Терминжасам тәсілдері сөзжасам тәсілдеріне негізделеді. Сонымен бірге, терминжасам тәсілдерінің өз ерекшеліктері де бар. Сөзжасам тәсілдері терминжасам тәсілдерінің негізін құрайды
Терминжасам тәсілдері сөзжасам тәсілдеріне негізделеді. Сонымен бірге, терминжасам тәсілдерінің өз ерекшеліктері де бар. Сөзжасам тәсілдері терминжасам тәсілдерінің негізін құрайды. Сөзжасамдық тәсілдер туралы сөз болғанда, оның бірте-бірте қалыптасқанын есте ұстау керек. Өйткені терминжасам тәсілдері де бірте-бірте қалыптасады.Сөзжасам тәсілдері, олардың түрлері туралы теория А.Байтұрсынұлының «Тіл-құралы» кезінде қалыптаспаған еді. Сондықтан А.Байтұрсынұлы «Тіл-құралында» сөзжасамның синтетикалық, аналитикалық, семантикалық тәсілдері терминдерін қолданған жоқ. Бірақ сөзжасамдық тәсілдер негізінде жасалатын туынды сөз мәселелерін ол жазды. Мәселен, жұрнақ, туынды сөз, қос сөз (жалпылағыш қос сөз, жалқылағыш қос сөз), зат есімнен туған сөздер, оны есімнен туған сөздер, етістіктен туған сөздер, туынды етістіктердегі жұрнақтар, етістіктен туатын басқа сөздердегі жұрнақтар түрінде сөзжасамның негізгі мәселелерінен «Тіл-құралда» мәлімет берілген [1, 182-255]. А.Байтұрсынұлының бұл пікірлері кейін жұрнақ теориясының дамуына, туынды сөздер, зат есімнің синтетикалық сөзжасам теориясына, сын есім, етістік сөзжасам теориясына негіз болды. Рас, А.Байтұрсынұлы үлгісі ұзақ сақталды. А.Байтұрсынұлы қазақ тіл білімінің, қазақ әдебиетінің терминін жасағанда, тек қазақтың байырғы сөздеріне сүйенді және қазақтың байырғы сөздерінен ғылыми термин жасауға болатынына сенді, оны уағыздады, оны іс жүзінде дәлелдеді. Н.Сауранбаев 1953 жылғы «Қазақ тілі»деген атпен шыққан педучилищелерге арналған оқулығында «Зат есімнің жасалуы», «Сын есімдердің жасалуы», «Етістіктің жасалуы» терминдерін қолданып, сөз таптарының сөзжасамы мәселесін көтерді [2]. Бұдан қазақ тілінде сөзжасам мәселесі жұрнақ арқылы туынды сөздің жасалуынан басталғаны байқалады. 1960 жылы шыққан Ғ.Әбухановтың «Қазақ тілі»оқулығында «Зат есім сөздерін тудыру тәсілдері» деген тақырып берілген [3, 97]. Бірақ оқулықта сөзжасамдық тәсілдер аталмаған. Тек 1964 жылғы А.Ысқақовтың «Қазіргі қазақ тілі. Морфология» жоғары оқу орнына арналған оқу құралында морфологиялық (синтетикалық), синтаксистік (аналитикалық) тәсілдер көрсетіліп, оларға бірінші рет мынадай анықтамалар берілген: «Морфологиялық тәсіл деп түбір сөзге я туынды сөзге қосымшалар қосу арқылы жаңа сөз тудыру тәсілін айтамыз да, синтаксистік тәсіл деп түбір (я туынды) сөздердің бірігуі, қосарлануы, тіркесуі арқылы сөз тудыру тәсілін айтамыз» [4, 108].
1967 жылғы «Қазақ тілінің грамматикасы»кітабында сөзжасамдық тәсілдер дәл жоғарыдағы пікірді қайталаған [5, 16]. Ал 1974 жылғы А.Ысқақовтың «Қазіргі қазақ тілі» атты жоғары оқу орны студенттеріне арналған оқулықта сөзжасамның мына үш түрі берілген: «Сөйтіп, грамматикалық жолмен сөз тудырудың үш түрлі тәсілі бар, оның біріншісі – морфологиялық тәсіл, екіншісі – синтаксистік тәсіл, үшіншісі –морфологиялық-синтаксистік (я синтаксистік-морфологиялық) тәсіл» [6, 90]. Қазақ тілінің сөзжасамында тәсілдерді бұлай топтастыру да толық қалыптаспады, әсіресе тәсілдің үшінші түрі танылмады. 1989 жылы шыққан «Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі»атты монографияда ғана қазіргі қолданыстағы сөзжасамдық тәсілдердің үш түрі алғаш рет беріліп, ол ғылымда қалыптасып, орнықты. Монографияда: 1) синтетикалық (морфологиялық), 2) аналитикалық (синтаксистік), 3) лексика-семантикалық тәсілдер берілген [7, 64]. Сонымен бірге, монографияда әр сөзжасамдық тәсіл алғаш рет ғылыми негізде толық сипатталған. Бұл сөзжасамдық тәсілдерге алғаш рет берілген толық ғылыми сипаттама болды.Монографияда синтетикалық тәсіл термині түрліше аталып жүргенін ескерту арқылы синтетикалық тәсіл терминінің қалыптасып үлгермегенін аңғартқан. Синтетикалық тәсіл арқылы туынды сөз жасауға түбір сөз бен жұрнақ қатысатынын, олардың атқаратын қызметін анықтап, синтетикалық тәсіл арқылы жасалатын модельдер (үлгілер) мен типтерге, олардың түрлеріне, түбір морфемаға мағынасы мен құрылымына, жұрнақтарға жан-жақты сипаттама берген [7, 65-88]. Бұл сөзжасам тәсілдеріне қазақ тіл білімінде толық берілген алғашқы сипаттама. Монографияда сөзжасамның аналитикалық тәсілі де кең талданған. Аналитикалық тәсіл өте көне тәсіл деп саналып, оның дүние жүзі тілдерінен алатын орны жан-жақты сипатталған. Сонымен бірге түркі тілдері сөзжасамында белсенді қызмет атқаратыны дәлелденген. Қазақ тілінде аналитикалық тәсілдің іштей 4 түрге бөлінетінін төмендегіше көрсеткен: «Тілімізде аналитикалық тәсілдің мынадай ішкі түрлері бар: 1) сөзқосым, 2) қосарлау, 3) тіркестіру, 4) қысқарту [7, 91].