С. Ə. Тортаев орта ғасырлардағы азия жəне африка тарихы алматы 2009



жүктеу 7.55 Mb.
Pdf просмотр
бет14/25
Дата22.12.2016
өлшемі7.55 Mb.
түріОқулық
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   25
§ 20. ХI—XV ғасырлардағы  Түркия
1.  Селжуктік Рум сұлтандығының құрылуы.
2.  Селжук жаулап алушылықтары.
3.  Османдық  түріктер империясының  құрылуы.
4.  Түрік-османдардың  жаулап  алушылықтары.
5.  Түркиядағы феодалдық қатынастар.
6.  Түріктердің Византияны, Албанияны жаулап алуы.
 
ХІ ғасырдың 40- жылдары Шығыста жаңа түркілік мемлекеттің 
жұлдызы  жанды.  Ол  селжук  түріктерінің  мемлекеті  еді.  Жаңа 
мемлекеттің негізін 993—1063 жж. өмір сүрген Тоғрыл-бек қалады. 
Ол Х—ХІ ғасырларда Сырдарияның  ортаңғы ағысы мен Қаратау 
маңын мекендеген оғыз тайпалық одағындағы қайы руының көсемі 
Селжук  ибн  Тугактың  немересі  болатын.  Х  ғасырдың  аяғында 
Селжук бастаған топ Сырдарияның төменгі ағысына қоныс ауда-
рып, Аралдық оғыздар көтерілісін қолдады. Көтеріліс басылған соң 
Селжукты қолдаушылар Мауераннахрға қоныс аударды.

204
205
Ол кезде Мауераннахрдағы саманилер Шығыстан қауіп төндірген 
қарахандықтармен күресіп жатқан еді. Селжуктер саманилер 
жағында шайқасып, жеңіліс тапты. 999 жылы саманилер мемлекетін 
қарахандар басып алды. Селжуктер енді қарахандар жағында 
ғазнауиларға қарсы соғысты.
1008 жылдан бастап селжуктер ғазнауилердің қорғауында бол-
ды. 4000 түрікпен  селжуктеріне Амудариядан өтіп, Серахс пен 
Авиберда (қазіргі Түркмения) маңында қоныстануына рұқсат 
берілді.  Тарихшылар  Махмұд  сұлтанның  бұл  ісін    үлкен  ағаттық 
деп санайды.
Селжуктер Хорасанға қоныстанғаннан соң жергілікті халыққа 
зəбір көрсете бастады. 1025 ж. ғазнауилар селжук ибн Тугактың 
үлкен ұлы Исраилды (ол Шағрыл-бек, Тоғрыл-бектің əкесі еді) 
тұтқындап, түрмеде өлтірді. 1028 ж. Махмұд Ғазнауи селжуктерді 
Хорезмге қуып тастады. Бірақ 1030 ж. билік үшін күрес кезінде 
Масуд Ғазнауи Селжук түріктерін өз жағына тартты. Солардың 
көмегімен 1031ж. қаңтарда таққа отырды. Селжуктер Балхан (Балх) 
тауына қоныс тепті.
1035  ж.  селжук  ибн-Тугактың  баласы  Мұса  ибн  Селжук  пен 
немелері Дауд Шағрыл-бек, Мұхаммед Тоғрыл-бектер бастаған 
түріктер Амудария өзенінен өтіп, қазіргі Түркмения жеріне қоныс 
тепті. Олар Масуд Ғазнауиден Ниса мен Ферав жерлерінен мал-
дарын бағып, көшіп-қонып жүретін жайылым сұрады. Ақысына 
əскери қызмет  атқарып, салық төлеп тұруға міндеттенді.
Ғазнауилердің əмірі Хорасаннан айырылып қалудан қауіптеніп, 
1035 жылғы жазда селжуктерге қарсы əскер жіберді. Бұл кез-
ге қарай күшейіп алған селжуктер ыңғайын келтіріп сұлтан 
əскерін талқандады. Мұса, Тоғрыл-бек пен Шағрыл-бектер Масуд 
Ғазнауимен келісім шартын жасап, қоныстанған жерлеріне қоса 
Дахистан (қазіргі батыс жəне оңтүстік Түркмения) облысын иемде-
не тұруға алды.
1038 ж. Масуд Ғазнауи селжуктік түріктерге қарсы Сюбашы 
басқарған əскер жіберді. Серахс маңында селжуктер бұл əскерді 
де талқандады. Тоғрыл-бек Нишапурде сұлтан деп жарияланды. 
Теджен өзенінің бойындағы Дих-и Базарген аулының маңында қан 
төгіс  шайқас  болды.  Біраз  үзілістен  кейін,  1039  жылдың  қысында 
соғыс қайта жалғасты. Сол жылғы қараша айында Масуд Тоғрыл-
бекті Нишапурден қуып шықты.
1040 ж. сəуір айында Масуд селжук түріктеріне қарсы кезекті 
жорығын бастады. Мамыр айында Данденакан қамалында  шешуші 
шайқас болып, ғазнауилік əскер талқандалды, Масудтың өзі əрең де-
генде аман құтылып шығып, Гератқа қашты. Данденакандағы жеңіс 
Батыс Азияда селжуктік түріктер мемлекетінің өмірге келгенін жа-
рия етті.
Тоғрыл-бек 1040—1050 жж. аралығында Хорезмді, бүкіл  Иранды, 
Əзербайжанды, Күрдістан мен Иракты басып алып, өз билігін орнат-
ты. 1049 ж. Арменияны жаулау басталды. 1055 ж. Бағдад қаласы да 
селжуктер қол астына  көшті. Аббастық халиф Қайым Тоғрылбекке 
«сұлтан»  атағын  беріп,  екі  жылдан  кейін  «Шығыс  пен  Батыстың 
патшасы» деген атағын бекітті.
Тоғрыл-бектің мұрагері Алып Арыслан /1063—1072/ кезінде, 1064 
жылы Армения басып алынды. 1071 жылы селжуктер Манцикерт 
маңында византиялықтарды жеңді. 1071 жəне 1081 жылдар 
аралығында сельжуктер Кіші Азияны, т.б. жерлерді жаулап алды.
Мелік-шах сұлтан /1072—1092/ тұсында сельжуктер мемлекеті 
өзінің саяси қуаттылығының шырқау шегіне жетті. Бұл кезде олар 
Грузияны, қарақандар мемлекетін басып алды. 1077 ж. Рум сұлта-
наты құрылды. 1081 жылдан бастап оның астанасы Никей (қазіргі 
Изник) қаласы болды. Сонымен қатар бұл сұлтанның билігі кезінде 
феодалдық бытыраңқылық та орын алды: сельжуктер басқарған 
бірнеше сұлтандықтар құрылып, олар орталық өкіметке номинал-
ды ғана тəуелді болды. Олар: Керман сұлтандығы  /1041—1187/, Рум 
/1077—1307/, Сирия /1094—1117/ сұлтандықтары. Бірінші кресшілер 
жорығынан кейін /1096—1099/ сельжуктер Палестинадан, кейінірек 
Сириядан, Кіші Азияның теңіз жағалауларынан, Грузиядан айы-
рылды.
1118 жылы Селжуктер мемлекеті Мелік-шах балаларының 
арасында бөліске түсті. Санжардың үлесіне астанасы Мерв /
Мары/ болған шығыс облыстары, Махмудтың үлесіне — Батыс 
Иран мен Ирак тиді. 1141 жылы қарақытайлықтардан жеңілген 
Санжар  Орта  Азиядағы  билігінен  айырылды.  1153  жылы  балх-
тық оғыздар көтеріліске шығып, Марыны, Нишапурды, Тусты, т.б. 
Хорасан қалаларын талан-таражға салды. Санжар өлген /1157/ соң 
Хорасандағы «Ұлы селжуктер» билігі жойылды. 30 жылға созылған 
феодалдық өзара қырқысулардан кейін Керманды, Хорасан мен 
Батыс Иранды хорезмдықтар басып алды. Сельжуктер тек Кони 
сұлтандығын ғана сақтап қалды. Кони /Рум/ сұлтандығының  қуаты 
əсіресе Алад-дин Кей Қуат /1219—1236 жж./ сұлтанының тұсында 
күшейді. Ол Қырымға жорық жасап, қыпшақтарды жеңді, олардан 
Судак қаласын тартып алды.

206
207
1239 ж. Баба Исхак басқарған көтеріліс болды. Олар сұлтан 
жіберген əскерді жеңіп, Амасью қаласын басып алды. Сұлтан ІІ- Кей-
Хосроу көтерілісті əрең басты. Көтеріліс сұлтанатты əлсіретті. 1243 
ж. моңғолдар  Кесе-даг маңында селжук əскерін талқандады. Кей-
Хосроу ІІ — «монғолдың ұлы ханына» вассалдығын мойындады. 
1307 ж. Рум (Кони) сұлтандығы  монғолдарға бағынышты бірнеше 
бейлікке бөлініп кетті.  Сол бейліктің (округ) бірі — Осман бейлігі 
1299 жылдың аяғында құрылған Осман түріктері мемлекетінің 
ядросы болды.
Османның  арғы  атасы  Сүлеймен-шах  бастаған  түріктер  мон-
ғолдар шапқыншылығы кезінде, яғни  ХІІІ ғасырдың  20- жылда-
ры Хорасан жақтан қашып келген оғыздық тайпа өкілдері болатын. 
Бірақ  сол ғасырдың 40- жылдары монғолдар Кіші Азияға да жеткен 
еді. Солармен шайқастағы ерлігі үшін селжук түріктерінің сұлтаны 
Хорасаннан келген түріктерге Византиямен шекаралас эпиктеттік 
Фригиядан (Сакария өзенінің алқабы) жайылымдық жер сыйлаған 
болатын.  Ол  Фригияның  орталығы  Сөгет  елді  мекені  болды.  Осы 
Сөгетте Сулеймен шахтың баласы Ертоғрылдың отбасында 1258 ж. 
болашақ билеуші əулет атын алған Осман өмірге келді.
Осман І — Ғази əкесі Ертоғрылдан өз үлесіне тиген бейлікте 
1282—1324 жж. билік құрды. Оның бейлігі 1299 ж. тəуелсіздігін 
жариялап, 1307 жылдан бастап эмират деп аталды. Осман əкесінен 
қалған  мұраны  Кіші  Азиядағы  Византия  империясының  есебінен 
ұлғайтқан болатын. Ал Османның баласы Орхан (1326—1359) Бурса 
мен Никеяны басып алып, көрші Караси мемлекетін бағындырды. 
Орхан эмираттың астанасын Бурса қаласына көшірді. Сөйтіп, 
Орханның тұсында Византияның  Кіші Азиядағы иеліктері түгел 
дерлік Осман эмиратына қосылды да, ол империяға айнала баста-
ды.
Орхан жақсы қаруланған, қатаң тəртіпке бағынған атақты 
янычарлар корпусын құрды. Бұл жаңа əскер османдар жаулап 
алушылығының басты күші болды.
1354 жылы Османдық  түріктер Балқан түбегін жаулауға кірісті. 
Алдымен Еуропадағы Галлиополь қаласын басып  алды. Бұл кез-
де Балқандық елдер арасында бірлестік жоқ еді. Орханнан кейін 
Осман эмиратын басқарған оның баласы І Мұрат /1359—1389 жж./ 
сұлтан деп аталды. Ол Балқанда Адрианополь /1362 ж./ қаласын, 
Фракияны, Филиппопольды, Марица өзенінің  алқабын басып алып, 
тез қарқынмен батысқа қарай жылжи берді. Эмираттың астанасын 
І-Мұрат Адрианопольге көшіріп,  ол қаланы Эдирне деп атады. 1389 
жылы  османдар  Сербияға шабуыл жасады. Шешуші ұрыс Косово де-
ген алаңда 15 маусымда  болды. Серб королі Лазарьдың сербтер мен 
босниялықтардан, албандықтардан, валахтар мен венгерліктерден 
тұратын 20 мындық əскеріне түрік сұлтаны І-Мұрат басқарған 30 
мыңға жуық əскер қарсы тұрды. Сербтер жеңілді. Князь Лазарь 
тұтқынға түсті, соңынан өлтірілді. Милош Обилич деген серб 
жауынгері жасырын түрде сұлтанның шатырына кіріп, І-Мұратты 
қапыда өлтірді.
15 маусым — сербтердің қырылған күні — қаралы күн ретінде  
аталып өтеді. М. Обилич сербтердің ұлттық батыры  болып сана-
лады. Оған ескерткіш қойылған. Түріктер осы жеңістен 70 жыл 
кейін Сербияны толық басып алды. Орталық Еуропа елдеріне 
түрік османдарының шабуыл жасау қаупі  төнді. Рим папасының 
көмегімен оларға қарсы бірнеше крест жорығы ұйымдастырылды. 
Бірақ жорықтың барлығы да кресші-рыцарьлардың толық талқан-
далуымен аяқталды.
1396 жылы османдық Түркияға қарсы кресшілер жорығына венгр, 
чех, поляк, француз, т.б. рыцарьлары қатысты. Ол жорықты венгр 
королі Сигзмунд басқарды. Дунайдағы Никопольде олар түріктерден 
жеңілді.  Он  мыңға  жуық  кресшілер  тұтқынға  түсті,  қалғаны 
қырылды, қашты. Баязит үш жүзге жуық бай рыцарьларды салық 
төлеткізіп босатты да, қалғанын құлға айналдырды. І-Мұратттың  
баласы — Баязит /1389—1402 жж./ Болгарияны, Македонияны ба-
сып алды. Енді Фессалоникиді алып, Константинопольдің берілуін 
талап ете бастады. Баязит — «Иылдырым» — «Найзағай» — деп 
аталды.
Еуропада жаулап алынған жерлерге қоныстанған түріктер 
отырықшылық өмірге көшті. Ал Кіші Азияда қалған түріктер 
отырықшылыққа  кейін  көшті.  І-Баязит  1402  жылы  20  шілдедегі 
Анкара маңындағы шайқаста Ақсақ Темірден жеңіліп қалды. Өзі 
тұтқынға түсіп, сонда өлді. Түрік əскерлері Балқан жаққа қашып 
құтылды. Оған гректер мен т.б. еуропалықтар көмектесті. Темір 
бұрынғы эмираттарды қайтадан қалпына келтірді. Олардың арасын-
да араздық туғызып отыруға тырысты. Баязиттің артында қалған 
4 баласының арасында бақталастық туды. Бұл бақталастықта 
1413 жылы Мұхаммед жеңіп шықты. Ол түрік елін қайта қалпына 
келтіруге кірісті. 
Осман мемлекетіндегі феодалдық қатынастар. Түркияда жер 
мемлекет меншігі болды. Жердің едəуір бөлігі  феодалдарға уақытша 
меншікке берілді. Бұл уақытша берілген жер ленник деп аталды. Ол 

208
209
екі  категорияға бөлінді: табысы 3-тен 20 мың сомға дейін  жететін 
тимариоттар жəне 20 мыңнан 100 мың сомға дейін табыс табатын 
займдар болып. Əсіресе əскери лендер басым болды. Леннің иелерін 
сипахилер деп атады. Олар сұлтанның атты əскерінде қызмет 
атқарып, өздерінің лендерінің мөлшеріне  сəйкес жорыққа белгілі  бір 
əскер шығаруға міндетті болды. Жоғары əскер басшылары мен чи-
новниктер неғұрлым  ірі лендерді-хассаларды алып отырды. Үкімет 
шығарған заңдар феодалдардың алатын рентасының мөлшерін жəне 
олардың  шаруалармен қарым-қатынастарын қадағалады. 
Осман бей
Түркия  жаулап  алған  Балқан  жерлерінде    ұсақ  феодал  —  хри-
стиандар  біршама мол сақталып қалды. Уақыт озған сайын олар 
мұсылман дінін қабылдап отырды немесе өздерінің жерлерінен ай-
ырылды.
Халықтың басым бөлігі — феодалдық тəуелділіктегі шаруа-
лар өздерінің жер үлестерін мұрагерлікпен пайдаланды. Еңбекке 
жарамды бүкіл ересек христиан еркектері сұлтанның қазынасына  
ақшалай салық — харадж, джизья төлеп тұрды.
Барлық халыққа салынатын ақшалай салық испандже   деп атал-
ды. Джизья — кəпірлерден алынатын қосымша салық болды. Ауыл 
шаруашылығы өнімінен алынатын салық /оннан бірі/ ушур деп 
аталды. 
Малдан да салық алынды. Егіншілікпен айналысатын халықтың 
басым бөлігі жерге бекітіліп қойылды жəне феодалдық немесе 
жергілікті өкіметтің рұқсатынсыз өз үлесін тастап  ешқайда кете 
алмады. Түркиялық заңдар бойынша қашқын шаруаларды іздеп 
табудың мерзімі 10—15 жыл болып белгіленді.
ХVІІ ғасырдан бастап шаруалардың жерлерін сауда-өсімқорлық 
капиталдың өкілдері мен янычарлардың жоғарғы  топтарының  не 
басып алып, не сатып  алуларының нəтижесінде феодалдық жер 
иеленудің жаңа түрі пайда болды. Олар чифтиликтер деп аталды.
Еуропаға қоныс аударған түріктер отырықшылыққа көшіп, Кіші 
Азиядағылары көшпелі мал шаруашылығымен айналыса берді. ХV 
ғасырдың 20- жылдарында Баязит балалары арасындағы араздық 
басылып, Түркия мемлекеті қайта күшейген кезде, олар назарын 
қайтадан Константинопольге аударды.
1422 жылы түріктер Константинопольді қоршап алды. Бірақ, көп 
ұзамай, елде ақсүйектер бүлігі қайталана бастаған соң ІІ-Мұрат 
сұлтан қоршауды қойып, кейін қайтуға мəжбүр болды. Дегенмен 
Византия Македония мен Фракиядағы бірсыпыра қалаларды 
түріктерге беруге мəжбүр болды. Сөйтіп византиялықтар бір кездегі 
ұланғайыр иеліктерінің болмашы қалдықтарын ғана сақтап қалды. 
1430 жылы түріктер Византияның ең ірі  экономикалық орталығы 
— Фессалониканы басып алды.
Осындай жағдайда Византия үкіметі қалайда Батыстан көмек 
алуды ойлады. 1439 жылы Феррар-Флоренция шіркеуі соборын-
да католик жəне православие шіркеулері арасында папа тағының 
басшылығын  мойындаған  шартпен  уния  жасалды.  Соншама 
қымбатқа түскен Уния Византияға ешқандай нақтылы көмек көрсете 
алмады. Ол — ол ма, унияға байланысты Византияның өзінде 
əлеуметтік-саяси күрес бұрынғыдан да шиеленісіп  кетті,  мұның өзі 
мемлекетті  түріктерден  қорғау  үшін барлық күшті топтастыруға 
бөгет болды.
«Біріктіру  комедиясы»  папаға  православие  шіркеулерін,  ең  ал-
дымен орыс шіркеуін жəне Констанинополь патриархын бағындыру 
үшін қажет болды. Жоғарыдан келісіліп, католик шіркеуімен 
жасалған унияны византия халқы қолдамады да, ол толық сəтсіз-
дікке ұшырады.
1452 жылдың жазында түріктер Константинопольді сыртқы 
 
