Түсінік хат
"Қазақ тілі" пәнінің оқу бағдарламасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 23 тамыздағы № 1080 қаулысымен бекітілген Орта білім берудің (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру) мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес әзірленген және ҚР БҒМ 2012 жылғы 8 қарашадағы №500 бұйрығымен бекітілген Үлгілік оқу жоспарларына (2021 жылғы 26 наурыздағы №125 бұйрығымен өзгерістер мен толықтырулар енгізілген) сай құрылған
"Қазақ тілі" пәнін оқытудың мақсаты – қоғамдық ортада қазақ тілінде қарым-қатынас жасау мүмкіндіктерін қамтамасыз ететін коммуникативтік дағдылардың негізін қалыптастыру және тілдік нормаларды қолдануға, сауатты жазуға үйрету.
Қойылған мақсатқа жету үшін мынадай міндеттердің шешілуі көзделеді:
1) тілдік дағдыларды (айтылым, тыңдалым, оқылым, жазылым) дамыту;
2) қазақ тіліндегі сөздік қорды үздіксіз дамыту әдістерін меңгерту;
3) тұрмыста, қоғамдық орындарда, мәдени орталарда қазақ тілінде қарым-қатынас жасау қабілеттері мен дағдыларын дамыту;
4) қазақ тілінде меңгерген білім, білік, дағдыларын күнделікті өмірде өз бетінше қолдануға дағдыландыру;
5) шығармашылықпен жұмыс істеуді, сын тұрғысынан ойлау қабілеттерін дамыту.
2-сыныпқа арналған оқулықтағы тапсырмалар тыңдалым, оқылым, айтылым, жазылым бойынша жүйеленеді.Тақырыптың ерекшелігіне қарай сөйлесім әрекетінің түрлерін кешенді түрде қолдану міндеттеледі. Тілді оқытудың басты мақсаты оқушылардың қазақша сөйлеу, ойын дұрыс жеткізу сияқты коммуникативтік қабілеттерін дамыту болғандықтан, әрбір сабақтың нәтижесі сөйлесім әрекетіне құрылған тапсырмалармен бекітіледі.
Оқу пәнінің 2 сыныптағы базалық білім мазмұны:
1) тыңдалым: тақырыпқа байланысты шағын диалог/монологтің мазмұнын түсіну, тыңдау/көру материалдарындағы негізгі ойды анықтау, тірек сөздер бойынша тақырыбын болжау, кесте толтыру және суреттерді орналастыру арқылы түсінгенін білдіру, тыңдалым бойынша жағымды/жағымсыз кейіпкерлерді ажырату;
2) айтылым: тақырып бойынша шағын диалог/монолог, сұрақтар құрастыру, пікір айту, жағдаяттарды талдау, этикет сөздерді қолдану, шағын мәтінді мазмұндау, кейіпкерлерді сипаттау, сурет/иллюстрция/постер бойынша сөйлеу, оқиғаларды және кейіпкерлерді салыстыру;
3) оқылым: оқудың түрлері, шағын мәтінді рөлге бөліп, мәнерлеп, түсініп оқу, қарапайым фразалар, мәтіннің жанрын (өлең, жаңылтпаш, жұмбақ, ертегі, әңгіме) ажырату, сөздікпен, анықтамалықтармен жұмыс;
4) жазылым: сурет/комикс/иллюстрация бойынша мәтін құрастыру, тыңдау/көру материалдарының мазмұны, төл әріптердің каллиграфиясы, айтылуы мен жазылуында айырмашылығы жоқ сөздер, орфография, тасымал;
5) сөйлеу әрекеттері аясындағы тілдік дағдылар (лингвистикалық терминдер қолданылмайды) бойынша: фонетика: төл дыбыстардың артикуляциясы, орфоэпия, дауыс ырғағы, буын, интонация, буын және дыбыс үндестігі; лексика: тақырыпқа қатысты лексикалық минимум, жиі қолданылатын сөздер, бейтарап сөздер, репликалар, қаратпа сөздер, антонимдер; грамматика: заттың атын (жалпы/жалқы) білдіретін сөздер, ілік, табыс, жатыс септіктері, көмекші есімдер, ауызша/жазбаша тілдегі етістіктің шақ, рай формалары, қалып етістіктері, сұрау есімдіктері, мекен үстеулер, жалғаулық шылаулар, әдеп сөздер, сөз тіркестері, сөйлемдегі сөздердің орын тәртібі, жай сөйлемдер мен құрмалас сөйлемдер.
Достарыңызбен бөлісу: |