Ыбырай шығармаларындағы шет ел тақырыптары ХІХ ғасырдың 2-ші жартысында жарияланған «Сула миф», «Тәкаппар
әскер туралы», «Ғашықтығы һәм данышпандығы Соломонның»,
«Испанияның бұрынғыдан қалған сөзі», «Қытай патшасының уәзірінің қызы» тағы сондай аңыз-әңгімелер шет елдіктер өмірінің әр саласынан
қазақ тыңдармандарына хабар береді. Ыбырай «Қазақ хрестоматиясындағы»
көп әңгімелеріне шетел тақырыбын мол енгізген.
Ыбырай Алтынсаринның Коменскийдің «Ұлы дидактикасы», Реклюдің
«Жер, құрылық және мұхит», Ушинскийдің «Балалар әлемі» кітаптарын өте ұқыпты пайдаланғаны жасырынбаған. Бірақ Ыбырай Алтынсарин
тек үйренуші ғана емес, өз алдына нәзік педагогикалық шешімдер
қабылдаған, өте шебер дидактик болып қалыптасқаны күмәнданбауымыз
керек-ақ.
Ыбырай шетел тақырыбын іріктеуде аса талғампаздық көрсеткен. Орыс
материалдарын ой елегінен өткізіп, халқымыздың мінез - психологиясына,
көшпенді тіршілік ырқына көнетін материалдарды екшеген.
Егер Ыбырай орыс тілінен алынған кейбір материалдардың мазмұнын,
кейіпкерлер аты-жөнің қазақ жастары ыңғайына икемдесе («Асыл шөп»,
«Аурудан аяған күштірек»), ал шетел тақырыбындағы әңгімелерде мұны
істемеген. Неге? Неге сол – Ыбырай Алтынсарин сірә, дидактиканың ең күшті
жағы, ең нәзік тұсы – пәнаралық байланысты мықты ескерген бе деп ойлаймыз.
Өйткені «Зиректіктегі» Броун, «Дүние қалай етсең табылады дағы» Антон,
«Тәкаппаршылықтағы» Вениямин Франклин есімдері естілуі және айтылуы
өте қиын болса да, батыл қолданған. Шетел тақырыбын көтерген әңгімелердің берілуі де педагогикалық жағынан ұтымды.
Бұл әңгімелер жас өспірімді ата-анаға мейірімді болуға,
зеректікке, бақылағыштыққа, көз сатпай, тер сатуға үйретеді. Ғалым ұстаз
әсіресе, көне шығыс әңгімелеріндегі иман-уағыз, өміршең-зәру мәселелеріне көп көңіл бөледі. Тәржімә шығармалардың
тақырыптары да тәнті: «Үнді» әңгімесі балалар детективіне, ал «Данышпан
қазы» әңгімесі философиялық – халық даналығына құрылған. Әңгімелер шәкірттерді терең ойлануға, жіті қадағалауға үйретеді. Жіті үңілген жанға әйгілі «Қазақ хрестоматиясы» шетелдер өмірінің хроникасы іспеттес. Географиялық анықтамалық міндетін де атқаруда. Жас ұландар көне Қытай, ежелгі Үнді, кәдімгі
қызылбас (Фарсы елі) елдеріне ойша саяхат жасайды, Европаның Версаль,
Брюссель, Лондон, Мадера қалаларын аралайды. Түрлі өмірлік
жағдайларға тап болады, қиындықты жеңуді, түрлі өмірлік тағлым алып, өнеге жинақтайды.
Шетелдік хикаяларды шағын әңгіме, мысал, нақыл, өсиет-үгіт, миф-ертегі
түрінде беруде Ыбырай зор зергерлік көрсеткен. Шағын шығармалар
арқылы шалқар шындықты танытып, шалғайды қазақ жас өспірімдеріне
тіптен жақындатқан. Әңгімелердің тілі таза, тәлімі тәтті. Шығармалар шәкірт жадына тез сіңеді, жадыға тез тұтынады, жылдам түсініледі. Міне,
сондықтан да болса керек, заманы бөлек характерлер әлі күнге дейін эстетикалық дәмін бұзбай, жасөспірімдерді жан-жақты тәрбиелеуде әлі қадір-қасиетін жоймай келеді.