дүниеден кесіп тастап, блокада ұйымдастырды.
1453 жылғы сəуірдің басында ІІ-Мехмед сұлтан құрлықтағы 
жəне теңіздегі үлкен күшпен Византия астанасын қоршады. 
Констанинополь түбінде сол кездегі тамаша артиллериямен 
жабдықталған 200 мыңдық түрік армиясы болды, ал қыруар түрік 
флоты қаланың  теңіз  жағын бүркемеледі.

210
211
Османлы түріктерінің мемлекеті
Кіші Азиядағы 1311—1402 жж.
Сұлтан Баязид
(1354—1404)
Византия тарихшысы Дуканың айтуы бойынша империяның 
ежелгі астанасын қоршап алушының 20 адамына қорғаушылардың 1 
адамы қарсы тұрды. Оның үстіне қаланың қорғанысының əлсіреуіне 
өзінің ішіндегі саяси партиялардың арасындағы таластартыстың 
тоқтатылмауы да көп əсер етті. Византия əскерінің басым көпшілігі 
жалдамалылар /неміс, француз, испан/ болды, гректер өте аз еді.
Астана тұрғындарының түріктерге ерлікпен қарсылық көр-
сеткеніне қарамастан Константинополь 1453 жылы 29 мамырда 
толық жеңілді. Константинопольдің құлауымен Византия им-
периясы да өмір сүруін тоқтатты. Византияның соңғы императо-
ры ХІ Константин Палеолог /1449—1453 жж./ шайқас кезінде қаза 
тапты. Константинопольдің атын Стамбул деп өзгертіп, Осман им-
периясы астанасын осында көшірді. Іле-шала түріктер бұрынғы 
Византия мемлекетінің Орта Грециядағы жəне Пелопоннестегі басқа 
аймақтарын да басып алды, ал 1461 жылы Трапезунд империясының 
астанасын да өзіне қаратты. 
ХVІ ғасырдың қарсаңында Осман империясы өзінің қол астына 
Балқан түбегін түгелдей дерлік бағындырды. 1457 жылы Албанияны 
басып ала алмаған түріктер оны 1468 жылы ақыры бағындырып 
алды. Албан халқының ұлттық батыры Скандар-бег /1405-1468/ 

212
213
шайқаста қаза тапты. Скандарбег Кастриоти деген албан князінің 
əулетінен шыққан. Ол бала кезінде  түрік сұлтанына кепілдікке 
берілген. ІІ-Мұрат сұлтанның қолында тəрбиеленіп, ат жалын тар-
тып мінісімен, соның əскерінде  қызмет атқарды. Əскер басқарудағы 
ерекше қабілеті үшін «бэй» атағын жəне Александр Македонскийдің 
құрметіне Ескендір атын алды. Бұл ат бұрмалана келіп «Скандербег» 
болып кеткен. Өз халқының түрік сұлтандығына қарсы күресіне жан-
жақты дайындалды. Оның ішкі жəне сыртқы жауларымен қатынас 
орнатты. Венгр əскербасы Янош Хуньядимен келіссөз жүргізді. 
1443 жылы 3 қарашада Нише түбіндегі венгр əскерлері жеңіске жет-
кенде Скандарбег үш жүз сенімді серіктермен түріктер лагерінен 
қашып шығып, Дибрге келді. Онда албан халқын түріктерге қарсы 
күреске көтерді. Бірнеше күннен кейін Круяға келіп, 28 қараша күні 
Кастриоти княздығының басшысы деп жарияланды. Қамалдардағы 
түрік гарнизондары қуылды.
Скандарбегтің қолбасшылығымен албан халқы 24 жыл бойы 
түріктер үстемдігін қайта орнатуға мүмкіндік бермеді. Скандарбег 
талантты əскер басшысы ғана емес, көреген, айлакер саяси да 
қайраткер болды. Ол албан феодалдарының ішіндегі ішкі өзара 
кикілжіңдерін де, венециялықтар мен папаның қулықтарын да ше-
бер іске асырмай, тиып тастап отырды. Албан Халық Республикасы 
Скандарбег атындағы орден шығарған. Албандықтардың жеңілуіне 
италияндықтардың көмекке келіп үлгермеуі себеп болды.
1463  жылы  түріктер  Боснияны  басып  алды.  Шығыспен  теңіз 
саудасына қожалық түріктер қолына көшті. 1475 жылы түріктер 
Қырымдағы Каффаны /қазіргі Феодосия/ генуялықтардан тартып 
алды. Көп өтпей түріктер Донның Азовқа қосылатын алқабын тар-
тып алып, онда Азов қамалын салды.
ХV ғасырдың ІІ жартысында түрік-османдар Қырымды бағын-
дырды. Қырымда тұрған татарлар түрік сұлтанының вассалы-
на айналды. Кескілескен ұрыстан кейін Дунай князьдықтары — 
Молдавия мен Балахияның княздары түрік сұлтанының вассалда-
рына айналғанын мойындады.
Молдавия 1456 жылы Түркияға салық төлеп тұруға уəде берді. 
Бірақ 1457—1467 жылдары ІІІ Иванмен одақтасып, түріктерге 
қарсы соғысты. 1487 жылы жеңіліп, сонан 300 жылдан астам уақыт 
Түркияның қол астында болды. /1793 жылы Речь Посполитаяны 
екінші рет бөлу кезінде Молдавия Ресейдің қол астына көшті/. 
1473  жылы  Кіші    Азиядағы    Караман  эмиратын  басып  алғаннан 
кейін шығыста көшпелі түрікпен тайпаларының Ақ-қойлы деген 
мемлекетінің қарсылығына тап болды. 
Янычар
 
ХV ғасырдың 50—60 жылдарында астанасы Əзербайжандағы /
қазір Иранда/ Тавриз қаласы болған Ақ-Қойлы сол кездегі қуатты 
мемлекеттердің  бірі  еді.  Оған  Армения,  Əзербайжан,  Карабах, 
Күрдістан, Ирак, Парс жəне Керман елдері бағынды. Ақ қойлылықтар 
Ұзын Хасан деген падишахтың бір орталыққа бағынған мемле-
кет құруына қарсы болды. Венеция Ұзын-Хасанға қару-жарақ, 
зеңбірек беруге тырысты. Ұзын-Хасан 1472 жылы Туркияға қарсы 
соғыс ашты. Ол Қараманның қолдауына сүйенді. Бірақ одақтасы-
Қараманның жерінде жеңіліске ұшырады. Қараманды 1473 ж. 
түріктер өзіне қосып алды. Ұзын Хасанның əскерлері түрік янычар-
ларына қарағанда өте нашар қаруланған еді. Оның үстіне Ұзын Хасан 
түріктерге қарсы Египетті, Грузияны қосып, блок ұйымдастырмады. 
Керісінше, Грузиямен соғысып, оны талан-таражға салып, əлсіретті. 
1478 жылы кезекті Грузияға қарсы жорықтың бірінде Ұзын Хасан 
өлді. 1501 жылы Əзербайжанда бұрынғы Ақ Қойлы мемлекетінің 
орнына Сефевилер мемлекеті құрылды.

214
215
Осман эмиратының жаулап алушылық саясатының табысты 
болуына өте қатаң тəртіп арқылы жақсы ұйымдастырылған күшті 
əскер көп үлес қосты. Ол əскерде «Яны чар» — «Жаңа əскер» деген 
тұрақты жаяу əскер үлкен роль атқарды. Бұл əскердің жауынгерлері 
үкіметтен жалақы алып тұрды. Алғашында янычарлар əскері 5-10 
мың адамнан тұрды. Түріктер жеңген елдерден денсаулығы мықты 
балаларды ата-анасынан  айырып алып, оларды əскери қызметке 
дайындады, ислам дінін қабылдатты. Янычарлар өз басшыларының 
бұйрығын мүлтіксіз орындауға үйретілді.
Сұлтан  биілігі  тежеусіз  болды.  Оның  билігін  мұсылман 
дінбасылары қолдады. Олар дінге сенушілерді сұлтан — «құдай-
дың жердегі көлеңкесі» деп сендірді.
Жаулап алынған халықтардың осман-түріктерге қарсы 
көтерілістері. Ол халықтар өздерінің тəуелсіздік жолындағы күресін 
тоқтатпады. Болгар жəне серб партизандары «гайдуктер» деп атал-
ды. Олар мұсылман мекендерін өртеді, тонады, түрік чиновниктері 
мен жауынгерлеріне шабуыл жасады. Гайдуктер жиі-жиі қажетсіз 
қаталдыққа  барып,  тонаумен  жəне  зорлық-зомбылықпен  айналы-
сты. Славян феодалдарының едəуір бөлігі ислам дінін қабылдап, 
сұлтан жағына қызмет істеуге шығып кетіп  отырды. 
Осман империясына кірген жерлер ірі əскери-əкімшілік 
бірліктерге-уалаяттықтарға, ал олар — санджактарға бөлінді. 
Уалаяттарды, санджактарды басқарушылар тек азаматтық билікке 
ие  болып  қана  қоймай,  жергілікті  əскерлерге  де  басшылық  етті. 
Сот билігі əкімшілік өкіметтерге тəуелсіз судьялардың-қадилердің 
қолында болды. Көптеген шіркеулер мешіттерге айналдырыл-
ды. Болгария мен Сербиядағы православиялық шіркеулердің 
дербестіктері жойылды. Балқан түбегіндегі барлық православиелік 
халық Константинопольдегі грек патриархының қарауына кірді.
ХІV—ХVІ ғасырларда Түркияның жəне оның жаулап алған 
жерлерінің экономикалық жағдайлары біршама жақсарды. 
Түркия үкіметі мен түрік армиясы қолөнері мен сауданың 
өркендеуіне мүдделі болды. Қолөнершілердің цехтық бірлестіктері 
эснафтар деп аталды. Түріктер əдетте сауда жұмыстарымен аз ай-
налысты. Көпестер негізінен гректерден, славяндардан, армяндар 
мен еврейлерден құралды. Өнеркəсіп товарларын шет елден əкеліп 
тұруды көтермелеп отырған Турция үкіметі шет ел көпестеріне 
сауда артықшылықтарын беріп, баға салығын төмендетті. Мұның 
өзі жергілікті көпестердің қызметтеріне мейлінше кедергі жасап, 
жергілікті қолөнер кəсібінің өркендеуіне зиян келтіріп отырды.
Ə д е б и е т т е р:
1. Безертинов Р. Н. Татары, тюрки-потрясатели  Вселенной 
(История Великих Империй).— Новосибирск, ЦЭРИС, 2001.— 135—
161, 544—571 бб.
2. История Востока. Т. 2: Восток в средние века.— М: Восточная 
литература РАН 1995.— 268—283, 493—505 бб.
                                                                                                                                                      
            
§ 21. Х—ХV ғасырлардағы Араб мемлекеттері
1. Араб халифатының ыдырай бастауы.
2. Бағдатты Буидтердің, кейін — селжук түріктерінің 
    басып алуы.
3. Х—ХV ғасырлардағы Магрибтегі фатимилер мен мəмлүктер 
    билігі кезіндегі кресшілермен, моңғолдармен күрес.
4. Бейбарыс сұлтан билігі кезіндегі Египет.
5. Х—ХV ғғ. араб мемлекеттерінің мəдениеті.
Араб халифатының ыдырауы VІІІ ғасырдың екінші жартысында-
ақ басталған болатын. Оның ыдырауына бірнеше себептер ықпал 
етті. Біріншіден бағындырылған халықтардың тəуелсіздікке 
ұмтылуы халифаттың күш-қуатын əлсіретті. Екіншіден феодалдық 
құрылыстың дамуына байланысты жер-жерде ірі феодалдар күшейе 
бастады.
756 ж. Кордова Эмираты бөлініп кетіп, ол 929 ж. жеке халифатқа 
айналды. Ол халифат 1031 жылдан кейін ыдырап кетті. X ғасырдың 
басында Марокко мен Тунис бөлініп шықты. IX ғасырдың екінші 
жартысында Египет тəуелсіздік алды. Мұнда алғаш Тулун əулеті, 
ал X ғасырда Əлінің фатимилер деп аталған ұрпақтары билік құрды. 
969 ж. фатимилер Египетті егемен Каир халифатына айналдырды.
ІХ-ғасырда Шығыс Иран (Хорасан), Х-ғасырда — Батыс Иран да 
Араб халифатынан бөлініп шықты.
Амударияның шығысындағы Мəуреннахрда Саманидтер мемле-
кеті құрылды («Мəуреннахр — өзеннің арғы жағы» деген сөз). Оның 
астанасы Бұхара қаласы болды. Басқа үлкен қалалары Самарқан мен 
Ходжент болды.
X ғасырдың басында Ауғаныстан бөлініп шықты. Бағдад 
Халифатының қарамағында тек Месопотамия ғана қалды. Бірақ оны 
да Иран əміршісі өзіне бағындырып алды.
Тунис пен Египеттің араб халифатынан бөлініп шығуы негізінен 
фатимилер əулетінің атымен тығыз байланысты.

216
217
Исмаилшыл имамдар 893 ж. Əбу Абдаллах деген миссионерді 
Ифрикияға (Тунис) жіберді. Ол өзі құрған шииттік қауымды 
күшті əскерге айналдырды. Оған жан-тəнімен берілген берберлер 
жеті əскери құрамаға бөлінді. Олардың басшылары ақсақалдар 
Кеңесін құрды. Өмір теңдік жəне əділеттілік принципіне негіз-
делді. Берберлерді аббастық наместниктіктердің билікті заңсыз 
басып алғандығы ызаландырды. Олар билікті фатиманың ұрпағы, 
саламилік имам Убейдуллахқа алып беру үшін күресті.
Убейдуллах пен оның баласы кезекті уағыз кезінде тұтқындалып, 
түрмеге қамалған болатын. Оны босату үшін Абу Абдаллах 909 ж. 
берберлер отрядымен Магрибке (батыстағы облыстар) аттанды. 
Убайдуллах пен оның баласы түрмеден босатылды. Убайдуллахтың 
басшылығымен тек Əли мен Фатиманың ұрпақтарын ғана имам деп 
мойындайтын шииттік-исмаилилік «Фатимииа» сектасы құрылды. 
910 ж. қаңтарда Убайдуллах (ол өзін Əли мен Фатиманың ұрпағы 
деп санаған) «махди» (əділетсіздіктен құтқарушы) деген атақ алып, 
«діндарлар əмірі» деп жарияланды.
Бербер тайпаларының көмегімен Əбу Абдуллах Солтүстік 
Африканың Тахерте, Сиджилмас, т.б. аудандарын басып алды. 
Сиджилмаста Əбу Абдуллах халыққа: «Мынау Махди. Мен сендерді 
оған бағынуға шақырамын!»,— деген үндеу тастады. Ал Махдидің 
Əли мен Фатиманың ұрпағы екендігі жалған еді.
«Тарих ал-Кайруан» деген кітабында ибн Халликан ол (Убай-
дуллах) Саламилік иудей еді, ол Саид деген ұста еді дейді.
Убайдуллах берберлердің үмітін ақтамады. Ол салық мөлшерін 
ұлғайта түсті. Қарсы шыққандарды өлім жазасына кесіп отырды. 
Ал Əбу Абдаллахтың халық арасындағы беделі күшті болды. Ол өзі 
жариялаған теңдік пен əділеттілік принциптерін жүзеге асыруға ты-
рысты. Бұл принциптері Махдидің саясатымен сыйыспады. 911 ж. 
Əбу Абдаллах Махдидің бұйрығымен өлтірілді. Оған жауап ретін-
де берберлер көтеріліске шықты. Бірақ көтеріліс басып тасталды.
914 ж. Махди Египетті жаулап алу əрекетін жасап, сəт-сіздікке 
ұшырады. Мұндай сəтсіз əрекеттер 919, 935, 945, 966 жылдары 
қайталанды.
969 ж. Египетте ашаршылық болды. Сəуір айында шыққан тегі 
славяндық қолбасшы Жауһар басқарған 100 мыңдық фатимилік 
əскер Египетке аттанды. Онымен бірге аш отырған Египет халқы 
үшін егін тиелген кемелер де келді. Шілде айында египеттік əскер 
талқандалды. 969 ж. 9 шілдеде фатимилік халиф — Муизздың аты-
на мешітте Хұтба оқылды. Ол Египеттің халифы деп жарияланды. 
Сөйтіп, Египет фатимилік мемлекеттің құрамына қосып алынды 
да, оның негізгі аумағына айналды. Сол жылы жаңа астана — Каир 
қаласының негізі қаланды. 973 ж. оған Муизз халиф көшіп келді.
974 ж. фатимилер Дамаск қаласын басып алды.
Фатимилер Египетте жер реформасын жүргізді. Ол бағдаттық ев-
рей Йакуб ибн Киллис пен оның көмекшісі Услудж ибн Хасанның 
атымен байланысты. Империядағы барлық жердің ең жоғарғы 
иесі фатимилік халиф деп саналды. Ол мемлекеттік қордан ірі 
шенеуніктер мен əскер басыларына ихта ретінде жер үлесін беріп от-
ырды. Ихта берумен арнаулы диван (кеңсе) айналысты. Ихта иелері 
өкіметке солдат беріп отырды. Лендердің көлемі оны иемденушінің 
қызметінің үлкенді-кішілігіне байланысты болды. Лен қызмет істеп 
жүрген кезіне ғана берілді. 
Мемлекеттік табыстың басты көзі жер салығы — харадж болды. 
Ол ақшалай да, азық-түлікпен де өтеле беретін. Харадждың есеп-
қисабын екі диван жүргізді. Біреуі — төменгі, екіншісі — жоғарғы 
Египеттің жер салығымен айналысты.
Муызз (Абу — Темим Маадд) (953—975) бен Азиз (Əбу Мансур 
Низар) (975—996) халифтардың билігі кезінде фатимилер билігінің 
қуаттылығы шырқау шегіне жетті. Фатимилер түрік жəне негр 
гулямдарын көптеп сатып алды. Фатимилер əртүрлі елдердің 
халықтарынан күшті мемлекет құрды. Олар, К. Э. Босворттың
1
 ай-
туынша феллахтарды жүмыс күші, христандарды — шенеуніктер, 
еврейлерді — делдал көпестер ретінде шебер пайдалана білді. 
Еврейлер Үндістанмен жəне Батыс Еуропамен сауда қатынасын 
қайта жандандырды. Түріктер мен негрлерден ұлан құрылса, бербер-
арабтардан жасақшылар құрылатын.
996 ж. таққа Хаким отырды. Ол 1021 жылға дейін билік құрды. 
Хаким исмаилшылар мойындайтын исламның барлық дəстүрлі 
əдет-ғұрыптарынан бас тартты, Кағбаға жапқыш жіберуді тоқтатты, 
қажылыққа баруға кедергі жасап бақты. Оның қолөнерімен, сауда-
мен күндіз айналысуға, əйелдердің үйден далаға шығуына тыйым 
салуы ақыр заманның алғашқы белгісі деп қабылданды. 
1011 ж. алдымен христиандарды, сонан кейін сунниттерді қудалау 
басталды. Мамлюк негрлер мен түріктердің қақтығысы орын алды. 
Шəлкес деспот халиф Хаким 1021 ж. із-түзсіз жоғалды. Оның орнын 
басқан халиф Зəкір (1021—1036) Хакимнің жарлықтарын жойды. 
Зəкірден кейін Мустансир (1036—1094) халиф болды.
1
 Босворт К. Э. История стран зарубежного Востока в средние века.— М., 1970, 
с. 367. 

218
219
1055  ж.  Бағдадты  Тоғрыл-бек  сұлтан  басқарған  —  селжук 
түріктері басып алды. Олар сунниттер болатын. Сондықтан да 
селжук түріктері күпірлер деп санаған каирлік халифатты жоюды 
көздеді.
Фатимилер тұсында Египеттің əскері ақын, əрі саяхатшы Насир-и 
Хосроудың айтуынша, судандық негрлерден, түріктер мен славян-
дардан құрылған 60 мыңдық гулямдардан, Магрибтік берберлер мен 
Хиджаздық арабтардан құрылған 135 мыңдық жасақтан тұратын.
1062 ж. маусым айында негр гулямдар мен түрік гулямдарының 
арасында қақтығыс болды. Негр гулямдар жеңілді. 1073 ж. халиф 
Мустансир əскердегі қолбасшылыққа Бадр əл-Джамали деген ар-
мянды тағайындады. Армян жəне сириялық əскер қулықпен түріктік 
əскер басшыларын қолға түсіріп, қырды.
1064 ж. селжуктер Сирияға басып кірді. 1071 ж. Атсыз басқарған 
селжуктер Иерусалимді басып алды. Сирия мен Палестинада 
селжуктер империясына вассалдық тəуелділіктегі сұлтанаттар 
құрылды. Олардың арасында жиі-жиі қақтығыстар болып тұрды. 
Осындай жағдайды пайдаланып, фатимилер Акканы, Тирді жəне 
бірнеше теңіз жағалық қалаларды басып алды (1089 ж.).
Фатимиліктердің əлсіреуі, селжуктер империясының ыдырауы 
кресшілердің Таяу Шығысқа жорықтарына жол ашты.
1098 ж. қараша айында кресшілер Антиохиядан Иерусалимге 
қарай бет алды. Босфор бұғазынан өтіп шыққан 700 мыңдық 
əскерден Иерусалимге 25 мың адам ғана жетті.
Бұл кезде фатимилер Иерусалимді селжуктерден тартып алған 
болатын. Фатимилер халифы Хаким кресшілердің Иерусалимге 
қарусыз,  шағын  топпен  табынуға  келіп  тұруларына  рұқсат  берді. 
Бірақ кресшілер бұл шартқа көнбей, шабуылмен қаланы басып 
алды.
Бірінші крест жорығы үш жылға созылды. Оның нəтижесінде 
кресшілер Эдессаны, Антиохияны, Триполи мен Иерусалимді басып 
алды. Бұл табыс еуропалық басқыншыларды жігерлендіре түсті. 1101 
ж. көктемде еуропадан кресшілердің жаңа легі келіп жетті. Жарты 
миллионға жуық кресшілер үш топқа бөлінді. Раймонд Тулузский 
басқарған 260 мыңдық кресшілерді селжук түріктері Ғалиса өзенінің 
бойында талқандады.
Кресшілердің екінші тобын селжуктер Тавр тауының етегінде 
талқандап, бытыратып жіберді.
100 мыңға жуық үшінші кресшілер тобын түріктер Гераклея 
маңында жеңді. 1101 жылғы крест жорығы осылай күйреді. Алып 
үш армияны селжук түріктері құртып жіберді.
1147 ж. жазда əрқайсысы 70 мыңнан тұратын неміс жəне француз 
əскерлері екінші крест жорығына аттанды. 1148 ж. Палестинаға ол 
əскердің жартысына жуығы ғана жетті. Қалғанын жолда түріктер 
жойып жіберді.
Иерусалимдік кресшілер батыстан келген кресшілердің жаңа 
тобынан құтылу үшін оларға Дамаскіні жаулап алуды ұсынды. 
Кресшілер ол қаланы қоршауға алған кезде Дамаскіге көмекке 
Атабек жіберген түрік əскері келе жатыр екен деген хабар тарады. 
Иерусалимдік кресшілер үшін Дамаскінің арабтар қолында қала 
бергені тиімді еді. Сол себепті олар енді еуропалық рыцарларды 
Дамаскіні қоршауды тоқтатуға көндірді. Еуропалық кресшілер кейін 
шегініп, ақыры елдеріне қайтты. Сөйтіп, екінші крест жорығы зор 
шығынға ұшырап, сəтсіз аяқталды.
1154 ж. Дамаск Солтүстік Ирактың қол астына көшті. Сəтсіз 
аяқталған екінші жорықтан кейін де еуропалық рыцарьлар шығысқа 
көз тігуін тоқтатқан жоқ. Оларды, əсіресе Египет қатты қызықтырып, 
өзіне қарай тарта берді. Ондағы экономикалық құлдырау саяси 
анархияға ұласып жатты. Фатимилік мемлекеттің ішкі ыдырауы 
күшейді. Ол өз байлығын тиімді пайдалана алмады. Исмаилизмнің 
ел ішіндегі тірегі берік болмады. Сарайлық төңкерістер, көшелердегі 
қырқысулар, т.б. тəртіпсіздіктер XII ғасырдағы фатимилік Египетті 
қатты қалжыратты.
Фатимилік халифаттың мұндай жағдайы кресшілер үшін пай-
далы болды: оларға оңтүстіктен қауіп төнбеді. Бірақ өкімет басына 
айюбилер əулеті келген соң жағдай күрт өзгерді.
1171 ж. халиф Адид өлген соң билікті оның уəзірі Салах-ад-дин 
басып  алды.  Ол  шыққан  тегі  жағынан  курд  (равадия  тайпасы-
нан) болатын. Сириялық əскер басшылығынан 1169 ж. фатимилер 
халифының уəзірлігіне тағайындалған еді. Билік басына келген 
əулеттің Айюблер деп аталуының себебі Салах-ад-диннің əкесінің 
аты Айюб ибн Шади болатын. Бұл əулет кресшілерге қарсы күресті 
басқарды. Əулет 1250 жылға дейін билік құрды.
Таққа отырысымен Салах-ад-дин Египеттің аумағын ұлғайтуға 
кірісті. 1172-1173 жж. ол Барку мен Триполиді, ал 1174 ж. Иеменді 
бағындырды. Сол жылы Сириядан Дамаск, Хама, т.б. жерлер ба-
сып алынды. Сирияның наместнигі етіп Салах-ад-дин өзінің інісі 
Тураншахты тағайындады.
1182 ж. египет əскері Халебті басып алды. Тонаушылықпен айна-
лысып отырған Иерусалимдік рыцарьларға енді оңтүстіктен де, 
шығыстан да қауіп  төнді. Салах-ад-дин  рыцарьларды 1177 ж. Аскалон 

