарих айнасы ретінде халықтың көптеген мәдени құндылықтарын сақтаған. Жалпы есімдер лексикалық мағынаға ие болса, жалқы есімдерде бұл қасиет жоқ, олар тек атауыштық қасиетке ғана ие. Олай болса, кейіпкер аттары жалпы есімнен жасалғанымен, жалқы есімге айналғанда, бастапқы ұғымынан, мәнінен, нәрінен айрылады. Ономастикон (жалқы есімдердің жиынтығы) өз құрамына жалқы есімдердің басқа да түрлерін қамти отырып, адамзат қоғамының қызмет аясы мен мәдениет саласының көптеген өрістерімен байланысты болады.
Көркем туындылардағы кейіпкер аттары – лингвистикалық тұрғыдан жалқы есімдер (ЖқЕ) функциялық қызметі жағынан жалпы есімдерге (ЖпЕ) қарама-қарсы. Оның себебі ЖқЕ-дер – лексикалық мағынаға ие, ал ЖпЕ-дер – атауыштық қасиетке ғана ие. Олай болса, кейіпкер аттары ЖқЕ-нен жасалғанымен, ЖпЕ-ге ауысқанда, бастапқы ұғымынан, мәнінен айрылады. ЖқЕ-дің ЖпЕ-ден айырмашылығы А.А.Белецкий, А.В.Суперанская, В.А.Никонов, В.И.Болотов, Ю.А.Карпенко, Л.М.Щетинин, Т.Жанұзақов, Е.А.Керімбаевтардың еңбектерінде жан-жақты баяндалған.
В.И.Болотов ЖқЕ мен ЖпЕ-дің мағыналарындағы басты айырмашылық деп мынаны атап көрсетеді: «Жалқы есімдер тұрғысында ең басты ретте энциклопедиялық мағынаны айту керек, энциклопедиялық мағына деп біздер есім денотаты туралы нақты ақпарат жиынтығын түсінеміз. Жалпы есімнің тілдегі маңыздылығы ұғымдық, семантикалық өріс арқылы анықталады, бірақ маңыздылықтардың, мағыналардың бірін экстралингвистикалық салаға байланысты оны тілдік құралдар арқылы өзектендіріп суреттеу қажет» [В.И. Болотов, 1974; 333]. Жалқы есімдер жалпы есімдерге қарағанда, тарихтың әр кезеңіне байланысты өткен оқиғалар жайлы нақты да қызықты дерек бере алады, өйткені тілдің тірек үш тағанының бірі – «жер бетіндегі ескерткіші ономастика» (Ә.Қайдар).
«Жалқы есімдер – бұл мәдениеттің ерекше категориясы, тарихи сананың ерекше категориясы. Адамзат үшін жалқы есімдер қызметімен, құрылым жағынан, негізгі параметрлері, негізгі уәждері және жасалу принциптері бойынша әмбебап»,– дейді акад. Ә.Қайдар.[] Проф.Т.Жанұзақ «Жалқы есім бойында денатативтік мағынаның басым екендігі, оның есесіне сигнификат жоқтығы анық байқалады»[ Т.Жанұзақ, 2007; 9] дейді.
ЖқЕ-дің мәдени-ұлттық табиғатына қатысты әртүрлі көзқарасты талдай отырып, профессор Е.А.Керімбаев: «Әр халықтың онимиясында мәдени-тарихи ақпарат жинақталған, қоғамның мәдени тарихына байланысты жалқы есімнің ерекшеліктерін және типологиялық ұлттық-мәдени ерекшеліктерін зерттеудің маңыздылығын» [Е.А.Керімбаев, 1995; 14] ұғындырады. Ертегі-аңыздардағы Қорқыт, Алдар көсе, Шығайбай, Қарабайлар, Бейімбеттің Мырқымбайы, Ілиястың Сұрпақпайы, Ш.Смаханұлының Елпекбайы, О.Әубәкіровтің Көди, Сөдиі арқылы тарихи кезең, сол уақытта өткен оқиғалар жайлы этнографиялық дерек бере алады.
Жалпы лингвистикада кейіпкер аттарының көркем шығармада атқаратын қандай рөлі бар, мән-мағынасы бар ма деген мәселе төңірегінде біраз даулы мәселелер, пікірталастар бар. Ғалым А.М.Эмирова ЖқЕ-ді «бұл бір жағынан, тілдік категорияға жататын жүйенің ерекшелігін көрсететін белгі, екінші жағынан, халықтың тұрмысын, нанымын, дінін, тарихын білдіретін спецификалық лингвомәдени белгі» [А.М.Эмирова, 1999; 300-б],–деп қарастырады
Ғалым Г.Әзімжанова «Тілдік қолданыста жалқы есімдер референциалды мағынасы болмаса да, нақты мазмұнға ие болады, коммуникацияда қатынасушылар үшін өзіне тән көптеген сипаттарды білдіреді ,–дейді де, жалқы есімнің мәтін түзушілік қабілеті денотатқа байланысты екендігіне баса көңіл бөледі,– егер денотат белгілі болса, жалқы есім ұғымдық мазмұнға ие болады, кейде мәтінде ауыспалы мағынада қолданылуы мүмкін» [Г.М.Әзімжанова, 2003; 45-б].
Орыстың белгілі ономасы А.В.Суперанская «В художественном произведении, есть уже обозначение, играющее всеми красками, на которое только оно способно. Оно с максимальной силой развивает оттенки, мимо которых мы проходим в жизни» [Г.М.Әзімжанова, 1995; 9-б],– деп ЖқЕ-ді атап көрсетеді.
Көркем туындының ауқымы, шеңбері, өрісі кең болғандықтан, көп қырлы алмас секілді асыл дүние деп, оның бір қыры – көркем туындылардағы, яғни сатира мен юмор жанрындағы кейіпкер аттарының тілдік табиғаты, жасалуы, лексикалық құрамы, уәждік факторлары туралы сөз етпекшіміз.
Біздің жұмысымыздың нысанын сатираның негізін жасаған, сын сардары Т.Қожакеевтің «Сықақталатын «сабаздың» атын , фамилиясын ойната, құбылта атау сатиралық туындыға ерекше әсер береді, оқушының айызын қандырады. Өйткені, ол сатириктің кімді айтып, кімді нысанаға алып отырғанын біле қояды» [Т.Қожакеев, 1974; 197],– деген сөзі біздің де мақсатымызды нақтылай, бекіте, биіктете түседі. Сықақшы шығарманың тақырыбы мен идеясына, көркемдік шеберлігіне ғана емес, сол шығарманың өне бойында, бас-аяғында өмір сүретін кейіпкердің сыртқы бітімі мен ішкі дүниесінің үндесе аталуына үлкен мән береді.
Әр халықтың сатирасы мен юморының табиғаты әртүрлі. Ауыз әдебиетінен бастау алған қазақ сатирасының пайда болған кезінен бастап, бүгінгі күнге дейін небір даму сатыларынан өтті, тамырын тереңге жіберді. Қазақ ономастикасының дамуы, жан-жақты зерттелінуі құнды әрі бай материалдарды мұқият жинауға байланысты екендігін академик Ә.Т.Қайдар мен профессор Т.Ж.Жанұзақов: «Ең бірінші талаптардың бірі – барлық бірліктерді жинау және қағаз бетіне түсіру»,– деп атап көрсетеді [А.Т.Кайдаров, Т.О.Джанузаков, 1983;198]. Сондықтан ауыз әдебиетіндегі атының аталуы ерекше (Алдар көсе, Бізбике, Шығайбай, Тазша бала, Жезтырнақ, Желаяқ, Қаңбақ шал, Жиренше т.б) персонаждардан бастап, қазақ әдебиеті бойынша 100-ден астам қаламгерлердің сатиралық-юморлық және сатиралық емес туындыларын, қазақша басылымдарды және «Ара» журналының (1956–2007) барлық нөмірін сүзіп, бүгінгі қазақ әдебиетіндегі сатира мен юмор жанрында қолданылатын, есімі езу тартқызар, күлкілі, аты ерекше белгілі стильдік мақсатта жұмсалған аттарды ғана есепке алдық, шамамен 2600-дей онимдік бірлік анықталды.
Кейіпкер – көркем шығармада суреттелетін адам, әдеби образ. Әдебиетте адамның бейнесін өзі өмір сүрген дәуірдің өзгешеліктерін танытатын типтік сипаттарымен бірге кейіпкердің тұлғасын, мінезін, іс-әрекетін, суреттеу үшін қаламгер түрлі суреттеу тәсілдерін қолданады. Солардың бірі – кейіпкерге ат беру. Әдеби кейіпкерге ат беруді ұлы еңбек, өнер деп қарау керек, өйткені көркем шығармада кездейсоқ аттардың болуы мүмкін емес. Ұлы француз жазушысы В.Гюго: «Алдымен атты ойлап табу керек. Ат табылған жерде сюжетті ойлап табу қиын емес»,–деген сөзі көп нәрсені аңғартады.
Орыс жазушысы Л.Успенский «Сен және сенің атың» кітабында: «Егер Л.Толстойдың басына өзінің геройларының фамилияларын, айталық, Ростовтың фамилиясын Перепенияға өзгертер ойы келсе, «Соғыс пен бейбітшіліктің» мықты ғимараты теңселген болар еді» деген сөзін тек ғана жеңіл әзілге құрылған деп санауға болмас. Шынында, Ростов, Облонский немесе Иртеньевке Перепения, Чичиков немесе Плюшкин секілді фамилияларды беру, бейнелеп айтқанда, миға сыймас дүниелер ғой. Ю.Тынянов айтқандай, «Көркем шығармада танымал емес есімдер жоқ. Шығармада аталған әр есімнің өзі мағына».
Сонымен, кейіпкер аттарын этнолингвистикалық аспект тұрғысынан, яғни ұлттық көзқарас, ұлттық ерекшелік, этномәдени, этнографиялық факторларды ескере отырып, қазақтың рухани дүниесі мен ұлттық болмысын қарастыра отырып, жалқы есімдерді жүйелі зерттеу арқылы автордың ойы, эстетикалық көзқарасын ашуға мүмкіндік береді. Кейіпкер атын ойлап табу, атына заты сай ат беру – қаламгер шеберлігі. Кейіпкерге ат қою қиын ба, ат көп, атау көп. Бірақ «Евгений Онегинді» жазарда орыс ақыны А.С.Пушкин былай депті: Я думал уж о форме плана


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   111




©emirsaba.org 2022
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет