1. Анатомия пәні мен оның міндеттері, зерттеу әдісі, түрлері


Ауыз қуысының бөлімдері, тістер, тіл. Сілекей бездері



бет24/72
Дата24.04.2023
өлшемі0,49 Mb.
#86134
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   72
Байланысты:
1. Анатомия пәні мен оның міндеттері, зерттеу әдісі, түрлері-melimde.com

23. Ауыз қуысының бөлімдері, тістер, тіл. Сілекей бездері.
Ауыз қуысы (ротовая полость). Ауыз қуысы ас қорыту жүйесінің алдыңғы бөлімі болып табылады. Оның қабырғалары негізінен сүйек пен еттен тұрады. Ауыз қуысы жоғары жағынан – таңдаймен, төменгі жағынан – тіласты, жақасты еттерімен, екі бүйірінен – ұрт етімен, ал арт жағынан – жұтқыншақ қуысына жалғасып тұратын көмей тесігімен шектелген. Көмей (аран) тесігі үстіңгі жағында – жұмсақ таңдай, бүйірінен – көмей доғасы, астынан тілдің түбірімен шектеліп тұрады. Ауыз қуысы ауыздың кіреберісі, ауыздың өз қуысы болып екіге бөлінеді. Ауыздың кіреберісінде тіс, қызыл иек пен ерін және ұрт еттері орналасқан. Ауыз кіреберісі ауыз тесігі арқылы ауздың өз қуысына жалғасып жатады, онда тіл орналасқан.
Астыңғы және үстіңгі еріндер қалың ет тканінен түзілген, бұл екі еріннің жалғасқан жерін езу дейді. Еріндердің сыртқы беті терімен, ішкі беті кілегейлі қабықшамен астарланған. Еріннің қызғылт болып көрінуі онда қан тамырларының беткей орналасуына байланысты.
Ұрт сыртынан терімен, ішкі беті кілегейлі қабатпен қапталған. Осы екеуінің аралығында ұрт еттері орналасқан.
Таңдай негізі сүйектен, ал артқы жағы ет тканінен түзілген. Сол себепті оны қатты таңдай және жұмсақ таңдай деп екіге бөледі. Қатты таңдай таңдай сүйегінен тұрады, оның бетін сүйек қабығымен бірігіп кеткен қалың, тығыз кілегей қабат жауып жатады. Таңдайдың көлденең қатпарлары болады. Бұл көлденең қатпарлар тамақтың жылжуына көмектеседі. Қатты таңдайдың арт жағы жұмсақ таңдайға жалғасады.
Жұмсақ таңдай еттен түзілген және кілегей қабатпен астарланған. Оның артқы жақ ортаңғы бөлігінде тілшесі, ал екі жанында таңдай доғалары жатады. Жұтынған кезде жұмсақ таңдай еттері жиырылып, таңдайды көлденең көтеріп, жұтқыншақтың жоғарғы бөлігін ортаңғы бөлігінен бөліп, тамақтың төмен (өңешке) жүруін икемдейді. Егер жұмсақ еті сәл босап қалса жұтынғанда тағам мұрын жұтқыншағына еніп, хоана тесіктері арқылы мұрын қуысына өтіп кетуі мүмкін. Жұмсақ таңдайдың екі бүйірінде доғалары жатады, оның біріншісі тілдің түбінен басталатын тіл доғасы, екіншісі – жұтқыншақ қабырғасынан басталатын жұтқыншақ доғасы. Осы екі доғаның аралығында ойыс болады, ол ойыста лимфатикалық без бадамшасы жатады. Бұл бездің қабынып ауруын баспа деп атайды.
Ауыз түбі тіласты еттерінің бірігуінен түзілген, бұл бұлшық еттер ауыз диафрагмасы деп те аталады.
Тіл (язык). Тіл - қимылды келген етті орган. Оның үсті, екі бүйірі және астыңғы беті кілегейлі қабықшамен жабылған. Жүйке талшықтары мен қан тамырларына өте бай. Тіл шайнау процесімен бірге дәм сезу және сөйлеу қызметіне де қатысады. Тіл үш бөлікке бөлінеді. Оның артқы тіласты сүйегіне бекінген жерін – тіл түбірі, алдыңғы бос бөлігін – тіл ұшы, үстіңгі бетін - тіл арқасы деп атайды.
Тіл арқасы дәм емізікшелеріне өте бай. Бұларға жүйке талшықтарының ұштары келіп аяқталып, дәм сезу процесін жүргізеді. Олардың төрт түрін - жіпше, саңырауқұлақ тәрізді, жапырақша және орлы емізікшелер деп ерекше атпен атауға болады.
Жіпше емізікшелер өте көп, олар тіл арқасын тұтас жауып жатады. Сондықтан тіл үсті түктелген мақпалға ұқсас келеді. Олардың арасында саңырауқұлақ тәрізді емізікшелер шашыраңқы орналасқан. Орлы емізікшелер тілдің түбір бөлігінде орын тепкен, олардың саны 7-ден 11-ге дейін жетеді. Жапырақша емізікшелер тілдің екі жиегінде анық көрініп жатады. Бұл аталған емізікшелердің соңғы үшеуі дәм сезу қызметін атқарса, жіпше емізікшелері жалпы сезу қызметін атқарады. Тіл түбірінде лимфа түйіндері де шоғырлана жатады.
Тіл еттері екі топқа бөлінеді, оның біріншісіне – бас сүйектерінің әр жерінен басталып тілге тіркелетін еттер жатса, екіншісіне- тілдің меншікті еттері жатады. Тілге тіркелген еттерге – иекасты, тіласты, біз өсінді еттері жатады. Иекасты еті ауыз қуысының астыңғы дифрагмасын түзеді. Тіласты еті жиырылғанда тілді артқа және төмен тартады. Біз өсінді еттері тілді артқа тартып және жоғары көтеріп тұрады.
Тілдің меншікті еттері тіл қалыңын түзеді, оларға мыналар жатады: жоғарғы және төменгі ұзына бойы еттері, көлденең және тік еттері. Бұл еттердің ет талшықтарының бағыты аттарына сай келеді. Олар адам еркімен жиырылатын көлденең жолақты ет тканінен түзілген. Осы еттердің жиырылу нәтижесінде тіл пішіні және ауыз қуысында жатқан жағдайы өзгереді.
Тіс (зубы). Тіс ауыз қуысында жоғарғы және төменгі жақтың тіс ұяларында орналасқан. Тістер сүт тістер және тұрақты тістер болып екіге бөлінеді. Ересек адамда тұрақты тістер саны 32. Олардың жоғарғы жақ сүйегінде 16-сы, төменгі жақ сүйегінде 16-сы орналасқан. Орталықтан оң не солға қарай санасақ 8 тістен орналасқан. Оларды 2 күрек тіс, 1 үшкір тіс, 2 кіші азу тіс, 3 үлкен азу тіс деп атайды.
Ең соңғы азу тіс «ақыл тіс» деп аталады. Ол басқа тістен соң шығып ерте түсіп, тіпті мүлде шықпай қалуы да мүмкін. Жаңа туған балаларда тіс болмайды, тістің жаруы алты айлығынан басталып, екі жасқа толғанға дейін созылады. Бірінші шыққан 20 тіс «сүт тістер» деп аталады. Баланың 6 жасынан бастап 15 жасқа дейін сүт тістері біртіндеп түседі де, олардың орнына тұрақты тістер шығады.
Әрбір тіс тіс сауытынан, түбірінен және сәл жіңішкеріп келген тіс мойынынан тұрады. Төменгі азу тістер екі түбір, ал жоғарғы азу тістер үш түбір, ал қалғандары бір түбірден түзіледі. Тіс қуысындағы дәнекер тканнің арасында қан тамырлары мен жүйке талшықтары көп, олар тіс түбіріндегі тесік арқылы тіс ішіне енеді. Тістің сауыты жағынан шығып, мойны қызыл иекпен жабылып, ал түбірі жақтың тіс ұяларына кіріп орналасып жатады. Тіс негізі дентин деген тіс затынан құралған, оның сауыт бөлігі эмальмен жабылып, түбірі цементпен жаққа бірігіп жатады. Эмаль тісті бұзылудан сақтап тұрады, қатты заттарды тістеуден, ыстық-суықтан эмаль жарылса тіс бұзылады. Бұзылған тіс қызыл иек пен жақ сүйегін қабындырып бүкіл ағзаны ауруға шалдықтыруы мүмкін. Тістер қызметіне, құрылысына қарай әртүрлі болып келеді.
Күрек тістер - 8, олардың сауыты күрек тәрізді, жүзі өткір, алды дөңес. Үстіңгі күрек тістер төменгі күрек тістерге қарағанда ірі болып келеді, олар тістеу, үзіп алу қызметін атқарады.
Үшкір тістер (небары төртеу ғана) - әрбір қатарда 2 ден, күрек тістерге қатар орналасқан. Оның тіс сауыты басқаларға қарағанда үшкір, түбі конус тәрізді.
Кіші азу тістер – үшкір тістерден кейін орналасқан, адамдарда бұлардың саны 8. Кіші азу тістердің шайнау беттерінде екі төмпешіктен болады. Оның ішкісін – тілдік, бүйірдегісін – ұрттық төмпешік дейді. Бұл қос төмпешіктер саймен бөлініп тұрады.
Үлкен азу тістер – кіші азу тістен кейін орналасқан. Жалпы саны 12. Тіс сауытының пішіні квадрат тәрізді, шайнау беттерінде төрт төмпешігі бар. Бұл жағдай азу тістердің қызметіне, тамақты майдалауына байланысты.
Төменгі жақ тістері ішке иіле келсе, жоғарғы жақ тістері азырақ сыртқа қарай орналасқан. Осының нәтижесінде тістенген кезде тек қана ақыл тістер бір-біріне тұспа-тұс болып келеді де, басқасы жапсарланып жатады.
Сілекей бездері (слюнные железы). Сілекей бездері үш жұп болады – шықшыт, тіласты, жақ асты. Олардың шығаратын сөлін сілекей сөлі деп атайды, ал олар өз аттарына сай жерде орналасқан.
Шықшыт безі (околоушная слюнная железа) – сілекей бездерінің ішіндегі ең ірісі, пішіні үш бұрышты, салмағы 30 грамға жетеді. Ол тері астында, құлақ қалқанының алдыңғы жағында шайнау етінің біраз бөлігін жауып орналасқан. Бұл без сыртынан қатты қапшықпен қапталған, оның өзегі ұрт етінен өтіп, жоғарғы екінші үлкен азу тіс тұсынан ауыз қуысына ашылады. Шықшыт безінің сілекей сұйықтығы белокка бай, сондықтан да оны белок безі деп те атайды.
Тіласты безі (подьязычная слюнная железа)– ауыз қуысының кілегейлі қабатымен жабылып, тіл астында жатады, салмағы 5 грамм. Оның сілекей жолдары тіл астындағы қатпарға 10-12 майда түтікшелер арқылы ашылады.
Жақасты безі (подчелюстная слюнная железа)- салмағы 15 грамм, ол жақасты етінің астында орналасқан. Осы жерден сілекей жолы басталып, ауыздың диафрагмасынан өтіп, тіл астына шығады.
Тіласты және жақасты сілекей бездері ауызға түскен тағам түріне қарай қою және сұйық сілекей сөлдерін шығарады. Бұл аталған бездерден басқа да ауыз қуысының майда бездері болады, олар кілегей қабықшада шашыраңқы орналасқан. Сілекей сөлі ауыз қуысындағы тағамды ылғалдап тұрады. Құрамындағы птиалин ферменті тағам құрамындағы углеводқа әсер етіп крахмалға айналдырады, сөйтіп, ас қорыту процесіне едәуір көмектеседі.
Ауыз қуысында уақталған, жұмсартылған тағам жұтқыншаққа өтеді. Ауыз қуысы мен жұтқыншақ қуысын жалғап тұратын аралықты көмей тесігі дейміз.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   72




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет