Xxі ғасырдағы Орталық Азия елдерінің мәдениеттер татуластығы Татулық – байлық. Атам қазақ «Алтау ала болса – ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса – төбедегі келеді»



Дата28.04.2023
өлшемі18,48 Kb.
#88183

XXІ ғасырдағы Орталық Азия елдерінің мәдениеттер татуластығы

Татулық – байлық. Атам қазақ «Алтау ала болса – ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса – төбедегі келеді» дейді. Татулық пен ымыра бар жерде елдің алмайтын асуы жоқ. Қазақтың маңдайына біткен біртуар азаматы Әлихан Бөкейхан ынтымақ жайлы: «Бізде бірлік болып, іс қыла білетін шебер табылса, Алаштың баласы бақыт-махаббат жолына түсті!» – деп кесіп айтқан екен. Бүгінде барымызды еселеп, жоғымызды түгендеу үшін де бірлік пен татулық ауадай қажет.


Құран Кәрімде: «Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер» («Әли Имран» сүресі, 103-аят) деген аят бар. Рағиб Асфаһани тәпсір еңбегінде осы аяттағы «бөлінбеңдер» сөзінің түпкі мәнін: «Татулық пен ауызбіршілікке үндеуде. Бұл ұғымдар – имандылық жүйесі және әлемдегі тұрақтылық кепілі. Аятта сүйіспеншілік пен татулықты әділдіктен үстем қоюда. Оның себебі – татулық пен сүйіспеншілік жоғалғанда ғана әділдікке қажеттілік туындайды. Әке баласының мал-мүлкіне ең бірінші боп аманат алушы болуының да басты себебі – әкенің балаға деген шынайы сүйіспеншілігінен. Міне, сондықтан татулық – Ислам шариғатында қастерленген ұғымдардың бірі», – деп жазады. Ислам ойшылы Ғазали (р.а): «Татулық – көркем мінездің жемісі. Ал алауыздық – жаман мінездің нәтижесі. Адамның көркем мінезі бір-бірін жақсы көруге, татулыққа және келісімге шақырады. Ал жаман мінез адамдар арасында жеккөрушілік, көреалмаушылық және жақтырмауды оятады» деген екен.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесуінде:
«Қазақта «Татулық – таусылмас бақыт» деген даналық бар. Уақыт сынына төтеп берген тығыз әрі сенімді қарым-қатынасымыз, ортақ тарихи және рухани тамырымыз елдеріміз арасындағы достығымыздың сарқылмас көзі болатынына сенемін», – деп атап өтті.
Бүгінгі таңда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы дін саласында Орта Азия елдерімен тығыз байланыста.

  1. 2022 жылы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен Орта Азия мүфтилер алқасы құрылды. Алқаға Түркия, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Әзірбайжан елдері кіреді. Мүфтилер алқасының басты мақсаты – түркітілдес елдердің ортақ мұраларын дәріптеу, Ахмет Ясауи бабамыздың, сонымен қатар түркі дүниесіне ортақ Қорқыт ата, Ясауи, Мәуләна, Нәуәуи, Манас мұраларын насихаттау, Матуриди сенім мектебі мен Әбу Ханифа мәзһабын халыққа жеткізу, діни оқу-ағарту саласы бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру, жаһандық сын-қатерге жауап беруде мұсылман үмбетінің өзара ынтымағын арттыру, діни мерекелерді бір күнде атап өту, ортақ пәтуалар қабылдау, деструктивті діни ағымдардың теріс үгіт-насихат жұмыстарына жол бермеу.

Мүфтилер алқасы өз алдына бірнеше міндеттер қойды. Біріншіден, түркітілдес елдер арасындағы діни-этникалық негізде туындайтын шиеленісті келіссөз арқылы реттеуге бар күш-жігерімізді жұмсауымыз тиіс. Мүфтилер алқасына мүше елдер арасында шиеленіске жол бермеу, керісінше діни, рухани жағдайды жетілдіру дін мен мемлекет қатынасын лайықты дамытуға сеп болары анық.
Екіншіден, түрлі бөлінушіліктерге жол бермеу. Атап айтқанда, нәсілдік, діни, этникалық бөлінушіліктерге жол бермей, саяси идеологиялық арандатушылыққа қарсы тұруымыз қажет.
Үшіншіден, ғылыми-рухани сұраныстарды қанағаттандыру. Яғни мүфтилер алқасы аясында бірлескен ғылыми-рухани орталықтар құру, ғалымдар мен оқытушылардың, шәкірттердің тәжірибе алмасуына жағдай жасауымыз тиіс. Қажет болса әдебиеттер алмасу, маңызды діни зерттеулерді түркі халықтары тілдеріне аудару, түркі-Ислам мұраларының ғылыми зерттеулеріне атсалысып, осы бағытта бірлескен оқу семинарлары, конференциялар, симпозиумдар, басқа да маңызды іс-шаралар өткізуге болады. Сондай-ақ түркі дүниесіне ортақ діни, этникалық және дәстүрлі мерекелер мен атаулы күндерді, түркі халықтарына ортақ көрнекті дін, ұлт қайраткерлері, ғалымдар мен қаламгерлердің мерейтойларын бірлесіп өткізу де маңызды.
Төртіншіден, Ислам туризмін дамытуға арналған бірлескен іс-шараларды атқару. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы отандық туризмді дамытуға үлес қосу мақсатында «Darhan Dala» жобасын іске қосқан болатын. Осы бағытта еліміздегі тарихи, мәдени, киелі орындарға тур ұйымдастыру, киелі орындарды зиярат ету мәдениетін қалыптастыру секілді жұмыстар атқарылып келеді. Түркі халықтарына ортақ діни-тарихи орындар жетерлік. Бұл бағытта да бірлескен маңызды зиярат сапарларын ұйымдастырғанымыз абзал.

  1. Орта Азия елдері арасында ортақ пәтуа қабылдауға шешім қабылданды. Рамазан күндері, айт мерекелері бір уақытта аталып өтілетін болады.

Ұлы жаратушы қасиетті құран кәрімде бір-бірімен танысып білісу үшін адамдарды қауым, тайпа етіп жаратқанын ескертеді. Ендеше, бөлек-бөлек, біздің ұлттық ерекшеліктеріміз, әр қилы дәстүріміз бен мәдениетіміз бөліну емес бірігу, айырылысу емес, танысып білісу үшін екен.
Алла Тағала Құран Кәрімде:
«Әрі ізгілік пен тақуалық жолында ынтымақтасыңдар, күнә мен дұшпандық жолында сыбайласпаңдар!» (Мәида сүресі 2 аят), – деп ескертеді.
Ынтымақ бірлікті бас пайдадан биік қойған қазақ халқында мынадай мақал бар. «Байлық – байлық емес, бірлік – байлық», «Ынтымақсыз елді ұрысы билейді, ынтымақты елді дұрысы билейді». Ғасырлардан жалғасып келе жатқан осы игі дәстүрлердің негізі Ислам дінінде жатыр. Қай жағынан алып қарасақ та, асыл дініміз ынтымақ бірлікті имани қоғам құруға шақырады.
Әуелі Алла, сосын Президентіміздің сарабдал саясатының арқасында тәуелсіз еліміз татулық бесігінде тербелуде. Бүгінгі таңда Қазақстан ұлттар ынтымағының ұйтқысы болып, күллі жаһанға үлгі болып отыруы зор мәртебе. Бұл тұрақты ішкі саясаттың, еліміздегі 130 ұлтқа өзінің салт -дәстүрін, тілін дінін, ұлттық ерекшеліктерін сақтауға мүмкіндік жасағандықтың айқын нәтижесі екені анық.
Тұрақтылық бар жерде даму мен ілгерлеушілік бар десек, еліміздің тұрақты дамуының кепілі ұлттар ынтымағында! Бірлігіміз бекем болсын!

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет