36. Бұрындық хан тұсындағы Қазақ хандығының Сырдария бойындағы қалалар мен өңірлер үшін күресі және оның барысы, қорытындысы. Керей ханның ұлы Бұрындық XV-XVI ғасырлардағы Қазақ хандығының құрылуы мен күшеюі процесіндегі маңызды оқиғаларға тікелей араласып, өз үлесін қосты және хандықты 40 жылдай басқарды.
Ержеткеннен билікке қолы жеткен ол қазақ халқының этникалық территориясының қалыптасуы жолында үлкен еңбек сіңіреді, хандықтың батысында ноғай мырзаларымен, оңтүстігінде шайбанилық сұлтандармен ұзаққа созылған күресті бастан кешіреді. Билік құрған жылдарының алғашқы кезеңінде атақ-даңқы алысқа таралып, лаулап жанған оттай жарқыраса, билігінің соңғы кезеңінде барлық жинаған беделінен айырылып, бүкіл атақ-даңқы сөнген шоқтай бірте-бірте өшеді. Оның есімі XV-XVI ғасырлардағы қазақ хандары — Керей мен Жәнібек, Қасым, Хақназар, Тәуекел хандардай халыққа кең танымал болмаса да, осы кезеңдегі Мамаш, Тақыр, Бұйдаш, Ахмет (Қожахмет), Тоғым, Шығай хандарға қарағанда жақсы таныс. Қазақ хандығының құрылғаннан кейінгі алғашқы саяси дамуы мен тарихи кезеңі тікелей Бұрындық ханның есімімен байланысты. Міне, сол себепті де біз, төменде Бұрындық ханның өмірі мен қазақ тарихындағы алатын орны туралы өз ойларымыз бен пікірлерімізді қалың оқырманға таныстыруды жөн көріп отырмыз.
Бұрындық хан — Шыңғыс ханның ұрпағы, оның үлкен ұлы Жошы ханнан таралады. Оның шығу тегін қысқаша былай көрсетуге болады: Шыңғыс хан — Жошы хан — Орда Ежен — Сартақтай — Қоныша — Баян хан — Сасыбұқа — Ерзен — Шымтай және Орыс хан. Төртінші атасы — Орыс хан. Орыс ханның XIV ғасырдың 60-70 жылдары Ақ Орда мен Алтын Ордада билік құрғаны баршаға мәлім. Орыс ханнан жеті ұл болды. Үлкені — Тоқтақия. Ортағасырлық жазба дерек мәліметтерінде Тоқтақия Орыс ханнан кейін таққа отырған. Бірақ оның билігі ұзаққа созылмай, 2 айдан соң қайтыс болады. 1426 жылы жазылған, авторы белгісіз «Муизз ал-ансаб фи шаджарат салатин могул» атты деректе Тоқтақияның алты ұлы болды делінеді.
37.Қазақ хандығының XVI ғ. басындағы әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайы. Моңғол шапқыншылығынан кейін барлық қазақ рулары мен тайпалары Жетісуда алғаш рет бір мемлекетке біріктірілді. XVI-XVII ғ. қазақ хандығының шекарасы едәуір ұлғая түсті. Өз кезінде “Жерді біріктіру” процесін жедел жүзеге асырып, неғұрлым көзге түскен қазақ хандарының бірі – Жәнібек ханның ұлы Қасым. Қасым ханның тұсында (1511-1523) феодал ақсүйектердің қарсылығы әлсіреп, әскери қуаты артты. “Тарихи – Рашиди”, “Шайбанинама”, т.б. деректерге қарағанда, қазақтардың этникалық территориясының негізгі аудандары қазақ хандығына Қасым хан тұсында біріктірілген.
Хандықтың шекарасы батыста Жайыққа, оңтүстік – батыста Сырдың оң жағалауына, Аралдан Маңғыстауға дейінгі жерлерді алып жатты. Оған Сыр бойындағы қалалар қосылды, солтүстікте Қасым ханның қол астындағы қазақтардың жайлау қоныстары Ұлытаудан асты. Оңтүстік – шығыста оған Жетісудың көп бөлігі (Шу, Талас, Қаратал, Іле өлкелері) қарады.
Бастапқы кездерде қазақ хандығының саяси-әкімшілік және сауда экономикалық орталығы Сырдария бойындағы Сығанақ қаласы болды. Кейіннен Түркістан қаласы қазақ хандығына өткеннен кейін қазақ хандығының астанаы Түркістан қаласы болды. Қазақ хандығы Түркістандағы Ақ сарайда отырып билік жүргізген.
Қазақ хандығының нығаюы және оның күшеюі мемлекеттік беделін арттырып, сыртқы саясат пен дипломатиялық қарым-қатынас саласында белгілі табыстарға қол жеткізді. Қазақ хандығы өмір сүрген Орта Азия хандарымен, Еділ бойындағы елдермен, батыс Сібір хандығымен және орыс мемлекеттерімен сауда және дипломатиялық қатынас орнатты.