1 Қазіргі қазақ тілі лексикасының лексика-семантикалық табиғаты мен сөздік құрамы



бет29/69
Дата07.09.2023
өлшемі1,77 Mb.
#106548
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   ...   69
Байланысты:
ҚҚТЛменЛ. Оқулық. Соңғы вариант

Лексикалық антонимдердің жасалу жолдары мен түрлері. Антонимдер әртүрлі түбірден де, түбірлес сөздерден де жасалуы мүмкін. Түбірлес сөздерден жасалған антонимдердің сөздегі мағынасы ешқашан қарсы мағынаны аңғартпайтыны белгілі. Сондықтан түбірлес сөздердің антонимдес сөзге айналуы жұрнақтың қызметімен тікелей байланысты: әлді – әлсіз, көрікті – көріксіз, ұтыс – ұтылыс, жеңіс – жеңіліс. Бірақ бұл топқа етістіктің болымды және болымсыз формаларын жатқызуға болмайды. Мәселен, келді – келмеді, барды – бармады, сенді – сенбеді, ұйқылы ̶ ұйқысыз, көлікті ̶ көліксіз бірліктері ұғымдық жақтан қарсы қимылды, қарсы мәнді білдірмейді, бірін-бірі жоққа шығарады. Сондықтан бұларды антонимдік парадигма қатарына жатқыза алмаймыз. Сондай-ақ, емес сөзімен келген сөздер де етістіктің болымды түрімен антонимдік қатынас құрай алмайды: берген – берген емес, күлген – күлген емес. Дегенмен емес сөзі сын-сапаны білдіретін сөздермен тіркесіп келіп, антонимдес мағынаны аңғартатын сияқтанып тұруы мүмкін. Мәселен, ұзын – ұзын емес, жақсы – жақсы емес. Бірақ бұларды да антонимдес сөздерге жатқызуға болмайды. Себебі ұзын емес, жақсы емес сөздері ұзын, жақсы ұғымының кереғар қарсы тұрған мағынасы емес. Ұзын сөзінің антонимі қысқа, жақсы сөзінің антонимі жаман болады, ал ұзын емес, жақсы емес сөздері сол екі аралықтағы сапаны көрсетуші үшінші ұғым саналады. Мысалы, ұзын емес дегенде ұзын да, қысқа да емес, жақсы емес дегенде жақсы да, жаман да емес орташа деген түсінік туады.
Ал әртүрлі түбірден болған антонимдердің пайда болуы түбір сөздердің лексикалық мағыналарының қарама-қарсылығына байланысты. Мысалы: ерте – кеш, жақын – алыс, ұзын – қысқа, күн – түн, ауыр – жеңіл, аз – көп, тірі – өлі т.б. Кейбір сөздер көпмағыналы болғандықтан, олардың антонимдес сөздері бірнешеу болуы да мүмкін. Ауыр сөзінің тура мағынасы жеңіл деген сөзбен антоним болады. Ал ауыр есеп дегендегі ауыр сөзінің мағынасы оңай деген сөзбен, ауыр хабар дегендегі ауыр сөзі қуанышты сөзімен, ауыр қозғалды дегендегі ауыр сөзі тез деген сөзбен антонимдес болып келеді.
Антонимдер әртүрлі сөз табына қатысты болып келеді, бірақ өзара антонимдес жұп сөздер барлық уақытта бір сөз табына ғана тән болады. Мысалы: ыстық – суық, үлкен – кіші (сын есім), ұшу – қону, келу – кету, күлу – жылау (етістік), өмір – өлім, пайда – зиян, бай – кедей (зат есім), әрі – бері, ілгері – кейін, жылдам – жай (үстеу).
Лексикалық антонимдердің қолданыстық сипаты мен стилистикалық қызметі. Антонимдерді дұрыс та орынды пайдаланса, оның сөйлеу үдерісінде атқаратын стилистикалық қызметі үлкен. Заттар мен құбылыстардың қарама-қайшылығын ашып көрсетуде антонимдердің мәні жоғары. Экспрессивті-эмоционалды мән үстейтіндіктен, публицистикалық жанрларда, көркем әдебиет стилінде қолданылады. Осындай атқаратын қызметіне қарай мақал-мәтелдердің көпшілігі антонимдес сөздерден құралған. Мысалы: көз – қорқақ, қол – батыр; істеу қиын, сынау оңай; досыңның пышағымен мүйіз кес, дұшпаныңның пышағымен киіз кес; қой семірсе құт, ешкі семірсе жұт.
Ойды әсерлі де сенімді жеткізу үшін көркем әдебиетте де антонимдер жиі қолданады. Әсіресе белгі, сапаны қарсы қойып салыстыруды мақсат ететін антитеза әдісі жиі кездеседі. Антитеза ‒ ой-пікір, ұғым-түсініктердің қарама-қайшылық мәнін арттыра түсу үшін қолданылатын стилистикалық фигура. Антитеза көбіне фольклорлық шығармаларда, көркем әдебиетте, мақал-мәтел құрамында кездеседі.
Окказионалды қолданыстағы антонимдер ақын-жазушылар тілінде кезедеседі. Мысалы:
Мың құбылған қуаныштан, дерттерден,
Қиын не бар адам жанын зерттеуден?
Мен келемін өз жанымды зерттеумен
Бірде аяз, бірде жалын, өрт кеудем.
Арзан не бар ойнау менен күлуден,
Қымбат не бар адам сырын білуден.
(М. Мақатаев).
Кейде ақын-жазушылар қарама-қарсы ұғымдарды қатар синтаксистік тіркеске түсіріп, оксюморон жасау үшін де антонимдерді қолданады. Оксюморон – мағыналық тұрғыдан өзара қайшы келетін ұғымдардың бір-бірін жоққа шығаратын стилистикалық фигура. Мысалы: Тірі өлік. Ақылды жынды. Бұл әдіс көркем әдебиетте айтайын деген ойды көрнекілікпен салыстырып, нақтылап аша түсуге көмек береді. Мысалы:
Алматының үстінде ұшып жүрген аққулар,
Қанаттарында сендердің сағыныш бар, тәтті у бар
(Т. Молдағалиев).
Ел ұмытпас ерініп дұрыс ісің,
Бір буынның бірегей ірісісің.
Бақытсызбын – тірідей өлгендер көп,
Бақыттысың – өлгеннің тірісісің.
(Қ. Мырзалиев).
Контекстік антонимдер. Кейде бір зат пен екінші затты қарсы қойып салыстыру үшін мағыналарында қайшы мән жоқ сөздер де қолданылады. Ондай сөздер сол контексте ғана қарсы мағынада қолданылатындықтан контекстік антонимдер деп аталады.
Мысалы:
Бұлар мал емес, адам ғой (Ғ. Мүсірепов).
Мен – ашу да, сен ақылсың нәрі аққан
Сен – адамсың, мен аждаһа зәр атқан (М. Мақатаев).
Осы екі мысалдағы мал мен адам, ашу мен ақыл, адам мен аждаһаны контекстен тыс оқысақ, антонимдес сөздерге жатқыза алмаймыз. Ал авторлар өз сөйлемінде олары қайшы мәнде қолданған [2, 137-138]. Бұл әдіс сөйлеуде де, жазуда да жиі қолданылады.
Конверсия құбылысы. Конверсия көп жағдайда антонимдердің бір түрі ретінде субьектілі-обьектілі қатынасқа негізделген синтаксистік конструкция шеңберінде бір-біріне қайшы мәнде, не бір-бірін толықтыру үшін қолданылады. Конверсия кеңейтілген түрде өзара синонимік қатынасқа негізделген шағын мәтін деңгейінде көрініс табады. Мысалы: Марат футболды Ерланнан кем ойнамайды = Марат футболды Ерлан сияқты ойнайды = Ерлан футболды Мараттан артық ойнамайды. Курстық жұмыс жақсы орындалмаған = Курстық жұмыс нашар орындалған. Берілген сөйлемдердегі асты сызылған лексемалар бір-біріне конверсия болып келеді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   ...   69




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет