42. Қазақ қоғамында батырлар мен билер ықпалының өсуі. Хандықтағы билер кеңесінің беделі күшті болғаны соншалық, хандар кеңестің келісімі мен қолдауынсыз мемлекеттік маңызы бар мәселелерді шеше алмаған. Ханның қолында негізінен атқарушы билік шоғырланса, заң шығарушылық қызмет пен сот билігін билер кеңесі атқарған. Қазақ қоғамының әлеуметтік құрылымын қарастырған зерттеушілердің көбісі билер институтын хандық және сұлтандық институттардан кейінгі үшінші орынға қояды.
Билер кеңесі ханның қызметіндегі кейбір мәселелер бойынша таласқа түсіп, оны қайта қарауға құқылы болды. Дәстүр бойынша хандық билік мұрагерлік жолмен беріліп отырса да (оның өзінде халық ақ киізге көтеріп сайлауы тиіс), мемлекеттік маңызды мәселелер билер кеңесісіз шешілмеген. Біз бұдан қазақ даласында атам заманнан ақ билік бөлінісі принципінің болғанын көреміз.
Ұлы билер Төле, Қазыбек, Әйтеке өмір сүрген кезең – тарихымыздың тәлімі көп, ел үшін үлгі болатын ерекше кезеңі. Олар жаугершіліктің кесірінен ыдыраған халқының есін жиған, әділетті билік шешімдерінен айнымай, келешекке көз салып, үміт отын жағу арқылы көрегендік пен ұйымдастырушылық көрсете білген. Билердің оқығаны көп болмаса да, тоқығаны мол, парасатты, азаматтық тұғырлары биік қасиеттерін, рухани мол қазынасын жария ететін аңыздар мен шежірелер бүгінгі күнге де жеткен. Дегенмен, билердің атқаратын қызметі негізінен қоғамдағы әділеттілікті қамтамасыз етуге, яғни сот билігіне келіп саяды.
Қазақ билерінің өзіне тән ерекшелігі мен басқа халықтарда кездеспейтін қасиеті – дау-жанжалдарды мағыналы, шешендік сөздермен шешуі. Мұны қазақ халқына тән феномен деп бағалауымыз қажет.
43.Тәуке ханның билікке келуі, оның саясаты XVII ғасырдың аяғында Қазақ хандығының ішкі және сыртқы саяси жағдайы шиеленісе түсті. Халық басына қиын да қилы заман орнады. Сыртқы дұшпандар жиі торуылдай бастады. Ал қуатты сұлтандар өздерінің иелігіндегі ұлыстарды жеке-дара билеп, жекелікке бой ұрды. Сондықтан Тәуке елдің бірлігін нығайтатын шаралар қарастыра бастады.
Тəуке ханның елі үшін сіңірген ерен еңбегі екі қырымен айрықша ерекшеленеді. Бірі – елдің іргесін аман сақтауда сыртқы саясатты білгірлікпен жүргізіп, анталаған көп дұшпанға бел алдырмағаны. Екіншісі – елдің ішкі жағдайын реттеудегі саяси-құқықтық тəртіпті орнатуы.
Тәуке ханның жасағы 80 мыңға жуық жауынгерден тұрды Мұның өзі жатжерлік басқыншыларға тойтарыс беруге қабілетті едәуір үлкен күш еді. Елдің әскери күш-қуатын нығайтқан аса көрнекті еңбегі үшін және жаумен қанды шайқастарда көрсеткен жеке ерлігі үшін оған батыр атағы берілді.
Ол төңірегіне топтан торы шалдырмайтын, сыртқа сыңар сабақ жіп алдырмайтын, бір ауыз сөзімен жұртты жатқызып-өргізетін, беделімен елдің бірлік-берекесін кіргізетін ақыл иелерін жинап, халқын солар арқылы басқарды, ақыл-ой, парасат үстемдігін орнатты.
Хандық билігін күшейтуге бағытталған ірі өзгерістер жасады. Тәуке өзінің саясатын феодал билер мен шонжарларға, батырларға сүйеніп жүргізді. «Xалық кеңесі» мен «Билер кеңесін» тұрақты орган ретінде қалыптастырып, олардың рөлін арттырды. Жыл сайын белгілі бір мерзімде Күлтөбеде үш жүздің басын қосқан жиын өткізіп тұрды.