Тақырып. Тіл мәдениеті және сөйлеу әдебі. Кәсіби мәтін №3
Мақсаты: Білім алушылардың коммуникативтік, кәсіби құзыреттілігін дамытудағы тіл мәдениеті мен сөйлеу әдебінің орнын түсіндіру. Сөйлей білу үлкен өнер екенін, сөз адам үшін тәрбие құралы, білім-білік, мәдениет, өнер бастауы, ақыл-ой жәдігерлігі, әсемдік қазынасы екенін ұғындыру. Сөйлеу әдебінің түрлері мен қазіргі сипаты туралы мағлұмат беру. Сөйлеу әдебіне қатысты айтылған ұлағатты сөздермен таныстыру. Кәсіби мазмұнда берілген мәтін және онымен жүргізілетін тапсырмаларды меңгерту.
Жұмыстың мазмұны:
Ғылыми баяндама жазу, әзірлеу.
Сөйлеу әдебінің түрлері мен қазіргі сипаты туралы мағлұмат беру.
Тіл мәдениеті – әдеби тілдің нормасы мен оның дамуын, сөйлеу тілімен қарым-қатынасын зерттейтін тіл білімінің саласы. Тіл мәдениетінің тіл білімінің басқа салаларынан айырмашылығы – оның күнделікті өмірде тілді қолдану, жазу, сөйлеу мәдениетімен тығыз байланыста болатындығында. Тіл мәдениеті дегеніміз – коммуникативтік қарым-қатынас кезінде тілдік тәсілдерді дұрыс ұйымдастырып, белгілі бір тәртіппен жүйелі қолдану.
Тіл мәдениеті тілдік норманың 3 түрін қамтиды:
тілдік норма (лексикалық, сөзжасамдық, грамматикалық, дыбысталу нормасы);
этика – сөз нормалары (сөйлеу этикасының ережелері);
коммуникативті норма (сөйлеу қарым-қатынасының тиімділік қағидалары).
Сөйлеу мәдениеті орфоэпиялық нормаға негізделеді. Орфоэпиялық норма – сөздерді дұрыс айту, лексикалық норма – сөздерді іріктеп, сұрыптап, талғаммен қолдану болса, грамматикалық норма сөйлеу мәдениетінде біршама тұрақталып, қалыптасқан норма саналады. Сөйлеу мәдениетінде ойдың дәлдігі, сөздің анықтығы, тазалығы, көңіл күйге әсер ететін шынайылығы (ол қарапайым сөзден немесе бейнелі образды сөздерден құралуына қарамастан), көркемдігі маңызды рөл атқарады.
Сөз мәдениетін қалыптастыруға қажетті лингвистикалық орталықтар қатарына лингвистикалық болжау орталығы жатады. Лингвистикалық алдын ала болжау орталығы дәстүрлі тіл жүйесінің сапалық және сандық бағыттарын кешенді түрде зерттеу міндеттерін, сөз, сөйлеу қызметінің дәстүрін қалыптастыру мәселесін қарастырады. Сөз мәдениетіне қатысты лингвистикалық экология тіл және сөз мәдениетінің экологиясы деп аталады. Сөз мәдениетінің экологиясына тілдік ситуация, тілдік сана, тілдік орта, тілдік ортаның тазалығы, сөз қызметіндегі стилистикалық қатынастардың бұзылуы, сөйлеу этикасы мәселелері, сөз мәдениеті және мониторинг, т.б. мәселелер жатады.
Тіл мәдениетіне тілдің құрылымдық жүйесіндегі орфоэпикалық, пунктуациялық, лексикалық-грамматикалық, синтаксистік нормалар қамтылып, олардың коммуникативтік эстетикалық қызметі толық айқындалған жағдайда стилистикалық норма жүзеге асады. Стилистикалық норма сөйлеушінің тілдік сөйлеу тәртібін қалыптастырады. Сөз мәдениеті көркем сөйлеуде, ғылыми-көпшілік немесе ресми ортада, тіпті ауызекі сөйлеу стилінде тілдің барлық салаларымен тамырлас келеді. Сөйлеу мәдениеті топ алдында мәдениетті сөйлеу, оның алғышарттарын, әдіс-тәсілін танып білу, озық үлгілерін меңгерудің жолдарын, нақты қасиеттерін ұғыну сияқты мәселелермен тығыз байланысты.
Қазіргі уақыт талабына сай әлемдік тіл білімінде Тіл мәдениеті «сөйлеудің тиімділік теориясы» деп аталып, әсер ету мен әрекеттестік бағытында зерттелуде.
Қазақ тілінің сөз мәдениетін көтеру – ұлттық мүдде талаптарының бірі. Қазақ Тіл мәдениетінің үлкен бір саласы – сөйлеу мәдениеті, оны жоғары деңгейге көтерудің басты заңдылығы – дұрыс айту нормасы. Жазу және сөйлеу мәдениетінің қазақ әдеби тілін қалыптастырудағы орны және оның орфографиялық ережелерді жүйелеу мәселелерімен байланысы қазақ тіл білімінде жан-жақты зерттеліп келеді. Сөйлеу мәдениетін ұлттық мүдде ретінде тану; сөз мәдениетіне әлеуметтік көзқарасты қалыптастыру, сөз мәдениетін әлеуметтік ғылымдар мен ұлттық мәдениеттің ең басты тірегі ретінде бағалау, сөз мәдениетін ұлт мәдениетімен қатар насихаттау, лингвистикалық болжау орталықтарын ашу, сөз мәдениетіне қарама-қарсы құбылыс - лингвистикалық экологияны жеке сала ретінде қарастыру, «әсем жеткізу» ұстанымдары негізінде сөз мәдениетін жетілдіру, т.б. мәселелерді дұрыс жолға қою негізінде Тіл мәдениеті дамиды.
2. Әр адам өз ана тілінде сөйлей білуі керек. Ана тілінде сөйлеу, оған деген көзқарас адамгершілік, мәдениеттілік, тәрбиелік, әдептілік өлшемі болып табылады. Қай кезде де сөз құдіреті жоғары бағаланған. Сөйлеуге, тілге қатысты халық даналығында көптеген мақал-мәтелдер, тұщымды ой-дәлелдемелер, мәні жоғары ұлағатты, нақыл сөздер бар.
Тіл – ұлттың жан дүниесі. Тіл – идеяның, сезімнің, ойдың жанды көрінісі (Л.Н.Толстой).
Бұл дәуірде өз тілін, әдебиетін білмеген, қадірлемеген адам толық мәнді интеллегент емес деуге болады. Себебі, ол қандайлық мамандық білімі болса да рухани, ой тәрбиесінде сыңаржақ азамат болады (М.Әуезов).
Әдемі сөз астың дәмін келтіретін тұз іспетті (Құтып).
Тіріні көрге салатын да сөз,
Өліні тірілтіп алтын да сөз (Ә.Науаи).
Сөзіне қарап кісіне ал
Кісіге қарап сөз алма.
Шын сөз қайсы біле алмай,
Әр нәрседен құр қалма (Абай).
Қажет сөздің бәрін айту, бірақ артық сөз айтпау, - нағыз шешендік деген, әне, сол (Ф.Ларошфуко).
Әдептіліктің алды – абайлап сөйлеу (А.Югнаки).
Анық түсініктілік – сөйлеудің басты қасиеті (Аристотель).
«Тіл байлығы – елдің ерлігін, жұртшылығын, ғылыми әдебиетін, өнеркәсібін, мәдениетін, қоғамдық құрылымын, салт-санасын, жауынгерлік дәстүрінің қай дәрежеде екенін көрсететін сөзсіз дәлелді мөлшері», - деп Б.Момышұлы да тіл байлығы қашанда мол болу керектігін, сол арқылы өзгеге өз дәрежемізді таныта алатындығымызды айтып кеткен.
Міне, осы ұлылардан тараған ұлағатты сөздермен қатар қазақ әдебиетінде сөйлеу әдебіне қатысты, сөйлеу мәдениеті жөнінде ақын жазушыларымыздың жазған өлеңдері де аз емес. Әр адам өзінің сөйлеу әдебін сақтап, өз орнымен, тартымды негізді сөйлеуге дағдылануы арқылы бірінші кезекте өзінің мерейін арттыратындығын түсінуі керек. Қазақта «киімімен қарсы алып, ақылымен шығарып салады» деген жақсы сөз бар. Қазіргі қоғамымызда да осы айтылған сөздің шын мәнінде солай екендігіне көз жеткізіп жүрміз.
Достарыңызбен бөлісу: |