220
221
Саладин
маңында, 1179 ж. Иордан жағасында жеңді. 1184 ж. келісім жасал-
ды. Ол бойынша кресшілер мұсылмандарға шабуыл жасамауға, 
көпестерді  тонамауға  уəде  берді.  Ал  Салах-ад-дин  оларға  тимеуге 
келісті.
Бірінші болып уəделерін рыцарьлар бұзды. Олар Иорданның 
жағасындағы Керакты басып алды, Дамаскіден Аравияға бара 
жатқан сауда керуенін тонады. Келісімді бұзғаны үшін Салах-ад-
дин кресшілерге соғыс жариялап, Иерусалим корольдігіне ша-
буыл бастады. Жарты күнге созылған шайқастан соң рыцарьлар 
талқандалды. Иерусалим королі мен тамплиерлер гроссмейстері 
тұтқынға түсті. Корольдің басы кесілді.
Бірнеше аптаның ішінде Иерусалим мен Тирден басқа король-
діктің қалалары Салах-ад-динге берілді. Сонан кейін ол Иеруса-
лимді де басып алып, құнын төлеген қала тұрғындарын тұтқыннан 
босатты.
Иерусалимнің мұсылмандар қолына көшуі Еуропаны қатты 
шамдандырды. Папа Урбан ІІІ-барлық княздарды крест жорығына 
аттануға шақырды. Сөйтіп, үшінші крест жорығы басталды. Ол 
жорыққа Германия, Англия мен Франция қатысты. Неміс рыцарьла-
ры король Фридрих суға ағып кетіп өлгеннен кейін Сириядан кейін 
қайтты. Ал Англия мен Франция корольдері басқарған кресшілер 
1191 ж. Сирияға жетіп, екі жыл қоршап тұрғаннан кейін Сен-Жан 
д’Акра қаласын басып алды. Иерусалимді ала алмайтындықтарына 
көздері жеткен соң ағылшындар мен француздар елдеріне қайтты. 
Сөйтіп, үшінші крест жорығы да рыцарьлар үшін зор шығынмен 
аяқталды.
1193 ж. 55 жасында Дамаскіде Салах-ад-дин қайтыс болды. Оның 
мемлекеті балалары мен інісі Əділдің арасында бөліске түсті. Үлкен 
ұлы Абдалға — Дамаск, Əзизге — Египет, Захирға — Халеб, Əділге 
— Месопотамия тиді. 1198 ж. Əзиз қайтыс болған соң Каирдегі билік 
Əділдің қолына көшті. Қайтадан мемлекет бірлігі орнады.
1204 жылғы төртінші кресшілер жорығы рыцарьлардың 
Константинопольді басып алып, Латын империясын құруымен 
аяқталды.
Барлық крест жорықтары Константинополь, сонан кейін Кіші 
Азия арқылы жасалатын. Оған қатысушылар Селжук түріктерінің 
қылышына тап болатын. Аман қалғандары Палестинаға азып-тозып, 
жабырқап əрең жететін. Мұндай əскер Сирия үшін де, Египет үшін 
де қауіпті болмады.
Тек крест жорықтары Рум сұлтанаты арқылы емес, кемелер-
мен теңіз арқылы жүргізіле бастағанда жəне Еуропада Египеттің 
өзіне басып кіру туралы сөз басталғанда ғана Египет сұлтаны өз 
əскерін ұлғайта бастады. Халықты əскерге алып, шайқастарға 
шығару мүмкін болмады. Жергілікті халық тек салықты уақтылы 
төлеп тұрумен қанағаттанып, сыртқы жаулардан қорғану деген ой-
дан аулақ болды. Сондықтан да əскерді сатып алынған кавказдық 
черкестерден жəне Қара теңіз бен Еділ жағаларынан əкелінген 
қыпшақтардан құруға тура келді. Бұл əскер мамлюктер деп аталды.
«Мамлюк» деген арабтың «біреудің меншігі» деген сөзінен 
шыққан. Қыпшақ мəмлүктер Нил өзеніндегі ар-Рауда аралында 
(əл-Бахр) орналасып, Бахрилер деп аталды. Олар египет əскерінің 
негізгі күші болды. Черкестер Каир бекінісінде (əл-Бурдж) 
орналасқандықтан бурджилер деп аталды. Мəмлүктер əскерінің 
саны 9 мыңнан 12 мыңға дейін жетіп отырды. Оларды 24 бейлер 
басқарды.

222
223
Иерусалимді қайтарып алу мақсатымен Еуропалықтар 1217 
ж. бесінші крест жорығын бастады. Оған немістер мен венгрлер 
қатысты. Олар Иерусалимге бармай, Египетке қарай бұрылды. 
Дамиет қаласын басып алып, Египетті бағындырмақ болды. Бірақ 
ақырында жеңіліс тауып, Дамиеттен аман-есен шыққандарына 
қуана-қуана елдеріне қайтты.
Он жылдан кейін император Фридрих II алтыншы крест 
жорығын бастады. Палестинаға келіп түсіп, ол Египеттің сұлтаны 
Мəлік əл-Камилмен келіссөз жүргізді. 1229 жылғы келісім бойынша 
Иерусалим кресшілер қолына көшті. Ол үшін Фридрих II- сұлтанға 
Египеттің жауларына қарсы күресте көмектесіп отыруға уəде берді.
1231  ж.  Хорезм  шахы  Жəлел-ад-дин  қайтыс  болғаннан  кейін 
оның түрік қыпшақтардан тұратын əскері иесіз қалды. Ол əскерді 
Кони сұлтаны Ала-ад-дин  Кей-Құбрат  І жалдап  алды.   Бұл  кезде 
айюбилер мен түрік сұлтанының ара қатынасы шиеленісе бастаған 
болатын. Ала-ад-дин Кей-Құбрат хорезмдіктерді айюбиліктер елін 
басып  алуға  пайдаланғысы  келді.  1233  ж.  сұлтан  хорезмдіктер 
күшімен бұрынғы одақтасынан Хилатты тартып алды.
1237 ж. сұлтан Құбрат І қайтыс болғаннан кейін жаңа сұлтан 
Гийас-ад-дин  Кей-Хосроу  ІІ  хорезмдік  əскердің  басшысы  Қырхан 
Мəлікті адал қызмет етпейсіңдер деп айыптай бастады. Қырхан 
қамауға алынып, көп ұзамай қайтыс болды. Хорезмдік əскер 
Анадолыны тастап шығып, айюбиліктерге қызмет етуге көшті. 
Хорезмдік əскер 1241 ж. 11 шілдеде Иерусалимді басып алып, 
Египетке қайтарып берді.
Иерусалимнен хорезмдіктер Жерорта теңізі жағасына қарай бет 
алып, Газа қаласын басып алды. Египеттің сұлтаны хорезмдіктерге 
сол жерге тоқтауға бұйрық беріп, Рукн-ад-дин Бейбарыс басқарған 
мəмлүктерді жіберді.
Сириялық айюбиліктер арабтармен жəне курдтермен келісіп, 
египеттіктерге қарсы шайқасқа дайындала бастады. Сириялықтарға 
кресшілер де қосылды. Себебі олар арабтармен соғысуға, оларды 
жеңіп,  тонауға  болатынын,  ал  хорезмдік  түркілер  мұндайға  жол 
бермейтіндігін түсініп еді.
1244 ж. 17 қазан күні Газаға жақын маңдағы Харбийа ауылының 
түбінде кескілескен шайқас болды. Хорезмдіктер   мен мəмлүктер 
барлық арабтарды, күрдтер мен кресшілерді қырып салды. 30 мың 
адам өліп, 800 кресші рыцарьлар тұтқынға түсті.
1245 ж. қазан айында түркі мəмлүктер мен хорезмдіктер Дамаскіні 
басып алды. Бірақ хорезмдіктердің қалаға жеңімпаздар ретінде 
кіруіне египет сұлтаны тыйым салды. Бұл шараны хорезмдіктер 
мұқату деп санап, египет сұлтанына бағынудан бас тартуды ұйғарды. 
Бейбарыс сұлтан оларға іш тартып, қолдаушылық білдірді. Оның 
əйелі де хорезмдік еді. Бейбарыс дереу Каирге шақырып алынды.
Хорезмдіктер Иерусалим мен Наблугты басып алып, Египет 
сұлтанының наместниктерін қуып шықты. Бірақ 1246 ж. 26 мамырда 
Хомс қаласының маңындағы шайқаста хорезмдік түріктер əскерін 
сұлтан əскері талқандап, бытыратып жіберді. Сөйтіп, Хорезм əскері 
өзінің тарихын тəмамдады.
1248 ж. Франция королі Людовик Əулие жетінші крест жорығын 
бастады. 1249 ж. көктемде кресшілер Египеттің теңіз жағасындағы 
Дамиет қаласына келіп түсе бастады. Нил өзенінің тасуы кресші-
лерді бірнеше ай бойы Дамиеттен шығармай қойды.
Сұлтан  ал-Мəлік  ас-Салих  бұл  кезде  қайтыс  болып  кеткен  еді. 
Оның өлгенін жесірі Шеджерет ад-дур құпия ұстап, хабарламады. 
Ол өзінің Месопотамияны билеп отырған баласы Тураншахтың 
келіп жетуін күтті.
 Нил тасқыны басылысымен кресшілер Каир қаласына шабуылға 
шықты. Бірақ əмір Бейбарыс басқарған мəмлүктердің ерлігінің 
арқасында қала аман қалды. 300 француздықтар, 80 тамплиерлер, 
барлық ағылшындар қаза тапты. Людовик əулиенің өзі əрең қашып 
қүтылды.
Мəмлүктер бай кресшілерді құн төлеткізіп, босатты да, төлей 
алмағандарын қырып тастады. Дамиет қайтадан Египеттің қолына 
көшті. Кресшілер 800 мың алтын ақша төледі. Сегізінші крест 
жорығы осылай аяқталды.
Түркілік мəмлүктер өз қожайындарын ұнатпады. Сондықтан да 
1171 ж. олар исмаилилік халифты сунниттік сұлтанмен ауыстыруға 
жол берді. Енді олар Тураншах дұрыс басқармайды деп тапқан соң 
айюбилерге де, бұл елге де қызмет қылуды тоқтатуды үйғарды. Олар 
енді елді өздеріне қызмет етуге көндіруге кірісті.
1250 ж. 2 мамыр күні əмір Бейбарыс басқарған мəмлүктер 
Тураншахты тақтан тайдырды. Мəмлүктер билікті ал-Мəлік ас-
Салих  сұлтанның  жесіріне  берді.  Оған  мəмлүктердің  əмірі,  түрік 
Айбекті үйлендірді. Қызғаншақ сұлтанның жесірі опасыздық 
жасаған күйеуі Айбекті моншаға түсіп жатқан кезінде евнухтары-
на өлтірткізді. Тақты жас Əмірге ұсынды. Əмір тақтан бас тартты. 
1257 ж. 2 мамыр күні сұлтанның жесірі өлтірілді. Билік ал-Мəлік 
ас-Салихтың кəмелетке жетпеген жас баласының қолында қалды. 
1259 ж. мəмлүктер Бейбарыстың досы Құттызды Египеттің сұлтаны 
етіп сайлады.

224
225
Мəмлүктердің билік құрған екі əулеті белгілі: 1. Бахрилер ― түрік 
халықтарының өкілдері; 1250―1390 ж.ж билік құрды; 2. Бурджилер 
— негізі кавказдық черкестер, 1390―1517 ж.ж билік құрды.
Кресшілер Египетке мəмлүктер билік қүрып тұрғанда Таяу 
Шығысты бағындыра алмайтындығын түсініп, монғолдармен одақ 
құру жолына көшті.
1258 ж. ақпан айында монғол əскері Бағдадты басып алды. Хулагу 
халифтың сарайын христиан патриархына сыйлады. Мешіттерді де 
шіркеуге айналдырды. Таяу Шығыстың христиандары мəз-мəйрам 
болып, қуанышқа бөленді. Олар монғолардың арқасында өздерінің 
Таяу Шығыстағы мақсаттарына жетуге ұмтылды.
Сидонның еуропалық билеп-төстеушілері монғолдарды арамдық 
қылықтарымен таңқалдырды. Олар монғолдардың қол асты-
на көшкен Сирияны əскер жоқ кезде тонап, талан-таражға салып, 
тайып тұратын болды. Монғолдар еуропалықтардың одақтасына 
жасаған мұндай опасыздығына қайран қалды. Шыдамы таусылған 
Сирияның билеушісі Кетбұқа нойон Сидонды жермен-жексен етіп, 
еуропалық тұрғындарының қашып құтыла алмағандарын қырып 
жіберді.
Египет сұлтаны Құттыз монғолдардың өз еліне шабуыл жасауын 
күтіп отырмай, өзі шабуылға шығуға бекінді. Ол əскерімен Сирияға 
бет алды. Құттыздың əскері ұзақ жолдан шаршап, Акраға жеткенде 
ондағы рыцарьлар өз одақтастары — монғолдарға тағы да опасыз-
дық жасады. Египеттің əскеріне қарсы шықпай, керісінше олардың 
дем алып, көліктерін əлдендіріп алуларына жағдай жасады.
Бұл көмегі үшін мəмлүктермен сауда келісімін жасады: 
монғолдардан қолға түсірген жылқыларын мəмлүктер рыцарьларға 
арзан бағаға сатуға келісті. Бірақ кейін мəмлүктер бұл келісімді 
орындаудың қажеті жоқ деп шешті.
Найман Кетбұқа басқарған монғол əскері Құттыз бен Бейбарыс 
басқарған мəмлүктермен Назареттің маңындағы Айн-и Жалуд де-
ген жерде 1260 ж. 3 қыркүйек күні кездесті. Мəм-лүктер əскерінің 
алдыңғы сапында шайқасқан Бейбарыстың жауынгерлері жеңісті 
қамтамасыз етті.
Монғол  əскері  жеңілді.  Кетбұқа  тұтқынға  түсті.  Ол  Құттызды 
патша өлтіруші, опасыз деп айыптаған соң өлтірілді. Құттыздың 
бұл əрекеті сол кездегі дəстүрге қайшы келетін шара еді. Кетбұқа 
қылмыскер емес болатын. Олай болса ол өлім жазасына кесілмеуге 
тиіс еді. Сөйтіп, Құттыз күнəкəр болды. Көп өтпей ол осы күнəсі 
үшін жазасын алды.
Мəмлүктердің жеңісі христиан əлемінің үмітін ақтамады. Оның 
үстіне 1259 ж. 11 тамызда монғолдардың ұлы ханы Мөңкенің қайтыс 
болуы да еуропа рыцарьларының мəмлүктер қаупінен құтылу 
үмітін біржолата үзіп жіберді. Қарақорұмда тақ үшін талас бастал-
ды. Монғол ұлысындағы азамат соғысы олардың Египетті жаулап 
алу жоспарын бұзды. Түрік-монғол əскері Тигрдің солтүстік жағына 
өтіп кетті. Сирия мен Месопатамияда христиандарды жаппай қыру 
басталды.
Құттыздың жеңісі оның досы Бейбарысты қатты наза-ландырды. 
Ол өзін тағдыр орынсыз ренжіткен адам деп санады. Оған дəлелі 
де жеткілікті болатын. Шынында да ол 1244 ж. хорезмдіктерді 
басқарып, Газа маңында франк-сирия əскерін талқандады, 1250 ж. 
Дамиетте француз королін тізе бүктірді, сол жылы Тураншахты 
өлтіріп, Египеттегі курдтердің аюбилік əулетін тақтан тайдырды. 
Соңғы соғыста да жеңісті қамтамасыз етті.
Осындай ерліктеріне қарамастан қыпшақтар сұлтан деп оны 
емес, Құттызды сайлады. Ал Құттыз жеңістен кейін барлық 
қолбасшыларға өте бай сыйлықтар беріп, Бейбарысты ескерусіз 
қалдырды. Осындай əділетсіздіктер Бейбарыстың 1260 ж. 24 
қазанда Құттызды өлтіруіне, сөйтіп, мəмлүктер сұлтаны атануына 
əкеліп соқты. Ол таққа əл-Мəмлүк аз-Захир Рукн ад-дунийа ад-дин 
Бейбарыс деген атпен отырды.
Мөңке хан өлгеннен кейін Алтын Орданың ханы Берке Хулагу-
дың қол астында жүрген əскерінің басшыларына «егер елге қайта 
оралуға мүмкіндік болмаса, Египетке кетіп, мəм-лүктер жағына 
шығыңдар» деген нұсқау берді. Ол жерлестердің өзара тіл табысып 
кететіндігіне сеніп еді, ол сенімі ақталды. Түркіліктер Египетке өз 
еліне бара жатқандай лек-легімен ағылып келе бастады.
1261 ж. монғолдар мен мəмлүк сұлтанының қолдаушылығына 
сүйене отырып, Византия императоры Михаил VIII Палеолог (1261-
1282) кресшілерді Константинопольден қуып шығып, Византия им-
периясын қайта қалпына келтірді.
Бейбарыс билігі орнағаннан бастап XV ғасырдың ортасына дейін 
Египет пен Алтын Орданың арасында достық қатынастар үзілмей, 
нығая  түсті.  Бейбарыс  Берке  ханның  қызы  Тəжі-Бақытқа  үйленді. 
Одан Сейітхан Мұхаммед деген тұңғыш ұлы болды. Кейде ол Нəсір-
əд-Дин Берке деп те аталады. Бейбарыс осы ұлын Қалауынның қызы 
Ғазияға үйлендірді.
Бейбарыс сұлтан 1265 ж. мазасыз кресшілерге қарсы шабу-
ыл  бастады.  1265  ж.  кересшілер  Цезарь  мен  Арзуфтан,  1266  ж.― 

226
227
Сафадтан, 1268 ж. Яффа мен Антиохиядан, 1271 ж.― Хисн əл-Акрад 
бекінісінен қуылды. 1267 ж. Бейбарыс монғолдармен одақтас кіші 
Армения (Киликия) патшалығын талқандады. Армян патшасы 
Египетке вассалдығын мойындап, жыл сайын салық төлеп отыруға 
уəде берді.
«1277 ж. Бейбарыс қапыда өзінің уəзірі, əрі құдасы Қалауынның 
қолынан қазаға ұшырады. Қалауын 1280 ж. күйеу баласы Сейітхан 
Мұхаммед сұлтанды да у беріп өлтірді. Оған ыза болған қызы Ғазия-
қатын əкесін сегіз жыл бойы қарғап-сілеп, дауыс салып жүріп өлді.
Сейтханды анасы 1281 ж. Дамаскідегі əкесінің күмбезіне əкеліп 
жерледі».
1
Сейтханды өлтіріп, оның орнына таққа отырған Қалауын сұлтан 
(1279―1290) Бейбарыстың кресшілерді қуып шығу ісін аяғына 
жеткізді, Сирия мен Палестинадағы христиандық мемлекеттер 
толық жойылды.
1402 ж. Солтүстік Сирияға əмір Темір əскері басып кірді. Бұл 
кезде Египет əскері əлсірей бастаған еді. Черкестік əулеттің билігі 
кезіндегі маңызды уақиға Египеттің 1426 ж. Кипр аралын басып 
алып, оны еуропалық қарақшылардан тазартуы болды.
1486―1491 ж.ж. бірінші египет-осман соғысы болды. Ол соғыста 
ешкім жеңіске жеткен жоқ.
Мəдениет. Х―ХІ ғғ. Египет пен Сирия мəдениетінің гүлдену кезі 
болды. Каир тез арада маңызды мəдени орталыққа айналды. Келесі 
үлкен мəдениет ошағы Дамаск болды. Фатимилер ақындар мен 
оқымыстыларға қамқорлық жасап отырды. Əсіресе өзі ақын болған, 
əл-Азхар мешітінде мұсылман университетін ашқан, сарайдағы 
кітапхана негізін қалаған халиф Азиз (975―996) мəдениет саласын 
дамытуға көп көңіл бөлді. Хаким халифтың (990―1013) кезінде 
«Білім үйі» (Дар ал-Хикма) ашылды.
Мəмлүктер ішінен де талай талантты өнер, ғылым қайраткерлері 
шықты. Өте дарынды түркі ақындарының бірі Ала-ал-дин ибн-
Абдаллах (1343 ж. өлген) болды. Ол Дамаскінің əмірі болған. X 
ғасырда жасалған ірі прозалық туындының бірі араб ертегілерінің 
бір желіге түсірілген жинағы «Мың бір түн» болды. Фатимилер 
билігі кезінде Египетте атақты астроном Əли ибн Йунус (1009 ж. 
өлген) пен ойшыл (философ), математик əрі физик Əли ал-Хасан ибн 
ал-Хайсан маңызды туындыларын жазды. Олардың кейбір еңбектері 
кейін латын тіліне аударылды.
1
 Гумилев Л.Н. Қиял патшалығын іздеу.― А., «Балауса», 1992.― 221 б. 
Египетте медицина бұрыннан зор жетістіктерге жетіп келе жат-
қан болатын. Х―ХV ғасырларда бұл салада атақты оқы-мыстылар 
қатары онан сайын өсе түсті. Олар: қан айналымының ғылыми 
тұжырымдамасын жасаған Ибн ан-Нафис (XIII ғ.); көз аурулары ту-
ралы құнды еңбектер жазған Ибн ан-Накид (XII ғ.); медицина тари-
хы жайында еңбек жазған Ибн Аби Усейбиа; жаратылыс ғылымы 
мен философия тарихын жазған ал-Кифти (XII ғ.).
Тарихшылардың ішінен аты шыққан оқымыстылар — саяси жəне 
діни қайраткерлер мен оқымысты ғалымдар өмірбаянын (бəрі 865) 
жазып шыққан Ибн Халликан (XIII ғ.);  тарихшы əрі географ Абу-
л-Фида (1332 ж. өлген); тарихшы Ибн Тагриберди (1463 ж. өлген); 
Египет пен мəмлүк сұлтандарының тарихын жазған ал-Маркизи 
(1442 ж. өлген); ұлы араб тарих-шысы Ибн Халдун (1406 ж. өлген) 
т.б. болды.
Дамыған феодализм кезінде араб елдерінде өнер саласында 
да елеулі табыстарға қол жеткізілді. Оған дəлел сəн өнерінің əсем 
ескерткіштері болып табылатын ал-Азхар (972 ж.), ал-Хаким (1012 
ж.), ал-Акмар (1125 ж.) мешіттері.
Бұл кезеңде мешіттермен қатар керуен-сарайлар, моншалар мен 
əсем тұрғын үйлер салынған. Сəн өнерінің көрнекті ескерткіштерінің 
қатарына Каирдегі Салах-ад-дин салғызған цитадельді, сұлтан 
Қалауын салғызған мешіт пен аурухананы, Қайытбей сұлтан 
салғызған медресе мен мешіт-кесенені жатқызуға болады.
Х―ХV ғғ. аралығында музыка өнері де онан əрі дамып, жетіле 
түсті. Бұл кездегі араб музыкасы Еуропа мен Орта Азия елдерінің 
музыка өнеріне, музыкалық аспаптарының қалыптасуына əсер 
етті.
Ə д е б и е т т е р:
1. Безертинов   Р. Н.   Татары,   тюрки   —   потрясатели   все-
ленной.— Новосибирск, 2001.
2. Большаков  О. Е.   История халифата.—  М:   Восточная лите-
ратура РАН, 2000.
3. Босворт К. Э. История стран зарубежного Востока в средние  
века.— М., 1970.
4. Гумилев Л. Н. Қиял патшалығын іздеу. А.: «Балауса», 1992.
5.  Ирмияева  Т.  Ю.    От  халифата  до  блистательной  Порты.  
История мусульманского мира.— Пермь: «Урал», 2000.
6. Стэнли Лэн-Пуль. Мусульманские династии.— М. Т. Б., 1996.
7. Фильштинский И. М. История арабов и халифата (7501517).— 
М.: ИД «Муравей Гайд», 1999.
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   25


©emirsaba.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет