26. Аш ішектің бөлімдері, құрылысы. Аш ішектер (тонкий кишечник) – асқазаннан басталып тоқ ішекке жалғасады. Аш ішек ас қорыту жолының ең ұзын бөлігі болып есептеледі. Осының ұзындығы тірі адамда 5 метр, ал өлген адамда (босау нәтижесіне байланысты) 7 метрге дейін жетеді. Аш ішек онекі елі ішек (шажырқайы жоқ қысқа бөлігі) ащы ішек, мықын ішек деп аталатын үш бөліктен тұрады. Соңғы екеуі шажырқай арқылы құрсақ қуысының артқы қабырғасына тіркеліп бекіп жатады. Онекі елі ішек (двенадцатиперстная кишка) – қарынның шығаберіс бөлімінен басталады да оңға қарай иіліп, одан сәл төмен түсіп ІІ бел омыртқа тұсында ащы ішекке ауысады. Бұл ішектің жалпы сырт пішіні доға тәрізденіп иіліп келеді. Онекі елі ішектің осы орта жерінде қарынасты безінің түтіктері ашылып жатады. Оған қарынасты безінің түтіктерінен басқа өт жолының түтігі де келіп ашылады. Бұл ішектің ұзындығы 27-30 см немесе онекі елідей, сондықтан да оны «онекі елі ішек» деп атайды. Ішектің ені 4-5 см, ішінде көптеген қатпарлары қалады. Жас баланың онекі елі ішегі ересек адамға қарағанда жоғарырақ орналасқан. Аш ішектің шажырқайлы бөлігі өзінің кейбір ерекшеліктеріне қарай: жоғарғы (проксимальды) ащы ішек және төменгі (дистальды) мықын ішек болып бөлінеді. Ащы және мықын ішек (тощая и подвздошная кишка). Ащы ішек онекі елі ішектен жоғары (І-ІІ) бел омыртқалар тұсынан басталып, бірнеше иірімдер жасап келіп оң мықын астауында, төменгі (ІҮ) бел омыртқа тұсында аяқталады. Бұл ішектің ұзындығы 5 м, диаметрі алғашқы бөлігінде кеңдеу 4-8 см болса, төменгі бөлігінде тарылып 2,5 см болады. Ащы ішек сір қабықшасымен толығынан қоршалып жатады. Оның үстіне сір қабықшасының қабатталған жерінен шажырқай түзіліп, құрсақ қуысының арқа бөлігінде ішек иірімдерін жасап бекиді. Осы шажырқай аралығымен қан тамырлары мен нервтер ішекке жалғасады. Шажырқайда лимфа түйіндері де көп болады. Ащы ішек кіндік мықын аймағында мықын ішекке жалғасады. Мықын ішек жамбас астауында орналасқан. Бұл ішектердің алдыңғы бетін шарбы май тегіс жауып тұрады. Ішектің бұл бөлімдері де басқа бөлімдері сияқты сір (серозды), ет және кілегейлі қабаттардан түзілген. Сір қабаты ішектің сыртын қоршап шажырқайға ұласады да, ішекті құрсақ қабырғасына бекітіп отырады. Ет қабаты ұзынша және сақиналы талшықтардан түзілген. Еттерінің жиырылуына байланысты ішек толқынды, перистальтикалық қимылға келіп, қоректік заттардың сөлмен араласып, қорытылып, әрі ішек бойымен жылжып отыруына себеп болады. Кілегейлі қабат көлденең жатқан қатпарлар жасайды. Беті призма тәрізді эпителий клеткаларынан түзіліп, аралығында бокал тәрізді кілегей шығаратын клеткалары да болады. Кілегейлі қабаттың бетін жауып сіңіру түкшелері (бүрлері) жатады. Микроскоппен қарағанда сіңіру түкшелері пішіні үшкір конус тәрізді, ұзындығы 0,5 мм, қалыңдығы 0,1 мм келген өсінділер. Ішектің көлденең қатпарлары ішектің сіңіру бетін 5 есе ұлғайтады, ал ондағы сіңіру түкшелерінің саны 5 миллионға артады. Сіңіру түкшелері кілегейлі қабаттың ретикулярлы дәнекер ткандерінен түзілген. Оларға келіп тұйық лимфа мен қан тамырлары және жүйке талшықтары аяқталады. Түкшелердің құрамында ет ткандері де болады. Сондықтан да бұлар минутына 5-6 рет жиырылып, сорылған қоректік заттарды тамырға өткізіп, босаған кезде оларды ішек қуысынан алып отырады. Қан тамырларына ақуыздар мен көмірсулар сорылса, ал лимфа тамырларына қорытылған май эмульсиясы өтеді. Түкшелер арасындағы ойыстарда эпителий торшаларынан түзілген крипталар жатады, олар ішек сөлін шығаратын торшалардан түзілген. Онекі елі ішектің кілегейлі қабаттарында да тарамданған түтік тәрізді бездер болады. Олар құрамы жағынан асқазанның шығаберіс бөлігінің сөліндей секрет шығарады. Сонымен қатар ащы және мықын ішек бөлімдерінде лимфа тканінен түзілген шашыраңқы немесе топтанған фолликулалар да болады. Олар ішек бойында қорғаныш (фагоцитарлық) қызмет атқарады. Жас нәрестеде ішектің қатпарлары мен сору түтікшелері аз және ет қабаты жақсы жетілмеген. Ішектің ұзындығы жас нәрестенің өз денесінің ұзындығынан 7 есе ұзын болады, өскен сайын 3-4 есе қысқарып отырады. Шарбы майы да 7 жасқа дейін ішекті жартылай жапса, одан кейін оны толық жаба бастайды.