Тұрсынбек Кәкішев шығармашылығының зерттелуі


Тұрсынбек Кәкішев – Мағжантанушы



бет6/7
Дата04.12.2022
өлшемі48,17 Kb.
#54772
1   2   3   4   5   6   7
Тұрсынбек Кәкішев – Мағжантанушы
Профессор, әдебиеттанушы, ғалым Тұрсынбек Кәкішевтің ғалымдық ізденісі, ғылыми еңбектері мен зерттеулері әдебиет алдындағы міндетін, мақсатын архивтік деректерге сүйеніп, нақты мағлұмат, дәлелдермен аса тиянақтылықпен атқарып келеді. «Әдебиет адам ісінің бір түрінен шыққан нәрсе болғандықтан, бұ да сынға түспек. Мұның түрлі ісі түріне қарай сынға түседі...» [47,403] деп А.Байтұрсынов айтқандай, Тұрсынбек Кәкішев әдебиет сынында да сынға түсіп, ғылыми адалдықтың сынынан да әділдікпен, ақиқатпен көзге түскен тау тұлға. Ақиқатты көздеген зерттеу еңбектерінің бір шоғыры – тұлғатану мәселесімен ұштасады.
Әдебиетіміздің ұлы классиктерінің өмірі мен шығармашылығының өзі өмір сүріп жатқан қоғамға байланысты дау-дамайға ұшырауы, олардың қазақ әдебиетіндегі орнының бұлыңғыр болып түрлі пікірге, талас-тартысқа ұшырауы ғалымды әр кез алаңдатады. Әсіресе, оқырман қауым, оқушы қауымның әдеби, тарихи танымын кеңейту мақсатында, тарихи шындыққа көз жеткізу мүддесінде жасаған ғылыми ізденістерінің, архивтік деректерінің, көркемдік талдауларының мәні мен маңызы ерекше. Ғалымның қазақ әдебиетіне шын жанашырлығы – оқырман қауымның әдеби, тарихи сауаттылығын қалыптастыруда, оқушы көзін ақиқатқа жетелеуде әрі қазақ әдебиеті өкілдерінің орнын айқындаудағы қажырлы еңбегінен анық көрініс тауып отыр.
Тарихи тұрғыда қазақ әдебиеттану ғылымында түйінін таппай келе жатқан даулы мәселенің бірі – Мағжан мен Сәкен. Тұлғаларымыздың ақталғаннан кейінгі халықтың рухани өміріндегі орны айрықша болғандығы жайлы пікірлер күні бүгінге дейін сөз болып келеді. Мәселен, Филология ғылымдарының докторы Айгүл Ісімақова өз сөзінде: «ҚКП Орталық Комитетінің «Мағжан Жұмабаевтың, Ахмет Байтұрсыновтың және Жүсіпбек Аймауытовтың творчестволық мұрасы туралы» (1988) қаулысы қазақ елінің рухани өміріне үлкен серпіліс әкелді. Бұл есімдерді бұрын естімеген біздің ұрпаққа көп кешікпей осы тізімді жалғастырып ақталған Ш.Құдайбердиев, Ә.Бөкейханов, С.Садуақасов, М.Дулатов, Ж.Ақбаев, Қ.Кемеңгерұлы, Ғ.Қарашев, Х.Досмағамбетов, М.Тынышбаев т.б. қайта басылып шыққан кітаптарындағы тұжырымдылық пен дәлдік, мазмұндылық, көркемдік пен шеберлік ерекше әсер етті» [48,11] деп түйіндейді. Алайда, әдебиет өкілдерінің көзі тірісінде де, ақталғаннан кейін де дауылы басылмаған мәселелері бар және оларды шешуде Т.Кәкішевтің орны ерекше. Ғалымның бұл мәселеге байланысты бүкіл қазақ қауымына кеңінен танылған, аталған ұлы классиктеріміздің өмірі мен шығармашылығын сөз еткен, «Мағжан мен Сәкен» ғылыми эссесі. Ғылыми эссе ұлы тұлғаларымыз жөнінде қазақ қауымының таным көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, тарихи шындыққа жетелеп, эстетикалық түсінігін арттырады.
Қандай дана, данышпан, кемеңгер болмасын ешкімде қоғамнан тыс өмір сүре алмайтыны анық. Мағжанды біз өзі өмір сүрген кезеңнен бөліп қарай алмаймыз. Ғалым Мағжанның әдебиетке қадам басқаннан бастап, ол жөніндегі пікірлердің күшеюі 1917-1928 жылдар аралығы деп көрсетеді, бірақ бірде-бір адам Мағжанның ақындығына қатысты сын айтпағанын, әрі оның ғұмырбаянын дұрыстап зерттеген адам болмағанын айтады. Мағжантану саласында Ж.Аймауытовтың Ташкенттегі қазақ жастары клубында жасаған баяндамасы 1925 жылы «Лениншіл жас» журналында жарияланған «Мағжанның ақындығы туралы» мақаласында өнерпаздық қырынан ерекше талданғанына қарамастан, Мағжанның өміріне байланысты дәйектерге өте аз әрі Мағжан романтизмін қалыптастыру мүддесі басымырақ. Басқа жарияланымдарда саясат салқыны басым.
Ал Мағжан шығармашылығы өзіндік бағасын әрдайым әр қырынан ерекше танылуымен алып отырған. Мысалы, ұлтымыздың Ұлы Ұстазы, Алаш қозғалысы аталғанда қатарды бастап тұрған Ахмет Байтұрсынұлы әдебиеттің сан-қырын даралап көрсетуде Мағжан шығармашылығын кеңінен мысал етеді.
Арнау түрін, соның ішінде сұрай арнауға мына үзінділерді лайық көреді:
У-шу боп қыбырлаған төрт түлік мал,
Есетін солтүстіктен салқын самал.
Апырым-ай! Қандай жауыз тағдыр деген
Бұйырған тұтқын болып жат та, қамал? [48,200]
Ал Зарлай арнау түріне Мағжаннан мына үзіндіні көрсетеді:
Сауықшыл есіл елім-ай!
Сарыарқа сайран жерім-ай!
Күмістей таза суы бар,
Айдын шалқар көлім-ай! [48,201]
Ахмет Байтұрсынов өрнекті сөйлемдердің біршама түрлерін көрсете отырып, шартты оралым түріне тағы Мағжан жырын қосады:
Секіріп салқын бұлақ ойнап сайда,
Батырып көмескі түсі тұманды ойға,
Шапқылап шыққан жерін әңгіме қып,
Былдырлап ақ бетінен сүйгізсе айға,
Сол уақыт жай табады асау жаным,
Ашылады басқан ауыр ой қабағым,
Шын бақты тапқандаймын осы жерде ақ
Көремін күн жүзінде, жасағаным... [48,221]
Өлең айшығын әрі жалғыз бунақты тармақты көрсетуде Мағжанның мына жолдарын мысал етіп қолданады:
Сап-сары бел,
Еседі жел,
Еседі.
Еседі жел,
Көшеді ел,
Көшеді [48,231].
Бұл Мағжан жырының көркемдік ерекшелігінің қаншалықты бай екенінің, нағыз жыр жауһарының хас шебері екенінің анық айғағы. Т.Кәкішев ғылыми эссесінде татар жазушысы Ғалымжан Ибрагимов «Қазақ қызы» романында Мағжанның бір шумақ өлеңін эпиграф етіп алып ілтипат қылғаны да біраз нәрсені аңғартады.
Шығармашылықтан бөлек дау тудырған мәселе – Мағжан мен Сәкеннің арақатынасы екенін жоғарыда айтып кеткенбіз. Оның ақ-қарасын таразылауда ғалым олардың пенделік қырынан да болған әрекеттерін баяндай отырып талқылайды. Себебі, қазақ әдебиеті өкілдерінің араздығының басталуы сонда жатқан еді. «Бірлік» қоғамының бағдарламасын жасауда Сәкен ұсынған «Бірлік» атауы мен Мағжан ұсынған «Айна» атауын талқылауда келіспей айтысқандары, бағдарламаны қабылдар сәттегі ой-пікірлерінің бірлікте болмауы, ауызбіршіліктерінің алшақтауына себепші болды. Әрі қарай қос ақынның өлең шумақтарымен тартысуы тағы бар. Алайда, Т.Кәкішевтің «...жарық жұлдыздар қаншама кереғар туғанымен өздерінше жарқырап, қазақтың рухани байлығын молайтты...» [49,23] деген пікірі орынды айтылған деп білеміз. Қазақтың қос ақынының бір-бірін түсініп, іске келгенде бір-біріне қолғабыс еткен тұстарды да ғалым тарихи деректер арқылы көрсетеді. Мағжанның 1912 жылғы, ал Сәкеннің 1914 жылғы жинақтарының бағытынан үндестік көреміз. Оны ғалым ұлы Абайдан, кемеңгер Ыбырайдан Ахмет пен Міржақыпқа жалғасқан күрескерлік бояуы қалың ағартушы-демократтық бағыт деп көрсетеді. Күрескерлік бағыты тізімінен Мағжанды ұшырастыру көптеген деректерде кездеседі. Мәселен, ғалым А.Д.Малдыбайдың «А.Байтұрсынов бастаған Алаш зиялыларының Әліпбиді өзгертуге қарсы күресі» атты мақаласынан «Араб әліпбиін қорғаушылар тобындағы А.Байтұрсынов бастаған М.Дулатұлы, Қ.Кемеңгерұлы, М.Жұмабайұлы, Е.Омарұлы т.б. Алаш зиялылары бұл саясаттың түпкі астары қандай саяси идеологиялық мақсат көздейтінін жақсы білді» [50,242] деген пікірінен ақынның қоғам өмірінің күрделі мәселелерінен де тыс қалмағанын аңғарамыз.
Ал ақындықтың алғашқы сатысы махаббат лирикасынан бастау алғандығы белгілі. Мағжанның махаббат лирикасында жазған «Ләззат қайда?», «Жас қыз», «Сүйгеніме», «Құр қалыппын», «Тілегім», «Қазақ қызы аузынан», «Әдемі қыз» т.б. өлеңдері біршама. Мағжан шығармаларынан өз туындысын жетілдіруге ерекше көңіл бөліп отырғандығы байқалады. Сәкенде де «Өткен күндер» жинағында жастық сезімді аялауға арналған «...ға», «Кетпейтін естен ғашық жар», «Қоштасқан жер», «Сағыну» сынды өлеңдері кездеседі. Қос ақынның да бастамасы махаббат лирикасынан көрініс бергені қазақ әдебиетіне, қазақ поэзиясына тың бір лептің келе жатқанынан хабар беріп тұрғандай. Екі ақынның ақындық жолға келуіне 1909 жылғы Абай жинағының әсер еткені сөзсіз. Мағжанның да, Сәкеннің де Абайға арнау шумақтары бар. Мағжан 1989 жылы бір томдығын шығарғанда «Алтын хакім Абайға» деп жырласа, Сәкен 1914 жылғы «Өткен күндер» жинағында «Ақын» өлеңін Абайға арнады. Абай ұлылығын әр ақын өзінше танып, өзінше жырлады. Қазақ әдебиетіне Абай әкелген жаңалықтың бірі – пейзаж лирикасы, төрт мезгілді суреттеу, өмір бейнесін образбен жеткізу десек, қос ақынның да осы тұрғысынан шығармашылығына назар аударғанын көреміз.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет