СарасөЗ (Әдебиеттану, сын әлемі)


Он бірінші ерлік – Тереңнен тамыр тартқан



жүктеу 2.26 Mb.
Pdf просмотр
бет11/41
Дата28.12.2016
өлшемі2.26 Mb.
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   41

Он бірінші ерлік – Тереңнен тамыр тартқан
Шәпекі сары жігіт-ұстаз студенттермен сырласа дәріс оқып 
тұр.
– Қазақ әдебиетінің тарихы қай дәуір, қандай кезеңдерден 
басталарын білесіздер ме?
– Білеміз.
– Қайдан бастау алады?
– Түрік халықтарына ортақ кезеңдерден.
– «Түрік қағанаты» дәуірінен.
– Бұл концепцияның авторы кім?
– Профессор Бейсембай Кенжебайұлы!
***
Қазақ  әдебиетінің  ғылыми  тарихы  көп  уақыт  талас-тар-
тысқа  түсті,  ұзақ  жылдарға  созылған  дау-дамайға  айналды. 
Ақиқатқа  жету  жолы  –  айтыс-тартыс  болуы  заңды.  Ғылым 
–  бас  шұлғи  берумен,  өзіне  дейінгі  ғалымдардың  айтқанын 
мүлтіксіз  мойындаудан  тұрмайды,  ғылым  –  өзіне  дейінгі  әр 
буын ғалымдар жасаған тұжырым, жазған еңбекті жіті қарап, 
жете  игеріп,  сын  көзбен  саралау  арқылы  жетіледі.  Қазақ 
әдебиетінің  жазба  тарихының  қайдан,  қай  дәуірден,  қандай 
әдеби  жәдігерліктен  басталатыны  жөніндегі  айтыс-тартыс 
та  міне  осындай  заңдылықтың  жемісі  деп  қарау  жөн.  Бұл, 
шындығында жеке адамдардың бас араздығынан туған солақай, 
сорақылық  емес,  ғылыми  көзқарастар  қайшылығынан  туған 
ғылыми концепциялар күресі.
1960 жылы «Қазақ әдебиеті» газеті бетінде профессор Бей-
сембай  Кенжебайұлының  «Қазақ  әдебиетінің  тарихы  қайдан 
басталады?» – деп аталатын принциптік мәні зор полемикалық 
мақаласы жарық көрді. Мақала қазақ әдебиеті тарихын жасау-
шы  ғалымдар  арасына  “бомба”  жарғанға  пара-пар  әсер  етті. 
Неге? 
Біріншіден,  орыс  басқыншылығына  негізделген  кеңестік 
идеология  қай  ұлт,  қандай  халықтың  да  қадым  замандық, 
ұлттық  әдебиет,  мәдениет  үлгілерін  іздеуде  ғалымдар  көзін 
байлап, аяғын тұсап тастаған еді. Өзге ұлт ғалымдары секілді 
қазақ ғалымдары да «қазақ халқы Ресейге өз еркімен қосылған 
жерден бастап жазу-сызуға ие болды, әдебиеті өсті, мәдениеті 
өркендеді»  –  деп  бірауыздан  бірдауыспен  сайрап  үйренген. 
Қазақстанның  Ресейге  қосылуын  айтамыз-ау,  тіпті  ұлттық 
мә дениеттің  дамуын  көп  ғалымдарымыз  Қазан  төңкерісімен 
байланысты қарады. Орайында бір ақынның «Октябрьден әрі-
ге  өлтірсең  де  барман»  деген  бір  сөзі  еске  түседі.  Ғалым  да 
зәрезап, ақын да зәрезап. Қыранжүрек не бір ғалымдар бір-екі 
рет түрмеге қамалып шыққан соң қоянжүрек халге келген. Ке-
ңестік идеологияның айтқанына көніп, айдауына жүрген.
Екіншіден,  алпысыншы  жылдарға  дейін  «Қазақ  жазба 
әде биетінің  тарихы  ХVІІІ  ғасырдан  басталады»  –  деген  пікір 
әдебиетшілер  арасында  бұлжымас  концепцияға  айналып  ор-
нығып үлгерген еді. Айталық, академик Қажым Жұмалиев өзі-
нің  «Қазақ  эпосы  мен  әдебиет  тарихының  мәселелері»  (1958 

144
145
ж.) аталатын қос томдық еңбегінің бірінші кітабында мынадай 
пікірлер айтты:
«Жазбасы  кеш  басталып,  шын  мәнінде  мәдениетке  Со­
циалистік Ұлы Октябрь революциясынан кейін, совет өкіметі 
кезінде ғана еркін қолы жеткен /?/ қазақтың жазба әдебиеті 
өзінен бұрынғы ауыз әдебиетімен тікелей байланысты» /243-
бет/.
«Ол кездегі қазақ ақындары орыс тілін білмеді, сон дықтан 
орыс,  Европа  мәдениетімен  араласа  алмады.  ХІХ  ғасырдың 
жарымының аяқ кезінде өмір сүрген кейбір ақындардан шаға­
тай, түрік, татар тілінде басылып шыққан әдеби шығарма­
ларға  еліктеушілік  байқалады.  Дүниетану  көзқарастарына 
ислам дінінің әсер еткені сезіледі» /244-бет/.
«Бұларға  шейінгі  әдебиет  нұсқаларында  Асанқайғы,  Сы­
пыра  жыраулардың  да  аттары  аталғанымен,  олар  та рихи 
адамнан гөрі легендаға айналып кеткен, тарихта дәл қай кезде 
болғаны  мәлім  емес  және  олар  айтыпты­мыс  деген  толғау 
сөздер әр жерде әр түрлі айтылуын еске алсақ, олар әдебиет 
тарихының басы бола алмайды» /244-бет/.
«Тарихи  әдебиет  пен  ауыз  әдебиетінің  жігін  ашудағы 
белгінің  бірі  –  осы,  авторын  сақтау  десек,  сонымен  қа тар, 
негізгі айырмасы – тарихи әдебиеттің бірімен бірі байланысты 
түрде өсуі деуге болады» /244-бет/.
“Ал,  ХVІІІ  ғасырдың  екінші  жарымы,  ХІХ  ғасырдың  бас 
кезінен  бері  қарай  тарихта  бірінші  рет  аты  мәлім,  шы ғар­
малары да бірінші рет өзінің атымен сақталған ақын Бұхар 
жырау” /245­бет/. «Сондықтан да қазақ әдебиетінің тарихы 
бар. Қазақ әдебиет тарихының басы – Бұхар жырау дейміз». 
/248-бет/.
Міне, қазақ әдебиетінің тарихы жөнінде алпысыншы жыл-
дарға дейін қағидаға айналған концепция осындай болатын. бұл 
пікір қайда да, кімнің тарапынан болса да айнымас, бұлжымас 
ақиқат  райында  қалыптасқан  концепция.  Көрнекті  ғалым  Қа-
жым  Жұмалиевтің  бұл  концепциясының  ақиқат  ретінде  қа-
былданғанын автордың аталмыш қос томдық зерттеуіне жазған 
рецензия,  білдірілген  пікірлерден  де  көреміз.  Нақты  мысалға 
жүгінсек, абырой-атағы жоғары ғалым Жұмалиевтің қос том-
дығына жазған «Ғылыми құнды кітап» аталатын мақаласында 
Бүркіт Ысқақов: «Профессор Қ.Жұмалиев өз кітабының екінші 
бөлімінде қазақ әдебиеті тарихының көптеген мәселелерін сөз 
етеді,  ауыз  әдебиеті  мен  жазба  әдебиетінің  ерекшеліктері­
не тоқталады. Қазақ әдебиетінің тарихы кімнен басталады 
деген  сұраққа  жауап  береді.  Ол  орыстың  ұлы  сыншысы 
В.Г.Белинскийдің ғылыми қа ғи даларына сүйене отырып, қазақ 
әдебиетінің тарихы Бұ хардан басталатындығын дәлелдейді. 
Бұл  жөнінде  Қ.Жұ малиев  ғылыми  батыл  пікір  (?)  айтып 
отырғанын атап ай туымыз керек» («Лениншіл жас» № 63, 29 
март, 1959 жыл) – деп жазды.
Көріп  отырғанымыздай,  «қазақ  әдебиетінің  тарихы  Бұхар 
жыраудан басталады» – деген пікір концепция ретінде әдеби-
ортада  әбден  орныққан.  Ол  ғылымдағы  «батылдық»(?),  «бай-
салдылық» (?) болып бағаланған. Міне, осындай сәтте профес-
сор  Бейсембай  Кенжебаевтың  бұл  концепцияға  қарама-қарсы 
«Біз  Қажымның  бұл  пікіріне  қосылмаймыз,  қарсы  дау  айта-
мыз»  –  деп  бастап  мақала  жазуы  жайма  шуақ  аспаннан  жай 
түскенмен бірдей еді.
Профессор  Бейсембай  Кенжебайұлы  «Қазақ  әдебиетінің 
тарихы қайдан басталады?» – деген мақаласында қандай кон-
цепция ұсынады? Ойын қалай дәлелдейді?
«Қай  халықтың  болсын  жазба  әдебиетінің  басы  бір 
адам,  жеке  бір  ақын,  жазушы  яки  соның  шығармасы  болуы 
заң емес. Жазба әдебиеттің басы, алғашқы нұсқалары түрлі 
дін,  заң  кітаптарының,  ресми  жазу­сызулар  мен  бұйрық­
жарлықтардың,  жеке  кісі  хаттары  мен  өмірбаяндарының 
шешен, өткір, көрікті, шебер жазылған жерлерінен іріктеліп 
алынуы, солардың жиыны болып келуі де мүмкін».
«Сондай­ақ,  кейбір  жазба  әдебиетінің  алғашқы  нұс қа ­
ларының сол халықтың өз тілінде, бүгінгі тілінде болуы мін­
детті  емес:  басқа  тілде,  ол  халыққа  осы  күнде  түсініксіз 
тілде жасалған, бірақ сол халық жерінде, сол халықтың өкі ­ 
лі  тарапынан  жасалған,  сол  халықтың  өмірін,  салтын,  мі  ­ 
незін көрсететін әдебиет нұсқаларының болуы да ық ти мал».
«…бір халық жазба әдебиетінің сол халық болып құ ралған 
соң жасалуы да заң емес, онан бұрын жасалуы, ең болмағанда 
кейбір нұсқаларының онан бұрын болуы мүмкін».
«Біздің  қазақ  көп  рудан  құралған  халық.  Осы  күнгі  қа зақ 
Х ғасырда халық болып құралды деп біреулер айтады да, ХV 
ғасырда  халық  болып  құралды  деп  екінші  біреулер  айтады. 
Қалайда қазақ болып біріккен рулар дүниеге дәл сол қазақ болып 
біріккен  ғасырда  ғана  келген  жоқ,  тарихта  онан  көп  бұрын 
бар рулар. Тек олар бұрын бытырап, әр халыққа бір қосылып 
жүрген.

146
147
Мысалы  қазақ  халқы  құрамына  енген  үйсіндер  та рих та 
біздің  жыл  санауымыздан  бір­ер  ғасыр  бұрын  бол ған;  қазақ 
халқының  негізі  болып  саналатын  қаңлы,  қып шақ,  қоңырат, 
керей,  арғын  рулары  да  тарихта  VІІІ­ІХ  ғасырлардан  бар 
рулар».
«Міне, осы рулардың жүрген жерлерінде ерте уақыттар да 
жасалған, сол рулардың тірлігін, салтын бейнелейтін, бір кезде 
сол  руларға  түсінікті  болған  жазу­сызулар,  жазба  әдебиет 
нұсқалары болса, олар сол рулар жазба әдебиетінің, кейін сол 
рулардан құралған халық жазба әдебиетінің нұсқалары болып 
есептеледі».  /Б.Кенжебаев,  «Көне  әдебиет  туралы»,  А.,  1969, 
3-бет/.
«Қазақ әдебиетінің тарихы қай дәуір, қандай кезеңдерден 
басталады?» – деген проблема полемикаға айналып алпысын-
шы  жылдарға  дейін  тартыста  келді.  Алпысыншы  жылдардан 
кейін  де  түрік  халықтарына  ортақ  көне  әдебиетке  деген  кен-
же  көзқарас  көп  салқынын  тигізіп  келді.  (Біз  мұндай  кежір 
көзқарасқа  1984  жылы  Б.Кенжебаевтың  «Әдебиет  белестері» 
–  деген  атпен  екі  томдық  қолжазбасын  кітап  етіп  дайындап, 
баспаға ұсыну үстінде де кездескенімізді айта кетелік).
Қазақ әдебиеті тарихы жөнінде қайшылықты көзқарастың 
туу сыры неде? Қайшыласқан кереғар пікірдің қайсысы дұрыс 
еді?
Қай елдің әдебиетінің тарихы да сол халықтың азаматтық 
тарихының ізімен жасалатыны хақ. Қазақ әдебиеті тарихы жө-
ніндегі пікірлердің ала-құла болатыны, қайшылыққа ұшырап, 
өзара бітімге келе алмайтын себебі – қазақтың көне түркі дә-
уірлерден желі тартқан азаматтық керуенінің ғылыми тарихы 
жасалмаған. Азаматтық тарихы ғылыми тұрғыдан жүйеленіп, 
зерттеліп  жазылмаған  соң  ол  халықтың  әдебиет  тарихының 
жүйесін  жасау  оңай  болмайды.  Ұлы  жазушы,  ғұлама  ойшыл 
Мұхтар Әуезов 1927 жылы жарық көрер-көрместе «жөргегінде» 
тұншықтырылған  «Әдебиет  тарихы»  аталатын  еңбегінде  бұл 
мәселе жөнінде: «Әдебиет тарихының қазіргі заманда шығуы 
туралы  айтатынымыз:  тегінде  бұл  тарих  қазақ  елінің  жалпы 
тарихы шыққан соң тізілуі лайық еді. Бұл күнде шалғай шығып 
қалды. Сондықтан барлық ескілікті қарастырған уақытта, қазақ 
тарихының ұлы аңғарына жанастыруға тырысып, әлеумет тір-
шілігінің ішкі-сыртқы қалпымен байланыстыруға талап етсек 
те, нағыз тарих сөзі мен бұның мөлшерінің арасында шалғайлық 
болып кетуге мүмкін. Ондайлық адасқан жері болса, кітаптың 
тарихсыз заманда шыққанын еске алуды тілейміз» (М.Әуезов 
«Әдебиет  тарихы»,  Ана  тілі,  1991,  11-бет)  –  деп  жазған  еді. 
Ғалымдарды адастырған жайдың бірі – алпысыншы жылдарға 
дейін  қазақтың  азаматтық  тарихының  жүйелі  жазылмауы. 
Сонымен қатар көңіл діті жете тұра ғалымдардың әріге сілтей 
алмай, беріден (ХVІІІ ғ.) қайта беретін себебі – кеңестік иде о-
логияның қытымыр ызғарының әсері. Үшінші бір себеп – қазақ 
ақын-жазушылары,  ғалымдары  арасындағы  жікке,  бірін-бірі 
мойындамауға, яки ғылыми кісілік мәдениетке байланысты. 
Алайда, ғылым – ізденіс, ғылым – талас, ғылым – талқы. 
Қазақ  әдебиеті  тарихы  жөнінде  өзара  айтыс-тартысқа  барған 
екі бірдей аға ғалым да одан әрі ізденіс жолына түсті. Өздері 
ұстанған  көзқарасты  ғылыми  ізденіс  арқылы  дәлелдеулері 
керек еді. 
Осындай  игі  мақсатпен  профессор  Бейсембай  Кенжебай-
ұлы кейін «Ертедегі тіл, әдебиет ескерткіштері» (1961 жылғы 
республикалық  филологиялық  кеңесте  жасаған  баяндамасы), 
«Қазақ әдеби тілінің тарихы жайлы», «Жүйелі үлгі» (Н.М.Мал-
лаевтың «Өзбек әдебиетінің тарихы», бірінші кітабы жөнінде), 
«Девону луғат-ат түрік», «Кодекс-Куманикус», «Мұхаббат на-
ме» (/А.Қыраубаевамен бірге), «Қазақ әдебиеті тарихының жү-
йесі», «Қазақ әдебиетін дәуірлеу мәселелері», «Қазақ әде бие-
тінің  тарихы  туралы»,  «Қазақ  хандығы  тұсындағы  әдебиет» 
–  аталатын  мақалаларын  жазды.  Бұл  –  ғалымның  1940-1970 
жылдар аралығында тындырған еңбектері. Ғалымның бүкіл қа-
жыр-қайратын алған жұмыс болды бұл.
Ұзақ  ізденістен  кейін  профессор  Бейсембай  Кенжебай-
ұлының  қазақ  әдебиеті  тарихын  түрік  халықтарына  ортақ 
көне  кезеңдерден  бастау  керек  деген  концепциясы  орнығып, 
қалыптасты. Ұзақ ізденістен кейін профессор Бейсембай Кен-
жебайұлы жасаған қазақ әдебиеті тарихының мынадай жү йесі 
қалыптасты: 
I. Бұрынғы әдебиет (V-ХV ғасырлар арасы). Қазақ ру-тай-
паларының ежелгі ру, ұлыс дәуірлеріндегі әдебиеті. Көбінше, 
сол  замандардан  түрік  ру-тайпаларымен  бірге  жасаған  ортақ 
әдебиет.
ІІ. Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет (ХV-ХІХ ғасыр ара-
сы). Қазақтың өзіндік әдебиеті. 
ІІІ.  Қазақтың  ХІХ  ғасырдағы  жаңа,  сыншыл,  реалистік 
әдебиеті.

148
149
ІV. Қазақтың ХХ ғасыр басындағы (1990-1920 жылдардағы) 
әдебиеті.
V. Қазақ халқының Ұлы Октябрь социалистік революция-
сынан  кейінгі  советтік  әдебиеті  (Б.Кенжебайұлы  «Қазақ  әде-
биеті тарихының мәселелері», Ғылым 1973, 14-бет).
Қазір  қазақ  әдебиеті  тарихы  жөнінде  профессор  Б.Кен-
жебайұлы  жасаған  осы  ғылыми  жүйе  концепция  ретінде 
әбден  орнықты.  Бір  қалыпта  қатып  қалған  ештеңе  де  жоқ. 
Алғы  күндері  талантты  ізденушілер  тарапынан  бұл  жүйе  то-
лықтырылып  жатса  нұр  үстіне  нұр!  Ал,  әзірге  1965  жылдан 
бастап осы жүйе бойынша жоғары оқу орындарына бағдарла-
ма  дайындалып,  оқулық,  оқу  құралы  шығарылып,  зерттеулер 
жүргізілуде,  жаңа  еңбектер  жарық  көруде.  Бұл  –  профессор 
Бейсембай Кенжебайұлының үлкен жеңісі еді.
Бұл  күнде  «Қазақ  әдебиеті  тарихын  зерттеу  мектебі  қа-
лыптасты»  –  деп  дабырайтатынымызға  қарамастан  Б.Кен же-
байұлы бұл биігіне бір күнде, бірден жеткен жоқ. «Дүние бір 
қисық жол бұраңдаған» демекші, бұл ғалымның бар ғұмырын 
алған ұзақ та, бұралаң жол.
Төңкерісшіл ақын Сәкен Сейфуллиннің 1932 жылы «Қазақ 
әдебиеті» (Билер дәуірі)» аталатын зерттеу еңбегі жарық көрге-
ні мәлім. Қазақ әдебиетіне алғашқы барлаудың бірі секілді міне 
осы  еңбекке  жазған  сын  мақаласында  Б.Кенжебайұлы  қазақ 
әдебиеті  тарихын  тарих  тереңіне  қарай  ілгерілету  керектігін 
ал ғаш айтқан еді. Одан кейін 1940 жылы «Қазақ әдебиеті та-
рихын  дәуірлеу»,  «Қазақ  хандығы  тұсындағы  әдебиет»  ата-
латын екі бірдей проблемалық мақала жазып «Қазақ тілі мен 
әдебиеті мәселелері» (1941 ж) – аталатын жинақта жариялады. 
Осының бәрі табанды ғалымның уақыт қира-кезеңдігіне, сая-
сат  қытымырлығына  қарамай  қазақ  әдебиеті  тарихын  қадым 
замандарға қарай ілгерілету, біртіндеп тереңдету талабы еді.
Алайда  көз  басыр,  құлақ  тасыр  болған,  саясат  қуғындап, 
езіп тастаған уақытта ғалым сөзі ғылыми жұртшылық құлағы-
на  жете  қоймады.  Айтқан  сөзім  жетпеді,  уақыт  талабына  сай 
келмеді деп жігері мұқалмай, Б.Кенжебайұлы өзінің қазақ әде-
биеті хақындағы концепциясын орнықтыру бағытында талмай 
ізденіп, аянбай айтыс таласқа барды. «Қазақ әдебиеті» газетінде 
«Қазақ әдебиеті тарихының кейбір мәселелері» (1955 ж, № 7, 
18 ақпан) – аталатын актуальды мақаласын және жазды. 1959 
жылы  «Әдеби  мұра  және  оны  зерттеу»  жөнінде  Қазақстан 
Республикасы  Ұлттық  ғылым  академиясында  өткен  ғылыми-
теориялық  конференцияда  арнайы  баяндама  жасады.  Әріптес 
ғалымдармен «бет жыртысқан» айтыс-тыртысқа барды, беделге 
қарамады.  «Бейсембай,  айдағаның  бес  ешкі,  ысқырығың  жер 
жарады», «Көтере алмайтын шоқпарды беліңе қыстырма» – 
дегендей арға, намысқа тиетін талай-талай ғайбат сөз естіді сол 
жолы. Қайтесің уақыт, түсінік солай!
Ғайбат сөзден көңіліңе қаяу түскен шығар-ау. Алайда, туған 
халқының әдебиеті тарихын, рухани мәдениетін тереңдетсем, 
ғылыми  негізде  жүйелеп  берсем  деген  асқақ  арман  ғалымды 
алға жетелей берді, жетелей берді. Қажырлы ғалым қатарына 
шәкірттерін  тарта  тәрбиелеп,  ісін  ілгері  жалғай  түсті.  Өзі 
қинала  жүріп,  шәкірттерінің  әрбір  алым-адымына,  қызық 
қадамына  қуана  білді.  “Қазақ  университеті”  газетінің  1969 
жылғы 13 маусым күнгі 16-шы санында «Ат тұяғын тай басар» 
–  деген  атпен  ғалымның  сұхбаты  жарияланыпты.  Онда  да 
аяулы ғалымның жас шәкірттері еңбегіне балаша қуанған, адал 
көңілден қуанған жан лебізі жатыр. Құлақ түрелік. «Ертедегі 
жазба әдебиеттерді зерттеуде көптеген ғалымдар арасында 
біржақты пікірлер туып келген болатын. Мұны зерттеуде көп 
кедергілер бола беретін. Әйтседе, жас ғалым М.Жолдасбеков 
бұл салада жемісті еңбек етіп жүр. Ол жуырда ғана Орхон­
Енисей  жаз баларының  қазақ  әдебиетіне  қатыстылығы  жө­
нін де  кан дидаттық  диссертация  қорғады.  Сонымен  қатар 
М.Ма  ғауинның (ХІV­ХVІ ғасыр), Қ.Сыдықовтың (ХVІІ–ХVІІІ ғ) 
әдебиеті жайлы зерттеулері – сөз жоқ, аса құнды дүниелер. 
Сөйтіп,  әдебиетіміздің  тарихын  сонау  Орхон  дәуірінен  бас­
тауға мүмкіндік туды. Осының нәтижесінде қазақ әдебиетін 
арнаулы курстарға бөліп оқытуға жағдай туып отыр.
Жоғарыда  аталған  ғалымдарымыздың  бәрі  дерлік  осы  өз 
факультетіміздің  түлектері.  Әрбір  ұстаз  лекция  оқып  қана 
қоймай, олар өз шәкірттерінің сапалы білім алуына, олардың 
бойындағы ғылымға, білімге деген құштарлықты оятып, оған 
қамқоршы бола білуі керек. Олай болса, ғы лымға икемі, қабілеті 
бар жастарды біз алғашқы курс тан бастап­ақ қамқорлыққа 
алып,  ақыл­кеңестер  беріп  отырамыз.  Студенттердің  жыл 
сайынғы  ғылыми  конферен ция ларында  баяндамалар  береміз. 
Әйтеуір,  қайткен  күнде  де  ондай  адамдарды  жоғалтпауға, 
қайткен күнде де ондай адамдарды өсіріп шығаруға тырысамыз. 
Өйткені  біздің  бо лашағымыздың  өзі  осы  жастар  емес  пе? 
Факультетімізде келешегінен үлкен үміт күттіретін жастар 
аз емес. Со лар дың ішінде мен әсіресе Алма Қыраубаеваны атар 

150
151
едім» – деп жазған еді ғалым. Осы жолдарда шәкірт еңбегіне 
қуа на білетін шынайы ұстаз жүрегінің лүпілі жатқан жоқ па?! 
Ғылым жолы қандай ауыр? Өзі жетпеген биікті жылдар бойы 
шәкірт тәрбиелеп, шәкірт баулып барып алып отыр. Өзі айтып, 
дәлелдеген  мәселенің  өзін  өмірге  енгізіп,  концепция  ретінде 
орнықтыру қандай қиын?! Әсіресе, қазақ жағдайында осының 
бәрі мейлінше күрделі жолдармен жүзеге асады.
Арлы  істің  ақыры  қайыр.  Ақыры  профессор  Бейсембай 
Кенжебайұлының «Қазақ әдебиеті тарихы түрік халықтарына 
ортақ  қадым  заманалардан  бастау  алады»  –  деген  ғылыми 
концепциясы орнықты. Бұл күнде Б.Кенжебайұлы концеп ция-
сының  орныққанын,  зерттеу  мектебінің  қалыптасқанын  досы 
түгілі дұшпаны да мойындайды. Ал, игілікті істі, ғылымдағы 
ірі табысты көпшілік мақтан тұтады.
«Абай  атындағы  Қазақ  педагогика  институты  мен  Ака­
демиямыздың  Мұхтар  Әуезов  атындағы  әдебиет  және  өнер 
институтында  да  мықтап  орын  тепкен  кертартпалыққа 
қарамай  /тарихты  18­ғасырдан  бастауды  қолдайтындар/, 
Қазақтың  С.М.Киров  атындағы  университетінің  қазақ 
әдебиеті кафедрасында да жаңа идея орын ала берді. 
«Орхон  ескерткіштері  және  оның  қазақ  әдебиетіне  қа­
тысы»  деген  тақырыпта  арнайы  зерттеу  жұмысы  жүр­
гізіле бастады. Бұл идеяны қызу бастап, айнымай, сескенбей 
қозғаған профессор марқұм Бейсембай Кенжебайұлы, ка фед­
рада  «Ежелгі  әдебиет»  деген  атпен  курс  дайындап  сабақ 
жүргізді». (Асыл арналар, А., 1990, 339-340-беттер) – деп сүй-
сіне жазды кейін абыз ақын Әбділдә Тәжібаев.
«Әртүрлі  себептермен  ұзақ  жылдар  бойы  байтақ  әде­
биетіміздің  ерте  кезеңі  зерттелмей,  оқытылмай  келгені  мә­
лім.  Соның  салдарынан  сан  ұрпақ  құрдымнан  келе  жатқан 
ғажайып  жыр­дастандар  мен  даналық  кітаптарын  біле  ал­
ған  жоқ.  Туған  әдебиетіміздің  терең  тамырларына  алғаш 
ба тыл  барлау  жасап,  оның  көне  көзін  ашқан,  сөйтіп  әрі  кө­
регендік,  әрі  көсемдік  көрсеткен  кісі  әдебиет  тарихының 
біл гірлерінің  бірі,  біразымыздың  ұстазымыз  Бейсембай  Кен­
жебайұлы  еді.  Бейсекеңнің  жетекшілігімен  мың  тоғыз  жүз 
алпысыншы  жылдардың  басында  Қазақ  мемлекттік  уни вер­
ситетінде  қазақ  әдебиеті  тарихын  зерттеудің  жаңа  мек­
тебі  қалыптасты.  1967  жылы  «Ежелгі  әдебиет  нұсқала­
ры»  деп  аталатын  тұңғыш  хрестоматия  жарияланды.  Бұл  
еңбек  қазақ  әдебиетінің  ең  көне,  ежелгі  әдебиеттерінің 
бірі  екендігін  дәлелдеді.  Сол  бір  тар  кезеңде  Бейсембай  Кен­
же байұлымен  пікірлес,  тағдырлас  болғанымды,  туған  әде­ 
биетіміздің  терең  арнасына  түсіп,  көне  көзін  ашқа ным  ды, 
сөйтіп  университет  аудиториясында  тұңғыш  рет  «Ежел­
гі  әдебиет»  деп  аталатын  лекциялық  курстың  негізде ліп, 
қа лыптастырылуына  өз  үлесімді  қосқанымды  бақыт  са най  ­ 
мын». Бұл – белгілі ғалым Мырзатай Жолдасбеков пікірі. (Ежел-
гі дәуір әдебиеті (хрестоматия) А., Ана тілі, 1991 ж, 3-бет.)
«Қазақ  сөз  өнерінің  көне  түрік  дәуіріндегі  рухани  мұра­
лармен  табиғи  жалғастығы,  осыған  орай  әдебиет  тарихын 
да  жаңаша  жүйелеу  керектігі  туралы  алғаш  рет  мәселе 
көтерген  профессор  Бейсембай  Кенжебайұлы  еді.  Тарихи 
деректерге, әдебиеттің даму заңдылығына, орыс және батыс 
ғалымдарының  қалыптасқан  таным,  зерттеулеріне  сүйе ­ 
ніп айтылған бұл даусыз ақиқат баспасөз бетінде де, ғылы ми 
ортада да мазаққа, келекеге ұшырады… 
…Күлкіге  ұшыраған,  жалпы  жұртқа  мазақ  болған  аяу лы 
Бейсекең университеттің өзі басқарып отырған қазақ әдебиеті 
кафедрасының  негізгі  жұмысын  көне  әдебиетке  –  ғасырлар 
тереңіне  қарай  бағыттапты,  бұл  қиын  іске  өзі  ғана  белсене 
кіріспей,  пікірлес,  тілектес  інілерін  де  араластырыпты,  бар 
үмітін келер ұрпақтан күтіп, жасы жиырмаға жаңа ілінген 
жастарға  –  өзі  студент  кезінен  бастап  баулыған  шәкірт 
аспиранттарына  ауыр  міндет  жүктепті…»  /М.Мағауин 
Ғасырлар бедері, А., 1991, 201-бет/
Бұл – Бейсекең арқасында ғалымдық, жазушылық бақытын 
қос қатар тапқан Мұхтар Мағауин лебізі, шәкірттік махаббаты.
«…қазақ  әдебиетінің  ежелгі  дәуірін  жоғары  оқу  орын­
дарында  оқыту  ісін  1965  жылы  профессор  Бейсембай  Кен­
жебайұлы тұңғыш рет қолға алған болатын». (Н.Ке лімбетов. 
«Ежелгі дәуір әдебиеті», А., Ана тілі, 1991, 3-бет).
Бұл – зерттеуші Немат Келімбетов пікірі.
Айтулы батыр ғалымның және бір табанды, талантты шә-
кірті  Алма  Қыраубаева  өзінің  «Ғасырлар  мұрасы»  ХІІІ-ХІV 
ғасырлардағы түркі тілді әдебиет (Мектеп, 1988 ж.) – аталатын 
еңбегін көне әдебиеттің көшбасшысы марқұм Бейсембай Кен­
жебаев  рухына  арнады.  Әрі,  «ХІІІ­ХІV  ғасыр  ескерткіштері 
түпкі бастаулары тереңде жатқан қазақ әдебиетіндегі ежел­
гі дәуірлердің бір арналы бұлағы. Оны алғаш профессор Бей­
сембай Кенжебайұлы «Алтын Орда дәуіріндегі түркі әдебие­

152
153
ті» деп атап, бұл бір дәуір әдебиетінің түбегейлі зерттелуі 
керек екендігін қазақ әдебиеттану ғылымының алдына проб­
лема етіп қойып берген еді». (Аталмыш еңбек, 3-бет) – деп жаз-
ды ғалым Алма Қыраубаева. 
Алға  тартылған  пікірлер  бұл  күнде  профессор  Бейсем-
бай  Кенжебайұлының  әдеби  мектебінің  қалыптасып,  ғылыми 
концепциясының  ақи-тақи  мойындалуының  айғағы.  Кезінде 
ғалым Б.Кенжебайұлы өз шәкірттерін студенттік партадан та-
нып,  тәрбиелеп,  балаң  шағындағы  бұла  еңбектерін  жоғары 
бағалаған  болса,  бұл  күнде  ғалым  шәкірттері  –  әрқайсысы 
қазақ  әдебиетінің  бір-бір  дәуірін  ыждағаттай  зерттеген  үлкен 
ғалымдар марқұм ұстаздарының көшбастаушы роліне ерекше 
ден  қояды,  еңбегін  аса  жоғары  бағалап,  марқұмның  рухына 
тағзым етеді. Бұл – үйлесім. Бұл – кісілік. Дүние – кезек деген 
осы!
Қазіргі  кезеңде  профессор  Бейсембай  Кенжебайұлының  
бұл арнадағы еңбектерін қазақ қана емес, өзбек, қырғыз, қара-
қал пақ ғалымдары да қапысыз мойындайды, аса жоғары баға-
лайды.  Өзбек  ғалымы  Н.Маллаев,  қырғыз  ғалымы  Қ.Артық - 
баев, қарақалпақ ғалымы К.Мәмбетов қазақ оқымыстысы Бей-
сембай  Кенжебайұлының  тарихи-ғылыми  мектебі  хақында 
қызықты пікірлер айтып, арнайы мақалалар жазды.
Айталық,  әрі  көрші,  әрі  бауырлас  қырғыз  ғалымы  Қаш-
қынбай Артықбаев: «Қазақ әдебиетшілері қазақ әдебиеті та­
рихын ХVІІІ ғасырдан емес, одан бұрынғы кезеңдерден бас та­
латындығы жөнінде мәселе көтеріп жатыр.
…қазақ  оқымыстысы,  профессор  Б.Кенжебайұлының  «…
жоғарыда аталған жазу­сызулар, жазба әдебиет нұсқа ларын, 
әдеби  шығармаларды  әзірбайжан  мен  түрікмен  де,  қырғыз 
бен  қарақалпақ  та,  қазақ  пен  өзбек  те  өз  әдебиетіміз  деп 
иелік  етуіне,  әдебиет  тарихына  кіргізуге  хақысы  бар.  Солай 
етуге міндетті де» («Қазақ әдебиеті», 1996, 18 март) – де ­ 
ген пікіріне қосылуға, қуаттауға тиістіміз. Расында да мұн­
дай ортақ көріністер орыс, беларус, украин әдебиеттерінде де 
кездеседі екен ғой» («Советтік Қырғызстан» 1966, 9 июль) – деп 
үн қосыпты.
Сондай-ақ,  сонау  Қарақалпақстаннан  арнайы  келіп,  Бей-
сембай  Кенжебайұлының  кеңесін  тыңдаған,  тағлымын  алған 
қарақалпақ  ғалымы  Кемал  Мәмбетов  те  бертінде:  «Соншама 
тарихи дәуірді басынан кешірген халықтың сол дәуірге тиесілі 
әдеби  мұрасы  болмауы  мүмкін  бе?  –  деген  сұрақтың  тууы 
заңды.  Себебі,  бұл  күнге  дейін  оқу  программаларында  ХVІІІ 
ғасырдан  бұрынғы  дәуірдегі  қарақалпақ  әдебие ті  белгісіз  де­
ген  принципте  оқытылып  келеді».  /Әмуда рия  жур налы,  1974 
ж, № 1/ – деп өз әдебиетінің ертедегі тарихы туралы мәселені 
Бейсекең концепциясына сүйене көтереді. Бейсекең архивінде 
К.Мәмбетовтың өзара пікірлескен хаттары да сақталыпты.
Демек, профессор Бейсембай Кенжебайұлының түрік тек-
тес  халықтардың  қадым  заманғы  ортақ  әдебиеті  жөніндегі 
концепциясын бүгінде туысқан көрші мемлекет – түрік тектес 
халықтар ғалымдары да мойындап, өз әдебиеті тарихын терең 
тамырларға қарай ілгерілетуде басшылыққа алып келеді.
Міне,  профессор  Бейсембай  Кенжебайұлының  қазақ  әде-
биеті тарихын зерттеу мектебі осындай бұралаң-бұралаң жол-
дардан, намысқа тию, жеке басын қорлауға дейін жеткен талас-
тартыс, дау-дамайлардан өтіп барып, осылай қалыптасты, осы-
лай  мойындалды,  осылай  өріс  ашып  халықаралық  шеңберге 
шығып,  шарықтап  өсті.  Қазіргі  күнде  Б.Кенжебайұлының  та-
рихи мектебі көп балалы анадай махаббат-мейірге толы, мәуелі 
бір жайқалған жеміс ағашындай төңірегіне тоқшылық таратып, 
кейінгі ұрпаққа ұлан-асыр рухани қорек беріп келеді. Қазақтың 
қаһарман  ұлы  Бауыржан  Момышұлы  батырлық  жолын  беріп, 
«Мені  жұрт  батыр  дейді,  халық  құрметіне  рахмет.  Бірақ 
мен  әдебиет  майданының  бір  батырын  білемін,  мақтаныш 
тұтамын. Ол – профессор Бейсембай Кенжебайұлы. Ұлт әде­
биеті  тарихын  сан  ғасырларға  ілгерілетуден  артық  қандай 
ба тырлық  керек?!  Қазақ  әдебиетін  зерттеуге  бар  ғұмырын 
арнап келе жатқан ол – нағыз қаһарман» – деді ғалымның ал- 
пыс  жылдық  мерейтойында.  Айтса  –  айтқандай,  десе  деген-
дей, бұл – Бейсембай Кенжебайұлының қайталанбас бір рухани 
ерлігі.
Бұл  –  кешенің  ісі  ғана  емес,  бүгіннің  берекелі  шаруасы, 
ертеңге әруақтанып жететін, ұрпақтан ұрпаққа рухани қазына 
болып кететін – ұлы іс. Ертеңгі ұрпақ өзінің туған әдебиетінің 
тарихы терең де берен, кең де кемел екендігіне қуанып жүретін 
болады. Кешегі Әуелбек Қоңыратбаев, Ханғали Сүйіншәлиев, 
бүгінгі  Мұхтар  Мағауин,  Мырзатай  Жолдасбеков,  Нәмет  Ке-
лімбетов,  Алма  Қыраубаева,  Шәкір  Ыбыраев,  Әжібай  Ке рі-
мов  секілді  филолог  ғалымдар  ұлы  ға лым,  ұлт  әдебиеті  та-
рихын  көнеге  тартқан  көреген  Бейсембай  Кенжебайұлының 
шәкірттері. Кенжебайұлының шәкірттері ертең де бола береді. 
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   41


©emirsaba.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет