С. Ə. Тортаев орта ғасырлардағы азия жəне африка тарихы алматы 2009



жүктеу 7.55 Mb.
Pdf просмотр
бет18/25
Дата22.12.2016
өлшемі7.55 Mb.
түріОқулық
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   25
§ 26. ХVІ—ХVІІ ғасырдың бірінші 
жартысындағы Индонезия
1. Феодалдық бытыраңқылық.
2. Еуропалықтардың Индонезияда орнығуы.
3. Бантамда, Аре мен Матарамда орталықтандырылған 
    мемлекеттік құрылыстың орнауы.
4. XVII ғасырдың бірінші жартысындағы Индонезия 
    мемлекеттерінің саяси-экономикалық жағдайы.
5. Мəдениеттің дамуы.
Маджапахит мемлекетінің құлауы Индонезиядағы бы-
тыраңқылықты күшейтті. XVI ғасырдың басына қарай архипе-
лагта бірнеше мемлекет өмір сүріп жатты. Өзара соғыстардың 
нəтижесінде көрші мемлекеттер біресе бірігіп, біресе қайта тарап 
кетіп отырды. Саяси жəне экономикалық бытыраңқылық діни 
жəне мəдени ала-құлалықтың салдарынан онан əрмен шиеленіске 
түсіп жатты. Мұндай талас-тартыстар, əсіресе явалық индуизмді 
ығыстырып, оның орнына ислам діні келе бастаған кездегі Явада 
кең орын алды.
Маджапахит құлағаннан кейін Ява өкімет басында мұсылман 
əулеттері тұрған бірнеше ұсақ феодалдық князьдіктерге бөлініп 
кетті. Маджапахиттық ақсүйектердің өкілдері Балиге жəне Ява-
ның  қиыр  шығысындағы    Баламбангаға    қашып    барды.    Князь-
дықтар арасында 1500 ж. құрылған Демак мемлекеті жетекші 
рөл атқарды. Оның экономикалық негізін теңіз саудасы мен ба-
ғынышты облыстардан жиналатын салық қалады. Онда ислам діні 
үстемдік  құрды.  Демак  Батыс  Явадағы  Чиребон  князьдығы  мен                    
Паяжаджаран князьдығының солтүстігіндегі Бантам облысын 
басып алды. 1527 ж. Сундакелапа порты да басып алынып, оның 
аты Джайякерта («Жасампаз қорған») деп өзгертілді. (1626—1949 
жж. Батавия деп аталды). Демактың қарамағына Маджапахиттың 
Явадан басқа жердегі вассалдық аумақтары да кірді (мысалы 
Калимантанның оңтүстік жағалауы мен Ломбок).
Шығыс Суматрада Сиак, Рокан, Кампар, Джамби, Индрагири 
жəне басқа сұлтанаттар бақталастықта болды. Мұнда ХV—ХVІ 
ғасырларда ислам діні тарады. Орталық Суматрадағы Минанг-
кабау өзінің экономикалық даму жағынан басқа князьдықтардан 
артта қалып қойды. Оның бір себебі матриархаттық-рулық 
институттардың  сақталуы  болды.  Мұндай  құрылысты  XVII—
XVIII ғасырларда ғана ене бастаған ислам діні жойды.
ХV—ХVІ ғғ. аралығында Батыс Суматраның теңіз жағалауын-
дағы сауда жолының рөлі арта түсті. Осы кезде Малакканың 
саудадағы бақталасы болған Суматраның солтүстігіндегі Аче 
сұлтанаты күшейді. Малакка құлағаннан кейін Аче ұзақ жыл-
дар бойы португалдық, сонан соң голландық басқыншылармен 
күрес жүргізді. Балидегі тоғыз князьдықтағы индуизм ислам діні 
орныққан Явадан қашқан индуистердің есебінен күшейді.
Молуккада Тернате мен Тидоре сұлтанаттары күшейді. 
Солтүстікте Явадан келген ислам мұнда XV ғасырдың аяғына 
қарай үстем дінге айналды. Явалық саудагерлер ислам дінін 
Калимантанның  оңтүстік  жағалауына  да  таратты.  Сулавесиде  де 
алғашқы князьдықтар құрылды. XVI ғасырдың екінші жартысын-
да архипелагтың саяси жəне экономикалық өмірінде Оңтүстік-
Батыс Сулавесидегі Гова княздігі үлкен рөл атқарды. Оның 
орталығы қазіргі Макассар ауданында еді. Гованың негізгі табыс 
көзі көкөністер болды. 1603 ж. ислам Гованың ресми діні деп жа-
рияланды.
Үндістан, Қытай, Индонезия елдерінің байлығы еуропалық 
көпестерді қатты қызықтырды. Бірақ бұл елдерге баратын жол 
алыс  та  қиын  еді.  Оны  алғаш  арабтар,  кейінірек  парсылар  мен 
гуджараттықтар бақылауында ұстады, ал кейін шығысқа баратын 
жолды түріктер жауып тастады. Жаңа жол іздеу керек болды. 1498 
ж. португалдық Васко да Гама Африканы айналып өтіп, үндістанға 
жетті. 1511 ж. тамыз айында португалдықтар Малакканы басып 
алды, ал 1512 ж. Молуккаға жетіп, ондағы алаауыздықты пайдалана 
отырып, Тернате мен Тидореде орнығып алды. Малакканы басып 
алу Португалияның Шығыстағы ауқымды отаршылдық экспан-
сиялық жоспарының маңызды бөлігі болды. Қамалдар мен фак-
торилер салу, көкөністер мен саудаға монополиясын орнату, сауда 
пункттері мен жолдарын бақылауды қолға алу көзделді. Малаккада 
отаршылық билігін орнатып, португалдықтар саудадағы үстемдік 
үшін жүргізетін күреске қажетті плацдармға ие болды.
Португалдықтар зорлықпен католик дінін енгізе баста-
ды, көкөністердің бағасын арзандатып отырды. Мұндай шара-
лар Индонезия елдерінің экономикасын құлдыратты, ауыл ша-
руашылығын ауыр күйзеліске ұшыратты.
Индонезиялықтар шет ел басқыншыларына қарсы күрес 
жүргізді. Ол күрес əсіресе XVI ғасырдың ортасынан бастап 

274
275
күшейді. 1546 жəне 1565 жылдары португалдықтарға  карсы  Ява-
дан Молуккаға екі рет жорық жасалды, 1565 ж. Тернатта көтеріліс 
болды, 1570—1575 жылдардағы көтерілісті Бабуллах сұлтан бас-
қарды. Бұл көтерілістер кезінде португалдықтар қуылған жоқ, де-
генмен олардың жағдайы қиындай түсті.
Португалдық басқыншылардың жағдайын Филиппиныда 
орнығып алып, Молуккаға таласушы испан конкистадорлары-
мен күрес жəне 1578 жылдан бастап Индонезия жаққа ағылшын 
кемелерінің ағылуы қиындата түсті. Тек қана индонезиялық 
мемлекеттер арасындағы ала ауыздық пен бірліктің жоқтығы 
португалдықтардың архипелагта орнығып қала тұруына себеп 
болды.
Португалдықтар  бұзған  Индонезияның  тарихи  жəне  əлеу-
меттік-экономикалық дамуының барысын Нидерландыдан келіп 
жеткен саудагерлер онан сайын бұрмалап жіберді. Нидерланды 
Англиямен бірге португалдықтардың негізгі қарсыластары бол-
ды. Хаутман басқарған голландиялық сауда флотының алғашқы 
кемелері Бантамға 1596 жылғы 23 маусымда келіп жетті. Оларды 
саудадағы серіктестер ретінде жылы қарсы алды. Бантамдықтар 
голландтарды португалдықтармен жəне Матараммен күрестегі 
одақтасы деп қарады.
1602  ж.  Біріккен  Ост-Индия  компаниясы  кұрылып,  Нидер-
ландының Бас Штаттары оған Қайырымды Үміт (Добрая Надежда) 
мүйісінен Магеллан бұғазына дейінгі елдермен саудадағы 
монополиялық құқ берді. Компанияның хартиясы бойынша ол Бас 
Штаттардың атынан келіссөздер, соғыстар жүргізуге, қамалдар 
тұрғызуға,  армия  ұстауға,  өз  қызметкерлерін  соттауға  құқылы 
болды.
Біраз барлаудан кейін голландтар сауда монополиясын бекітуге, 
ол  монополияны  қорғайтын  бекіністер  салуға  кірісті.  1605  ж. 
ақпанда олар Албондағы португалдар қамалын басып алды, ма-
мырда португалдықтарды Тернате аралынан қуып шықты да, 1607 
ж. ол аралдың сұлтанымен келісім жасады. Ол келісім бойынша 
голландтар сұлтанатқа протекторатын орнатты.
Жетістіктерін онан əрі дамыта түсу үшін голландтар аумақтық 
базасын кеңейтуге тырысты. Бантаммен көршілес Якатра (бұрынғы 
Сундакелапа) князьдықтары арасындағы қырғи қабақтықты пай-
далана отырып, Нидерландылық Ост-Индия компаниясының 
генерал-губернаторы Ян Питерсзон Кун Якатра сұлтанынан біраз 
артықшылықтар алды. Онда тұрғызылған қамал голландтардың 
Явадағы берік қорғанына айналды. 1619 ж. наурызда Якатра мекені 
мен қамалының аты Батавия деп өзгертілді. Ол Нидерландының 
бүкіл Яваны жаулап алудағы тірегіне, Африкадан Жапонияға дейін 
созылып жатқан отарлық иеліктерінің орталығына, Индонезиядағы 
отарлық империяның астанасына айналды. Сөйтіп Индонезияда 
еуропалық өркениетті азиялық өркениетпен ұштастырған, өмірі 
қызу  қайнаған  Шығыстық  ірі  қалалардың  бірі  Батавия  (қазіргі 
Джакарта) пайда болып, дами түсті.
1623 ж. голландтар Амбон аралынан ағылшындарды қуып 
шықты. 1641 ж. Ост-Индия компаниясы Малакканы басып алып, 
португалдықтардың Индонезиядағы билігіне біржолата нүкте 
қойды.
Индонезия  мен  Малайзияға  португалдықтар  келіп,  ондағы 
сауданы өз қолдарына алғаннан кейін Шығыстың саудагерлері 
өз жолдарын өзгертуге мəжбүр болды. Енді Зондтар бұғазының 
маңызы арта түсті. Суматраның батыс жағалауы мен Батыс Явада 
жаңа экономикалық аудандар пайда болды. Бұл аудандар негізінде 
жаңа орталықтандырылған Бантам сұлтанаты құрылды. 1568 
ж. Бантам тəуелсіз мемлекет деп жарияланды да, Суматра мен 
Явалық жағалаулардағы жерлерді біріктірді. 1580 жылға қарай 
Батыс Явадағы тағы бір мемлекет Паджаджаран қосып алын-
ды. Бантамның əскери флоты мен артиллериясы болды. Шығыс 
елдерінің саудагерлері Малакка бұғазына соқпай, Суматраның 
Батыс жағалауымен жүзіп отырып, Бантамға келетін болды, онан 
əрі Зондтар бұғазынан өтіп, Индонезияның басқа елдеріне жететін. 
Сұлтанаттың астанасы Бантам порты XVI ғасырдың аяғына қарай 
Шығыстың ірі сауда орталықтарынан қалыспайтын. Бантамға 
қытайлық, малайлық, гуджараттық, эфиоптық, мондық, арабтық 
көпестер ағылып келіп жататын. Оның базарларында батыстан 
келген  бұйымдар  мен  түрлі  өнімдер  жергілікті  күріш,  бал,  тұз, 
мақта, бояу, қорғасын, қалайы, темірге айырбасталатын. Еуропада 
көкөніске деген сұраныстың өсуі Бантамның шаруашылығында 
жаңа дақыл — келімдəрі өсіруді кең жолға қойды. Оны өндіру мен 
сату мемлекет қарамағына алынды.
Астанада шет елдік көпестер махаллалары пайда болды; 
əсіресе қытайлықтар мен малайлықтар көп болды. Бантамдық 
көпестер алыс жолдың теңіз саудасымен айналыспай, жергілікті 
өнімдерді (негізінен келімдəрі) сатумен жəне Индонезияның 
басқа аудандарының өнімдерін алып-сатумен айналысты. Бантам 
негізінен келімдəрі саудасының орталығына айналды: жылына 
шамамен 3,5 млн. фунт келімдəрі шетке шығарылып жатты.

276
277
Мұсылмандар əлеміндегі Бантамның маңызын мойындаудың 
куəсі 1638 ж. Меккеде оның басшысына сұлтан лауазымының 
берілуі болды.
Бантамдық шаруалар салықты келімдəрімен өтеді. Жергілікті 
басшыларды, ең алдымен аудан əкімін сұлтан тағайындап от-
ырды. Олардың мұрагерлікпен пайдаланатын жерлері болмады. 
Шаруалардың басы бос, ерікті болды, бірақ экономикалық жағынан 
тəуелді болды. Салық ретінде төленгеннен қалған келімдəріні ша-
руалар жергілікті жəне қытай саудагерлеріне сатып отырды. Тауар-
ақша қатынасының дамуы қауымдық қатынастардың ыдырауын, 
жерге жеке меншіктің өсуін жəне шаруалардың бай, кедей болып 
таптық бөлінуін тездетті.
Тағы бір ірі сауда орталығы Солтүстік Суматрада ірі порт-
тары бар Аче сұлтанаты болды. XVI ғасырда ол португалдық 
Малакканың күшті қарсыласы болды, Малакка жарты аралы 
мен Суматрадағы үстемдік үшін күресті, сол кездегі мұсылман 
əлемінің  тірегі  болған  Түркиямен  діни  жəне  əскери  байланыста 
болды. Аче Индонезиядағы ислам дінін таратушы орталықтың бірі 
болды. Аченің гүлденуі XVII ғасырдың бірінші жартысына жата-
ды. Бұл кезде оның егемендігін Суматра мен Малайяның батыс 
князьдықтарының бəрі мойындады. Келімдəрі өсірумен маман-
данды. Күшті флоты болды. Португалдықтарға қарсы табысты 
күрес жүргізді. 1641 ж. Малакканы голландтар басып алып, Аченің 
вассалдық иеліктеріне де енгеннен кейін сұлтанаттың маңызы 
жойылды.
1575—1755 жылдары Явадағы ең куатты мемлекет екінші 
Матарам болды. Оны мұсылмандар əулеті басқарды. 1575 ж. 
Сенепати (қолбасшы дегенді білдіреді) деген басшысы Матарамды 
тəуелсіз деп жариялады. Ол 1601 жылға дейін билік құрды. 
Сенапати мен оның ісін əрі қарай жалғастырған Агунг (1613— 
1645) орталықтандыру саясатын жүргізді. Явадағы ең соңғы 
индуистік мемлекеттер жойылды. 1622 ж. Батыс Климантандағы 
Сукадана, 1624 ж. Мадура бағындырылды. Жаулап алынған жер-
лерде наразылықтар қалыптасып, көтерілістерге ұласып жатты 
(1601—1604, 1617, 1627 жəне басқа жылдары). 1624 ж. Агунг «сусу-
хунан» («барлық халық бағынатын») деген атақ алса, 1641 ж. оған 
меккелік өкімет басшылары сұлтан лауазымын берді. Бұл лауа-
зымдарды иемденіп, Агунг өзінің өкімет билігіне діни билікті де 
қосып алуға тырысты.
Португалдықтардың да, голландтардың да билігі Индонезия 
халықтарының тарапынан азды-көпті наразылықтарға тап болып 
отырды. 1620 ж. Банда аралдарында голландтарға қарсы көтеріліс 
болды. Оны Ост-Индия компаниясының генерал-губернаторы 
əскер күшімен қатаң басып тастады.
Голландтардың архипелагта көптеп тарай бастауынан 
қауіптенген Агунг сұлтан 1628, 1629 жж. Бантамға жорық жасап, 
оны ала алмады. Голландтарға қарсы Молуккамен жасырын сау-
да жүргізіп отырған Гова сұлтандары да күресті. Голландтардың 
архипелагтан қуылмай қала беруіне Бантам мен Матарамның 
арасындағы жауласушылық септігін тигізді. Оның үстіне Агунг 
барлық күшін голландтарға қарсы жұмсаудың орнына өзінің наза-
рын шығысқа аударып, индуистік Баламбанганмен соғыс жүргізді. 
1639 ж. жеңіске жетіп, оны басып алды. Агунгтың Балиды басып 
алу əрекеті сəтсіз аяқталды.
XVII ғасырдың ортасына қарай голландтардың келуіне байла-
нысты иңдонезиялық мемлекеттердің ішкі саяси жəне экономи-
калық жағдайлары шиеленісе түсті. Архипелагтың аудандары 
арасындағы дəстүрлі экономикалық байланыстар, Индонезияның 
басқа елдермен қарым-қатынасы бұзылды; үздіксіз соғыстар ішкі 
аудандардың шаруашылығын құлдыратты. XVII ғасырдың орта-
сынан бастап Явалық теңізде жүзу ісі тоқтады. Индонезиялық 
мемлекеттердің əлсіреуіне олардың арасындағы ала ауыздықты 
өршітіп, əулеттік талас-тартыстарды қыздырып отырған гол-
ландтардың саясаты да себеп болды. 1638 ж. голландтар Гова 
сұлтанын компанияның Молукк аралдарына «құқын» жəне сауда-
дағы монополиясын мойындауға мəжбүр етті.
Голландтар үшін компанияның негізгі саяси жəне сауда 
қарсыласы португалдықтардан 1641 ж. қаңтарда Малакканы 
тартып алудың маңызы өте зор болды. Малакканың құлауы тек 
португалдықтардың архипелагтағы үстемдігіне тиген соққы 
ғана болған жоқ, ол Матарамға да жасалған соққы болды. Себебі 
Матарамның күріші негізінен Малаккаға сатылатын. Енді Агунг 
күрішті компанияға сатуға мəжбүр болды. Соның арқасында 
компанияның жағдайы күшейіп, Матарамның оған тəуелділігі 
арта түсті. XVII ғасырдың 30- жылдарының ортасына қарай 
португалдықтар Тимор аралының шығысынан басқа архипелагтағы 
барлық иеліктерінен айырылып қалды.
Суматрадағы Аче Ескендір Мудтың табысты билігінен (1607—
1636) кейін бұрынғы ықпалын жоғалтып алды. 1662 ж. голланд-

278
279
тар Ачемен Пайнан келісімін жасап, ол бойынша Аченің вассалы-
Минангкабау князьдігін компанияның қол астына алды. Гова 
сұлтаны Хасануддиннің голландтарға қарсы 1638 жылғы келісім-
ді мойындамау үшін 50—60 жылдары жүргізген күресі жеңіліспен 
аяқталды. Говамен көршілес Бугилік князьдіктің басшысы Бона-
мен келісе отырып, голландтар Хасануддинді 1667 ж. Бонгай трак-
татын мойындауға мəжбүр етті. Ол бойынша Гова компанияның 
вассалына айналды.
Матарамның күшейген кезінде қазіргі Явандық тіл қалыптасты. 
Агунгтың ерлік соғыстары, Матарамға қарсы көтерілістер туралы 
əдеби шығармалар жазылды. Бабад деп аталған тарихи жылнама-
лар кеңінен тарады. Əсіресе Тумапела мен Маджапахит раджала-
ры туралы баяндайтын «Раджалар кітабы» («Параратон» ) кеңінен 
танымал болды.
Мұсылман мəдениетінің элементтері — əдебиет, өнер, фи-
лософия кеңінен өріс алды. Мұсылман əлемінің сюжеттері 
мен кейіпкерлері тарады: «Александр Македонский туралы 
аңыз» («Хикайят Искандар Зулкарнаин»), «Калила мен Дим-
на ертегілерінен», Əмір Хамзах туралы парсы аңызы, т.б. Мұ-
сылмандық əдебиеттің орталығы Суматра сұлтанаттары, əсіресе 
Аче сұлтанаты болды. XVII ғасырда өмір сүрген ачелік ақын ар-
Ранири «Патшалар бағы» («Бустан ас — Салатин») деген тама-
ша поэма жазды. Индонезияда малай тілінің таралуына байла-
нысты екі елдің халықтарына бірдей ортақ «Малай жылнамасы» 
(«Седжарах Малайю»), «Туах хан туралы баян» («Хикайят ханг 
Туах» ), т.б. шығармалар өмірге келді. Сонымен қатар исламның 
тарауына байланысты бұрыннан келе жаткан салт-дəстүрлер мен 
өнер түрлері ұмыт қалды, адамдар мен жануарлар бейнесі жой-
ылды.
Дінде мұсылмандық жəне исламға дейінгі элементтердің 
синтезі орын алды. Мұсылмандық мейрамдарда əруақтарға табыну 
сақталып қала берді. Мешіттер салуда да ежелгі Явалық сəулеттің 
сарыны көрініс тапты.
Мұсылмандық діни ілім дамыды. Оның орталығы «Меккенің 
индонезиялық кақпасы» болып саналған Аче болды. Ачелік діни 
ілімнің ғұламасы Хамзах Пансуридің (XVII ғасырдың бірінші жар-
тысы) еңбектері Индонезия мұсылмандарының арасында қазіргі 
кезде де үлкен құрметке ие болып отыр.
Бали мен явалық теңгелерде индуизмнің, бадуйлерде — 
буддизмнің біраз өзгеріске ұшыраған түрлері сақталды.
Еуропалықтардың келуімен Индонезияның мəдени өмірі-
не, тіліне, материалдық мəдениетіне, өндірістік дағдыларына, 
дініне өзгерістер ене бастады. XVI ғасырдың ортасынан бастап 
Молукка мен Тиморда португалдықтар христиандықты (ка-
толиктік) уағыздады. Ол уағызды (протестанттық) кейін голланд 
миссионерлері жалғастырды.
Индонезиялық мəдениеттің тарихында еуропалық жəне 
мұсылмандық элементтер əртүрлі рөл атқарды: еуропалық эле-
менттер дəстүрлі индонезиялық мəдениетке бөгде болып қала берді, 
ал мұсылмандық элементтер тез сіңісіп кетті де, индонезиялық 
мəдениетті құрайтын құндылықтар кешеніне еніп, берік орнығып 
қалды.
Ə д е б и е т т е р:
1.  Васильев  Л.С.  История  Востока.  В  2  т.  Т.  1.—  М.:  Высшая 
школа, 1998.— 419—424 бб.
2. История Востока. В 6-и томах. Т. ІІІ.— М.: Восточная лите-
ратура РАН, 1996.
3. История стран Азии и Африки в средние века. В 2-х частях. 
4.2.— М, МГУ, 1987.— 175—177 бб.
4.  История  Востока.  Т.  3.  Восток  на  рубеже  средневековья  и 
нового времени ХVІ—ХVІІІ вв.— М., 1999.— 238—258 бб.
§ 27. ХVІ—ХVІІ ғасырдың бірінші 
жартысындағы Вьетнам
1. ХVІ ғасырдың басындағы Дайвъеттің экономикалық дамуы.
2. Орталықтандырылған монархияның əлсіреуі. Билікті 
    Мактардың басып алуы.
3. Феодалдық қырқысулар нəтижесінде елдің үшке бөлінуі.
4. Чинъдер мен Нгуендер арасындағы соғыстар.
5. ХVІ ғасырдың екінші жартысы — ХVІІ ғасырдың бірінші 
   жартысындағы Чинъдер мен Нгуендер иеліктеріндегі 
   феодалдық қатынастар.
6. Католик шіркеуінің өз үстемдігін орнату əрекеті.
7. Мəдениеттің дамуы.
XI ғасырдан бері Дайвьет деп аталып келе жатқан Вьетнам ХVІ 
ғасырға қарай Шығыс Үндіқытай мемлекеттерінің арасындағы эко-
номикасы жоғары дəрежеде дамыған мемлекеттердің бірі болды. 

280
281
Оның шаруашылығында егіншілік басым болды. Вьетнамдықтар 
негізінен күріш өсірумен айналысты. Сонымен қатар қолөнері де 
елеулі табыстарға жетті. Əсіресе фаянс бұйымдарын жасау кең өріс 
алды. Сыртқы сауда, əсіресе Жапониямен, солтүстік Кореямен сау-
да қатынасы нығая түсті.
Аграрлық реформаны (қауымдық институттарды нығайту, 
салық жүйесін тəртіпке келтіру) онан əрі жалғастыру — ауыл 
шаруашылығындағы өндіргіш күштердің дамуына, қолөнері мен 
сауданың өркендей түсуіне елеулі үлес қосты. Оқ дəрімен атылатын 
қару-жарақ əкеліне бастады.
ХVІ—ХVІІ ғғ. Вьетнамдағы ұсақ жеке меншік шаруашы-
лықтарының кеңінен қанат жаю кезеңі болды. Хо Кию Ли, Ле Тхай 
То жəне олардан кейінгі корольдер жүргізген реформалар біртіндеп 
өздерінің қызмет бабына қарай алған жерлерін мұрагерлікпен пай-
даланатын жеке меншігіне айналдыруға тырысқан саяси ықпалды 
шенеуніктер тобын қалыптастырды. Деревняда шаруалардың 
жіктелуі күшейіп, ауылдық қауымдардың жер иеліктерінің ыды-
рауы онан əрі жалғасты. Қауымның ішіндегі ат төбеліндей байлары 
помещиктерге, ал кедейлері — экономикалық тəуелді шаруаларға 
айнала бастады.
Ірі жер иеленуші шенеуніктер арасынан ішкі рынокта да, сыртқы 
рынокта да табысты іс жүргізуші ірі саудагерлер шыға бастады. 
Мемлекетке сіңірген еңбегі үшін феодалдар жаңа жерлер игеруге, 
оған кедей шаруаларды тартуға құқық алды. Қалыптаса бастаған 
ірі жер иеленушілік жердің ең жоғарғы иесі болып табылатын 
мемлекеттің аграрлық саясатына қарама-қарсы келді. Көп жерді 
жеке меншігіне айналдырып алған Чан, Нгуен, Чинь, Мак сияқты 
кейбір жоғары лауазымды отбасылары өз қолдарына зор билікті 
шоғырландырып алып, формальды түрде билік жүргізуші Ле 
əулетімен санасудан қалды.
Король Ле Тыонг Зык (1510—1516) күнара той-думан құрып, 
қаржыны желге шашып жатты. Мыңдаған адамдар өнімді еңбектен 
қол үзіп, «Жүз мұнара» сарайын жəне «Аспанның тоғыз қабаты» 
ғибадатханасын салумен айналысты. Билікке ұмтылған феодал-
дар қастандықтар мен сарай төңкерістерін ұйымдастырып жатты. 
1510 ж. тақ үшін күрес басталды. Оның барысында іс жүзіндегі 
өкімет билігі əскер қолбасшысының қолына көшті. Енді азаматтық 
билік пен əскери биліктегі шенеуніктер арасында күрес басталды. 
Провинциялардағы шенеуніктер халықты қолынан келгенінше 
тонады, халық кек алуды аңсады. Билік əскер басшыларына арқа 
сүйеді.
1516 ж. «шаруалар патшасы» атанған Чан Као деген ірі шенеунік 
басқарған Вьетнам тарихындағы ең ірі көтеріліс басталды. Чан 
Каомен бірге көтеріліске феодалдық Чиньдер үйінің қызметкері, 
тьямпалық Фан Ат та басшылық жасады. Көтерілісшілер астана 
Тханглаунгты басып алып, Чан Каоны император деп жарияла-
ды. Оған салтанатты түрде тəж кигізілді. Бірақ үкімет əскерімен 
кескілескен шайқастан кейін көтерілісшілер астананы тастап 
шығып, партизандық соғысқа көшті. Фан Ат қаза тапқан соң Чан 
Као басшылықты баласы Кунгке беріп, өзі монахтық жолға түсті. 
Көтеріліс таулы аудандарда 1524 жылға дейін созылып, ақыры əскер 
күшімен басылды.
1516 ж. Нгуен-хоанг-Зу деген сановник астана Тханглаунгты ба-
сып алып, жаңадан таққа отырған король Ле Тьеу Тонды (1516—1526) 
қуып жіберді. Бүлікшіге қарсы соғысты Шоннан провинциясының 
губернаторы Мак-данг-Зунг бастап, жеңіске жетті. Көрсеткен көмегі 
үшін ол корольден сый-құрметке ие болып, сарайдағы ең ықпалды 
адамға айналды.
1527  ж.  Мак-данг-Зунг  Ле  Шо  əулетін  тақтан  қуып,  өзін  ко-
роль деп жариялады да, қарсыластарын қатаң қуғынға ұшыратты. 
Дайвьеттің солтүстігіндегі Мактарға қарсы шыққан көптеген фео-
далдар мен шенеуніктер Қытайға қашып, зорлықпен билікті басып 
алушылармен күресу үшін күш жинай берді.
Елде  қалған  əскери  күштер  де  Мактар  əулетіне  бағынғысы 
келмеді. 1533 ж. Нгуендер əулетінен шыққан қолбасшы Нгуен Ким 
Ле үйінің бір мүшесін вуа деп жариялады да, Мактармен күрес бас-
тады. Сүйтіп, 1533—1592 жж. аралығы Вьетнам тарихында Сол-
түстік жəне Оңтүстік əулеттер билігінің кезеңі деген атпен белгілі.
1540 ж. Нгуен Ким Нгеан провинциясын толық басып алып, 
Мактарды Тханьхоадан ығыстырды, тіпті солтүстік Шоннам про-
винциясына аяқ басты. Нгуендердің күшеюін қуатты феодалдық  
топ  —  Чиньдер  өз  мүдделеріне  төнген  қауіп  деп санады. Чиньдер 
əулетінің негізгі тірегі батыстағы астана Тэйдо ауданындағы 
Нгеанда болатын. Ол жақта Ле əулетінің сарайы тығылып жүрген 
еді. «Заңды» түрдегі билік иесі Ленің атынан əрекет ете отырып, 
Чиньдер Нгуендер үйінің жаңа басшысы Нгуен Хоангты оңтүстіктегі 
Тхуанхоа провинциясының губернаторы болуға көндірді.
Сөйтіп, ХVІ ғасырдың ортасына қарай Дайвьетте күрделі саяси 
ахуал қалыптасты: ел өзара соғысушы үш ақсүйектер отбасыларының 
билігінде болды. Олардың екеуі — Чиньдер мен Нгуендер өздерінің 
сепаратистік пиғылдарын зорлықшыл Мактармен күрес ұранымен 
ақтап, формальды түрде Ле əулетін қолдап отырды.

282
283
Жер жыртып, егін егу
(ХVІ ғ. Дайвьет)
Бұл күрес елдің экономикасына біраз зиян келтірді. Бірақ оның 
пайдалы жақтары да болды. Ең алдымен шаруалардың бүліктері  
тыйылды.  Себебі  бұрынғы  құлдырай  бастаған  Ле  əкімшілігінің 
орнына  жергілікті  феодалдардың  жауынгер  жасақтары  келді  де, 
тəртіптің қатаң сақталуын қамтамасыз етті. Ол жасақтар Нгуен 
Ким,  Мак  Данг  сияқты  тəжірибелі  қолбасшылар  басқарған  үлкен 
армияға бірікті. Екіншіден, азаматтық əкімшілік құрамының 
қысқаруы да пайдалы болды. Үшіншіден, бұл кезде шаруалардың 
оңтүстік аудандарға (Тхуанхоа жəне Куангнам) қоныс аударуы 
күшейді.  Нгуендер  оларды  бос  жатқан  жерлерге  қоныстандырып, 
үкімет əскерінен гөрі жақсы қорғады. Тхуанхоа мен Куангнамда 
жаңа қауым қалыптасты: бұрын көшіп келгендер «негізгі», ал 
кейін қоныс аударғандар — «келімсектер» қауымы болып саналды. 
Мұндай бөлінушілік олардың арасында қақтығыстар туғызған жоқ. 
Себебі жер бұрын келгендерге де, кейін келгендерге де жетіп жат-
ты.
Чиндер де өздерінің онша бай емес иеліктерінде (Тханьхоа мен 
Нгеан облыстары) салық жүйесін реттеп, қазына мен жеке меншіктегі 
жерлердің есебін жүргізді. Бəрінен де Солтүстік Вьетнамдағы 
Мактардың иеліктеріндегі экономикалық жағдай ауыр болды.
Нгуендердің иеліктеріндегі экономикалық жағдай бəрінен жақсы 
болды. Онда жылнамалар «тонаушылық», «қарақшылық» деп атаған 
шаруалар бүліктері болған жоқ. 1558 ж. Нгуендер иелігінің солтүстік 
шекарасында бекіністер құрылысы қолға алынды. Ол бекіністер 
1571-1573 жылдардағы Мактардың жалдамалы отрядтарының ша-
буылынан аман сақтап қалды, деп жазып жатты .
1592 ж. Мактардың Тханьхоа провинциясына жасаған сəтсіз 
жорығынан кейін, Чиньдер шығыс астана Тханглаунгты басып 
алып, Ле əулетінің билігі қайта қалпына келтірілгенін жариялады. 
Мактар Каобанг провинциясының солтүстігіне бекініп алып, анда-
санда орталық алқапқа түсуге əрекеттеніп бақты.
1599 ж. Чиньдер ел басшысына Дайвьеттегі барлық əскери жəне 
азаматтық билікті солардың қолына бергендігі туралы жарлық 
шығартты. Сонымен қатар ең жоғарғы феодалдық Тюа деген лауа-
зымды иемденді.
Нгуендер біраз жылдар бойы жиналған салықтың едəуір бөлігін 
Ленің қазынасына жіберіп тұрды, сөйтіп олардың жоғарғы билік 
иесі екендігін мойындады. Бірақ корольдің таққа отыру салтанаты-
на келген Нгуен Хоангтың іс жүзіндегі билік Чинь феодалдарының 
қолында екендігіне, король Ле Тхе Тон тек қана салтанатты мейрам-
дарда, қабылдауларда халық алдына шығып көрінетін қуыршақ фи-
гура екендігіне көзі жетті.

284
285
Чиньдер елде өздерінің толық үстемдігін орнату жолында 
Нгуендерді қауіпті бақталастары деп санады. Қиыр солтүстікке 
қуылып, əлсіреген Мактар есепке алынбады. Сол себепті де Чиньдер 
Нгуен Хоангтың оңтүстікке қайтуына қалай да мүмкіндік бермеуге 
тырысты. Нгуен Хоангты Мактарға қарсы соғысып жатқан əскерге 
қолбасшы болуға зорлап көндірді. Енді Нгуен феодалдарының 
Чиндерге вассалдық тəуелділікке түсіп қалу қаупі туды. 1600 ж. 
Ниньбинь провинциясында үкіметке қарсы дүрбелең басталғанда 
Нгуен Хоанг жазалаушы отрядтардың қолбасшылығына сұранып, 
дегеніне жетті. Көтерілісті басқан соң астанаға қайтып келудің ор-
нына ол əскерімен өзінің оңтүстіктегі иелігіне кетіп қалды.
Сөйтіп Дайвьеттің оңтүстігінде құрамына Тхуанхоа мен 
Куангнам провинциялары кірген Нгуендер басшылығындағы 
тəуелсіз Дангчуанг иелігі пайда болды. Оған қарсы тұрған 
солтүстіктегі Чиньдер иелігі Дангнгоай деп аталып, Тханьхоа мен 
Нгеан провинцияларын қамтыды. Нгуендер де, Чиньдер сияқты, Ле 
əулетінің номиналды (аты ғана бар) билігін мойындап, тюа лауазы-
мын иемденді.
Нгуендер  өз  иеліктерінің  қорғанысын  күшейтуте  кірісті.  Олар 
шабуылды солтүстіктен күтіп жүргенде соққы оңтүстіктен келіп 
тиді. 1609 ж. бейбіт бітім шартын бұзып, тямдық князьдердің əскері 
Куангнам аумағына басып кірді. Соғыс Нгуендердің жеңісімен 
аяқталып, олардың иелігіне кейін Куангнгай, Биндинь, Фуйен про-
винцияларына бөлінген облыс қосып алынды.
1513 ж. өзінің мұрагері етіп баласы Нгуен-фук-Нгуенді 
тағайындап, Нгуен Хоанг қайтыс болды. Дайвьеттің оңтүстігінің 
корольдің рұқсатынсыз-ақ мұндай шешім қабылдауы Нгуендердің 
өз сюзерендерінен іс жүзінде бөлінгендігінің дəлелі еді.
Екі үйдің əрқайсысының өкілдері өздерін бүкіл Дайвьеттегі 
биліктің иесі деп санады. Сонымен қатар екі топ та халықтың ара-
сында кеңінен тараған көңіл-күйді — Ле монархиясымен байланы-
стырылатын  біртұтас  орталықтандырылған  мемлекет  құру  ниетін 
ескеруге  мəжбүр  болды.  Чиндер  өздерін  Лені  «қорғаушылар»  деп 
жариялады, ал Нгуендер абайлап халықтың Лені «босату» талабын 
жақтады.
Чиндер мен Нгуендер арасындағы ұзақ уақыт сақталып келген 
өшпенділік ақыры ашық жауласу түріне көшті. 1627 ж. Солтүстік 
Дайвьеттің билеушісі Чинь Чанг Нгуендер арасындағы тақ үшін 
күресті пайдалана отырып, Тхуанхоа мен Куангнам провинцияла-
рынан түскен салықты астанаға жіберуді талап етті. Талап орындал-
маса, соғыс ашатындығын жариялады. Нгуен-фук-Нгуен бұл талап-
ты орындаудан бас тартып, соғысқа дайындала бастады.
Солтүстік əскердің бірінші жорығы нəтижесіз аяқталды: астана 
жақта бүлік шықты-мыс деген қауесет таралды да, Чинь Чанг өз 
отрядтарын кейін қайтарды. Бірақ оңтүстікке жорықтар қайталана 
берді. Қорғанысты күшейту үшін Нгуендер Орталық Вьетнамда 
атақты Догхой қабырғасын тұрғызуға бұйрық берді.
Бұл кезде Үндіқытай жарты аралының елдеріне еуропалық от-
аршылар ене бастаған болатын. Голландтар Чиньдер жағында, 
португалдықтар Нгуендер жағында соғысқа араласып отырды.
1630 ж. Нгуендер солтүстікке жорық жасап, Ботиньді басып 
алды. Нгуендердің онан əрі табысқа жетуіне ішкі ала ауыздықтар 
кедергі келтірді. 1634 ж. Нгуен-фук-Нгуенге қарсы оның баласы 
Нгуен-фук-Ань көтеріліске шықты. Ол чиньдерді көмекке шақырды. 
Дананг маңында көтерілісшілер жеңілді. Бірақ чиньдер Ботиньді 
қайтарып алды. Қысқа мерзімге орнаған тыныштықты екі жақ та 
жаңа шайқастарға дайындық үшін пайдаланып қалуға тырысты.
Солтүстіктік феодалдардың басшысы Чинь Чанг нидерландтық 
Ост-Индия компаниясымен келісіп, 25 мың флоринға олардың 
бірнеше əскери кемелерін Нгуендерге қарсы шайқасқа аттандыр-
ды.  Голландтар  көмегі  еш  нəтиже  бермеді.  Чиньдер  əскері  мен 
голландтар флоты талқандалды, тіпті 1642 ж. маусымда эскадра 
командиры  ван  Лисвельт  қаза  тапты.  Келесі  жылы  адмирал  Бук 
басқарған голландиялықтар кемелері Сонг-Зиань өзенінде оңтүстік 
вьетнамдықтардың қоршауына түсіп, тағы да талқандалды. Аман 
қалған кемелері қашып құтылды.
ХVІІ ғасырдың ортасынан бастап шайқастар Сонг-Зиань 
өзенінің біресе оңтүстігінде, біресе солтүстігінде жүргізілді. 
Нгуендер де шет елдік державалардан, атап айтқанда, отар үшін 
күрестегі Голландияның қарсыласы Португалиядан көмек алып от-
ырды. Португалдықтар оңтүстік вьетнамдықтарды артиллериямен 
қамтамасыз ететін.
Чиньдердің Нгуендерді бағындыру үшін біраз үзілістермен 46 
жылға жуық жүргізген соғысы 1672 ж. сəтсіздікпен аяқталды. Елдің 
екіге бөлінуі онан əрі жүз жылдан астам уақытқа созылды.
Дангнгоай деп аталған солтүстіктегі Чиньдер иелігінде қауым-
ның ыдырауы поместьелік жер иеленушіліктің өсуімен, деревняға 
тауар-ақша қатынасының енуімен қатар жүрді. Өзара соғыстардың, 
сыбайлас жемқорлықтың кесірінен алым-салық түрлері мен 
мөлшерінің өсе түсуі қауым мүшелерінің күн көрісін қиындатып 

286
287
жіберді, оларды өз үлестерін тастап, мемлекеттік салықтан 
босатылған жекелеген феодалдардың жəне ғибадатханалардың 
шаруашылықтарына барып қоныстануға мəжбүр етті. Кетіп қалған 
шаруалардың үлестерін ақсақалдар, ұсақ шенеуніктер мен ауыл 
дінбасылары кезекті жер санағы кезінде өз учаскелеріне айналды-
рып алып отырды. Ол жерлерді кедейленіп қалған қауым мүшелеріне 
өңдетті.
ХVІ ғасырдың 90- жылдарының ортасында ашаршылық пен 
көтерілістер орын алды. Чиньдердің 120 мыңдық əскерінің бо-
луына қарамастан «ұры-қарылар мен тонаушылар қаптап кетті». 
Чиньдер шаруалардың жағдайын жақсарту мақсатымен оларды 
үш жылға алым-салықтардан босатты. Өкімет қашқын шаруалар-
ды жинап, оларды жермен, жұмыспен қамтамасыз етуге тырысты, 
уақытша соғысты тоқтатып, билік аппаратына, ең алдымен вуа 
Ленің сəн-салтанаттық аппаратына жұмсалатын шығын мөлшерін 
қысқартты. Осындай шаралар көтерілістерді тоқтатты. Дегенмен 
1613 ж. Енкуангте көтеріліс болып, Чиньдерді шаруаларға тағы да 
біраз жеңілдіктер беруге мəжбүр етті.
Бірақ Нгуендермен жүргізілген ауыр соғыстар солтүстік 
тюалардың жағдайын қиындата берді. Кедейленген шаруалар ірі 
лауазымды феодалдардың иеліктеріне қашып барып, олардың 
қуаттылығын арттыра түсті. Қазынаға түсетін салық мөлшері де, 
əскер саны да қысқара берді. Шаруалар көтерілістері жиілей баста-
ды.
Чиндер өкіметі өзінің ішкі саясатында бұрынғысынша ұсақ 
феодалдар иеліктерінің экономикалық тұтастығын қорғай берді. 
Шаруалардың жеке бас салығының мөлшерін төмендетті. Бұл шара-
лар Чиньдердің бюджетін қысқартты, олар шаруаларының көптігіне 
қарамастан, Нгуендермен салыстырғанда кедейлеу болды.
ХV ғасырда Дайвьеттің əскери саяси бақылауының Орталық 
Вьетнамның көп бөлігіне орнауы мұнда жергілікті жер иеленуші 
феодалдарға бағынышты көптеген вьет шаруаларының қоныста-
рының құрылуына əкеліп соқты. Билік бірнеше гарнизонның 
қолында болды. Бұл жақтағы провинциялық əкімшілік тек 1545 
ж. орнады, онда да тек солтүстікте, Тхуанхоада; ол жергілікті 
феодалдардың өзіндік билігін ауыздықтай алмады.
ХV ғасырдың 50- жылдарының аяғында мұнда Тханьхоадан 
қоныс аударушылардың үлкен легі келді; ол қоныс аударуға 
Тхуанхоаны иелігіне алған Нгуендер басшылық жасады. Тың 
жерлерді игеру алғашқы жылдары өте мол өнім беріп тұрды, 
халықтың тұрмысы түзеле бастады. Жерінен айырылған шаруалар 
оңтүстікке, Куангнамға жылжи берді. Куангнамда «жер жақсы, адам 
көп,  бəрі  жеткілікті  өндіріледі,  ...  халықтың  жартысынан  астамы 
əскерилер».
Дангчуангтың мемлекеттік аппаратында əкімшілік міндеттері 
əскери жəне экономикалық міндеттермен тығыз ұштасып жатты. 
Мұнда Ленің азаматтық əкімшілігінің дəстүрлері кең орын алмады, 
ең алдымен əскери-помещиктік элементтерге арқа сүйеген тюаның 
əскери режимі таза күйінде билік құрды. Əскерде шақырылған ша-
руалармен қатар феодалдық жасақтар да сақталды. Əкімшіліктің 
қалыптасуы Дангчаунгты біржолата тəуелсіз иелікке айналдырды.  
1610 ж. феодалдық тарихнамада «мемлекеттің құрылуы» деп санал-
ды. Бірақ оның басшылары — Нгуендер өздерін вуа деп жариялауға 
тырысқан жоқ, керісінше, өздерінің узурпатор Чиньдер «тұтқында 
ұстап отырған» Леге адал берілгендігін мəлімдеп отырды. Лемен 
олар мезгіл-мезгіл байланыс «ырымын» жасап отырды.
1618 ж. Дангчаунгте жер иелену қатынастары тəртіпке келтірілді, 
қазынаның жері — шаруалардың қауымдық егістіктері өлшенді; 
қазыналық жердің екінші категориясы «шенеуніктердің жері» бол-
ды. Қазыналық жерлер «байлардың», яғни лауазым иесі емес ұсақ 
жəне орташа помещиктердің иемденіп қалу объектісіне айнала 
бастады; шаруалар да бұл таластан тыс қалмай, бірінің жерін бірі 
тартып алуға тырысып жатты. Бұл жанжалдар жер жетпеушіліктен 
емес, негізінен аграрлық нормалардың нашар реттелуінің нəтижесі 
еді. Нгуендер қазыналық жер иемденуді қорғаушылар болды, 
алқаптарды  өлшеп,  əр  алқапқа  тиісті  салық  мөлшерін  белгіледі. 
Соның нəтижесінде жер жанжалы азайды.
Дангчаунгте жиі-жиі жүргізіліп отырған жан басының санағы 
отбасыларын «негізгі» жəне «келімсектер» деп бөлуді онан əрі 
жалғастыруды көздеді. Əскерге, солтүстіктегідей байлардың емес, 
ең алдымен орташа бақуаттылардың балалары, сонан кейін өз 
бетімен «жалданушылар» алынды.
Дангчаунгтың экономикалық жағдайы ХVІІ ғасырдың 30- жыл-
дарында біраз нашарлап кетті. Оған Чиньдермен соғыс жəне күріш 
алқабына кедей Тхуанхоадағы жердің таусылуы себеп болды. 1637 
ж.  елде  ашаршылық  орын  алды.  1641  ж.  күріштің  бағасы  20  есе 
қымбаттап, адамдар аштан қырылды.
Жерді жеке-жеке иеленудің қалыптасуына орталықтанды-
рылған мемлекеттік биліктің əлсіз болуы, қауымдардан жинала-
тын салықтың есебінен өмір сүретін феодалдық-бюрократтық 
аппараттың оңтүстікте солтүстікке қарағанда əлдеқайда дəрмен-
сіздігі себеп болды.

288
289
Помещиктер қауым мүшелерін бірінен соң бірін біртіндеп 
кіріптарлыққа түсіріп отырды. Табиғи апаттар кезінде жекелеген де-
ревня түгелімен тəуелділікке түсіп қалатын.
Оңтүстікте, бұрынғы Тямпаның аумағында сыртқы сауда 
байланысы жақсы дамыған ірі сауда — қолөнерлік қалалар сақ-
талды.  Тау-кен  өндірісі  де  өркендеді.  Нгуендер  өз  монеталарын 
шығарып, Оңтүстік-Шығыс Азияның барлық елдерімен, Қытай-
мен, Жапониямен, Индиямен, Голландиямен, Португалиямен қызу 
сауда қатынасын орнатты. ХVІІ ғасырдың басында португалдықтар 
вьетнамдықтарды зеңбірек жасау ісіне үйретті.
Мемлекеттік аппаратты құрғанда Нгуендер адамдарды бай, 
кедей деп алаламай, шенеуніктік емтиханды ойдағыдай тапсыр-
ғандардың бəрін қызметке қабылдай берді. Мұны сол кездегі 
көптеген көрнекті қоғам қайраткерлері мен əскер басшыларының 
өмірбаянынан көруге болады.
Оңтүстіктің  əскерінде  адам  аз  болды,  бірақ  ол  оқ-дəрімен  аты-
латын қарумен жеткілікті түрде қаруланды. Мемлекеттің қуатты  
əскери  флоты  болды.  Артиллериялық,  атты  жəне  жаяу  əскер 
училищелері болды. Əскерде пілдерді де пайдаланды.
Нгуендер өз аумағын Кампучияға қарасты Тямпа мен Меконгтың 
есебінен ұлғайтып отырды. Тямдар қарсыласып бақты, бірақ олардың 
əскері аз болды. Оның үстіне Тямпа ішкі қарама-қайшылықтардан, 
мұсылмандар мен индустер арасындағы қырқысулардан қатты 
 
əлсіреп отырды. Тямдық шаруалар вьетнамдық феодалдарға тəуел-
ділікке түсіп отырса, тямдық феодалдар вьетнамдық шенеуніктерге 
айналды. Бұрын бос жатқан жерлерге Дангчаунгтық əскери бөлім-
шелер қоныстанып жатты.
ХVІІ ғасырда елдің солтүстігінде де, оңтүстігінде де като-
лик миссионерлері қаптап кетті. Егер Қытайда, Жапонияда, тіпті 
Сиамда олардың қызыметіне шек қойылып жатса, Вьетнамда 
керісінше,  оларға  кеңінен  еркіндік  берілді.  Вьетнамдық  өкімет 
басшылары католиктік дінді елде əлі күнге дейін тұғырынан түсе 
қоймаған қытай конфуциандығына қарсы қойылған тосқауыл деп 
қарастырған болу керек.
Католиктік миссионерлердің Вьетнамдағы қызметінің 
табысқа жеткендігінің бір дəлелі — латын алфавитіне негізделген 
вьетнамдық əдеби жазудың пайда болуы еді. Бұған дейін елдің 
бетке ұстар сауаттылары, ресми əкімшілік, барлық шенеуніктер 
қытайдың иероглифтік жазуын қолданатын. Жаңа жазу ең алды-
мен патриоттық рухтағы вьеттер тарапынан қолдау тапты. Осындай 
жағдайда католик шіркеуінің ықпалы онан сайын өсе түсті. ХVІІ 
ғасырда Вьетнамда христиандыққа (католиктік) енгізілгендер саны 
жүз мыңнан асты. Мұндай жағдай ақырында өкімет басшылары 
арасында қауіп туғыза бастады. Кейбір қалалардағы еуропалық 
факторилер жабылып, Вьетнамдағы католик шіркеуінің қызметіне 
шек қойылды.
Мəдениет.  Бұдан  бірнеше  жүз  жыл  бұрынғыдай  Дайвьеттің        
мəдени өмірі конфуциандық пен буддизм идеологиясының 
ықпалымен дамып келе жатты. ХVІ ғасырдың аяғына дейін Дайвьетте 
ақсүйектер арасында мемлекеттік дін ретінде конфуциандық 
үстемдік құрды. Осы кезде буддизмнің қайта өрлеуі басталды. 
Барлық қалаларда, əсіресе астаналар Тханглаунг пен Фусуанда (Хуэ) 
ғибадатханалар мен пагодалар көптеп салына бастады. Олардың 
арасында құрылысы 1601 ж. аяқталған Фусуан маңындағы «Аспан 
феясы» таңғажайып сұлулығымен ерекшеленетін.
ХVІІ ғасырдағы сəулет өнерінің онан əрі дамып, жетілуінің, 
сондай-ақ буддизмнің қайта өрлеуінің куəсі — 1647 ж. Буттхапта 
салынып біткен биіктігі төрт қабатты үйге тең Баонгием деген атпен 
белгілі будданың аяғы. Сəулет өнерінің біздің заманымызға жет-
кен зəулім ескерткіштерінің бірі — ХVІІ ғасырдың ортасына қарай 
Тхайбинь провинциясында салынған Кэо ғибадатханалар кешені.
Мүсін өнері де жоғары дəрежеде дамып жетілді. Вьеттік шебер-
лер мың қолы, мың көзі бар будда құдайы Гуаньиньнің таңғажайып 
мүсінін ағаштан кесіп жасады. Ол Нинь-фук пагодасына қойылды. 
Вьеттің пластикалық өнерінің інжу-маржаны — «Қатты ағыс» 
каналының жағасына қойылған 18 мүсін. Оның əрқайсысы адамның 
əртүрлі жағдайдағы (қуаныш, реніш, ойға бату...) мінезін сипаттай-
ды.
Дəстүр бойынша Дайвьеттің мəдени орталықтары болып екі аста-
на: солтүстікте — Тханглаунг, оңтүстікте — Фусуан (Хуэ) қалалары 
саналды. Тханглаунгтегі Чиньдер сарайында оқымыстылар тобы өз 
елінің тарихын зерттеумен айналысты. Олар ХVІІ ғасырдың аяғына 
қарай «Дайвьет тарихы» деген жалпылама еңбегін жариялады.
Оңтүстік Дайвьетте Нгуендер өкіметі шенеуніктер дайын-
дауға ерекше назар аударды. Көптеген оқу орындары, оның ішінде 
Фусуан маңындағы Əдебиет ғибадатханасы (храм) ашылды. Хатьен 
қаласында будда дінінің алыптары бірінші əдеби бірлестік құрды. 
Ол «Хатьеннің он бейнесі» деген жинақ шығарды.
Əдебиет саласында ХV—ХVІІ ғасырларда ритмикалық проза 
кең тарады. Нгуен Бинь Кхиемнің (1491—1585) поэзиясы əлеуметтік 

290
291
теңдік  тақырыбын  дамыта  түсті.  Ханван  тілінде  жазылған  Нгуен 
Зының (ХVІ ғ.) «Таңғажайып оқиғалар əңгімелерінің жинағы» но-
велла жанрының жоғары дəрежеде жетілгендігін көрсетті. ХVІ 
ғасырдың екінші жартысында поэзияның философиялық лирикалық 
жанры пайда болды.
Дайвьеттік музыка, оның ішінде, əсіресе музыка өнерінің теория-
сы өркен жайды. ХVІ ғасырда екі музыкалық қоғам құрылды. Олар: 
теориялық «Бо данг ван» жəне вокалды-инструменттік «Боня няк» 
(кейін «Бо зяо фьюнг» деп аталған) ансамблі. Сарайда корольдің 
салтанатты мерекелеріне қызмет ететін «Дой ба лэнь» оркестрі 
құрылды.
Вьетнамдық туонг деп аталған классикалық театр халық 
мақтанышы болды. Оның репертуарында ұлттық тарихтың 
оқиғаларын баяндайтын қойылымдар жеткілікті орын алды. 
Туонгпен қатар кезбе театр да кеңінен тарап, өнер саласын дамытуға 
едəуір үлес қосты.
Ə д е б и е т т е р:
1. Васильев Л. С. История Востока: В 2 т., т. 1.— М.: Высш. шк., 
1998.— 409—413 бб.
2. История стран Азии и Африки в средние века. ч. 2.— М.: МГУ, 
1987.— 168—175 бб.
3. История Востока. т. ІІІ: Восток на рубеже средневековья и 
нового времени.— М., 1999.— 302—314 бб.



Поделитесь с Вашими друзьями:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   25


©emirsaba.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет