1 Қазіргі қазақ тілі лексикасының лексика-семантикалық табиғаты мен сөздік құрамы



бет37/69
Дата07.09.2023
өлшемі1,77 Mb.
#106548
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   ...   69
Байланысты:
ҚҚТЛменЛ. Оқулық. Соңғы вариант

Соматикалық атаулар







Қазақ
тілі

Түрік
тілі

Башқұрт
тілі

Ұйғыр
тілі

Якут
тілі

Тува
тілі

Чуваш
тілі

1

Бас

kafa

баш

bash

тебе, Бас

баш

пуç

2

Аяқ

ayak

аяк

put

атах

бут

ура

3

Қол

el

кул

qol

илии

хол

алă

4

жүрек

yürek

йөрәк

yürek

сүрэх

чүрек

чĕре

5

Көз

göz

күз

köz

харах

карак

куç

6

құлақ

kulak

колак

qulaq

кулгаах

кулак

хăлха

7

шаш

saç

сәс

chach

кыл

дүк

çӳç

8

Тіс

diş

теш

chish

тиис

диш

шăл

9

мұрын

burun

морон

burun

мурун

думчук, мурну

сăмса



Табиғат атаулары







Қазақ
тілі

Түрік
тілі

Башқұрт
тілі

Ұйғыр
тілі

Якут
тілі

Тува
тілі

Чуваш
тілі

1

ағаш

ağaç

ағас

derex

мас

ыяш

йывăç

2

Тау

dağ

тау

tagh

хайа, сыыр

даг

сăрт, ту

3

Су

su

һыу

su

уу

суг

Шыв

4

аспан

gökyüzü

кук

asman

халлаан

дээр

пĕлĕт, тӳпе

5

жұлдыз

yıldız

йондоз

yultuz

сулус

сылдыс

çăлтар

6

жер

toprak

ер шары

topa

сир

чер

çĕр, тăпра

7

өзен

nehir

йылға

deriya

өрүс

хем

шыв, юхан шыв

8

орман

оrman

урман

оrmanliq

тыа

арыг

иăрман

9

жаңбыр

yağmur

ямғыр

Yamghur

самыыр, ардах

чаъс, чаашкын

çумăр

Бұдан бөлек түркі тілдерінің ортақ базалық лексикасын құрайтын туыстық атаулар, түр-түс атаулары, сан есімдер, төрт-түлік мал атаулары, жан-жануар мен құс атаулары, тамақ атаулары сияқты тақырыптық топтар мен лексика-семантикалық классификациялар, мақал-мәтелдер мен фразеологизмдер қабатының мол екенін және олардың түрлі фонетикалық варианттарда кездесетінін түркі тілдеріндегі салыстырмалы лексикология зерттеулері айқын дәлелдеп береді.


Сонымен қатар түркітанудағы ғылыми зерттеулердің кейбір бағыттары түркі тілдеріндегі ортақ базалық лексиканы бір буынды сөздермен немесе түбір сөздермен байланыстыра қарастыруды жөн санайды. Мәселен, түркітанушы академик Ә.Қайдар бұл жөнінде былай дейді: «Односложные корни-основы в каждом тюрском языке и во всех языковых подразделениях тюрской семьи представляют собой ядро всей базисной лексики, и любое исследование в области исторической лексикологии и этимологии ставит своей конечной целью как можно лучше познать суть этого ядра, раскрыть фоно-морфо-семантическую природу корневых моносиллабов» [1, 19]. Түркі тілдеріне ортақ сөздердің қазақтың өз сөздерінен ешқандай айырмашылығы білінбейді. Тек кейбір сөздерде ғана фонетикалық өзгерістерге ұшырағаны немесе көне формасын сақтағаны білінуі мүмкін. Мысалы: сары сөзінің көне түркі тілінде сарығ, үлкен сөзінің ұлуғ болып айтылғандығы қазіргі қазақ тіліндегі сарғай, ұлғай формаларынан аңғарылады. Қазақтың төл сөздері жаңа зат, жаңа ұғымдардың пайда болуына байланысты өз қатарын байытып отырады.
Алайда түркі тілдері тек қана базалық лексика тұрғысынан ғана емес, фонетикалық, морфологиялық, синтакситік жүйесі мен құрылымы тұрғысынан да көптеген ортақ заңдылықтарға ие. Мәселен, түркі тілдерінің грамматикалық құрылымы агглютинация құбылысымен тікелей байланысты қалыптасып дамығаны белгілі. Агглютинацияға негізделген көптік, тәуелдік, септік категориялары түркі тілдерінің баршасына ортақ грамматикалық мағына берудің оңтайлы тәсілі. Тіпті бір ғана грамматикалық мәнге ие яғни көптік ұғымды білдіретін -лар, -лер, -дар, -тер, -лор, -дор, -тор, -төр, -нар, -нер, -нор көптік жалғауы чуваш тілінен басқа түркі тілдерінде осындай фонетикалық варианттарда дерлік кездеседі.
Байырғы төл сөздер – қазақ халқының өмір тіршілігі мен шаруашылығына, тұрмысы мен мәдениетіне, дүниетанымы мен түсінігіне байланысты жалпыхалықтық сипатта қалыптасқан, оның өзіне тән сөздері. Байырғы төл лексиканың құрамындағы жалпытүркілік сөздер мен негізгі сөздік қордан тыс мол қабаты тіліміздегі тарихи тума сөздермен байланысты. Тарихи тума сөздер тіліміздің сөзжасам тәсілдері арқылы пайда болған. Қазіргі қазақ төл сөздерінің жасалу жолдары төрт түрге бөлінеді:
- лексика-семантикалық тәсіл;
- фонетикалық тәсіл;
- синтетикалық тәсіл;
- тіркесу тәсілі.
Лексика-семантикалық тәсіл арқылы сөз жасау жолдары сөздердің сан жағынан емес, сапа жағынан да қорлануын көрсетеді. (Бұл туралы «Сөздің көп мағыналылығы» туралы тақырыпты қараңыз).
Фонетикалық жолмен жасалған сөздер әуелі дыбыстардың алмасуы, қосылып айтылуы және түсіріліп айтылуы арқылы вариантты сөз ретінде қолданыла келе жеке-жеке мағынаға ие болу арқылы қалыптасады. Мәселен, өкімет (власть) – үкімет (правительство) болып тілімізде қолданылуы дыбыстардың (ө-ү) алмасуы арқылы пайда болған. Ұста сөзінің уыста, моншақ сөзінің мойыншақ сөздерінен ықшамдалып жасалғаны белгілі [2,139].
Синтетикалық сөз жасау тәсілі үш түрлі жолмен жасалады:
- қазақтың төл сөздеріне осы тілдің өз қосымшалары жалғау арқылы жасалған сөздер: сүзбе, сыпырғы, қысқы, шегеле, орақша, малшы, заттай, киімшең т.б.
- басқа тілден енген сөздерге сөзжасам қосымшалары жалғану арқылы жасалған сөздер: достық, гүлден, шәкірттік, мұғалімдік, ауқатты, қаһармандық, спортшы, бетондау, эвакуациялау т.б.
- қазақтың төл сөзіне басқа тілден енген қосымшалардың жалғануы арқылы жасалады: іскер, тыңгер, әсемпаз, түйекеш т. б.
Сондай-ақ қосымша да, негізгі морфема да басқа тілден енген, бірақ олардың сөз жасау мүмкіндігі қазақ тілінің ішкі мүмкіндігіне сай туса, ондай сөздер төл сөздер қатарыннан орын алады. Тәлімгер (наставник) тұлғасындағы тәлім де, -гер де араб-парсы тілінен енгенімен, сөздің жасалуы қазақ тілінің заңдылығына сәйкес қалыптасқан [3, 140].
Сөздің тіркесуі арқылы жасалған күрделі сөздер. Күрделі сөздер негізінен бірігу, қосарлану, тіркесу жолдарымен жасалады:
- бірігу арқылы жасалған сөздер: жалақы, қолғап, қарақат, сексен, тоқсан, ешқандай, ештеңе, әкел, апар, әкет, өйткені, сөйткені, анағұрлым т. б.
- қос арлану арқылы жасалған сөздер: қыз-келіншек, құрбы-құрдас, үлкен-кіші, көзбе-көз, бір-екі, бес-алты, жиырма-отыз, үзіліп-созылып, ойнап-күліп т б.
- сөздердің тіркесуі арқылы жасалған күрделі сөздер: бала бақша, сары май, темір жол, кәрі жілік, ат жақты, көк ала, он бес, жиырма алты т.б.
Тіл-тілде басқа тілден енген сөздер ішкі және сыртқы факторларға байланысты пайда болады. Сыртқы фактор сөз алушы халықтың басқа халықтармен байланысынан пайда болатын сөз ауысу процестерін бейнелейді. Мысалы, араб жаулаушыларының халқымызға мұсылман дінін енгізуі, моңғол шапқыншыларының ұзақ уақыт билік жүргізуі, қазақ халқының Ресейге қосылуы, қазіргі мәдениетаралық қатынастардың артуы сияқты экстралингвистикалық факторлар қазақ тілінің лексикалық құрамына көптеген кірме сөздердің енуіне негіз болады. Айталық, парсы тілінен аспан, баға, ұстаз, дерт, көше, керуен, маржан, диқан, дарақ, гүл сөздері енсе; араб тілінен кітап, қалам, мектеп, халық, мағына, мәдениет, әдебиет, тарих, әдеп, сауат, айла, сағат, сәулет, сауал сөздері енген. Ал интралингвистикалық фактор тілдік жүйедегі сөздің ішкі мағыналық құрылымының дамуымен тікелей байланысты.
Қазақ тілінің монғол тілдерімен қарым-қатынасы. Қазақ тілінің монғол тілдерімен қарым-қатынасы екі түрлі жағдайда қарастырылады. Бірінші, қазақ тіліне монғол тілінен тікелей ауысып енген сөздер:
а) әкімшілік, ел билеу ісіне байланысты атаулар: жасақ, ноян, нөкер;
ә) жер-суға байланысты атаулар: Алтай (Алтын тау), Қорғалжын (қорғасын), Тарбағатай (суырлы), Қордай (қарлы).
Екінші, бір тілден екінші тілге ауысты деуге келмейтін, екеуіне де ортақ сөздер тобы. Қазақ лексикасында монғол тіліндегі сөздермен түр-тұрпаты жағынан ұқсас, мағынасы жағынан үйлес келетін, әсіресе, зат есім, сын есім, етістік сөздер көптеп кездеседі. Мысалы: қой, қойшы (қон, қончын), бұқа (бух), алтын (алтан), сары (шар), қап-қара (хап-хар), алтын (алтин), дулыға (дуулга), бура (бұғура) т.б. Бұл сияқты сөздер тек қазақ тіліне ғана емес, түркі тілдеріне ортақ сөзер болғандықтан, олар түркі тілдерінен монғол тілдеріне ауысты ма, әлде монғол тілінен түркі тілдеріне ауысты ма деген мәселелер әлі күнге дейін шешімін тапқан жоқ. Сол себепті, мұндай сөздерді түркі (қазақ) – монғол тілдеріне ортақ сөздер деп атауға болады.
Түркі-монғол тілдеріне ортақ сөздердің бар екенін Ш.Уәлиханов айтқан болатын. Мұндай ортақты тек сөздік қордан ғана емес, олардың грамматикалық құрылысынан да байқауға болады. Түркі тілдері сияқты монғол тілдері де жалғамалы тілдердің қатарына жатады.
Дегенмен араб, парсы және моңғол тілдерінен енген сөздер қазақ тілінің фонологиялық жүйесіне (үндесті заңы) сәйкес алынғандығы, қазақ тілінің дыбысталу заңына сай қолданылуы, тілдік бірліктердің өзге тілден енген кірме сөз екендігі аңғарыла бермейді.
Орыс тілі арқылы енген сөздерді Қазан төңкерісіне дейінгі және Қазан төңкерісінен кейінгі кезеңде енген сөздер деп екі үлкен топқа бөліп қарастыруға болады. Бұлай бөлудің өзіндік ерекшеліктері бар. Қазақ төңкерісіне дейін енген сөздер араб-парсы сөздері сияқты фонетикалық өзгерістерге ұшыраған. Ал төңкерістен кейінгі сөздердің айтылуы да, жазылуы да орыс тіліндегі қалпын сақтап қалған.
Революцияға дейінгі кезеңдегі сөздерге жәрмеңке (ярмарка), жәшік (ящик), бөтелке (бутылка), бөрене (бревно), әшмөшке (восьмушка), сіріңке (серняки), божы (вожжи), бөкебай (пуховой), самауыр (самовар), шен (чин), сот (суд), түрме (тюрьма), әтпекет (адвокат), кір (гир) т. б. сөздер жатады. Бұлардың ішінде кейбір сөздер қазір орыс тіліндегі нұсқасымен айтылып та, жазылып та жүр. Мәселен, атпекет, пошта, кәмпит сөздері баспа беттерінде адвокат, почта, конфет болып жазылып жүр.
Қазан төңкерісінен кейін енген сөздер қоғамдық-саяси, мәдени, оқу, ғылым, техника, сауда, спорт, әскери ұғымдармен тікелей байланысты. Мысалы: демократия, диктатура, партия, конференция, пленум, фабрика, электр, энергия, машина, станок, троллейбус, трамвай, бригадир, азот, фосфор, гербицид және т.б.
Қазір халықаралық қатынастардың, мәдени, саяси, экономикалық қатынастардың өркендеп тұрған кезеңі саналады. Әсіресе экономикалық қуаты күшті мемлекеттердің өзге тілдік-мәдени қоғамға әсері өте үлкен. Егер осы тұрғыдан алатын болсақ, ағылшын тілі, оның ішінде, ағылшын тілінің американдық нұсқасына ерекше назар аударылып отыр. Мұндай мәдени-тілдік қатынаста ерекше рөлге билингвистер (бизнес, коммерция, масс-медиа өкілдері, дипломаттар) ие. Қазіргі тілімізде экономика және бизнес саласында кеңінен қолданысқа түскен мерчандайзинг «merchandising» сөзіне назар аударайық:
ҚӘТС: тауарды өткізу қызметі үдерісінің кезеңі, сатып алушыны тауарға «жақындатуға» және сатып алу ықтималдылығын барынша қамтамасыз ететін қолайлы жағдай жасауға бағытталған шаралар кешені [ҚӘТС, 204].
ҚТТC (экономика): сатып алушыға нақты дайындаушы кәсіпорынның тауарын сатушы адамның көмегінсіз сатып алуына психологиялық ықпал жасау және сендіру тәсілі.
Сол сияқты демеуші және мецанат сөздерінің өзара қатынасын қарастырайық. Демеуші сөзі «қолдаушы, сүйемелдеуші, дем беруші жеке тұлға» деген мағынаны иеленсе, меценат сөзі «ғылым мен көркемөнерге қамқоршылық жасайтын жомарт тұлға» болуы арқылы ерекшеленеді.
Жалпы өзге тілден сөз алу тіл-тілде екі түрлі жолмен іске асады:
1) тікелей сөз алу;
2) калька тәсілі арқылы сөз алу.
Жоғарыда аталған араб-парсы, монғол, орыс тілдерінен енген сөздердің бәрі де бірінші жолмен іске асқан.
Лексикалық және семантикалық калька. Калька – шеттілдік тіл бірліктерін дәлме-дәл аудару арқылы жасалған сөздер, фразеологизмдер, жаңа мағыналы сөздер. Кальканың бірнеше түрі бар: сөзжасамдық калька (писатель – жазушы, производства – өндіріс); семантикалық калька (рассмотреть – қарау, дело – іс), фразеологиялық калька (Красная площадь ‒ Қызыл алаң, принять меры – шара қолдану), жартылай калька (телевидение – теледидар, тракторист – тракторшы).
Калькалау жолымен сөз алуда сөздің құрылысын сақтап аудару арқылы сөздің мағынасы беріледі. Мысалы, қатынасушы (участник), қатараралық (междурядие), қалааралық (междугородный), оқулық (учебник), тоңазытқыш (холодильник), шаңсорғыш (пылесос), таным (познание), шешім (решение), ұшқыш (летчик), ағым (течение). Бұл сөздерде сөз құрылысы (түбірі, жұрнағы) толық аударылған. Сондықтан аударудың бұл түрін толық калька деп атайды.
Өзге тілден сөз, морфемалары толық аударылмай құрамына төл сөз компоненті араласып та алынады. Мысалы, облысаралық (межобластной), курстас (сокурсник), тракторшы (тракторист), боксшы (боксер). Бұлар өзге тілден жартылай аударылып алынатындықтан жартылай калька деп аталады.
Кейбір өзге тілдерден сөздерді аударғанда тек мағынасы алынады да, оған ана тілінен балама табу жолы бар. Бұған буын (поколение), түйсік (ощущение), отар (колония), балмұздақ (мороженое) сөздерін жатқызуға болады. Мұны семантикалық калька деп атайды. Яғни семантикалық калька бойынша, ана тілі сөзінің шет тілі сөзінің әсері арқылы жаңа, ауыспалы мағыналарға ие болуын айтамыз.
Қазақ тілді бұқаралақ ақпарат құралдарын қарай отырып, тіл мен мәдениеттің тоғысуында семантикалық кальканың маңызды рөл атқаратындығын байқаймыз. Семантикалық калька негізінде бастапқы тілден (язык-источник) алынған лексеманың кірме ретінде екінші бір тілге өткенде семантикалық тұрғыдан мазмұныны кеңейе түседі. Кейде шеттілді сөздердің қазақ тіліндегі баламасы бола тұра, ағылшын тілінен енген нұсқалары жарыса қолданылады. Мысалы: конверсия (қайта құру), консенсус (келісім), имидж (образ), презентация (таныстыру), коттоновый (мақта-мата); транспаренттік (ашықтық). Салғастырылып отырған бұл тілдік бірліктердің мағынасы өзара толық сәйкес келмегендіктен, абсолютті синонимдер ретінде қабылданбайды. Бұлардың арасындағы айырмашылықты байқамау мүмкін емес. Айталық ағылшын тіліндегі мониторинг сөзі «бағалау, бақылау, болжамдау, тексеру» деген мағыналарды иемденсе, қазақ тілінде осы сөздің баламасын бір ғана «бақылау» сөзімен беруге болады.
Кірме сөздер төл сөздеріміздей қызмет атқарып, қазақ тілінің сөздік құрамынан тиісті өз орнын алады және олар сөздік құрамды сан жағынан ғана толықтырмай, сапа жағынан да байытады. Ескерте кететін нәрсе: сөз ауысу процесі екі жақты болады. Қарым-қатынас жасау барысында шет тілінің сөздері біздің тілімізге еніп қана қоймай, қазақ тілінің сөздері де өзге тілдерге де еніп жатады.
Қазақ (түркі) тілінен араб-парсы тілдеріне енген сөздер қатарына ата, адырна, орда, құрылтай, елші, қылыш, қонақ, ақша, сорпа, ұлы, бұғау, құл, темір, ту, тоқпақ, олжа, қарауыл, қосын, аю, арыстан, қарға, қаз, қарақұс, сұңқар және тағы басқа сөздерді жатқызуға болады.
Қазақ тілінен монғол тілдеріне енген сөздер: абдыра, аяң, емші, қом, талқы, сарын, жұт т.б.
Қазақ тілінен орыс тіліне енген сөздер: кірпіш (кирпич), саман (саманнный), үтік (утюг), керуен (караван), шабадан (чемодан), тауар (товар), кесек (кусок), шыр (жир), бурыл (бурый), тоқу (ткать), бұрғылау (бурить) т.б. Б.Қалиевтің көрсетуінше, орыс тіліндегі тюркизмдердің саны 500-ге жуық саналады [3].
Номинативті лакуна және тілдік реалия. Тілдің лексикалық жүйесіне әсер ететін этнографиялық факторлар ретінде тілдік ұжымның әлеуметтік өмірін, салт-дәстүрін, дүниетанымы мен тұрмыс салтын жатқызуға болады. Лакуна лингвомәдени қауымдастықтың ұлттық ерекшелігін танытатын базалық элемент. Лингвистика мен психолингвистикада лакунаны белгілі бір тіл мен мәдениетте жеке таңбаланатын тұрақты ұғым, ал өзге тілді қоғамдық санада бекітілген мәдени мазмұнға ие бола алмайтын құбылыс ретінде түсіндіруге болады.
Лингвистикаға лакуна терминін енгізген Ю.С.Степанов болатын. Ғалым лакунаны «тілдің семантикалық картасындағы ақтаңдақтар» ретінде таниды. Лакуналар мәтін ішіндегі кейбір фрагменттерді түсініп, оны қабылдауда қиындық туғызады. Сондықтан лакуналарға тән өзіндік белгілері ретінде түсінбеушілік, экзотикалық және бөтендік алынады.
Лингвистикалық әдебиеттерде лакунаның бейэквивалентті лексика, этноэйдем деген атаулары да кездеседі. Г.А.Антипов лакуналарды мәдени және лингвистикалық лакуна ретінде жіктеп көрсетеді. Лингвистикалық лакуналарды өз ішінен төменде берілген кесте бойынша жіктейді [4, 97]:

Кесте 3. Мәдени лакуна типтері

Ғаламның түрлі тілдік көрінісінде номинативті лакуналар кездеседі, мұндай номинативті лакуналар екінші бір тілде мүлде кездеспейді. Айталық, зарница


отдаленная мгновенная вспышка на небосклоне, суховей – горячий ветер; приносящий засуху; страда – напряженная, летняя работа в период косьбы, жатвы и уборки хлеба, айтыс – ақындардың шаршы топ алдындағы өлең түріндегі сөз сайысы; қамшы – атқа мнген адам ұстайтын, таспадан әртүрлі нұсқада өрілген ер-тұрманның бір бөлігі; жылымық – қыс айларында ауа температурасының 0 градустан жоғары көтерілу құбылысы. Мұндай тілдік бірліктердің эквиваленттері салыстырмалы-салғастырмалы түрде түсіндірмелері беріледі. Мысалы: зарница – summer eightning, страда – hard work during harvest time.
Лингвистикалық лакуналар өзге тілге аударуға көнбейтін, нақты баламасы жоқ, көпмағыналылық сипатқа ие құбылыс ретінде танылады. Тілдік лакуналарға лексикалық, семантикалық, грамматикалық, стилистикалық ерекшеліктерді жатқызуға болады. Лексикалық лакунаға мысал келтірсек: орыс тілінде күйеу жігіттің анасы – «свекорь», ал қалыңдықтың анасы – «тëща» түрінде, екі түрлі ұғым ретінде қолданылады, ал қазақ пен ағылшын халқында «ене», «mother in-law» екі ұғымның өз ішінде жіктелмей, бір ғана атаумен аталатындығын байқаймыз. Ал грамматикалық лакуналарға бір тілде бар граматикалық категориялардың екінші тілде болмауы, морфологиялық көрсеткіштердің кездеспеуі сынды тілдік белгілерді жатқызамыз. Мәселен, род (тек) катеогриясы. Орыс тілінде род категориясының үш түрі (женский, средний, мужской) және әрқайсысының өзіндік морфологиялық көрсеткіштерге ие екендігін байқаймыз. Бұл орыс халқының ұлттық дүниетанымынан туындайтын дүние екендігі белгілі.
Сондай-ақ, тілдік лакуналар қатарына бейэквивалентті лексика (семантикалық эквиваленттер, окказионалды эквиваленттер, авторлық неологизмдер) жатқызуға болады. Сонымен қатар тілдік лакуналар қатарына жұртқа кеңінен танымал, мәтінде белгілі бір адамның есімі ретінде емес, мәдени символ ретінде қолданысқа түскен прецендентті есімдерді жатқызуға болады.
Прецендентті есімдер ̶ ғаламның тілдік бейнесін түзуші менталды-вербалды бірліктер. Мұндай есімдер белгілі бір тілдік қауымдастық үшін мәдени-тарихи мәнімен ерекшеленеді. Прецедентті есімдер мәдени-тарихи маңызды деген обьектілердің атауы: Бәйтерек, Астана; қазақ мәдениетінің символына айналған, аты танымал өнер және ғылым қайраткерлерінің есімдері (Абай, А.Байтұрсынов), қоғам қайраткерлері, ел билеуші хандардың есімі (Абылай, Махамбет) және т.б.
Прецендентті есімдер қатарына адамзаттың даму тарихында маңызды саналатын оқиғалар, даталар (Екінші дүниежүзілік соғыс, Норд-Ост, 37-жыл). Қазіргі жаһандану заманында прецедентті есімдер тілдік шекарадан асып, жалқы есімдерді метафоризациялау үдерісіне қатысуда (Дон Жуан, Дон Кихот, Отелло, Робин Гуд).
Стилистикалық лакуна – бір тілдегі сөздің немесе фразеологизмнің білдіретін стилистикалық реңкі екінші бір тілде дәл сондай стильдік ректе қолданылмауымен ерекшеленеді. Мысалы: көз – жанар; аспан – көк биік –заңғар (поэтикалық стиль).
Тілдік реалиялар. Кез келген тілдік жүйеде реалия құбылысы кездеседі. Реалия – материалдық және рухани мәдениетке тән нысандарын, құбылыстарын, этно-ұлттық ерекшеліктерін, әдет-ғұрпын, рәсімдерін, сондай-ақ тарихи фактілерді білдіретін лексемалар. Реалиялардың өзге тілде лексикалық баламалары жоқ. Тілдік реалиялар семантикасы сол тілдік ұжымның мәдени фонын бейнелеп көрсетеді.
Тілдік реалия – денотаттың жоқтығынан салғастырылатын тілде лингвомәдени жағынан сәйкес келмейтін тілдік бірліктер. Белгілі бір халықтың өмір сүру салты, олардың географиялық орналасу жағдаяты, ондағы климаттық жағдайлар тілдік ұжымның санасында қандай да бір зат, құбылыстың маңызды екендігін көрсетеді. Мәселен, қамшы, шаңырақ, көкпар; перчатки, варежки, рукавицы.
Реалиялар мынадай негізгі бес топқа бөлінеді:
Абсолютті реалиялар – белгілі бір мәдениетке, соған сәйкес белгілі бір тілде кездесетін тілдік бірліктер. Мұндай тілдік бірліктерге географиялық атаулар, компаниялар атаулары, ұлттық мерекелер, ұлттық тағамдар, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып, киім-кешек, ертегі және мифологиялық кейіпкерлер, сусындар т.б.
Жартылай реалиялар – бейэквивалентті лексика, бұл фондық ақпаратты алып жүретін мәдени коннотациясы бар сөздер. Тек мәні жағынан ішінара ғана сәйкес келеді.
Құрылымдық реалиялар (экзотизмдер) – лингвистикалық баламасы жоқ, бірақ концептуалды баламасы бар реалиялар.

Тілдік реалиялар түсіндірмесі







Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   ...   69




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет