Арам ниетті адам ғылыммен айналысса, қоғамға зиянын келтіретіні туралы Шәкәрім Құдайбердиев былай деген: «Шын залымға берме ғалым, ол алар да оқ қылар, Қаруым дер, кісі атып жер, ол ғылымды хая етер. Дүниені дүзетуші hәм бұзушы бір ғылым, Әрі залым, әрі ғалым ел түбіне сол жетер» [142]. Сонымен, тек білім мен ғылым ғана рухани салада апатты түрде етек алып жатқан теріс үдерістерді талқандай алады. Жоғарғы адамгершілік мұраттар мен өмірлік басымдылықтарды қайта жаңғыртып, үздіксіз молайтуда түпкілікті тарихи рөл атқаруға білімнің ғана шамасы келеді.
Психологиялық және педагогикалық теориясы мен практикасында «құзырлылық» және «құзырлы» ұғымдарын әртүрлі анықтайды. Шет елдік сөздікте «құзырлы» – құзырлылығы бар адам: Competent (франц.) – құзырлы, правомочный; Competens (лат.) – сәйкес, қабілетті; Competere – талап ету, сәйкес келу, іске жарау; Competence (англ.) – қабілет.
Құзырлылықтың анықтамасына білім, білік, тәжірибе, білімді қолданатын теориялық және практикалық дайындық енеді. Құзырлылық деп, кәсіби сауатты, талдауға, бағалауға, пікірін айта алуға жарайтын білім мен біліктілікті түсінеді. Жалпы мәдениеттілік құзырлылыққа, кәсіби құзырлылықтың негізі ретінде, ерекше көңіл бөлінеді. Құзырлылықтың анықтамалары, нақты жұмысты орындауға қажет білім, білік және дағдылардың жиынтығы секілді жеке тұлғаның әртүрлі мәселелерді шеше алатын қабілеті ретінде түсінулері арқылы берілген. Тұлғаға қажет мотивацияға және басқа да құнды қасиеттерге байланысты сыртқы және ішкі шарттар мен талаптар құзырлылықты кешенді түрде түсінуге жағдай жасайды.
Құзырлылық – ауыспалы әлеуметтік шарттарда конструктивті әрекет жасауға мүмкіндік жасайтын, белгілі бір құзырлылықтың дәрежесін көрсететін тұлғаның біліктілік деңгейі. М.П. Лапчик пен Н.В. Чекалева информатика мұғалімінің әдістемелік құзырлылығын «жалпы білім беретін орта мектепте оқытудың қазіргі педагогикалық технологияларын пайдаланып, информатика курсын үздіксіз оқытуға теориялық және практикалық дайындығын, білімді ақпараттандыру жағдайында педагогикалық қасиеттерін дамыта білу, кәсіби өсе білу қабілеттері», – деп анықтаған [35].
Болашақ математика мұғалімінің әдістемелік құзырлылығын қалыптастырудың негізгі қағидалары:
болашақ математика мұғалімін тәрбиелеу және дамыта оқыту;
оқытуды өмірмен байланыстыру;
студенттерді жүйелі және біртіндеп оқыту;
оқытушының жетекшілігімен саналы және белсенділікпен оқыту;
студенттердің жеке ерекшеліктерін ескеру;
көрнекілік және теориялық ойлауды дамыту;
оқытудың нәтижелілігі және студенттердің шығармашылық қабілетін дамыту;
оқытудың ғылымилығы және түсініктілігі;
студент тұлғасының өзін-өзі дамуы үшін психологиялық жағдай жасау;
болашақ мұғалімдердің оқытудың инновациялық түрлерін меңгеру;
11) студенттің математиканы оқытудың жаңа педагогикалық және ақпараттық теле-қатынастық технологияларын меңгеру қағидасы.